|
Жаһандану жағдайына сәйкес заманауи қазақстан республикасының мемлекеттік қызмет этикасын қалыптастыру және дамыту нормативті сілтемелерЖаһандану жағдайына сәйкес заманауи Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінің және қызмет этикасының қалыптасуының қазіргі жағдайын талдау
|
бет | 8/15 | Дата | 12.04.2023 | өлшемі | 207,24 Kb. | | #42124 |
| 10.06.20 Ахмет Ә.Е. диссертация2. Жаһандану жағдайына сәйкес заманауи Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінің және қызмет этикасының қалыптасуының қазіргі жағдайын талдау
2.1 Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің және мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасының қалыптасуы мен даму кезеңдері
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тараптынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам, мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны-Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде Қазақстан Республикасының саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға тиіс. Қоғам мемлекеттік қызметте қызметшілер мен адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, әр ортада белгілі бір этиканы сақтайды. Этика дегеніміз- тәртіп сақтау ережелері. Ол қоғамда белгілі бір нормаларға сай өмір сүретін қағидалардың жалпы жиынтығы. Ал бұл нормалар адамдардың мораль және адамгершілік қасиеттерінің болуымен тығыз байланысты. Мораль және адамгершілік туралы ілім этика(әдеп) болып табылады.Сондықтан этикет этика ілімінің негізінде қалыптасқан, яғни адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, адамдардың бір-біріне нұқсан келтірмейтін қоғамда тәртіп сақтау ережелері қалыптасты. Белгілі бір тәртіпсіз өмір сүру мүмкін емес, себебі егер қоғамда белгілі бір этика сақталмайтын болса адамдардың арасында қатынас хаосқа айналып кетуі мүмкін. Сондықтан әр қоғамда адамдардың тәртібін адами тұрғыда бақылайтын, теріс қылықтарды азайтатын белгілі бір нормалар жиынтығы құрылған.
Этиканы қызмет бабында сақтау өте маңызды мәнге ие болып табылады. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің этикасы басты назарды аудартады. Мемлекеттік қызметкер әр түрлі қоғам мүшелерінің өкілдерімен жұмыс істейтіндіктен аса үлкен дайындықпен қызмет атқарулары тиіс. Қызмет орнында өзін-өзін ұстай білу, сыртқы бейнесі мен киім үлгісі тәртіпке сай болуын қадағалау, қимыл-әрекеттерін әңгіме кезінде қолдана білу анық әрі түсінікті жүйелі түрде сөйлей білу–осылардың барлығы қызметкердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этика жүйелеріне жатады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінде – «Мемлекеттік қызметтің кәсіби кадрлары – еліміздің ұлттық ауқымдағы міндеттерді жүзеге асыратын аса маңызды ресурсы. Дәл осы себепті мен үнемі мемлекеттік қызмет жүйесін сапалық биік деңгейге көтеру мәселесіне айрықша көңіл бөліп келемін», деп атап өткен болатын [51].
Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміздің мемлекеттік қызметі дамудың үш маңызды кезеңінен өтті, олардың әрқайсысының өз басымдықтары бар.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің және мемлекеттік қызметшілердің қалыптасуының бірінші кезеңі 1992–1997 жылдарды қамтыды.
1992 жылы қарым-қатынастардың нарықтық жүйесіне өту жағдайларында мемлекеттіліктің қалыптасу мақсаты мен міндеттерін белгілеген, «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» қабылданды. ос кезеңде жүргізілген институционалдық реформалардың аясында ел алдындағы міндеттерді іске асыруға қабілетті мемлекеттік аппаратқа айрықша рөл белгіленді. Осыған байланысты, мемлекеттік кадр саясатының негізгі бағыты мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін, әлеуметтік имиджі мен біліктілігін арттыру болды [52].
1995 жылы Конституцияны қабылдағаннан кейін, мемлекеттік қызметке тең қабылдануды және кадрлық саясатты іске асыру кезінде кемсітуге жол бермеуді реттейтін, құқықтық және институционалдық негіздер белгіленді.
Сол жылы заңдық күші бар Президенттің «Мемлекеттік қызмет туралы» Жарлығы бекітілгеннен соң, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру және оны жалпы еңбек құқығы саласынан бөлу қамтамасыз етілді.
Бұл жүйенің институциоландырылу процесінің бастамасы болды.
Мемлекеттік қызметтің саясаттандырылуын төмендету бойынша шаралар қабылданды. Конституциямен мемлекеттік органдарда саяси партияларды құруға тыйым салынды.
Жарлықпен, мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерін орындау барысында партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің шешімдерімен байланысты еместігі және тек заңнама талаптарын басшылыққа алатындығы анықталды. Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын іске асыру басқаруда жаңа тәсілдерді талап етті.
Сондықтан, үздік шетелдік тәжірибедер негізінде басқарушыларды даярлауға арналған келесідей инфрақұрылымдар құрылды:
–Жоғары партия мектебі базасында Президент жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты.
–Франция ұлттық әкімшілік ету мектебімен бірлесе Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі (қазір Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы).
–Дарынды жастарды әлемнің жетекші оқу орындарында оқыту үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясы ұйымдастырылды [53].
Президенттің тікелей қатысуымен ұсынылған және іске асырылған осы жобалар мемлекеттік қызметтің тиімді басқару құрамының қалыптасу процесіне негіз болды.
Қызметкерлерді адал әрі ынталы еңбекке ынталандыру мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігін қамтамасыз етудің негізі болды.
Осыған байланысты, жұмыста үздік нәтижелерге қол жеткізген және тұрақты түрде өз кәсіби деңгейін арттырып отыратын қызметшілерді қызметі бойынша ілгерілетуге басымды құқық заңды түрде бекітілді. Мемлекеттік секторда ұзақ мерзімді мансапты құруға мемлекеттік қызметшілердің мотивациясын арттыру шеңберінде мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты сараланған еңбек ақысы қарастырылды.
Сондай-ақ, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мемлекеттік қызметтің имиджін және мәртебесін арттыруға бағытталды. Қызметкерлерге тұрғын үй, жеке тұрғын үй салу үшін тегін жер телімдерін беру қарастырылған, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсету белгіленді.
Аталған шаралар жүйенің кадрлық өзегін сақтауға ықпал етті.
Мемлекеттік қызметтің имиджін жақсарту мемлекеттік қызметшілердің өздеріне жоғары талаптарды белгіледі.
Осыған орай, келесі қадам Қызметтік этика қағидаларын (1997 жыл) бекіту болды. Қызметшіге мемлекеттің мүдделерін қорғау және Президенттің саясатын ұстану міндеттілігі, азаматтардың өтініштерін қарау барысында бюрократизм мен сарсаңға салушылықтарды болдырмау жүктелді.
Қызметкерлердің заңнама, оның ішінде этика нормаларын сақтауын қамтамасыз ету мақсатында Президент жанындағы Жоғары тәртіптік кеңес пен облыс әкімдерінің жанындағы тәртіптік кеңестер құрылды [52].
Нәтижесінде, бірінші кезеңде келесілерге қол жеткізілді:
– меритократия қағидаттарын енгізу үшін жағдайлар жасау мақсатында азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қабылдануы конституциялық тұрғыдан қамтамасыз етілді;
– мемлекеттік аппараттың дербестігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдарда саяси партиялар құру мүмкіндігі жойылды;
– әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс;
–басқарушылық құрамның тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік менеджерлерді даярлау мақсатында білім беру инфрақұрылымы құрылды;
–мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру үшін әлеуметтік кепілдіктер белгіленді және этикалық талаптар енгізілді.
Енгізілген тетіктер мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіру үшін қажетті институционалдық тіректі қалыптастырды. Осылайша бірінші кезеңде жаңа типтегі мемлекеттік қызметкердің қалыптасуына ерекше мән берілді.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің және мемлекеттік қызметшілердің қалыптасуының екінші кезеңі 1997–2012 жылдар аралығында өтті. Мақсатқа бағдарланған жұмыстың нәтижелері мемлекеттік аппаратты құру барысындағы тәсілдерді одан әрі жетілдіру қажеттілігін көрсетті.
1997 жылы Президент еліміздегі мемлекеттік қызмет жүйесіндегі реформалардың келесі кезеңін белгілеген, ұзақ мерзімді бағдарлама – «Қазақстан – 2030» Стратегиясын жариялады [53].
Оның ұзақ мерзімді басымдықтарының бірі іске берілген және басымды мақсаттарға қол жеткізуде халықтың өкілдері ретінде шығуға қабілетті мемлекеттік қызметшілердің тиімді және қазіргі заманғы корпусын құру болды.
Бұл институционалдық реформаларды жүргізуді талап етті. Мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай саясатты іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында 1998 жылы осы салада орган ретінде тікелей ел Президентіне бағынысты және есеп беруге міндетті уәкілетті орган – Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 18 қыркүйектегі № 4073 "Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығы бойынша [47] Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі туралы ереже мен құрылымы бекітілді. Агенттікке мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, қызметкерлердің еңбегін ұйымдастыру, олардың оқуын қамтамасыз ету және осы саладағы заңнаманың сақталуын бақылау жүктелді. Агенттікті құру мемлекеттік қызметті реформалауды институционалдық рәсімдеуге ықпал етті. 1999 жылы оның одан әрі дамуын анықтайтын, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданды [5].
Осы кезеңде, мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын, оның сабақтастығын қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметті саясатсыздандыру бойынша шаралар қабылданды. Мемлекеттік қызметшілер саяси және әкімшілік қызметшілер болып сараланды. Саяси қызметшілерге тиісті салада дамудың стратегиялық бағыттарын анықтайтын, мемлекеттік басқару саласына басшылықты жүргізетін қызметшілер, сонымен қатар тағайындалуы саяси-анықтаушы сипатқа ие қызметшілер жатқызылды.
Алдыңғы Жарлыққа қарағанда жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңнан мемлекеттік органның басшысы қызметтен кетуі жағдайында оның орынбасарлары, ведомстволардың, бөлімшелердің басшылары және басшылық буындағы өзге де қызметшілер қызметінен кетуі тиіс болған норма алынып тасталынды. Одан басқа, мерзімді келісімшарт бойынша жұмыс істеудің орнына қызметшілер тұрақты кәсіби негізде лауазым бойынша жұмыс істей бастады. Аталған тәсілдер мемлекеттік қызметтегі ауысушылықты қысқартуға және мемлекеттік аппараттың тұрақталуы мен орнықталуы үшін негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Саяси басшылықтың ауысуы барысында мемлекеттік орган жұмысының тұрақтылығы мен жалғастырылуын қамтамасыз ету мақсатында 2007 жылы жауапты хатшы лауазымы енгізілді, оған орталық атқарушы орган аппаратына басшылық ету міндеті бекітілді.
Осылайша, мемлекеттік аппараттың дербестілігі мен кәсібилігін нығайтуға арналған құқықтық база құрылды.
Бұл кезеңде меритократия қағидаттарына негізделген іріктеу жүйесі өзгертілді. Алғаш рет тестілеу мен сұхбаттасудан тұратын, мемлекеттік қызметке қабылданудың конкурстық негізі енгізілді.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның әрекет етуінің бірінші жылында шамамен 9 000 мемлекеттік қызметші ашық конкурс нәтижелері бойынша қабылданды. Бұл мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыруға ықпал етті және тағайындалу барысында үміткерлердің бәсекелестігін қамтамасыз етті.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке қабылдану үшін талаптар анықталды, сондай-ақ алға қойылған міндеттерді тиімді орындау үшін талап етілетін білік дағдылардың, білімнің, еңбек өтілінің қажетті деңгейі белгіленді. Бұл мемлекеттік аппаратты білікті үміткерлер қатарынан қалыптастыруға ықпал етті.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сай, мемлекеттік қызметшілерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру жүйесі жетілдірілді. Аталған жұмыс аясында Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі мен Үкімет жанындағы Қайта даярлау институтының қосылуы арқылы Президент жанындағы «Мемлекеттік қызмет академиясы» құрылды [48].
Мемлекеттік қызмет саласындағы реформа бағыттарының бірі Елбасының Жарлығына сәйкес «Мемлекеттік органдардың қызметін бағалау жүйесін» енгізу және дамыту болып табылды.
Енгізу кезеңінде 2010-2011 жылдары Бағалау жүйесі мемлекеттік басқаруда мемлекеттік қызметтерді көрсетудің төмен сапасы, командалық ауысу, кадрлар ауысуының жоғары деңгейі, қолданылмайтын ротация тетігі, үнемі қызмет уақытынан тыс жұмыс істеу сияқты бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады.
Бағалау жүйесінде салынған мотивацияның арқасында мемлекеттік қызмет жүйесіндегі реформаларға импульс берілді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімі 3 еседен артық ұлғайды, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің толықтай стандартизациясы мен регламентациясы қамтамасыз етілді, мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерінің бұзушылықтары 46 есеге азайды, мемлекеттік қызметтердің Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен электронды форматқа ауысуы тездетілді.
Мемлекеттік қызметтен кадрлар кетуінің тұрақты төмендеуі қамтамасыз етілді. 2016 жылы ғана мемлекеттік қызметшілердің ауысуы 2 есе төмендеді, мемлекеттік қызметке қайта келгендердің саны 3 есе ұлғайды, ауысулар 18 есе азайды. Мемлекеттік қызметшілердің сауалнамасы көрсеткендей, мемлекеттік органдар қызметшілерінің 71%-ы меритократияның сақталуына қанағаттанып, конкурстық рәсімдер ашықтығының жоғары деңгейіне қол жеткенін атап өтті (80%).
Қызметтік этиканы бұзу фактілерін төмендету және мүдделер қақтығысын болдырмау бойынша жүйелік шаралар қабылданды. атап айтатын болсақ, 2005 жылы мінез-құлыққа қойылатын талаптар аясын кеңейтетін, «Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі» бекітілді [49].
Осы сәттен бастап қызметшілер жоғары талаптарды сақтап қана қоймай, сондай-ақ басқа қызметкерлердің тарапынан этика нормаларының бұзушылығын бұлтартпауға тиіс болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар белгіленді, киім стиліне қойылатын талаптар бекітілді, қызметкерлердің діни және қоғамдық бірлестіктерге қатысушылық мәселелері реттелді.
Мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында мемлекеттік қызметші өзінің жақын туыстары тікелей басшылық жүргізетін қызметте лауазымды атқара алмайтындығы заңды түрде анықталды. Одан өзге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасаған кандидатты қызметке қабылдау, оны тағайындаған лауазымды тұлғаны жұмыстан босатуға негіз болып табылатындығы белгіленді.
Дамудың екінші кезеңінде қабылданған шаралар мемлекеттік органдар қызметін ұйымдастыруға жүйелік сипат берді және мемлекеттік қызмет процестерін жетілдіруге ықпал етті, оның ішінде:
–меритократия қағидаттарын белгілеу үшін Агенттік құрылды, іріктеудің конкурстық рәсімдері енгізілді, тестілеу орталықтары ашылды және лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары енгізілді.
– мемлекеттік аппараттың дербестігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік лауазымдар заң аясында саяси және әкімшілік болып бөлінді;
– басқарушылық құрамның тиімділігін арттыру үшін жауапты хатшы лауазымы енгізіліп, олардың жауапкершілік шеңбері анықталды;
– мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру үшін Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды, этиканы бұзу фактілерін барынша азайту үшін жүйелік шаралар қабылданды, әлеуметтік кепілдер нығайтылды, мемлекеттік қызметте үздіксіз қызмет көрсету принципі енгізілді.
Сонымен қатар, алдыңғы қатарлы елдердің құрамына кіру мақсаты мемлекеттік аппаратың сапалы жаңа деңгейге көшуі үшін одан әрі шаралардың қабылдануын талап етті.
Осы кезеңде қабылданған «Қазақстан – 2050» стратегиясы мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту үшін күшті серпін берді [57]. Меритократия қағидаты енді тек теория жүзінде қалып қоймауы керек, қатаң тәжірибелік ереже болуы тиіс. Осылайша, мемлекеттік қызмет жүйесіне түбегейлі реформа жасау күн тәртібінде тұрды.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің және мемлекеттік қызметшілердің қалыптасуының үшінші кезеңі 2012 жылдан басталды, және қазіргі кезде өз жалғасын табуда.
Елбасы «Қазақстан – 2030» Стратегиясын іске асыру қорытындыларын жасай отырып, мемлекеттік қызметтің құқықтық негізін одан әрі жетілдіру қажеттілігін атап өтті. 2012 жылы Президент халыққа арналған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында халық пен мемлекетке қызмет ету барлығынан жоғары тұратын кәсіби мемлекеттік аппаратты құру міндетін қойды [57].
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасымен «мемлекеттік қызмет» ұғымын «халыққа қызмет ету» синонимі ретінде жаңғырту көзделді.
Көрсетілген кезеңде, басқарушылық құрамды нығайту және мемлекеттік аппаратты құру барысында саяси бейтараптылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды.
ЭЫДҰ елдерінің «жоғарғы қызметіне» ұқсас, «А» корпусы институты енгізілді.
Қызметіне мемлекеттік саясатты қалыптастыру міндеті кіретін, саяси қызметшілерге қарағанда, басқарушылардың функциясы – оны іске асыру бойынша практикалық шешімдерді әзірлеу болды.
Бүгінгі күнде, «А» корпусының лауазымдарына жауапты хатшылар, министрліктердің комитет төрағалары, орталық мемлекеттік органдардың аппараттары мен облыс әкімдіктерінің басшылары, сондай-ақ аудан әкімдері жатады. Олар үшін тағайындалудың және қызметті өткерудің айрықша тәртібі қарастырылған.
Бұл басқарушылық құрамның «кадрлық турбуленттілігін» төмендетуге және мемлекеттік аппаратты тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Ауысушылық институтын енгізу сәтінен бастап жауапты хатшылар 2 есеге, комитет төрағалары – 40%-ға төмендеді.
Осы кезеңде, саяси қызметшілердің, жауапты хатшылар мен мемлекеттік органдар аппараттары басшыларының өкілеттілігі шектелді.
Кадр мәселелері, оның ішінде «Б» корпусының қызметшілерін тағайындау және босату бойынша өкілдіктер, тәртіптік және конкурстық комиссиялар қызметіне басшылық ету жауапты хатшылар мен аппарат басшыларына берілді.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданды [57].
Оның бірінші бағыты ЭЫДҰ-ның стандарттарына сәйкесетін, кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде 2015 жылдың соңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңы қабылданды [58].
Оның негізгі жаңашылдығы мемлекеттік қызмет жүйесінің аралас «позициялық мансаптық» модельден «мансаптық» модельге өтуі болды.
Қажетті тәжірибесіз басшы лауазымға тағайындалу мүмкіндігін қарастыратын позициялық модельге қарағанда, қазір мемлекеттік қызметке қабылдану төменгі лауазымдардан бастап жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес меритократия тек қана теория жүзінде емес, нақты ереже ретінде қалыптасты. Конкурстық негізде төмен тұрған лауазымнан бастап жоғары тұрған лауазымға тек позиция бойынша кемінде бір жыл еңбек өтілі бар болған жағдайда, кезең-кезеңмен мансаптық өсу қағидаты заңды түрде бекітілген. Бұл үшін әрекеттегі қызметкерлердің лауазымға орналасу басымдылығын қарастыратын, ішкі және жалпы конкурстар институты енгізілді.
Бақылаушылар мен сарапшылар институтын енгізу арқылы, іріктеу рәсімдерінің ашықтығы қамтамасыз етілді. Олар үміткерлермен сұхбаттасуларға қатысады, конкурстық комиссиялардың жұмысымен танысады және оның қызметі туралы өз пікірін мемлекеттік органның басшылығына білдіре алды. Бақылаушылар ретінде БАҚ-тың, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдардың өкілдері бола алды. Әр үміткермен сұхбаттасу барысында жазбаның техникалық құралдарын міндетті түрде пайдалану қарастырылды, және сұхбаттасу кезінде үміткер де жазба құралдарын пайдалана алды.
«Командалық ауысуларды» заңдық деңгейде азайту үшін мемлекеттік органдар арасында ауысулар алынып тасталды. Бұл конкурстан тыс тағайындаулардың санын 28 есеге қысқартты (2012 жылы 9 603-тен 2018 жылы 348-ке дейін).
Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде әдеп стандарттарын енгізу жолымен мемлекеттік қызметшілердің әдебін күшейтуіне баса назар аударылды.
Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары тек қызмет барысында ғана емес, сондай-ақ қызметтен тыс уақытта да белгіленді.
Әдеп нормаларын бұзғаны үшін берілетін жазалаудан оларды ескертуге екпін берілді.
Осыған байланысты, озық елдердің – Канада, Ұлыбритания, Австралия, Ирландияның тәжірибесі бойынша орталық және облыстық деңгейде «Әдеп жөніндегі уәкіл жаңа институты» енгізілді. Оның өкілеттілігі түсіндіру, ұжымда өзара қарым- қатынастардың іскерлік мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауын мониторингілеу арқылы заңнама бұзушылықтарын алдын алумен байланысты [60].
2016 жылы тәртіптік кеңестер Әдеп жөніндегі кеңестерге өзгертілді. Енді олардың басты басымдылығы тәртіптік істерді қарау емес, мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша нақты ұсынымдар әзірлеу арқылы сыбайлас жемқорлықты ескерту мен оның алдын алу болып табылады.
Ауқымды алдын алу жұмыстары қызметкерлердің жауапкершілік деңгейін арттыруға мүмкіндік берді, ол құқық бұзушылықтарды жасауды азайтуға ықпал етті. 2018 жылы қызметтік этика нормаларын бұзу 2015 жылмен салыстырғанда 43%-ға қысқарды (354-тен 202-ге дейін).
Заңмен мемлекеттік қызметті кемсіту қылықтары түсінігі енгізілді.
Қызметшілерді жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай қылықтары үшін жұмыстан босатылған тұлғалар мемлекеттік қызметке қайта қабылдана алмайды.
Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің мотивациясын арттыру және оларға ерекше мәртебе беру үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым күні мемлекеттік қызметші күні болып жарияланды.
Одан өзге, Елбасының актісімен 2013 жылы «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі енгізілді. Олар кемінде 15 жылдық мінсіз еңбек өтілі бар, және мемлекеттік қызметтің дамуына үлкен үлес қосқан мемлекеттік қызметшілерге беріледі [61].
Ұлт жоспарының 28 және 29-қадамдары аясында меритократия қағидаттарын құқық қорғау органдары жүйесіне енгізу үшін негіз қалыптастырылды. Жаңа тәсілдерге сәйкес мемлекеттік қызмет туралы заңның негізгі қағидаттары құқық қорғау қызметіне де қолданылады. Құқық қорғау қызметіне қабылдану үшін азаматтар Агенттікте заңнаманы білу тестілеуінен және құзыреттіліктерді бағалаудан өтеді. Алғаш рет құқық қорғау органдарында үміткерлермен сұхбаттасу аудио-видео жазбаларды міндетті түрде пайдалану және қоғам өкілдерінің қатарынан шақырылған бақылаушылардың қатысуымен өткізілуде [62].
Мемлекеттік қызмет тиімділігін арттыру және шетелдік тәжірибені қолдану мақсатында жоғары білікті шетелдік қызметкерлерді жұмысқа тарту қарастырылған.
Кәсібилендіру кезеңінде қабылданған шаралар мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін күшейтті және мемлекеттік қызмет жүйесін кәсібилендіруге ықпал етті. Атап айтқанда:
– меритократия қағидатын қамтамасыз ету үшін лауазымдарға орналасу тек ашықтығымен және әділдігімен айрықшаланатын конкурстық негізде жүзеге асыру қарастырылды;
–мемлекеттік аппараттың дербестігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметшілердің қызметіне саяси процестердің ықпалын болдырмай, саяси және әкімшілік қызметтердің өкілеттіліктері бөлінді;
–басқарушылық құрамның тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы мен бірізділігін, сондай-ақ саяси шешімдердің тиімді іске асырылуын қамтамасыз ететін «А» корпусының институты құрылды;
–мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру үшін оқыту стандарттары жетілдірілді, еңбекақыны нәтижелер бойынша төлеу қарастырылды, әдеп нормалары бойынша бұзушылықтардың алдын алу шаралары қабылданды.
2014 жылғы 6 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» № 883 Жарлығына сәйкес таратылған Қазақстан Республикасының экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі орнына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды [55].
2015 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган ретінде құрылды, оған таратылып отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мүлкін және істерін басқару функциялары мен өкілеттіктері берілді. Агенттік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы деп атауын өзгертті [62].
2016 жылғы 13 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында ведомство мәртебесіне ие болды [61].
Мемлекеттік қызмет жүйесін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Мемлекет басшысының 2019 жылғы 13 маусымдағы № 12 Жарлығымен [55] Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) болып қайта құрылды.Осы жарлыққа сай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып қайта аталынды.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады. Агенттік мемлекеттік қызмет саласында басшылықты, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына бағалауды және мемлекеттік бақылау жүргізетін мемлекеттік орган болып табылады.
Агенттіктің қарамағында 2 ұйым:
1)«Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы;
2)«Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
«Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы «”Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақпарат және сынақ орталығы” мемлекеттік мекемесін және “Еуразия мемлекеттік қызметшілерді оқыту орталығы” республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы № 1305 Қаулысы негізінде «Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қоғамның жарғылық капиталында мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен акционерлік қоғам нысанында құрылды.
Осылайша, Қазақстандағы мемлекеттік қызмет және мемлекеттік қызметшілердің қалыптасуы мен даму кезеңдерін талдау дамудың барлық жолдарында мемлекеттік қызмет дамудың белгілі бір кезеңіндегі талаптарды ескере отырып жетілгенін көрсетті. Аталған уақыт аралығында үздік әлемдік тәжірибелер енгізілді, және мемлекеттік қызмет әрдайым озық трендте болды. Нәтижесінде аз тарихи уақытқа қарамастан Қазақстан озық халықаралық стандарттарға жауап беретін және ұлтты әлемнің отыз дамыған елдерінің қатарына қосуға қабілетті, қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппаратты құра алды.
Достарыңызбен бөлісу: |
|
|