Күнәмнің құнын өтедің
Арайлап атты таңдарым,
Нұрыңа мені бөледің.
Тәңірім, Иса қаныңмен,
Күнәмнің құнын өтедің.
Қиналдың Иса мен үшін,
Айқышқа беріп тәніңді,
Құтқарып алдың күнәдан,
Әлемді және елімді.
Шыдадың Ием біз үшін,
Жаныңды салып азапқа.
Адамның әрбір ұрпағы,
Бармайды сенсе тозаққа.
Кеудеңнен қаның төгілді,
Тамшылап жерге тоқталмай.
Күнәсіз Иса керілді,
Айқыштан бақыт тапқандай.
Күнәні енді жасама,
Киелі Иса қаны үшін.
Тәубаға келгін, бауырым,
Өмірдің ұғып мәнін шын.
« ... менен құдіретті Біреу келе жатыр,
Оның құлы боп кебісін беруге де тұрмаймын.
Ол сендерді Киелі Рухпен және
Отпен шомылдырады»
(Інжіл, Лұқа 3:16)
Ақша бұлттар кезіп жүрген даланы,
Бір зор дауыс бұзып жарып барады.
Тегістеңдер, ой шұқырды, жол салыңдар,
Асығыңдар, Иең келеді, қарсы алыңдар.
Құтқарылу жақын қалды, күткен күндер.
Пендешілікті тастап бәрің кеп бірер сәтке,
Құдайға табыныңдар, бас иіп жалыныңдар,
Суға түсіп тазаланып, күнәдан арылыңдар.
Мен Оның кебісін әперуге де жарамаймын,
Ол жетер биіктікке мен тіпті бара алмаймын.
Ол сияқты сендердің арылмас күнәң үшін,
Өзімді құрбандыққа шала алмаймын.
Көктен келді құрбандықтың Тоқтысы,
Қарсы алыңдар, қабылдаңдар, сеніңдер.
Өмірлеріңді қолына Оның беріңдер.
Кеш қалмастан ізіне Соның еріңдер.
Мәңгілікке сене ғой
Терезеңді қағамын,
Сені іздеп табамын.
Ашыламын Мен саған,
Көкте қарсы аламын.
Көктен нұр боп ашылам,
Саған қарай асығам.
Кеудеңізге жарқ етіп,
Түнегіңді қашырам.
Хош келіпсің бауырым,
Аман-есен ауылың.
Қорқыт бабам таппаған
Өмір жолы – қауымың.
Ізгі хабар таратқын,
Бір пайдама жаратқын.
Көбейте бер бауырлас,
Міне саған баратпын.
Тазалап қой жолымды,
Оңым менен солымды.
Шайтанды алам кеудеңнен,
Ұнатамын момынды.
Қошақаным келе ғой,
Отарыма ене ғой.
Бағбан тұр ғой аспанда,
Мәңгілікке сене ғой.
Алыс тұрам Мен деген,
Қиын болар сенбеген.
Сағындырам Мен сені,
Табар бірақ іздеген.
Адам ата ұрпағы,
Ауылыңа қайтарам.
Тек күнәдан тазарсаң,
Ашам бақты қайтадан.
Едем саған ашылар,
Іздеген жан асығар.
Иемізді көрген соң,
Сағынышың басылар.
Жақыптай мені өзгертші
Жақыптай боп жағаластым Тәңірмен,
Жан-дүнием толып тұрған ескілік.
Жүріппін мен бұл өмірде бос күліп,
Содан болар қала бердім ескіріп.
Есік қақтың, есік ашпай жүргенде,
Жүрегімді жаңа арнаға бастадың.
Енді білдім, енді сездім Тәңірдің,
Өмірдегі ең маңызды мақсатын.
Голгофтағы ағашқа айқыш шегелеп,
Жақыбыңды сол жерде Сен қалдырдың.
Киелі Рух мәңгілікке жол сілтеп,
Өмірімді басқа арнаға салдырдың.
Содан болар кетті бойым жеңілдеп,
Белгісіз жүк арқамдағы түскендей.
Күтіп жүрген ағаштағы жемісім,
Уақыты жетіп уылжып піскендей.
Жетелеші, мені енді жаңа жол,
Тура басып ілесейін артыңнан.
Өмірдегі ең маңызды мақсат сол,
О, Тәңірім ұмтылайын соңыңнан.
Жүрсем ылғи айқышымды арқалап,
Жүректегі шерім сонда тарқамақ.
Өмірдегі мән – мағына сол дағы,
Киелі Рух жүрегімде болғаны.
Жаныма шипа табамын
Жадырап жаның қаласың,
Қауымға келіп кеткенде.
Жаныма шипа табамын,
Құдайдың сөзін есіткенде.
Есім бір кетіп, көңілім елтіп,
Қуаныш кернеп жүректі.
Самалдай есіп, көкейді тесіп,
Бересің әркез тілекті.
Дұғаны оқып, көңілге тоқып,
Бауырластардың сөздерін.
Өмірдің мәнін, түсініп әнін,
Қаласың сол сәт өзгеріп.
Киелі Рух жаныңда тұрып,
Шығарып салар қайтқанда.
Қоштасу қиын, көңілге түйіп,
Сол бір әндерді айтқанда.
Мәңгілік өмір табалдырығын,
Қауымда мен де аттадым.
Тілеймін оған, тілеймін саған,
Бәрің де бірдей аттағын.
Тәубеге кел бауырым
Өмірдің тауып сырларын,
Шаттана мен де жырладым.
Қуаныш тауып Құдайдан,
Сөзімен жаным нұрланды.
Ата-анам естіп сөздерін,
Мәнісін оның ұғынды.
Ақ бата сұрап Өзіңнен,
Алдыңа келіп жығылды.
Таудағы уағыздарыңмен,
Бақыттың сырын ашқансың.
Пейіштің кілтін тегін ап,
Тастасын халқым басқасын.
Мына жалған өмірге,
Уақытша келген қонақпыз.
Шайтанға беріп ерікті,
Өзімізді сонша тонаппыз.
Кемеліңе сенде келерсің,
Құдайға берсең қолыңды.
Тілеймін саған ақ тілек,
Оңғарсын Иса жолыңды.
Байлық жинап, қай мықты,
О дүниеге бірге алып кетті.
Опа бермей жиған байлығы,
Тозаққа оны алып кетті.
Бұл өмірдің бар байлығы,
О дүниеге мүлде жарамас.
Жүрекке қарар Иса Ием,
Байлығыңа сенің қарамас.
Өмір сүру үлгісін бізге,
Ол, Өзі келіп көрсетті.
Айқышқа керіп денесін,
Біз үшін азап көп шекті.
Аспанға кеткен Иса Ием,
Нұрын бүгін төгіп тұр.
Ұялат Оны өз жүрегіңе,
Рақымын Ол сеуіп тұр.
Құтыл шайтан торынан,
Исаға беріп қолыңды.
Мәңгі өмірге жолдама ал,
Ашсыншы Ием жолыңды.
Тәубеге кел де, бауырым,
Тыныштық орнат жүрекке.
Бақыт кілті тек Исада,
Сене бермегін білекке.
Иса өліп, тірілді!
Айқыш ағаш қиналыс,
Киелі қаны шашылды.
Тебіреніп бар әлем,
Күн шуағын жасырды.
Күнәсі үшін адамның,
Иса Тәңірім керілді.
Киелі үйдің пердесі,
Қақ бөлініп ашылды.
Көкке жетті көпірң,
Көлеңкең бар шуақты.
Аман-есен жүргенім,
Иса, берген қуатың.
Аман-есен жүрем де,
Жар саламын әлемге.
Ізгі хабар таралсын,
Әлемдегі бар елге!
Жексенбі күні болғанда,
Иса Мәсіх тірілді.
Сенім орнап шәкірттерге,
Алғашқы қауым құрылды.
Бұл деген сондай ғаламат!
Сүйіспеншілігі ғажап-ақ.!
Сүйгендіктен адамзатты,
Иса өліп, тірілді!
Көтеріліп Ол көкке кетті,
Таурат заңын орындап.
Уағыздап Жаңа Өсиетті,
Өсиеті бүгін бізге жетті.
Иса бірге менімен,
Иса бірге сенімен.
Иса біздің арамызда,
Қабылдаңдар сеніммен.
Мәсіх келді дүниеге!
Жарқырап кетті айнала,
Нұрға бөлеп аймақты!
Демалып жатқан малшыларға,
Топ періште үн қатты.
Бетлехемге бет бұрыңдар,
Бесік жыры тойлансын!
Құтқарушы келді әлемге,
Барлық адам ойлансын.
Қуаныңдар, шаттаныңдар,
Мәсіх келді дүниеге!
Қарсы алыңдар адамзат,
Баршаға жар салыңдар.
Қуаныңдар, шаттаныңдар,
Таңғажайып күйге еніп,
Ғажап іске тамсаныңдар!
Иемізге ән салыңдар.
Құндықтаулы Бала жатыр,
Мал байлаған ақырда.
Нұр бейнелі Пана жатыр,
Халқы күткен ғасырлар.
Малшылардан елге хабар,
Осылайша тарқалды.
Киелі Рух көлеңкесі,
Бізге пана бере алды.
Соңынан Иеміздің ерші халқым
Әрине, мен қиындық көп көремін,
Басымнан талай нәрсе өткеремін.
Шыдаймын бәріне де жаным үшін,
Өйткені мен күнәні жек көремін.
Қымбатсың әрқашан да халқым маған,
Тамыр алған өзіңнен жарқын балаң.
Өзегінен нәр алып өсіп-өнген,
Өзеніңе шомылып салқындаған.
Аққу қаз жинап жатыр балапанын,
Ойлайды – ау олар дағы бала қамын.
Ұрпағы үшін алыс жолға жиналады,
Әнге бөлеп тырналар дала таңын.
Мағынасыз мына өмір тұр екі жүзді,
Қуанып қарсы аламыз жомарт күзді.
Жеміс-жидек төгіліп бау – бақшада,
Жайқалады егін-жай жайнап түзде.
Күз келіп төгіп жатыр жемістерін,
Айдалада жайқалады егістерің.
Бау-бақша берекелі күйге еніп,
Олар да көрсетіп тұр жемістерін.
Орақ алып науқанға барған жақсы,
Қыс боларын бір сәт еске алған жақсы.
Құдай берген несібесін шашпай, төкпей,
Дер кезінде қырманға әкеп салған жақсы.
Мағынасын осы өлеңнің баяндайын,
Халқым үшін ешнәрсе де аянбаймын.
Алқаптағы егін-жай біздің ұрпақ,
Өсіп-өнген күнәхар шаяндайын.
Сондықтан ол тозаққа бара жатыр,
Қыс қаһары Иеміздің заман ақыр,
Науқанымыз – Ізгі хабар, Құдай Сөзі,
Оның жолы ерекше дара жатыр.
Ал ендеше бауырлар, аттанайық,
Қаһарынан Иеміздің сақтанайық.
Жолға шығып таратып Ізгі хабар,
Тозақтан осы ұрпақты ап қалайық.
Айтқан сөзін Иеміздің алған жақсы,
Бар деген соң науқанға барған жақсы.
Өсиетін орындап жатпай-тұрмай,
Мәңгі өмірде мәңгілік қалған жақсы.
Күнәңді айтып тәубеге келші халқым,
Тағдырыңды Иса Иеме берші халқым.
Шырылдап тозақ отқа түсіп кетпей,
Иеміздің соңынан қалмай ерші халқым.
Күнәм менің кешірілген
Мәсіхшімін күнәм менің кешірілген,
Күнәні арқалап – ем бесігімнен.
Хауа ана қандай күйге душар еттің,
Хал жаман, жұмақ маған есік ілген.
Еңсемді бір ауыр жүк басып тұр-ау,
Өмірім шешімі жоқ өңшең сұрау.
Құлазып жүрегімде шаттығым жоқ,
Берекем өз – өзінен қашып тұр-ау.
Ес кетіп айдалада сенделемін,
Сәт сайын жамандыққа кез келемін.
Қыр соңымнан қалмаған қалың сорым,
Күнәсі ауыр мен де бір пендең едім.
Хауа ана қалай ғана сөзге келдің?
Азғыру ғой шайтанның да көздегені.
Нәпсінің құлы болып кете бардың,
Сорына адамзаттың жете бардың.
О, адамдар бұл дүниеге Мәсіх келді.
Жер Әлемге Ол нұрын шашып келді.
Түнерген түнектерді қуып шығып,
Пейішке қайтар жолды ашып берді.
Әуреге әбден Оны салғаным-ай,
Айқышқа Ол мен үшін барғаны-ай.
Мен үшін киелі қанын шашқанында,
Орындалды – ау деді Иса арманым-ай.
Мен Оны қабыл алған мәсіхшімін,
Айтатын өзім жайлы ашық шынын.
Кернеген жүрегімдегі Киелі Рух,
Бермейді бір сәт маза тасып тыным.
Мен бүгін көктен туған жаңа адаммын,
Иса сөзін уағыздайтын бір балаңмын.
Айқышты арқалап ап өз мойныма,
Кез келген жеріңе мен бара аламын.
Көктем бердің көңіліме Құдайым
Көктем бердің көңіліме Құдайым,
Көктен келдің өміріме Құдайым.
Алпыс екі тамырымдағы мұз еріп,
Сел боп тасып, ағып жатыр Құдайым.
Көңілімнен қысты алып тастадың,
Өмірімді жаңа арнаға бастадың.
Жан тыныштық не екенін білмеппін,
Мәңгі өмірдің жолына Сен бастадың.
Қыста қарға талай батып құлағам,
Жаным мұздап, сыздап талай жылағам.
Сен қастерлеп жылу берген жаныма,
Талай рет ажал бер деп сұрағам.
Ажал емес, өмір гүлін септің Сен,
Мейірлене шуағыңды төктің Сен.
Гүлім солып қалмасын деп қамқоршым,
Керек кезде жаңбырлатып өттің Сен.
Білем енді барар жерім шұрайлы,
Білем енді кім екенін Құдайдың.
Өзің менің өмірімді гүл еттің,
Айдалада қалып қойған қурайды.
Өзің менің тіреуішім құласам,
Өзің менің жұбанышым жыласам.
Тек Сен ғана кеше аласың күнәмді,
Шын өкініп мен кешірім сұрасам.
Ойланыңдар осы сөздің мәні бар,
Бітеу жара жүрегімде табылар.
Тәубаға кел, кешірім ал Құдайдан,
Шапағаты әрқайсыңда қабыл ал.
Қаһарына Иеміздің қалмағын,
Өз өміріңді онда өзің жалмадың.
Күнәң үшін кешірім ал адамдар,
Иеміздің рақымынан құр қалмағын.
Жаңбырыңды бақшамызға септің бе?
Нұрыңды да мейірлене төктің бе?
Мұздарымды бойымдағы терлетіп,
Шуақ болып өңменімнен өттің бе?
Алдарыңда өмір жолы бұралаң,
Адамдар-ай мен сендерден сұранам,
Абайламай шайтан құрған апанды,
Қаншама адам сол апанға құлаған.
Өміріміз болсын десең шұрайлы,
Ұмытпағын бар екенін Құдайдың.
Тәубаға кел, тәубаға кел адамдар,
Иеміз де сенен соны сұрайды.
Көз жыстарың сонда ғана тоқтайды,
Сонда Ием жоқтарыңды жоқтайды.
Барлық адам келсе егер Құдайға,
Жер бетінде жамандық та тоқтайды.
«Түнгі уақыт бітуге таяп қалды, ал Мәсіхтің күні
жақындады. Сондықтан қара түнектегі
жаман істерден бас тартып, жамандыққа
қарсы тұратын «нұрдың» қаруын асынайық!»
(Рим 14:12)
Табиғатты бар әлемді жаратып,
Аң мен құсты жер бетіне таратып.
Өзіменен қатынаста жүрсін деп,
Саздан илеп жасапты адам баласын.
Кенелсін деп Киелі Рух сөзімен,
Мәңгі бірге болсыншы деп өзімен.
Демін үрлеп жан беріпті адамға,
Құдай Ием Өз баласы болсын деп.
Әттең, өмір болар еді шұрайлы,
Барлық адам білер еді Құдайды.
Әзәзілді тыңдап адам алданып,
Күнә жасап пейіш бақтан құлайды.
Сол жемістің дәмін татып келеміз,
Өзімізді азғырылуға береміз.
Әзәзілдей жауыз болып өмірде,
Танымастан Құдайымызды өлеміз.
Барша адамның болған Хауа анасы,
Барлық халық Адам ата баласы.
Бәрімізді жаратқан сол бір Құдай,
Бөлінбеңдер адамзаттың баласы.
Күнәң үшін Иса аспаннан келіпті,
Құрбандыққа Өз денесін беріпті.
Адамзатты сүйгендігі соншалық,
Айқыш ағаш азабына көніпті.
Міне, солай шайтанды да жеңіпті,
Қолымызға ерікті алып беріпті.
Екі жол бар – тозақ және пейіш ол,
Әр адамның таңдауға өзі ерікті.
Қарғыс алған күнәһарлар құлайды,
Мәңгілік ол тозақ отта жылайды.
Тәубеге кел болғың келсе пейіште,
Тауып алып осы өмірде Құдайды.
Бұл өмірде күнәһардың бірі мен,
Басқалардай өлі өмір сүріп ем.
Шақырғанда Иса Ием тәубеге,
Бір-ақ сәтте өлі өмірден тірілгем.
Тыныштықтың іздер болсаң тұрағын
Өмір сүру қиын емес, білсең егер Құдайды,
Тек Құдаймен болар өмір мәңгілікте шұрайлы.
Оны білмеу күнә екенін түсініңдер адамдар,
Құдай Ием адамдардан соны ғана сұрайды.
Оны білмей батып жүрміз батпағына күнәнің,
Ойлан бауыр жүрегіңді ар алдында сынағын.
Құдайменен бірге болсаң, жаныңызда тыныштық,
Болмаса егер тыныштықты тек Құдайдан, сұрағын.
Тыныштық пен мәңгі өмірді адам үшін жаратқан,
Назарымызды шайтан түртіп, өз жағына қаратқан.
Билік беріп, әзәзілге білмей жүрміз Құдайды,
Тәубаға кел, кешірім ал, Ием соны сұрайды.
Шайтан күнә патшасы ол, тозақ оның мекені,
Жетегінде болсаң егер бірге алып кетеді.
Екі жолдың айырмасын түсіне біл ағайын,
Иас Иемнің жұмағында мәңгі өмірде болайын.
Батпағынан тазалайды еңсемізді езілген,
Арылтады ойымызды пендешілік сезімнен.
Сенсіз қалай құтыла алам күнәһарлық кезімнен,
Создың маған Өз қолыңды құтқаруға тезінен.
Өмір сүру қиын болған таптым бірақ кезеңін,
Тапқанымды жан-дүниеммен қуанышта сеземін.
Сағым болып айдынынан ұшып кеткен шағала,
Қайтып тапты өз айдынынын, өз ортасын, өзенін.
Таза жүрек, таза ойлар бойымызда тасыған,
Әрбір сәтте, әрбір кезде мәңгілікке асығам.
Мағынасы мына өмірдің мәнсіз енді мен үшін,
Өзіңменен жаңа өмірді бастап кеттім басынан.
Әттең Ием, Өзіңді ерте, Өзіңді ерте білмедім,
Сенде солай өкініште арманда боп жүрмегін.
Дұрысы сол, осы өмірде Құдайыңды білгенің,
Терең ойлан ағыт кәне, жүрегіңнің ілгегін.
Сонда аласың еншімізге мәңгі өмірді тасыған,
Арыласың пендешілік сезімінен жасыған.
Жаңа арнамен ағар сонда өміріңнің өзені,
Қайта соғар жаңа арнамен жүрегіңнің өзегі.
Әлде бауыр, қимайсың ба, осы өмірдің құмарын,
Кеш қалмастан ойлан, кәне, жүрегіңді сынағын.
Мәңгі өмірлік тыныштықтың іздер болсаң тұрағын,
Тәубаға кел, Құдайыңнан жалбарынып сұрағын.
Ізгі хабар
Жүрек қалай шаттанып толқымайды?!
Ізгі хабар танытса шын Құдайды.
Өсиетті тәңірдің дәнін ексе,
Жайлап өсіп, ол неге жайқалмайды?!
Ізгі хабар – ізгілік қайнар көзі,
Ол – Құдайдың Иса атты тірі Сөзі.
Адам ата, Хауа ана бойға енгізген,
Бар күнәдан құтқарар Соның Өзі.
Құдай еркін мен қалай тыңдамайын,
Менің жаным шындыққа құмар дәйім.
Күш-қуат бер жетеле Рухыңменен,
Болаттай берік боп мен шыңдалайын.
Сенің атың Тәңірім, дәріптелсін!
«Патшалығы Құдайдың жақын» – депсің,
Таратайын әніммен Хабарыңды,
Таңдаулыңды мың-мыңдап алып келсін.
Ояншы халқым ұйқыдан
Қуанышты күн бүгін, қуанышты!
Сен силадың дәнегін жұбаныштың.
Сен көрсеттің мәңгіліктің сара жолын,
Жүрегімде Киелі Рух тулап ұшты.
Күз келді қуанышты, мерекелі,
Табиғатқа кіргізіп берекені.
Аларынан берері көп жомарт күздің,
Еңбегінің қарымы қайтпақ бүгін.
Жомарт па едің, жер ана, нәзік пе едің,
Табиғатты сурет қып жазып бердің.
Айналаға қарасам тамсанамын,
Адамзатқа нәр бердің, азық бердің.
Бал татиды бүгіндер жемістерің,
Алтын түсті алқапта егістерің.
Дәнек еді кеше еккен таңданасың,
Жеміс берді жайқалып егістерің.
Аз ектің бе, ойланшы, көп ектің бе?
Баптап, күтіп, өссін деп тер төктің бе?
Таңғажайып Тәңірдің бұл кереметі,
Өлді, өсті, көбейді енді жер бетінде.
Тірі дәнді Иса Ием жерге екті,
Өмір дәнін септі де көкке кетті,
Теріп ал деп біздерге өсиет етті,
Жеміс теру кезі енді бізге жетті.
Күз келді ғой, терейік жемістерді,
Жинайық қырманға сап егістерді.
Құстар қайтып барады, ойланайық,
Айтшы, құстар осыны неге істеді?
Аққу-қаз айдыныңнан тарықтың ба?
Күз мәңгілік емес деп қорықтың ба?
Қыс қаһары қатты деп хабар келіп,
Жұмақ іздеп алыстарға жорыттың ба?
Оянайық, ұйқыны қияйықшы,
Жемістерді қамбаға жияйықшы.
Бар адамзат анасы Хауа-ана ғой,
Бәріміз бір қауызға сияйықшы.
Асып-тасып біз бүгін шаттанайық,
Күз жемісін теру үшін аттанайық.
Тәңір Ием жар болып қуат берсе,
Тозақтан адамдарды ап қалайық.
Қуант ұлан еліңді, қуант бүгін,
Жылағанға дем беріп жуат бүгін,
Жүрегіңе түскен жарық сәулесімен,
Әр жүректі нәр беріп суарт бүгін.
Оят бүгін бесіктегі балаңды!
Оят бүгін сусыраған далаңды!
Оят бүгін ата-анаңды қалаңды!
Шайтан бүгін ашулы да алаңды.
Аштық, індет басып жатыр далаңды,
Соғыс, опат басып жатыр қалаңды.
Жаман ниет, жезөкше ойлар қаптаған,
Сейілт бүгін, тазалағын санаңды.
Аттанайық бәріміз бүгін аттанайық,
Қаһарынан шайтанның сақтанайық.
Кеш қалармыз ерінсек, кеңге салсақ,
Адамдарды тозақ оттан ап қалайық.
Аттанайық жақсы ойлармен тасыған,
Жұбатайық көңілдерді езгіленіп жасыған,
Жоғалтқан Адам-ата жұмақ кілтін,
Мәңгі өмірді бастайықшы басынан.
Тұнып тұр бақшамызда жемістерің,
Жайқалады алқаптарда егістерің,
Тәңір берген нәсіпті шашпай-төкпей,
Аттанайық, алуға тегіс теріп.
Қиналдың Иса мен үшін
Арайлап атты таңдарым,
Нұрыңа мені бөледің.
Тәңірім Иса, қаныңмен,
Күнәмнің құнын өтедің.
Қиналдың Иса мен үшін,
Айқышқа беріп тәніңді.
Құтқарып алдың күнәдан,
Әлемді және елімді.
Шыдадың Ием, біз үшін,
Жаныңды салып азапқа.
Адамның әрбір ұрпағы,
Бармайды сенсе тозаққа.
Кеудеңнен қаның төгілді,
Тамшылап жерге тоқталмай.
Күнәсіз Иса керілдің,
Айқыштан бақыт тапқандай.
Күнәні енді жасама,
Киелі Иса қаны үшін.
Тәубеге келгін бауырым,
Өмірдің ұғып мәнін шын.
Науырыз келді
Иса Иемнің шындығы,
Жүрекке нұрын себеді.
Көктем боп гүлін егеді,
Науырыз болып келеді.
Күнәһар менің өмірім,
Жүректе қатқан қыс еді.
Нұрды көріп қашады,
Орын таппай сасады.
Науырыз келіп шуақты,
Қыс патшаны жылатты.
Көзінің жасы көл болып,
Сай-саладан су ақты.
Қыс патшалық құрған еді,
Тіршілікті түгел жоюға.
Бұйрық беріп тұрған еді,
Бас жендеті оның аязға.
Науырыз келді алақай!
Даламызға сән беріп.
Нұрға бөлеп әлемді,
Табиғатқа жан беріп.
Қыс патшамыз сасады,
Тауға қарай қашады.
Науырыз келіп алақай!
Өмір кілтін ашады.
Ал ендіше осы сөзімнің,
Астарына біз қарайық.
Ажал жендеті – шайтанның,
Қысты шайтанға балайық.
Ұғынсақ егер осыны,
Сөзді ұзаққа созбайық.
Құдайға бергін қолыңды,
Арып-ашып тозбайық.
Ажал бізге қақпанын,
Қадам сайын құрып тұр.
Бұл ниетін шайтанның,
Құдай Ием Өзі біліп тұр.
Көктем нұрын себелеп,
Көзімізді ашады.
Санамызды оятып,
Шайтанға қаһар шашады.
Науырыз келіп бойыңа,
Жүрегіңді қағып тұр.
Ашып қой жүрек есігін,
Күнәдан бойды сауықтыр.
Рақымдылығын Құдайдың,
Тегіннен-тегін алғайсың.
Кешірім алсаң Құдайдан,
Пейішке жолды жалғайсың.
Бөлегенова Мәрзия Атырау қаласында дүниеге келді. Өзінің тұрмыс жағдайында көрген көптеген ауыртпалықтар мен адамдардың бір-біріне деген мейірімсіз қарым-қатынасы қайдан туындайды деген шешімі жоқ көптеген сұрақтар жүрегін аямай тілгілейтін. Мәрзия «Ес тоқтатқан адам бәрін өзі түсініп, дұрыс өмір сүру керек» деген қағиданы берік негіз етіпұстады. Бірақ адамдардың бәрінде бірдей бұл қасиеттің кездесе бермейтіні неліктен? Олар ішімдіктің, жеңіл жүрістің жетегінде жүріп, адамдарды алдап-сулап күн көруді, өтірік көлгірсу сияқты жиіркенішті қасиеттерді неге пайдаланды деген ойдан ешуақытта арылмады. Осылайша ізденісте жүрген кезінде көршісі арқылы оның қолына Киелі кітап түседі. Мәрзия оны күн-түні қолынан тастамай оқи отырып, адамдардың осындай аянышты күйі олардың күнәнің құлдығында жүргендігінен туындайтынын және күнәні адам өз күшімен жеңе алмайтынын түсінгендіктен, күнә мен шайтанды жеңген, күнәсіз жалғыз Құтқарушы Иса Мәсіхті өз жүрегіне қабылдап, тәубеге келді.
Мәрзия жүрек жарды жырларын оқырман қауымға ұсына отырып, қазақ даласының төрінде Исаның сүйіспеншілік туы тігіліп, барлық халық құтқарылса екен деп тілейді.
Тағдырым Өзіңнің қолыңда
Шындықты іздеп таппадым,
Гүлдей ем солған бақтағы.
«Жан Ием» мені тірілттің,
Арайлап атты ақ таңым.
Нәр беріп мені жылыттың,
Шырағын жақтың үміттің.
Қуаныш жас боп төгіліп,
Жан Ием, мені шын ұқтың.
Түңлігін ашып жанымның,
Шындық туы боп тағылдың.
Кеудеме нұр болып төгілдің,
Сырыңды ұқтың Тәңірім.
Таба алмай ақиқат жолдарын,
Дүниені түгел шарладым.
Қол создың кенет, жан Ием,
Қол жетпес биік арманым.
Тау-тасты кезсем де таппағам,
Қуаныш нұрыңа шаттанам.
Сыйладың мәңгілік жаңа өмір,
Өзіңдей жоқ ешкім ақтаған.
Мен үшін айқышқа керілдің,
Ып-ыстық қан болып төгілдің.
Күнәмнан тазалап құтқарып,
Сыйладың құдіретін сенімнің.
Арналсын Өзіңе жырларым,
Қабыл ал жан Ием – Қорғаным.
Сүйемін кіршіксіз көңілмен,
Ашайын жүректің «томдарын».
Сүйем деп айта алам жүрекпен,
Құтқардың қараңғы түнектен.
Өмірімнің шырағысың жағулы,
Сенсің Ием, жүрегіме гүл еккен.
Табыт едім, Өз қолыңмен тірілттің,
Құшағында жүргем әлсіз үміттің.
Бет-пердесін ашып мынау дүниенің,
Өмірімде тұңғыш рет тынықтым.
Тағдырым Өзіңнің қолыңда,
Жетеле Өзіңнің жолыңа.
Өзіңмен атады әр таңым,
Жан Ием, құрбанмын жолыңда!
Иса ашты ақиқаттың есігін
Бір қауымның ұлы менен қызымыз,
Әр уақытта жазылмасын жұбымыз.
Иса ашқан Киелі үйдің төріне,
Қуаныштың нұрын шашып кіріңіз!
Ақыл менен даналығын сыйлаған,
Біздер үшінөліп, жанын қинаған.
Ұлы Ұстаздың қасиетті Рухын,
Оған сенген жүрек қана сыйға алар!
Иса – біздің өміріміз, нәріміз,
Ол – мәңгілік жырлайтұғын әніміз.
Иса – жарық ортамызға нұр шашқан,
Жүректі ашып, Оған орын табыңыз!
Иса ашты ақиқаттың есігін,
Жүрегіңде сақта мәңгі есімін.
Иса – ұлы, Иса – шындық, тура жол,
Иса берер күнәң үшін кешірім.
Иса – мәңгі рухани азығың,
Киелі Рух қасиетті нәзік үн.
Жүрегіңде сүйіп, есте сақтай біл,
Иса – мәңгі таусылмайтын тағлым.
Жетісай мен Кеңсайымның төрінен,
Иса бізге Жарық, Нұр боп көрінген.
Бауырларым тура жолда тартынбай,
Құшағына ұлы Исаның еніңдер!
Ақ батамен жарылқасын Иеміз,
Қорғап мәңгі Рухымен Киелі.
Иса – жеңіс, жемісіміз біз Оның,
Құтқарушы – қамқорымыз сүйеніш.
Достарыңызбен бөлісу: |