30-билет 1. Ислам дінінің Қазақстан аумағына таралуы.
Ислам діні пайда болып, араб-мұсылман мәдениеті қарқынды даму дәуірінде түріктер бастапқыда Батыс Түрік қағандығы, Түргеш, Қарлұқ қағандықтары, ал кейіннен Қарахан мемлекетіне біріккен болатын. Түргештер заманында арабтар мен түріктер арасында байланыстар болғанымен, араб-түрік мәдени байланыстары қарлұқтар дәуірінде гүлденді деуге болады.
Бір орталықтандырылған мемлекет құрылып, ислам діні қалыптасқаннан кейін арабтар ислам дінін тарату мақсатында аз уақытта Иран, Сирия, Палестина, Египет, Ирак жерлеріне басып кірді. Орта Азияның оңтүстік аумағына енді.
Араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслим 709 жылы Бұхараны соғыссыз алды, 714 жылы Шашты алды. Бұхара мен Самарқанд, Отырар мен Хорезм өлкесі де исламды қабылдады.
751 жылы Атлах қаласы түбінде болған ұрыста қарлұқтар арабтар мен бірлесіп, қытай әскерлерін жеңіп шығады. Арабтардың келуімен бірге Орта Азия мен Қазақстан аумағында ислам діні кеңінен тарай бастады.
Х-ХІ ғасырларда қала мәдениетінің дамуында ислам маңызды роль атқарды. Х ғасырдың басында Қарахандар әулетінің негізін қалаушы Сатұқ Бограхан ислам дінін қабылдады. Ал, оның баласы Мұса хан 960 жылы исламды Қарахан мемлекетінің мемлекеттік діні деп жариялады.
Ибн Хаукальдың келтірген дерегіне сүйенсек мұсылман дінін қабылдаған түріктер Шаш пен Фарабтың арасында көшіп жүрген. Археологиялық зерттеу жұмыстары ІХ-ХІІ ғасырлардағы қалаларда ислам дінін кең тарағанын дәлелдей түседі. Сонымен қатар ислам діні біртіндеп көшпелілер арасына ықпалын жая бастады.
Осы жерде тағы да бір ескеретін жайт, исламның қандай жолмен осы аймақта таралуы туралы мәселе.
Исламтанушы Н.Нұртазина: «Қазіргі Қазақстан жерін мекендеген, кейіннен қазақ халқын құраған тайпаларды арабтар жаулап алды ма? Біздіңше, жаулаған жоқ», - дейді. Қазақстанның басқа аймағын айтпағанда, тіпті Оңтүстік облыстары мен Жетісу жері ешқашанда халифаттың құрамына енбеген. Бірақ та, арабтар жоқ кезде, Орта Азияны мұсылман ирандықтардың саманид әулеті билеп тұрған ІХ ғасырда қазіргі Қазақтанның Оңтүстік облыстары мұсылман әлемі мен ислам дінінің ықпалына ұшырағанын көрсетеді. Парсылар мен соғдылардан айырмашылығы кейіннен қазақ халқын құраған түркі тайпалары исламды мүлдем бейбіт жолмен қабылдаған.
Тарихшы В.Бартольдтың айтуы бойынша «Бұл жерде мұсылмандар исламды қарумен таратудан бас тарта отырып, үгіт-насихаттар арқылы үлкен табыстарға қол жеткізді» .
Дін қазақ арасына сопылар, дәруіштер, қожалар арқылы, яғни миссионерлік жолмен тараған. Кейіннен медреселер, мектептер, мешіттер салу арқылы беки түскен.
Әл-Макдиси Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың Х ғасырдағы қалаларында мешіттердің көптеп салына бастағандығы туралы жазады. Бұл деректерді археологиялық қазба жұмыстары толығымен дәлелдеді. Оған мысал, Тараз, Отырар, Баласағұн, Құйрықтөбе қалаларындағы мешіт орындарының аршылуы. Сонымен қатар, мешіттер тек қалаларда ғана емес, қыстақ-кенттерде де салынған.
Ислам дінінің енуі Қазақстан халықтарының арасында адамды жерлеу дәстүріне үлкен өзгеріс әкелді. Археологиялық қазба жұмыстары адамдардың мұсылманша жерленгенін анықтаған. Адамның басын солтүстік-батысқа, яғни құбылаға қаратып жерлеген. Сонымен қатар жерленген адамның қасына ешқандай зат қойылмаған. Қазақстан жерінде зират басына мұсылманша кесене салу үрдісі де осы кезде қалыптасты.
Ислам дінінің Қазақстанда кеңінен таралуына Ташкент, Түркістан, Бұхара, Хиуа сияқты мұсылмандық орталықтардың жақындығы да үлкен әсер етті. Осы қалалардағы қожа-молдалар сауда-саттық керуендерімен еріп жүріп дінін уағыздаумен болды.
Ислам діні Қазақстан жерінен христиан, будда, зороастризм сияқты діндер мен жергілікті пұтқа табынушылық сияқты түрлі наным-сенімдерді біртіндеп ығыстырып шығара бастады. Сонымен қатар ислам діні Қазақстан жерінде ғылым мен білімнің дамуына да үлкен әсер етті. Араб жазуы қолданысқа еніп, орхон мен соғды жазуын ығыстырып шығарды.
Ислам қазақ тарихында маңызы мол атқарады және оның қазақ мәдениетіндегі орны ерекше. Әлемде әрбір ұлттық ғасырлар бойы жинаған рухани байлығы діни құндылықтармен астасып жатады. Бұл ислам құндылықтарына да байланысты. Ислам дінінің басты ерекшелігі – ол қоғамның барлық саласын, жеке адамның өмірінің көп сәттерін қамти алатындығында. Адам дүниеге келген күннен бастап мұсылмандық елдерде шарттың, рәміздің, дәстүрдің, салттар мен тәртіптің ықпалында болады. Сондықтан ислам дінінің ішкі тұтастығының мықтылығы адам мен қоғамның игілігін мақсат етуімен түсіндіріледі.
2.Патшалық Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алу жолындағы әскери қимылдары және оның аяқталуы.
1861- 1863 жылдары Ресей үкіметінде Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия хандықтарын мақсатты түрде және тез арада иелену жөнінде пікір-таластар жүрді. Одан кейін Сырдария мен Сібір шебінің аралығына 4 экспедиция жіберілді. Олар бұл аудандарда қоқандықтардың күшті қарсылығын кездестірмеді. Жұмғол мен Құртқа бекіністері шайқассыз берілді, Созақ пен Шолаққорғанда қоқан билігіне қарсы көтерілістер бұрқ ете қалды. 1863 жылы Ресейдің Соғыс министрі Д.А.Милютин ерекше комитетке Орта Азия хандықтарына қатысты белгіленген іс-әрекеттері туралы баяндама жасап, оны мақұлдатып алды. 1864 жылдың басында бір-біріне қарсы тұрған екі жақта әскери қимылдарға дайындала бастады. 1864 жылдың мамыр айында Оңтүстік Қазақстандағы орыс әскерлерінің дайындығы негізінен аяқталды да полковник Н.А.Веревкин бастаған отряд Түркістанға қарай қозғалды. Веревкиннің отрядында 1593 солдат, 44 офицер, 18 зеңбірек және 150 ерікті қазақ болды. Верныйдан бір мезгілде құрамында 2571 солдат, 68 офицер, 22 зеңбірек, және құрамында сұлтан поручик Ш.Уәлиханов басқарған 1400 ерікті қазақтар бар полковник М.Г.Черняевтың отряды да қозғалды. 4 шілдеде Черняевтың отряды Меркі, 6 шілдеде Әулиеата бекінісін шайқассыз алды. Полковник Веревкиннің отряды Түркістан қаласына барар жолда қоқан әскерлерінің шабуылына ұшырады да бекіністі қоршауға мәжбүр болды. 9 маусымда Түркістан орыстардың қолына өтті. Әулиеата мен Түркістанды тез арада алуда әскери операцияларға басшылық жасағандары үшін Черняев пен Веревкиннің әскери шендері жоғарылатылып, генерал-майор атақтарын алды. Жорықтарға қатысқан солдаттар “жоғары құрмет” және түрлі ордендермен марапатталды. Жетістіктеріне көңілдері көтерілген орыс армиясы алдын-ала дайындықсыз 1864 жылдың 22-23 шілдесінде Шымкентті алуға тырысты. Бірақ бұл уақытта қоқандықтар Шымкентке едәуір әскери күштерін тартып үлгеріп, орыс әскеріне қарсы соққы береді. Бекініс-қалаларға жақын орналасқан қазақ ауылдары екіге бөлініп, бірі орыстарға, екіншілері қоқандықтарға қолдау көрсетті.
Қоқан хандығында саяси күштердің қарсылығы күшейіп, хан мен оның төңірегіндегілердің озбырлығына наразылықтар көбейе түсті. Қоқан мен Бұхара арсындағы қайшылықтар шиеленісті. Мұндай қолайлы жағдайды орыс әскерлері де өз мүдделеріне пайдалана білді. Черняевтің алты жарым рота жаяу әскермен бір жарым жүздік казактардан тұратын отряды және Лерхенің төрт рота жаяу әскер, бір казак жүздігі мен мың жарым қазақтан тұратын отряды Шымкент түбінде бірігіп қалаға шабуыл жасап, 1864 жылдың күзінде оны басып алды. Түркістан мен Шымкентті жаулап алғаннан кейін Орынбор мен Сібір шептері жалғастырылды.
1865 жылы маусымда бір апта қарсылықтан кейін орыс әскерлері Ташкентті басып алды. 1866 жылдың жазында патша ІІ Александр Ташкентті Ресейдің құрамына қосу туралы жарлық шығарды. Бір жылдан кейін 1867 жылы құрамына қайта құрылған Жетісу және Сырдария облыстары кіретін, орталығы Ташкент қаласы болған Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғандығы туралы заң жарияланды.
Ресейдің жалпы Оңтүстік Қазақстанды әскери жаулауы Ақмешіт, Түркістан, Әулиеата, Шымкент, Ташкент т.б. бекіністердің қорғаушыларына деген ерекше қатыгездікпен жүзеге асырылды. Орыс әскерлері мұсылмандардың қасиетті жерлерін (Қожа Ахмет Яссауи, т.б.) қорлап, оларды қиратты. Ақмешітті 25 күн қатарынан атқылап талқандады, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зеңбіректің 12 снаряды атылып, оның 11-і кесененің қабырғаларын ойып кетті. Шымкент қаласын қорғап, қаза тапқандардың саны 3170-ке дейін жетті, Сайрам қаласы жермен-жексен етіліп талқандалды. Шоқан Уәлиханов өзінің діндестері мен руластарына орыс әскерлерінің көрсеткен тағылық әрекеттеріне байланысты одан әрі жорыққа қатысудан бас тартуға мәжбүр болды. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия тұрғындары қарсылық көрсеткендері үшін қатыгездікпен, аяусыз басып-жанышталды. Ресей болса, бұл әрекеттерін үкіметтің, “өзіне бағынышты территориядағы елдерді көшпенділер шапқыншылығынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған үкіметтің Орталық Азиядағы саясатының қорғаныстық сипаты” деп мәлімдеді.
Осылайша, ХІХ ғасырдың 60 жылдары Оңтүстік Қазақстанды жаулап алғаннан кейін Қазақстанның бүкіл территориясы ұзақ уақытқа Ресейдің отарына айналды. 1867-68 жылдары Түркістан және Далалық өлкені басқару туралы “Уақытша Ереженің” қабылдануымен Орта Азия және Қазақстан Ресей империясының отары ретінде заңдастырылды.
3.Қазақстандағы Ақпан революциясының нәтижесін кесте бойынша толтырыңыз. Қазақстандағы Ақпан революциясы Қандай мәселені шешті Қандай мәселелерді шеше алмады
Қазақстандағы Ақпан революциясы
|
Қазақстандағы Ақпан революциясы
|
Қандай мәселені шешті
|
Қандай мәселені шеше алмады
|
1917 жылы 27 ақпанда Ресейде Ақпан революциясы жеңіске жетті. Монархия құлатылып, патша тақтан тайдырылды. Соғыс жөніндегі мәселенің шешілуі үшін мүмкіндіктер жасалды. Самодержавие жойылды. 1917 жылы 7 наурызда көтерліске қатысушыларға кешірім жасау жөнінде Жарлық жарияланды. 1917 жылы 24 сәуірде үкіметтің шешімімен тыл жұмысына шақырылған қазақтар еліне қайтарылды.
|
Соғыс тоқтатылған жоқ. Аграрлық мәселе шешілген жоқ. Самодержавие кезеңінде қазақтардан тартып алынған жерлер қайтарылған жоқ. Қазақстандағы орталық басқару аппараты қиратылған жоқ. Іс жүзінде патша үкіметінің саясатын жалғастырды.Қазақтардың автономиясы жөніндегі мәселелер күн тәртібіне қойылған жоқ. Қоныс аудару басқармалары қазақ еңбекшілерінен шұрайлы жерлерді тартып алуды жалғастыра берді.
|
Достарыңызбен бөлісу: |