Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік
жоспарлау басқармасы басшысының
2017 жылдың 27 қаңтарда
облыс әкімдігінің мәжілісіндегі баяндамасы
Жамбыл облысының 2016 жылдың қаңтар-желтоқсандағы
әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы
Құрметті Кәрім Насбекұлы!
Құрметті мәжіліске қатысушылар!
2016 жылы қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, іске асырығанның нәтижесінде экономиканың негізгі салаларында өсімге қол жеткізілді.
Слайд 1. Атап айтқанда, есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 339,1 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 2,4 пайызды құрады.
Өнеркәсіп саласындағы өсім кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өндіріс көлемін 8,0 пайызға (38,1 млрд. теңге), өңдеу өнеркәсібінде – 2,5 пайызға (237,1 млрд. теңге) ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.
Слайд 2. Өңдеу өнеркәсібінде өткен жылмен салыстырғанда оң қарқын тамақ өнімдерін өндіруде (НКИ – 140,5%), жеңіл өнеркәсіпте (168,7%), мұнай өнімдерін өндіруде (115,8%), өзге металл емес минералдық өнімдер өндірісінде (103,0%), металлургия өнеркәсібінде (151,3%) байқалады.
Слайд 3. Сонымен қатар, өңірлер аралығында өнеркәсіп өндірісінің төмендеуіне Байзақ (12,3%-ға), Қордай (11,2%-ға), аудандарында жол берілген.
Анықтама: Байзақ ауданында «ROLA-7» ЖШС-де, шағын және қосалқы кәсіпорындарда тапсырыстардың төмендеуіне, Қордай ауданында өнімге сұраныстың жоқтығынан «Ақтас» ЖШС-гі және «Үміт-Қордай» ЖШС-гі кәсіпорындарының тоқтап тұруына, «Первомайские деликатесы» ЖШС-де тапсырыстың қысқаруына байланысты төмендеген.
Слайд 4. Кәсіпкерлікті қолдау картасының шеңберінде 2016 жылы жалпы құны 20,5 млрд. теңгеге 446 жаңа жұмыс орны құрылған 10 инвестициялық жоба іске асырылды.
Анықтама:
«ОАҚК» ЖШС Меркі филиалы – шырын тазалайтын цехты қайта жаңғырту; «Луговой жылқы зауыты» ЖШС – мал шаруашылықтырына қоспажем шығаратын зауыттың құрылысы; «ОңтүстікХалалТағамдары» ЖШС – Халал стандартына сай жоғары технологиялы ет өнімдері өндірісін салу; «KazMiya» ЖШС - мия тамырын қайта өндеу зауыты; «Жамбылгипс» АҚ - өндірісті кеңейту және жаңа цехтардың құрылыстары; «Багул» ЖШС - дәнекерлеу электродын шығару бойынша өндіріс қуаттылығын кеңейту; «Казфосфат» «Минералды тыңайтқыштар» ЖШС ТФ - ЭФК-1 технологиялық жүйесін қайта құру, экстрациондық фосфор қышқылын өндіру 1-ші кезең; «КазУпакТрейд» ЖШС – гипс және гипсокартон өндірісі; «Казфосфат» ЖЖФЗ ЖШС - коттрельді сүттің қатты қалдығынан (ҚР) түйіршіктелген фосфорлы-калий тыңайтқышының өндірісі; «Казфосфат» ЖЖФЗ ЖШС - зауыттың пайдалану сенімділігін арттыру, №3 А-8-1 ауа-тарату жабдығын қайта жаңарту.
Слайд 5. Өңір экономикасының басым салаларының бірі болып табылатын ауыл шаруашылығында тұрақты өсу қарқыны сақталуда.
Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 8,1 пайызға (226,7 млрд. тенге), оның ішінде мал шаруашылығының өнімі 3,6 пайызға (105,4 млрд. тенге), өсімдік шаруашылығының өнімі 12,1 пайызға (120,5 млрд. тенге) ұлғайды.
Мал шаруашылығы саласында 2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда ет өндіру 5,3 пайызға (113,5 мың тонна), сүт – 1,0 пайызға (295,1 мың тонна), жүн қырқу - 1,3 пайызға (5,3 мың тонна) ұлғайып, жұмыртқа – 7,6 пайызға (107,4 млн. дана) төмендеді.
Мүйізді ірі қара мал саны 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға (320,6 мың бас), қой саны 2,8 пайызға (2212,6 мың бас), жылқы – 1,6 пайызға (105,0 мың бас), түйе – 2,4 пайызға (5,8 мың бас), шошқа – 1,5 пайызға (31,5 мың бас) өскен, құс саны 0,5 пайызға (943,4 мың бас) төмендеген.
Сонымен бірге өңірлер аралығында жұмыртқа өндірісінің төмендеуі Байзақ (12,7%-ға), Қордай (8,0%-ға) аудандарында, жылқы басының қысқаруы Жуалы ауданында (1,7%-ға), құс санының қысқаруы Талас ауданында (64,2%-ға) байқалады.
Облыста «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары тиімді жүзеге асырылуда. Осы бағдарламалар шеңберінде 5527 бас ірі қара мал, 46296 бас қой, 2165 бас жылқы сатып алынып, жоспар тиісінше 118,9%, 136,7%-ға , 124,9%-ға орындалды.
Нәтижесінде асыл тұқымды мүйізді ірі қараның үлес салмағы облыс бойынша 21,6%-ды, қой – 28,4%-ды, жылқы – 24,2%-ды құрады. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен тиісінше 10,6; 13,3 және 16,3 пайыздық тармаққа жоғары.
Өсімдік шаруашылығында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының жедел мәліметері бойынша масақты дәнді дақылдардың жалпы түсімі 2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда 53,4 пайызға (592 мың тонна), майлы дақылдар – 6,9 пайызға (52,4 мың тонна), бақша дақылдарының түсімі – 3,1 пайызға (276,3 мың тонна), ашық жердегі көкөністер – 9,3 пайызға (711,9 мың тонна), картоп – 4,0 пайызға (194,1 мың тонна) артқан.
Бұл оң нәтижелерге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау ықпалын тигізді. Жалпы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 2016 жылы 13,6 млрд. теңге субсидия бөлініп, игерілді, оның ішінде республикалық бюджеттен – 9,6 млрд. теңге, облыстық бюджеттен – 4,0 млрд. теңге.
Слайд 6. Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша 2017 жылдың 1 қаңтарына мемлекеттік бюджетке шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 24,9 млрд. теңге түсімдер түсті, бұл бюджетке түскен барлық түсімдердің 35 пайызын құрайды.
2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыруға 2,8 млрд. теңге бюджет қаражаты бөлініп игерілді, оның ішінде республикалық бюджеттен – 2,6 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 0,2 млрд. теңге.
Анықтама: Оның ішінде пайыздық ставканы субсидиялау – 1982,2 млн.теңге, банк кредиттері бойынша кепілдік беру – 156,6 млн.теңге, индустриялық инфрақұрылымды дамыту – 636,8 млн.теңге, мемлекеттік гранттар – 34,0 млн.теңге.
Жалпы Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері жалпы сомасы 79,8 млрд. теңгені құрайтын кәсіпкерлердің 766 жобасына қаржылық қолдау көрсетілді, оның ішінде 2016 жылы - 27,6 млрд. теңгенің 219 жобасына. Сонымен бірге, шаруа қожалықтарының ірілендірілуіне және жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлердің таратылуына байланысты шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер саны 10,5 пайызға қысқарды.
Слайд 7. Есепті мерзімде көлік саласында көліктің барлық түрлерімен жолаушылар тасымалдау 3,0 пайызға артып, жүк тасымалдау 2015 жылдың деңгейінде қалыптасты.
2016 жылдың қаңтар-желтоқсанында бөлшек сауда айналымының көлемі 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға ұлғайған.
Слайд 8. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 215,4 миллиард теңгені құрап, 2015 жылдың тиісті деңгейіне 6,2 пайызға артты. Өсім негізінен Қаратау қаласында «Еурохим Каратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің минералды тыңайтқыштарды өндіретін химия зауытының және Т.Рысқұлов ауданында газ компрессор станциясының құрылыстарына инвестиция тарту есебінен қамтамасыз етілді.
Өңірлер аралығында 2015 жылмен салыстырғанда инвестициялық қызмет көлемі Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласынан басқа барлық аудандарда төмендеген.
Байзақ (9,8%-ға) және Жамбыл (17,5%-ға) аудандарында инвестиция көлемдері «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбырына және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны, Т.Рысқұлов ауданында (9,2%-ға) - «Golden Compass Capital» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамында алтын бар кенді қайта өндейтін фабрика, Жуалы (76,6%-ға) - «Burnoe solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күн электрстансасы, Қордай (33,8%-ға) «Greenwill» жылыжайлары құрылыстарының аяқталуына байланысты төмендеген
Слайд 9. Шу ауданындағы темір жол құрылысы мен Жамбыл және Т.Рысқұлов аудандарындағы газкомпрессорлық стансалардағы құрылыс-монтаждық жұмыстары көлемінің ұлғаюына байланысты құрылыс жұмыстарының көлемі 4,2 пайызға өскен (103,3 млрд. теңге).
Өңірлер бөлінісінде құрылыс жұмыстарының көлемі Шу ауданында 3,3 есеге (темір жол құрылысын салу есебінен), Сарысу ауданында 31,6 пайызға («ЕуроХимТыңайтқыштар» және «ЕуроХим Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің минералды тыңайтқыштар өндіретін зауытының құрылысы есебінен), Жуалы ауданында 20,8 пайызға (әскери қызметкерлерге арналған көппәтерлі тұрғын үй құрылысын салу есебінен), Қордай ауданында 17,1 пайызға (әскери қалашық пен жолдар құрылысын салу есебінен) және Т.Рысқұлов ауданында 8,8 пайызға (газкомпрессорлық стансасындағы құрылыс жұмыстары есебінен) өскен.
Слайд 10. 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы облыста 8,8 пайызға артық немесе 318,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде ипотекалық тұрғын үй – 7,9 мың шаршы метр, жеке секторда – 259,4 мың шаршы метр, жалға берілетін - 28,7 мың шаршы метр және басқа мемлекеттік емес ұйымдармен – 22,2 мың шаршы метр тұрғын үйлер тұрғызылды. Өңірлер аралығында Талас ауданында (61,7%) пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі төмендеген (жеке секторда).
Слайд 11. 2016 жылдың желтоқсан айында 2015 жылдың желтоқсанына инфляция деңгейі 108,4 пайызды құрады. Азық-түлік тауарлары бойынша тұтыну бағалары – 9,1 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 8,5 пайызға, ақылы қызметтер – 7,6 пайызға қымбаттады.
Облыста инфляция деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 0,1 пайыздық тармаққа төмен (ҚР-108,5%).
Облыста тауарларға және қызметтерге бағаны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде 2016 жылдың басынан 327 жәрмеңке өткізіліп, 1,8 млрд. теңгенің өнімдері нарық бағасынан төмен бағалармен өткерілді.
Слайд 12. Облыста халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету жалғасуда. 2017 жылдың 1 қаңтарына 155,3 мың тұрғынға 1781,3 млн. теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Анықтама: оның ішінде 52,6 млн. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек, 282,9 млн. теңгеге тұрғын үй жәрдемақысы, 1391,0 млн. теңгеге 18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы, 54,8 млн. теңгеге үйде оқытылып жатқан мүгедек-балаларға жәрдемақы төленді.
Одан басқа 2016 жылы 36865 адамға 625,4 млн. теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді.
«Өрлеу» жобасы шеңберінде 8129 азаматқа (1463 отбасы) бюджеттік қаражаттан 222,8 млн.теңге төленді. Нәтижесінде, кедейшілік шегінен төмен тұрып жатқан халық саны 2017 жылдың 1 қаңтарына 1808 адамды құрап, 2016 жылдың басымен салыстырғанда 54,6 пайызға қысқарды.
Сонымен қатар, есепті кезеңде кедейшілік шегінен төмен тұратын халық үлесі 2015 жылғы 0,4 пайызға қарсы 0,2 пайызды құрады.
Слайд 13. Халықты жұмыспен қамту бойынша жұмыс жалғасуда. Есепті кезең ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен барлығы 30330 адам, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен - 1285 адам, жастар практикасымен - 2153 адам қамтылып, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына - 4784 адам, кәсіби оқытуға 697 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 372 адам бағытталды. Жаңадан 19373 жұмыс орындары құрылды.
Нәтижесінде ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі 2017 жылдың 1 қаңтарына 0,5 пайызды, жалпы жұмыссыздық деңгейі 2016 жылдың 3 тоқсанында 4,9% құрады.
Слайд 14. 2016 жылы мемлекеттік бюджетке 71,2 млрд. теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналды, бұл болжамға 107,1 пайызды құрады. Республикалық бюджетке түсімдер бойынша болжам 105,0 пайызға, жергілікті бюджетке – 108,7 пайызға орындалды.
Слайд 15. 2016 жылғы қантар-желтоқсанына облыс бюджеті кірістер бойынша 220,5 млрд.теңгеге немесе жоспарға 101,5 пайызға орындалды (2015 жылға 109,0%).
Бюджет шығыстары 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,1%-ға, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына шығындар 26,7 пайызға, білім – 22,0 пайызға, әлеуметтік көмек пен қолдау – 11,6 пайызға өсті.
Слайд 16. Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 2016 жылы 39,5 млрд. теңге бөлініп, игерілді (бұл 2015 жылмен салыстырғанда 3,1%-ға төмен), оның ішінде тегін көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге – 34,6 млрд. теңге, денсаулық сақтау жүйесіндегі нысандарды дамытуға - 1,8 млрд. теңге (оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,2 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 0,6 млрд. теңге).
2016 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 2 емхана, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 медициналық пункт пайдалануға беріліп, Шу ауданы Шу қалалық аурухананың қазандығы мен ас даярлайтын блогы және 2 дәрігерлік амбулатория газ отынмен қамтамасыз етілді.
Анықтама:
Республикалық бюджет қаражаты есебінен - әр қайсысы ауысымына 250 келушіге арналған Меркі ауданы Меркі а. және Талас ауданы Қаратау қ. 2 емхана пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен - Байзақ ауданы Бұрыл ауылында ауысымына 40 келушіге және Сарысу ауданы Жайылма ауылында 20 келушіге арналған 2 дәрігерлік амбулатория, Талас ауданы С. Шәкіров ауылында 10 келушіге арналған 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, Мойынқұм ауданы Қияхты стансасында 5 келушіге арналған медициналық пункт пайдалануға беріліп, Шу ауданы Шу қалалық ауруханасының қазандығы мен ас даярлайтын блогын және Т. Рысқұлов ауданы Луговой стансасында және Құмарық ауылында 2 дәрігерлік амбулаториялар газбен қамтамасыз етілді.
2016 жылдың қаңтар-желтоқсанында жаңадан пайда болған қатерлі ісік аурулары, психикалық бұзылу және қант диабеті ауруларының деңгейі өскен, туберкулезбен ауру, нашақорлық және қан айналымы жүйесі ауруларына шалдығу деңгейі төмендеген. Ана өлімінің 3 жағдайы тіркелген.
Слайд 17. Білім беру жүйесін қаржыландыруға 2016 жылы 92,1 млрд. теңге бөлініп, 2017 жылдың 1 қаңтарына 92,0 млрд.теңге игерілді.
Білім беру жүйесіндегі нысандарды дамытуға 6,3 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 3,9 млрд. теңге (3,3 млрд. теңге – Ұлттық қор қаражаты), жергілікті бюджеттен – 2,4 млрд. теңге бөлініп, толық игерілді.
Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4,7 млрд. теңге бөлініп, 4,6 млрд. теңгесі немесе 99,9% игерілді.
Облыста 2016 жылы 19 білім нысандарының құрылысы жүргізілді. Есепті кезеңде 6 мектеп пен 4 бала бақша, 2 қазандық пайдалануға берілді.
Компьютерлік техникамен қамтамасыз ету деңгейі бір компьютерге орташа есеппен 10 оқушыны құрайды.
Жалпы облыстың барлық мектептері Интернет желісіне қосылған, 139 мектепте 696 интерактивті тақталар орнатылған, кең ауқымды Интернет желісіне 437 мектеп немесе 97%-ы қосылған, 73 білім нысанында (оның ішінде 51 ауылдық мектепте) электронды оқыту жүйесі енгізілді.
2016 жылы облыстағы 448 мектепке дейінгі ұйымдарда (294 балабақша, 154 шағын орталықтар) 47,4 мың бала немесе 56,9% (1-6 жас) тәрбиеленуде, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 3,6 пайыздық тармаққа артық.
Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Т. Рысқұлов және Шу аудандарында балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту орташа облыстық көрсеткіштен төмен.
Слайд 18. Мәдениет саласын қаржыландыруға 2016 жылы 5,2 млрд. теңге бөлініп, толық игерілді.
Жыл басынан бері мәдениет және өнер мекемелерінде 8 мыңнан аса іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 1,5 млн. жуық адамдар қатысты.
Спорт саласына 2016 жылы 6,9 млрд. теңге бөлініп, игерілді. Облыс тұрғындарының 297,7 мыңнан астамы немесе 26,7% дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданады.
Слайд 19. 2016 жылдың қаңтар-желтоқсанында жалпы тіркелген қылмыстар саны (16031) 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,9%-ға төмендеген. Сонымен қатар ауыр қылмыстар (1299) 4,9%-ға артты.
2016 жылдың қаңтар-желтоқсанында облыста 1387 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 210 адам қаза болған, 2243 адам әр түрлі деңгейдегі жарақат алған. Тіркелген жол-көлік оқиғалар саны 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,9%-ға (2015 ж - 1298), жарақат алғандар – 12%-ға (2015 ж. - 2002) артып, қаза болғандар -13,6%-ға (2015 ж. - 243) төмендеген.
Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |