Сағат саны: 1
Мақсаты: Математикалық білім берудегі дамытудың негізгі бағыттарын талдау
Жоспары:
Математикалық білім берудегі дамытудың негізгі бағыттарын талдау
Математиканы тереңдетіп оқыту сыныптары мен мектептері.
Математиканы тереңдетіп оқытатын сыныптар мен мектептердегі математиканы оқытудың ерекшеліктері.
Ғылым мен техниканың жедел қарқын мен дамуы, мектеп математика курсын оқытуға көптеген жаңа сауалдар қойды. Оқушылардың математикаға қызығушылығын арттыруға айына бір немесе екі рет жүргізілетін үйірме жұмысын жүргізу жеткіліксіз болды.
Ғылым мен техниканы математикаландыру кезеңінде, халық шаруашылығына математикадан жан- жақты дайындалңған, қабілетті жастар қажет болды. Осыц себепті, математикадан сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың түрлі формалары ұйымдастырыла бастады; оқушыларға жалпылама дәріс, жасөспірімдердің математикалық мектептері, программист-есептеуші дайындайтын мектептер, жалпы математикалық мектептер мен сыныптар, кешкі және сырттай оқытылатын математикалық мектептер,мектеп-интернаттар, «Дарын», «Болашақ» математикалық мектептері. Жасөспірімдердің математикалық мектебі 1959-1960 оқу жылында алғаш рет Ивановск және Кишинев пединституттарының жанында ашылды. Ал 1960-1961 оқу жылында осындай мектептер Тамбов және Н.К.Крупская атындағы Мәскеу облыстық пединституттарында ашылды.
1963жылы Мәскеу университетінің жанынан алғашқы сырттай оқытатын математикалық мектеп жұмыс істей бастады. 1964жылы осы университет жанынан ауыл мектептері оқушылары үшін сырттай оқытылатын математикалық мектеп ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта мұндай мектептер республикамыздың көптеген қалаларындағы жоғары оқу орындарында жұмыс істейді.
1974жылдан бастап Республика Оқу минстірлігінің нұсқауымен еліміздің көптеген жерлерінде аудандық(қалалық) оқу бөлімдерінің шешімдері бойынша математикалық мектептер, гимназия, лицейлер, сыныптар т.б ұйымдастырыла бастады.
Математикалық мектептер мен сыныптарда математиканы оқып үйреуді ұйымдастырудың жалпы мәселелеріне және оның кейбір ерекшеліктеріне тоқталайық.
Математикалық сыныптарға, әдетте, математикалық үйірмелер мен математикаға қабілетті немесе математикаға қызығушылығы жоғары деп танылған оқушылар пән мұғалімдерінің ұсынысы бойынша қабылданады. Қабылдау әңгіме немесе тест түрінде өткізіледі. Математикалық сыныпта оқығысы келетін оқушылар саны мөлшерден артық болса, онда оқушыларға әр түрлі қиындықтағы (оқушылардың білімі мен дайындығына байланысты) есептер ұсынылады. Оқушылар саны 8-9 сыныптарда 30 адамнан, 10-11 сыныптарда 25 адамнан аспауы керек. Оқу кезеңінде бағдарламаны меңгере алмаған оқушылар, әдеттегі сыныптарына ауысуына болады және олардың орнын оқу жылының кез-келген уақытында басқа оқушылармен толықтыруға болады.
Математикалық мектептер (сыныптар) Білім минстрлігі бекіткен оқу жоспарымен жұмыс істейді. Тереңдетіліп оқытылатын математика бағдарламаларын да Білім минстрлігі бекітеді. Ал басқа пәндер жалпы білім беретін мектеп бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі. Математикалық сыныптар негізінен екі сатыға бөлінеді;
І саты -VIII-IХ сыныптар
II саты -Х-ХІ сыныптар
І сатының мақсаты математиканың негізгі курсын тереңдетіп және оның қолданбалы бағытын күшейту болып табылады. Бұл сатыда математиканы оқыту кейбір қосымша әдебиеттерді пайдалана отырып жалпы білім беретін мектептер оқулығын пайдалану арқылы жүргізіледі. ІІ сатыда оқу материалдары тереңдетіледі және кейбірі кеңейтіледі, оқытылған теориялардың практикалық қосымшалары мен таныстыру өрісі ұлғаяды. Қиындығы жоғарғы мазмұндағы есептер көптеп шығарылады. Оқыту міндетті түрде, арнайы оқулық бойынша жүргізіледі, сонымен қоса қосымша әдебиеттер кеңінен қоданылады.
Математиканы тереңдетіп оқытатын мектептердегі сыныптарды оқушыларға жан-жақты білім беру мақсатында, университеттер мен педагогикалық институттардың мұғалімдері аталысуы қажет, ал мұндай сыныптарда сабақ беретін мектеп оқушылары мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында белгіленген ретке сәйкес өз шеберліктерін арттырып отырады.
Қарапайым сыныптармен салыстырғанда математикалық сыныптарда жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар:
математиканы оқыту үшін әртүрлі әдебиеттер пайдалану керек. Көптеген тиімді, пайдалы материалдарды «Математика в школе», «Квант», «Қазақстан мектебі», «ИФМ» журналдарынан, «Популярные лекции по математике» «Библиотечка кванта» т.б серияларынан табуға болады.
Көп жағдайда әр сабаққа мұғалім «Тапсырмалары бар парақтар» дайындайды. Мұндай парақтар бір тақырып бойынша бірнеше есептер жүйесінен тұрады, ол әр бір оқушыда болуы керек.
Оқыту әдістері мен бақылау әр түрлі тәсілдермен жүргізіледі. Оқытудың дәріс, семинар, өз бетімен жұмыс, жекелеген оқушылармен жүргізілетін жұмыстар т.б түрлері кеңінен қолданылады. Оқушылардың білімі мен дағдыларын бақылау кәдімгі сыныптардағыдай әдістермен жүргізіледі. Онымен қоса, оқушылардан сынақтар қабылдау формасы да жиі қолданылады. Сынақ кезінде теориялық мәселелер сұранылып, негізгі курс бойынша және қосымша есептер шығарулары тексеріледі.
Оқу жылының соңында оқушылар келесі сыныпқа өту үшін жазбаша жұмыс жазады. Математикалық сыныптардағы жазбаша жұмыстар мазмұны, әдеттегі сыныптарға қарағанда әлдеқайда күрделі болады.
Математикалық сыныптардың басым көпшілігінде информатика оқытылады да, мамандыққа бағдарлау талабы кеңірек қойылып, оқыту нәтижесінде оқушыларға программист-есептегіш мамандығы куәлігі беріледі. Математикалық сыныптарда оқушыларға мамандық бағдар беруде математикалық модель, алгоритм ұғымдарының рөлі өте зор. Ол ұғымдар арқылы математиканың танымдағы орны және оның практикада қолданылуын терең жеткізеді.
Математикалық сыныптарда математиканың даму тарихына және методологиясына байланысты сұрақтар төңірегінде арнайы сабақтар жүргізіледі. Мысалы, «Аксиоматематикалық әдістің пайда болуы және оның математикадағы рөлі», «Табиғаттану ғылымдары мен математика арасындағы байланыс», т.б тақырыптарда дәріс, семинар сабақтарын өткізу оқыту бағдарламасында қамтылған.
Математикадан факультативтік сабақтар. Математикадан факультативтік сабақтар 8- сыныптан бастап жүргізіледі;8- сыныпта аптасына бір сабақ, ал 9-11 сыныптарда аптасына екі сағаттан жүргізіледі.Факультативтік сабақтардың мақсаты (математикалық сыныптардағы сияқты) оқушылардың жалпы білім деңгейін кеңейту, математикалық ойлау қабілеттерін дамыту, математикаға қызығушылығын арттыру, көзқарасын және жеке бастарының ерекшеліктерін тәрбиелеу болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |