Жертөледегі жазу



жүктеу 2,03 Mb.
бет21/29
Дата20.11.2018
өлшемі2,03 Mb.
#22392
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   29

ЖИЫРМА БЕСІНШІ ТАРАУ

БАЛТА САБЫӨЗIМIЗДЕН

1

Тергеушi жылтыр қоңыр столға қос шынтағын тiреген күйi жағын таянып, тұнжырап отыр. Имек танауы иегiн мiнбелеп одан сайын салбырап кеткен. Жабырқау күзгi күнi тоят қылар ештеңе қанды шеңгелiне iлiкпей қанаты талып келiп, құлаған ескi бейiттiң құлағына қонақтаған құзғын дерсiң.

Бастығының алдынан келiп отырған бетi осы. Сыралғы әмпей-жәмпей бұрынғы қожайыны емес, Москвадан таяуда арнайы келiп, тергеу жұмысына тiкелей бақылау жасап отырған дөкей. Қанын iшiне тартқан сұп-сұр сұсты бiреу. Кiрген беттен зiркiлдеп, тiк тұрғызып қойып екi аяғын бiр етiкке тықты. «Сен бiздi құрттың. Ұлтшылдыққа қарсы ұйымдастырылатын саяси науқан күйрейiн деп тұр! Бекiтiп берген версияға қол қойғыздыра алмадың. Жарты айдан берi түк бiтiрген жоқсың, осыдан кейiн қалай саған сенiм артамыз? Әлде қазаққа бүйрегiң бұра ма? Пантюркистсiң бе сен де?!» деп қуырып бердi.

Құдай сақтасын, өзi өз болғалы, ондай ойды қоңсы қондырып көрген емес, тiптi ондай сезiмге берiлуге қандай негiз бар? Қайдағы пантюркист! Фамилиясына қарап әзербайжан деп тұр-ау мына кiсi. Рас, паспорты бойынша солай, әкесi – әзербайжан. Бiрақ түр-түсiн бiлмейдi, төрт жасында шешесi екеуiн тастап, бiр үлкен бастықтың күйеуден қайтқан қызына ерiп, Бакуге тайып тұрыпты. Подлец, опасыз, алаяқ! Мамасы солай дейдi. Көк тиын пайдасын көрген жоқ, алимент те төлемеген. Ондай жексұрынның атын неге арқалап жүруiм керек деп оныншы бiтiрер жылы паспорт аларда фамилиясын өзгертпек болып бүлiнiп едi, көптi көрген сұңғыла шеше көнбедi: «Балам, атта тұрған ештеңе жоқ, кiм екенiңдi iшiңде сақтасаң болды. Шала-шатыс сен түгiлi, таза қанды еврейдiң өзi орыс, хохолдың көлеңкесiн сағалап жүр. Бар ғылымын, мәдениетiн жасап берiп отырсаң да бұлар бiзге қас, сүтке тиген күшiктей көредi. Болашағыңды ойла!» деген. Ендi кеп мынау «пантюркистсiң бе?» деп ежiрейiп тұр. Қайтсе жақпақ бұларға? Күдiктен арылу үшiн шешесiнiң еврей екенiн жiңiшкелеп жеткiзген дұрыс па? Қызыл көз пәле антисемиттiң өзi болып, «бәсе, қой терiсiн жамылған қасқыр екенсiң ғой!» деп тарпа бас салса қайтпек? Құрысын!..

Құдай куә, аянған жоқ. Кезексiз иыққа қонар алтын жұлдыздың сәулесi көңiлдi арбап тұрғанда неден тайынсын! Өлтiргеннен басқаның бәрiн iстедi: ұрды-тептi; көбесiне ине жүгiрттi; қасына екi жансыз отырғызып, күндiз ұйықтатпай, түнiмен тергеп бұрлықтырып, бiр апта қуды... Мұндай ит жанды болар ма, бiр сөзiнен танбай қасарысып тұрып алды. Мына түрiмен жоғарыдан жоспарланған үлкен операцияның құлайтын түрi бар. Не iстемек керек?

Әне-мiне иыққа қонғалы тұрған жұлдыздың жүзi көмескiленiп, жырақтап бара жатқандай сезiнгенде, тiптен ышқынып орнынан атып тұрды. Қолы дiрiлдеп темекi тұтатты, езуiнде бұрқыраған түтiннiң көк жыланы мойнына оратылып, қолдарын шалбарының қалтасына терең сүңгiтiп тұқшиған күйi бөлме iшiн арлы-берлi кезе бастады. Талайдың қаны мен терi, көз жасы сiңiп шiруге айналған тақтай еден қан құмартқан қарақшының табаны астында сай-сүйегi сырқырап зар иледi. Жасына жетпей iркiлдеп жайылып кеткен дене ауыр, ой одан да ауыр. Ғұзырындағы тұтқынның қасарыспа мiнезi есiне түскенде қаны басына шауып, ызадан қылғынып қала жаздайды. Не деген бiр мойын хайуан! Ерегеспен бiрдеңе тындырам дей ме екен, өзiн де, өзгенi де қинап... Шығыршығы шыр айналып кетер қаншама iске бөгесiн боп отыр. Ақымақ, дайындап берген қағазға қол қоя салса ғой – басы азат, бұның да қаны бүйтiп қараймас едi. Мойындамай қойсам құтылам дей ме? Атасының басы! Алаңға барып жұртты елiртiп елеуреп сөйлеген кiм? Таяқпен қаруланып тәртiп сақшыларына қарсы төбелес ұйымдастырған кiм? Артында айтағы болмаса, қайдан шыққан Стёпа Разин бұл? Өзiм бардым, өз жүрегiмнiң әмiрiмен iстедiм бәрiн дейдi. Сенген екем сандырақ ертегiсiне. Ауылдан келген ашық ауыз боз өкпе студент ел бастамақ түгiлi, өз басын алып жүрiп алсын!

Логика бар жерде не айғақ керек. Жез қармақ желбезегiне iлiндi деген осы. Бұлқынғаның бос әурешiлiк ендi...

Бұрнағы күнi шешесi келiптi бұл неменiң. Жылап-еңiреп естi шығарсын.

– Өлi ме, тiрi ме бiр көрейiн баламды, жолықтыршы!- дейдi. Қайтiп жолықтырмақ, түндегi таяқтан қан құсып әлi сандырақтап жатса. Тергеуге алдыртпақ боп жаңа айдауылды жiбергенде, «жүре алатын емес» деп келген. Бұл күйiнде көрсетсе, қып-қызыл шатақ.

– Тергеу бiтпей жолықтыруға болмайды; Бас прокурордың арнайы рұқсаты керек...– тағы басқа қырық құбылтып сипақтатса да, көк ми неме ме, тiптен түсiнетiн емес:

– Қарағым-ай, мұсылман баласы екенсiң, ауру шал, қаршадай екi баланы иен далаға тастап, итарқасы – қияннан келдiм. Сен де мен сияқты анадан туған шығарсың, жәрдемдесшi, жарығым! - дейдi өзеуреп.

Бұл соңғы сөздi шам көрiп қалды: әрине, анадан туды, бiрақ бұл секiлдi салпы етек сасықтан туудан құдай сақтасын! Аяғында табаны төрт елi қара пима, үстiнде қолпылдаған көнетоз пальто, әппақ самай шашы қобырап, умаждалған орамалмен бетiн басып, мұрынын қорс-қорс тартқан әйелге жиiркене қарады. Бұның жанында мамасы сурет емес пе! Сүрме қас, бұйра шаш /парик болса да/, ақ жүзiнде бiр әжiм жоқ. Мынау ше – жасы жүзде шығар. Сөйте тұрып «қаршадай екi балам» дейдi. Қандай күлкiлi! Үстiнен мал қораның иiсi шыға ма, қалай, жоқ, кефирден босаған бөтелкеден жуылмай түн асып қалғанда осындай иiс шығатын.

Ары-берi тәжiкелесiп, ештеңе өнбесiн бiлдi ме, бiр уақытта терiс айналып бүгежектеген күйi кемпiр өңiрiн ағытып, көйлегiнiң iшiне қолын сүңгiтiп жiбердi де ақ шүберекке оралған түйiншектi алып шықты:

– Мә, айналайын, – дедi ұсынып. – Төрт жүз сом! Ауру шалдың пенсиясынан жырымдап жиғаным едi. Азырқанбай осыны ал да, құлынымды бiр көрсетшi!..

Тапқан екен лақтырған сүйектi бас салатын бұралқыны! Бiр жағынан кенедей қадалған қырсықтан құтылудың сылтауы табылғанға қуанып та кеткен. Сұсын салып, қабағын қайшылады:

– Азаматша, сiз не iстеп тұрғаныңызды бiлесiз бе? Советтiң заң қызметкерi пара алғанын қайдан көрдiңiз? Андағы пәленi қалтаңызға салыңыз да, тез бұл арадан тайып тұрыңыз! Әйтпесе қазiр милиция шақыртам да қаматып тастаймын! – деп телефонның құлағын көтере берiп едi, көзi алақтаған әйел босағадағы қоржынын сүйрей-мүйрей есiктен тұра зытты.

Берген парасының түрiн көрдiң бе? Төрт жүз сом! Сараңдығы емес, бары сол. «Өмiр бойы қой бақтық!» дейдi, «өмiр бойы түрмеде болдық» дегендей мүсәпiрсiп. Қой бақсаң, қызығын неге көрмейсiң. Жер көп, шөп тегiн – арығыңды семiз, жалқыңды егiз ғып тiрлiк жасаймын десең, кiм шаужайыңа жармаспақ? Бұның орнында курд не шешен болсыншы, отардың жартысы өз меншiгi болар едi. Бас-басына машина, қалада бiр үй, түзде бiр үй. Бүйтiп бiреуi iстi болса, баяғыда-ақ суырып алады. Ал бұлар ше? «Жақсы пара бередi, жаман бара бередi» дейдi тағы өздерi. Ақылды сөзi көп, ақылды iсi жоқ. Далиған кең далада тар лашыққа қамалған, осынша ен байлықтың ортасында осынша тыриып жарлы боп отырған мұндай халықты басқа жерден шырақ алып iздесең де таппассың-ау. Талапсыз, кедей. Моральдары қызық: «байлық – мұрат емес» дейдi. Неге мұрат емес? Басқа мысалды былай қойғанда, ұлылардың бәрi де байдың тұқымы, дәулеттiң арқасында оқып жетiлдi, алаңсыз еңбектенiп, тарих дөңгелегiн алға жылжытты. Еврей кiсi өлтiрсе де аман қалады; қазақ қой ұрласа да сотталып кетедi. Кедейлiктен тапқан пайда осы ма? Малдының жүзi жарық, көңiлi қарық. Ақылы мен айласы жетпеген жерде алдын ақшамен аршиды. Ал жоқ болса, қорсың, кiрiптарсың. Ойың да, бойың да пәс. Сана-сезiмiң тұсалып, арқандаулы аттай шыр айналып күн көрiстiң қам-қарекетiнен аспақ емес. Африка мен терiстiктегi аборигендердiң ой өрiсi тоқырап, интеллектiсiнiң төмен болуы да сол сiңiрi шығып тыриған кедейлiктiң салдары. Пушкин аш болсыншы, өлең шығармас бұрын әуелi тамақ туралы ойлар едi...

Бұлардан пара алып көктемейсiң, қол былғап керегi жоқ. Одан да көзiн көгертiп заңның қатал тәртiбi бойынша сотта да жiбер – ең болмаса, бастықтардың алдында адал, бiлгiр боп бiр көрiнiп бедел жинап қаласың.

Жалпы, бұған ештеңе керек емес. Төрт құбыласы түгел: екi үйi, қала сыртында саунасына дейiн сайланған саяжайы, асыл тұқымды екi итi... – бәрi бар. Тек «Волгаға» қол жетпей жүр едi, екi ай бұрын оны да алды. Құдай оңдағанда, бiр шешендi төрт аяғын буған тоқтыдай алдына топ еткiзiп тастай салды емес пе. Сақалына ақ кiрсе де сайтаны басылмаған сволочь орыстың он төрт жасар қызын зорлапты. Бұлар, шiркiн, май шелпек қой, көсiп тауып, күреп шашады. Байлығына сенгеннен соң да батыл болатын шығар. Абыройға орай, қыздың әке-шешесi алкаш екен, бiр жағынан алдап, бiр жағынан қорқытып, ауыздарын жапқан соң, көзi қарайған кәрi текенi қақтап сауып, шығарып жiберген. Бастығы екеуi екi машина мiндi. Ендi бұған тек өсу керек. Шенiн бiр-екi рет жоғарылатып алған соң, Нахичеванға тайып тұрады. Қаланың не бiр ауданның прокурорлығы дайын. Ана жылы блатты аз алады деп осында әкеп, юрфакқа түсiрген нағашы ағасы қазiр Москвада. Тек сол кiсi аман болсын!..

Бәрiн айт та, бiрiн айт, бұлардың Қонаевы қандай қу десеңшi. Жымын бiлдiрмей жолын тауып жiңiшкелеп жасайтын нағыз айлакер. Ауыл баласының бiлiмi шала, пара беруге қолы қысқа, өз бетiмен институтқа түсуi қиын екенiн бiлген соң, екi жыл қой баққан ауыл жастары жоғарғы оқу орындарына жеңiлдiкпен қабылдансын деген пәрмен шығарып қойды. Ауылда тұратын кiм? Қой бағатын кiм? Белгiлi емес пе. Осыдан кейiн қалай ұлтшыл демейсiң. Декабрь бүлiгiн де солар ұйымдастырып отыр. Орталық комитеттiң нұсқауы дұрыс: әшкерелеу керек, аямау керек...

Екi қолын арқасына айқастырып, бөлме iшiн арлы-берлi кезген тергеушi өзi отыратын ұзын столды жанай берiп кiлт тоқтады – Әзиз-Сұлтанның әлдекiмге таяқ сiлтеп жатқан үлкен суретi көзiне iлiктi. Он күннен берi алдында жатып талай көрсе де қалай зер салмаған? Тышқан көрген құзғындай құс мұрыны имиiп, стол үстiне шүйiле түстi. «Таптым! – дедi iшiнен қиын есептiң жауабын шешкен шәкiрттен бетер жүрегi алып ұшып. – Бұл таяқтың кiмге жұмсалғанын кiм бiледi? Әлгi телеоператор Якубовскийдi кiм өлтiргенi әлi «табылмай» жатқан жоқ па. Бәлкiм, мерт қылған қанды таяқ осы шығар? Мiне, логика қайда жатыр! Сатпаймын, сатылмаймын деп кергитiн неме ғой, шабына қылбұрау түскенде көрер әуселесiн!..»

Қиялмен оп-оңай қиюын келтiрiп сызып алған жоспарын орындауға тергеушi жедел кiрсiп те кеттi.



2

Сабақ үстiнен Қосымханды деканат арқылы жеке бөлмеге шақыртып алған. Кiшкентай көздерi едiрейiп шекесiне шығып кетiптi. Тәйт десең, құлағын жымырып тұра безер сұр көжек. Алаңға барған құрбы-құрдастарын соттағанын соттап, одан қалғанын көзiнен тiзiп оқудан қуып жатқанда су жүрек болмай қайтсiн. Бұл ештеңе деместен-ақ дүрдиген көнтек ерiндерiнiң қиюы қашып, өз-өзiнен дiрiлдей бастады.

Алғашқыда мойындамасам – құтылам деп қулық ойлап басын сәл бұлғақтатып едi, соңынан ақылға келiп, мың болғыр, қақпайлаған жағына қарай құлдыраң қағып жөнелдi.

– Декабрьдiң он алтысы, он жетiсi, он сегiзi күндерi қайда болдың?

– Сабақта. Одан кейiнгi уақытта жатақханадан шыққам жоқ.

– Мынаны танисың ба? – деп тергеушi Әзиз-Сұлтанның суретiн папкасынан суырып ап, көз алдына тосқанда, Қосымхан өң-түс жоқ бетi бор жаққандай бозарып қимылсыз сiлейiп қалды. «Қап, түрмеде шiрiгiр иттiң баласы былжырап бәрiн бүлдiрген екен ғой өзi былыққанымен қоймай. Бетiңдi көрсетпе, алға шықпайық дегенде өңмеңдеп болмап едi!..»

– Танимын, – дедi дауысы жетi қабат жердiң астынан шығып.

– Сенiң де суретiңдi көрсетейiн бе?

– Жоқ, ағатай, жаздым-жаңылдым. Барғаным рас едi. Бiрақ, оллаhи-биллаhи, жәй қара көбейтiп елдiң арасында жүргенiм болмаса, ешқандай бұзақылық әрекетке қатысқаным жоқ...

Қарсы алдындағы кiрiптар бейшара маңдайы столдың бетiне тиердей еңкейген сайын тергеушi орындықтың арқасына шiренiп шалқая түстi.

– Мiне, ендi әңгiмең түзелдi. Ескертiп қояйын, шындықты айтқан жағдайда ғана жазаң жеңiлденедi.

– Тек шындықты айтам... Бәрiн айтам. Биыл бiтiрушi ем, далада қалам ғой, оқудан шығартпаңыздаршы!

– Ол өзiңе байланысты.

– Не iсте дейсiз – бәрiн орындаймын, тек көмектесiңiз...

– Мына досыңды қандай адам деп ойлайсың? – деп тағы да тергеушi Әзиз-Сұлтанның таяқ ұстап тұрған суретiн алдына тосты.

– Оны өзiңiз бiлесiз ғой.

– Бұл – жауап емес!

– Бұзақылыққа қатысқанын, әрине, қолдамаймын...

– Мына таяқты кiмге жұмсап тұр?

– Қорғану үшiн ұстаған шығар.

– Сен өйтiп лақпа! Қарсыласпаса, тәртiп сақшылары оларға күш қолданар ма едi. Бар пәле өздерiнде. Бұл – орысқа яғни интернационализм идеясына қарсы жұмсалған қару. Түптеп келгенде, Совет үкiметiне қол көтеру бұл! Демек, қылмыскердi әшкерелеуiмiз керек. Түсiнiп отырсың ба?

– Түсiндiм...


3

Тергеушi iстiң ақ-қарасын анықтауды әу бастан-ақ қаперiне алған жоқ. Қалайда Әзиз-Сұлтанды қылмыскер ғып шығару үшiн битiн салды. Солай ету жоғарыға да, өзiне де қолай едi: басшылар бұның қолымен от көсегiсi келдi, бұл онсыз да жаназасын шығарып қойған iстi уақыт шығындамай тез бiтiруге асықты. Сондықтан ол дерек-дәлелдiң логикасынан қорытынды жасаудың орнына, алдын ала миына шегелеп алған пiкiрге дәйек болар қисын iздедi. Елiге-елiге ойынан құрап-жасқаған сандырағына сенiп алғаны соншама, қандай қатыгез, айуандыққа барса да, бұнысын қиянат деп сезiнбейтiн халге жеткен.

Айдауыл Әзиз-Сұлтанды алдына сап алып кiргенде езуiнен темекiсi түтiндеп төрде отырған Аллахвердиев «желкесiмен кiрiп келе жатқан бұл кiм?» дегендей таңырқай қарады. Бет-аузы бұдыр-бедерсiз үрлеген доп. Қабағы сынып, мұрыны жапырылған ба – тұтаса көлкiлдеген қара-көк iсiктен ештеңе көрiнбейдi. Кешегi қараған көздi арбайтын қарлығаштың қанатындай керме қас, шарасы кең тұнық жанар, қыр мұрын – сұлу суреттi қара сия төгiлiп өшiрiп тастапты.

Әзиз-Сұлтанның түрiне қарап тұрып тергеушi қабағын тыржитты: «көрiнбейтiн жерiнен ұрмай, iсiн тындырыңдар демеп пе едi! Сволочьтар, қалай ұруды да бiлмейдi, iшке тебу керек қой, өкпе-бауырын езiп жiберетiн. Соны да үйрету керек пе бұл арам тамақтарға! Ана спецназдың жiгiттерi қандай таза жұмыс iстейдi! Әнеукүнi Алаңдағы бейбастақтарды жазалағанда көрдi ғой. Сыртына теңгедей дақ түсiрген жоқ. Бiрақ ендi адам болмайды, iш құрылысын каша ғып жiбердi. Көп болса, үш иә бес жыл ғана өмiр сүредi, ең болмағанда өлексе сүйреген мүгедек боп қалады. Iстеген соң әне осылай жұмыс iстеу керек қой. Ал мыналардың иығындағы бас емес, құм толтырған қапшық. Iстi дөңгелетiп, осы аптадан қалдырмай сотқа тапсыруға тиiс. Оған дейiн жарақаты жазылса жақсы... Әй, кiмнiң емешегi үзiлiп тұр дейсiң осыған. Бiрдеңе десе, Алаңнан алған жарақаты деп құтылмай ма!..»

Табаны еденге төрт тағандап болтпен шегенделген айналмалы, жайдақ, темiр орындықта екi қолын артына айқастырып сұлық отырған Әзиз-Сұлтанның алдынан – бiр, арқасынан бiр ойқастаған күйi Аллахвердиев темекiсi аузы мен шымшып ұстаған саусағының ұшында кезек түтiндеп ұзақ жүрдi. Ұрып-соғу, жалған айыптан зәрезеп болып, тағы қандай пәленi ойлап тапты екен деп жүрегi қалтыраған тұтқынды тоң-торыс үнсiздiкпен дiңкелете түспек. Су жаңа шегiрен бәтеңкенiң сықыры есiрiк кеуденiң кекiрiгiндей құлақ қыршиды.

Айыпкерде бұрынғы айдын-ажар жоқ. Тұтасқан тұлып бет бiр түрлi сағын сындырып, момақан, мүләйiм ғып көрсетедi екен. Әдеттегi жiгерiңдi құм қылатын жанарындағы қайсар ұшқын, езуiнiң қиығында қисайып тұратын кекесiндi көлкiлдеген iсiк жалап-жұқтап жұтып қойыпты. Тергеушi соған әжептәуiр марқайып қалды. «Е, қалай екен бәлем. Әйтпесе, мерзавец, сұраққа дұрыстап жауап бермей, осыны да сөз деп айтып отырсың ба дегендей, мырс етiп сыңар танауынан осқыруыншы едi!..»

Аллахвердиев алдына келген айыпкердiң қадыр-қасиетiн түсiрмей өзiн еркiн ұстап тең адамдай сөйлескенiне, пiкiр таластырып қайсарлық танытқанына қаны қас. Бұл да адам баласы ғой, тағдыры қыл үстiнде тұрғанда қарманып қорғануға хақысы бар ғой деп ойлаған емес. Неге мен таққан айыпты тезiрек мойындай қоймайды деп ит жыны қозатын.

Әзиз-Сұлтанның қасынан өте берiп, салып жiберетiн адамдай, өкшесiнен шыр айналған күйi жалт бұрылды да, қарсы алдында талтайып тұра қалды. Екi қолымен бүйiрiн таянып, түтiндеген «Медеудiң» тұқылын езумен ернiнiң ұшына үйiрiп әкеп, «тфу» деп әуелете атып босағадағы қоқыс салғышқа топ еткiздi. Мүлт кетпеген мергендiгiне риза болды ма, көзiнiң қиығын қадап, қасын секiртiп қойды. Содан соң жүгерiнiң дәнiндей, темекiнiң ысы қапқан сарғыш тiстерiн жалаңаштап, боқ жеген иттей мүңкiген, сасық демiн бұның бетiне үрлей мырс еттi:

– Ха, «курорт» жаққан-ау деймiн, семiргеннен көзiң көрiнбей қапты. Қалай, осылай «семiре» бергiң келе ме, әлде ойландың ба?

– Ненi?


– Бiз ұсынған түсiнiктемеге қол қоясың ба?

– Мен жауабымды айттым емес пе. Бiр емес, жүз рет қайталадым.

– Ақырғы рет ескертемiн: қол қойсаң – тозақтан құтыласың; тергеу жұмысына көмектестi, саяси, ұлтшыл ұйымды әшкерелеуге атсалысты деп босатып жiберемiз...

– Жаламен жанымды арашаламай-ақ қойдым!

– Онда өз обалың өзiңе!

Қос бүйiрге таянған қолдар зiлдi дауыспен жарыса төмен сырғып сылқ ете түскенде, әбден запы боп қалған Әзиз-Сұлтан бүкiл денесi тас түйiлген бұлшық етке айналып, басын иығымен жасқай шалт бұғынып едi, бiрақ қолдар оқыс қимыл жасаған жоқ. Тергеушi қанталаған көзiнiң уын бүркiп сәл тұрды да керi бұрылып, ашулы қалыппен адымдай басып, орнына беттедi.

Орындыққа жайғасқан соң саусақтарын оңды-солды сытырлатқан күйi терезеден салбыраған сұрғылт аспанға телмiрiп аз-кем отырды да, сол суық аспандай сұрланған, сызданған жүзiн тұтқынға бұрды:

– Бiз саған осы уақытқа дейiн саяси айып тағумен шектелiп келдiк. Кiнәсiн мойындап, ұлтшылдарды әшкерелеуге көмектессе, жас қой, арбауға түсiп ағат басқан шығар деп кешiрiм жасау жағын да ойлағанбыз. Бiрақ сен ол жақсылықты түсiнбедiң, қыңырайып сорыңа қарай тарттың. Қосымша тергеу жұмыстарының нәтижесiнде, сенiң ауыр қылмысың ашылды – кiсi өлтiруге қатысқансың! – Салмақтап, шегелеп айтқан соңғы сөзiнiң әсерiн байқамаққа тұтқынның бетiне қарап едi, басына соққы тие-тие есi ауысып кеткен бе, езуi ырсиып мырс еттi. – Неңе жетiсiп күлесiң, сенiң орныңда болсам, жылар едiм! – дедi терiсiне симай тырсиып.

– Ол – сiз ғой.

– Сен не сонда, темiрмiсiң! То же мне герой! Атыласың! Сонда көрермiн күлгендi...

– Мен – ақпын, тазамын! Кiнәм жоқ болса, қалай атады?

– Неге жоқ, сен үшiн кiсi өлтiру – шыбын өлтiру ме?

– Кiмдi өлтiрiппiн? – дедi Әзиз-Сұлтан кекесiн күлкiнiң көлеңкесiн езуiнен өшiрмей. Жаланы да қисынын тауып жабу керек қой. Санаға сiңбес сандырақты жәй қорқыту үшiн айтылған қоқан-лоққы, қалжың есебiнде қабылдап отыр.

– Жасақшы Якубовскийдi өлтiруге қатысқансың. Он сегiзi күнi қақтығысып жүрiп Сәтбаев пен Бейбiтшiлiк көшесiнiң қиылысында тәртiп сақшысын сен сойылмен соғып құлатқансың, бiр топ бұзақы тарпа бас салып тепкiлеп сол жерде өлтiрiп тастаған.

– Бұныңыз – қып-қызыл жала. Ешқандай қарапайым жасақшыға қол көтергем жоқ. Алаңда таяқ ұстағаным рас: қорғандым, зәбiр шеккен әлсiздердi қорғадым – итке талатып, үшкiр күрек, темiр шыбықпен төпелегенде таяқпен жан далбасалаған қылмыс па? Көк мұздың үстiне бiр қызды сұлатып салып тепкiлеп жатқан бiр офицер мен бiр солдатты ұрып-жыққаным рас: қорлыққа шыдай алмай кеттiм. Ол туралы мен сiзге бiрiншi жауап алған күнi-ақ айтқанмын, ештеңе жасырғам жоқ.

– Именно, сен ұрып-жыққан екеудiң бiреуiн бұзақылар жабыла тепкiлеп сол жерде өлтiрiп жiберген.

– Менiң ұрғаным – әскери адамдар ғой?

– Әскери ме, жоқ па – ол арасын анықтау керек. Ұры қашан мен ұрлық iстедiм деушi едi. Бiз тек айғаққа жүгiнемiз.

– Анық нәрсеге не айғақ керек?

– Аптықпа. Сол күнi қасыңда кiм болды таныстардан?

Пәлеге жанастырып обалына қалармын деп Әзиз-Сұлтан ешкiмдi атағысы келмей iркiлiп қалып едi, тергеушi шылбыр ұшынан iлiп әкетiп:

– Жарайды, ұмытып отырсаң, есiңе салайын! – дедi көзiнiң құйрығынан қуақы күлкi қашып. – Бөлмелесiң Көпжасаров Қосымхан күнi бойы бiрге болған, бәрiн көрген. Оның айтуы басқаша. Сенбейсiң бе? Мә, оқы!

Қара папканың қарынын қақ жарып, ақ жер қалдырмай лықа толтырып жазылған парақты шетiнен шымшып ұстап бұған ұсынды. Қосымханның жазуы: құмырсқа көш – қиқы-жиқы сүйретпе әрiптер. Қайта-қайта ежiктеп, кей жерiн нобайлап әзер оқыды. «... Қайдан алғанын бiлмеймiн, бiр қарасам, қолында құлаштай таяқ жүр екен. Алаңның ортасында бiр қызды сүйретiп жүрген екi орысты жүгiрiп барып екi ұрып құлатып түсiрдi. Әскери ме, жәй адам ба – апақ-сапақта байқағам жоқ. Жығылған бiреуiн сол арада елiрiп алған жiгiттер қоршап ап тепкiлей жөнелдi...»

Әзиз-Сұлтан қос қолымен сығымдап ерiксiз басын ұстай алды, ендi болмаса, қақырап сынып түсердей – оқыс толқыныс онсыз да шайқалған жаралы миын қақ айырып найзағайдай тiлiп өттi. Өз-өзiнен лоқсығысы кеп, таңдайы темiр татыды. Қорқыныш па, әдiлетсiздiкке деген ыза ма – ұмар-жұмар бiр сезiм атылып кеп алқымынан ала түскен. Бағанадан берi кезектi қорлық, мазақ үшiн қақпақылдап айтылған уәждiң ар жақ-бер жағына санап онша мән бермеген қисынсыз сандырақ ендi, бейуақта есiк сындырып басып кiрген қарақшыдай, шын сұс танытып, қанжарын жалаңдата бастады. Басына үйiрiлген қара бұлттың қабарған шетiн көрiп жаны ышқынды.

«Жазу Қосымхандiкi болғанмен, сөз – басқанiкi. Әйтпесе тапа-тал түсте көзiмен көргенiн «байқай алмадым» деп бұлыңғырлатып, мыналардың диiрменiне су құя ма. Қинап, қорқытқанға шыдай алмай, не айтса, соны жазып берген шығар».

– Жоқ, мүмкiн емес! – дедi орнынан ұшып тұрып. – Сенбеймiн. Маған көрсеткен қорлықты оған да көрсетiп зорлап жаздырғансыңдар. Қолдарың таза болса, беттестiрiңдер. Кiнәмдi көзбе-көз мойныма қойсын...

– Ради бога! Дегенiң болсын! – дедi тергеушi құлашын жайып, жайдарлана жымсиып. Содан соң қапталындағы қоңыраудың қызыл түймесiн басып, есiктен кiрген күзетшiге иек қақты:

– Куәгердi шақыр.

Әзиз-Сұлтанның жүрегi солқ ете түстi – бәрi бұлай тез болады деп күтпеп едi, жаласына куәсi дап-дайын тұр екен. Қас қағымда шалқалай ашылған есiктен созалаңдай басып Қосымхан кiрiп келе жатты. Ұрып-соғу, қатыгез қинаудан жүдеп-жадаған, бет-аузы жырым-жырым өзi сияқты құр сүлдердi елестеткен. Мынауың курорттан келе жатыр! Бетiнен бит домалағандай, шашын қысқартып қидырғандiкi ме, одан сайын шеңбiрек атып дөңгеленiп тұр. Тұқырайып, төбесiмен сүзiп, қабақ астындағы қара тышқандай жылт-жылт жүгiрген кiшкентай көздерiн алып қаша бергенде-ақ Әзиз-Сұлтанның жүрегi мұздап, бәрi бiттiге санаған.

Тергеушi столдың оң қанатындағы орындыққа бүгежектеп келiп, тiзе бүккен Қосымханға түсiн суытып барлай қарады:

– Куәгер Көпжасаров, сенiң тергеу кезiндегi жауап-тарыңа айыпкер күмән келтiрiп, беттестiрудi талап етiп отыр. Кәне, көзiнше шыныңды айт, мына түсiнiктеменi өзiң жазғаныңды растайсың ба?

– Әрине, өзiм.

– Тергеушi қысым көрсетiп, фактiлердi бұрмалауға мәжбүр еткен жоқ па?

– О, не дегенiңiз. Тек өзiмнiң көрiп-бiлгендерiмдi ғана айттым, – деп, сонысын растағандай, қанша күннен берi жаттағаны белгiсiз, түсiнiктемедегi жауабын сөзбе-сөз қайталап сарнай жөнелгенде, шыдай алмаған Әзиз-Сұлтан:

– Әй, Қосымхан, кiсiнiң сөзiн сөйле! – дедi қалшылдап. – Бас кетсе де, азамат екенiмiздi ұмытпайық!

– Мен не, үрiп тұрмын ба! – Қосымхан шап ете түстi. Сыныққа сылтау iздеп ұрысқысы кеп тұр. Көңiлге өшпендiлiк ұялатып бет жыртысуға даяр. Сөйтсе, күнәсi сәл де болса жеңiлдейтiндей – қиянатты түк жазығы жоқ адамнан гөрi өзiңе аз да болса қысастығы бар бiреуге жасаған дәтке қуат қой. – «Үрiккеннiң қырсығы жусағанға тиедi» деп, арттарыңды қысып жүрмей, екi ортада бiздi шатастырдыңдар!

– Ешкiм сүйреп апарған жоқ едi ғой Алаңға.

– Көптен жырылу – ұят, жан-жақтан желпiлдеп ерiкке қойдыңдар ма...

Қарашығы үлкейiп тесiрейе қараған Әзиз-Сұлтан:

– Жуанырақ галстук тақ! – дедi мырс етiп.

– Неге?

– Санаңда иненiң жасуындай саңлау болса, осыдан кейiн асылып өлуге тиiссiң. Үзiлiп кетпей, боқ толтырған денеңдi көтерiп тұру үшiн керек!..



– Тоқтат базарды! – Тергеушi стол бетiн жұдырығымен түйiп қалды. – Бұл – сендерге тәжiкелесетiн жер емес. Куәгер берген айғақтардың нақты несiмен келiспейтiнiңдi айт. Әйтпесе әңгiменi доғартам!

Әзиз-Сұлтан кеңiрдегiне кептелiп келген ашуды амалсыз жұтып қойды.

– Жарайды, тар жерде ырылдаспай-ақ қояйық, – дедi дауысы бәсеңсiп. – Түсiнiктемеңмен таныстым. Кейбiр көзбен көргенiңдi көрбiлтелендiрiп жазғаныңа қайранмын: Алаңдағы мен ұрып-жыққан солдат пен офицердi «әскерилер ме, жоқ жәй киiмдi адамдар ма байқамадым» депсiң. Қалай байқамайсың, қасымда болдың емес пе?

– Рас байқағам жоқ, қарбаласта кiм киiмiне қарапты.

– Екеуi қызды шашынан сүйреп, шыңғыртып тепкiлеп жатқанда «мыналар неткен жауыз-ей, өлтiре ме!» деген сен емес пе едiң? Байқамасаң, көз тоқтатып қарамасаң, солай деп айтар ма едiң? Адам бiреудi, қанша уақыт өтсе де, еске алғанда, көз алдына түр-түсiн, үстiндегi киiмiн елестетпей ме?

Қосымхан мойынын iшiне тығып, соққы күткен адамдай жасқанып қалды: бiтиген жылтырақ көздерi жыпылықтап тергеушiге ұрлана қарап сәл iркiлдi де:

– Менiң ондай елестету қабiлетiм жоқ! – дедi зiлденiп. – Менде қайбiр ми бар ғой дейсiң, қазiр көргенiмдi қазiр ұмытып қалам. Есiмдегi елес анық болмаған соң солай деп жаздым.

– Ендеше мен есiңе сап отырмын ғой, өзгертiп қайта жаз.

Қосымханның түсi өзгерiп кеттi. Қалай бұлтарса да қанды iзiне түсiп құтқармаған қуғыншыға ызасы қозды ма:

– Көп басты қатырма! – дедi дүрдiк ерiнi қисая дiрiлдеп. – Ештеңенi қайта жазбаймын. Басым екеу емес, құбыла беретiн. Онсыз да қылпылдап қыл үстiнде тұрмын. Түсiн жағдайымды. Өлiп-талып түскен оқуым, бiтiргелi тұрғанда қуылсам, не боламын. Бәрiне өздерiң кiнәлiсiңдер, жоқ жерден елдi дүрлiктiрiп. Ал ендi не болды, бәрiмiзге тидi қырсықтарың...

Сөзiнiң соңы мiңгiрге ауысып бәсеңсiген сайын Әзиз-Сұлтанның тесiрейiп тастай қаққан қарашығы үлкейiп бара жатты. «Қинап-қорқытқан соң амалсыз жазған шығар, бетпе-бет келгенде қиянатқа қиюға дәтi шыдамай бәрiбiр сыр бiлдiрер» деп көкiрек түкпiрiнде қылаңытқан әлсiз сәуле жалп етiп өштi. Қандай жиiркенiштi, лас. Бұны крокодил жұтса да лоқсып құсып тастайтын шығар!

Ерте, ерте, ертеде жалаңдаған айбалта қалың тоғайды шетiнен қаусата бастапты. Ағаш бiткен бұтағы дiрiлдеп, жапырағы қалтырап улап-шулап қара орманның ағасы қарағайдан ақыл сұрапты. «Сабы не?» дептi кәрi қарағай көкшулан сақалы желбiреп. «Қайың, қайың!» дейдi айналасындағылар шуылдап. Сонда қарағай: «Е, сабы өзiмiзден екен. Ендi оған қайран жоқ!» дептi. Сол айтқандай, өзiмiздi отар балтаға өзiмiз сап болған соң не дауа.

Әнеукүнi Жазушылар одағына барғанда көрген, кезiнде Iлияс ақынды сатты дейтiн Виннипух сияқты домаланған құбыжық шал көз алдына келдi. Әр заманның, әр ұрпақтың өз Жарлыбайы бар екен ғой. Олар ешқашан өлмек емес. Кәрi, жас, сырлас дос, сыйлас аға боп, мың-миллион бейнеде мәңгi жасай бермек.

Осыдан кейiн мынау тыныш ұйықтар ма екен? Неге ұйықтамасын, тырп етпей ұйықтайды. Бұлардың жүйкелерi – тарамыс, жүректерi – темiр. Сондықтан ештеңеге селт етiп мазаланбайды, түнде түсiнен шошып оянбайды. Атылып, асылып не оныншы қабаттан секiрiп өлсем деген ой қаперiне кiрiп те шықпайды. Қара басының титiмдей пайдасы үшiн жолындағыны танкше таптап жүре бередi.

Қайрансыз булыққан Әзиз-Сұлтан:

– Берi жақындашы, – дедi басқа қолынан келерi болмаған соң бiр есебiн iшiне бүгiп.

– Немене, ұрасың ба? – Қосымхан қалбалақтап ұшып тұрып, қорғаншақтап шегiнiп кеттi.

– Мына түрiммен кiмдi ұрғандаймын! – Әзиз-Сұлтан көзiмен қу қаңқа денесiн нұсқап, иығын қақты. «Иә, солай екен-ау» дегендей, есi кiрген Қосымхан сонда да арса-арса аруақ бейненi сескене шолып, көш-құлаш столды айналып өтiп жақындай бердi. Араға жарты қадам тастап тоқтағанда Әзиз-Сұлтан бар жиiркенiшiн жалғыз-ақ сөзге жиып:

– Хайуан! – деп бетiне былш еткiзiп түкiрдi.

«Бұл не ойлап тұр» деп сақтықпен ере кеп қастарыңда тұрған тергеушi әп-сәтте Әзиз-Сұлтанды алақан қырымен қыл мойнынан қырқай перiп жалпасынан түсiргенде, есеңгiреп қалды ма, Қосымхан ашу қысып қосыла тепкiлеген жоқ. Қайырылып қарамады да. Бетiндегi қорлықтың қара таңбасын жүре сүртiп есiкке беттедi. Сол сәтте қорланған, жәбiрленген боп сезiну оған өте ыңғайлы едi. Өзiнiң ұяты алдында ақталуға оп-оңай сылтау табыла кеткенге қуанғандай. «Осыдан кейiн қалай аяйсың. Обал жоқ өзiне!» дегендей желкесi күжiрейiп, талтаң-талтаң басып ұзай бердi.



жүктеу 2,03 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   29




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау