Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2016 жылғы «__» ____________
№___ бұйрығына
3-қосымша
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия туралы үлгілік ереже
Жалпы ережелер
1. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия (бұдан әрі – Комиссия) халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында ______________ облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қалалардың) аумағында құрылды.
2. Комиссия қызметінің мақсаты ______________ облысында (астанада, республикалық маңызы бар қалаларда) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 162 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамту 2020 жол картасының (бұдан әрі – Бағдарлама) және басқа мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың, аумақтарды дамыту бағдарламаларының тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету болып табылады.
3. Комиссия _______________ облысы (астана, республикалық маңызы бар қала) әкімдігінің қаулысымен құрылады.
4. Комиссия _______________ облысы (астана, республикалық маңызы бар қала) әкімдігінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
5. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары
6. Комиссияның негізгі міндеттері:
1) _______________ облысының (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) мемлекеттік органдарының, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарының Бағдарламаны іске асыру мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру;
2) Бағдарламаның іске асыру тетіктері мен бағыттарын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар дайындау болып табылады.
7. Комиссияның функцияларына мыналар енеді:
1) бір облыс шегінде бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) екіншісіне (облыстық маңызы бар қалаға) қоныс аударатын азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу не бас тарту туралы ұсынымдар дайындау және оларды уәкілетті органға жіберу;
2) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыс орталықтарының шегінен құрылысы 2013 жылғы 1 шілдеге дейін басталған қызметтік тұрғын үйлерге қоныс аударатын азаматарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы ұсынымдар дайындау және оларды уәкілетті органға жіберу;
3) басқа облысқа қоныс аударатын азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу не оған қосудан бас тарту туралы ұсынымдар әзірлеу және оларды уәкілетті органға жіберу;
4) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру шеңберінде облыс шегінде бір ауданнан басқа ауданға, бір облыстан басқа облысқа қоныс аударатын азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар әзірлеу;
5) кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарын келісу;
6) аудандар және қалалар бөлінісінде Бағдарламаны бағыттары бойынша қаржыландыру лимиттерін келісу;
7) уәкілетті өңірлік ұйымның микроқаржы (микрокредит) ұйымдары мен кредиттік серіктестіктеріне беретін кредиттері бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесінің көлемін келісу;
8) соңғы қарыз алушы үшін микрокредиттер бойынша ең жоғары тиімді жылдық пайыздық мөлшерлеме көлемін келісу;
9) Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту құны мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының және бюджет қаражаты шегінде Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес білім беру қызметіне құқығы бар жұмыс берушілердің оқу орталықтарының тізбесін келісу;
10) облыстық, қалалық және аудандық маңызы бар жергілікті атқарушы органдардың Бағдарламаның іске асырылуы туралы есептерін тыңдау;
11) Бағдарламаның іске асуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтардың алдын алу және жою жөнінде ұсынымдар дайындау;
12) қысқарған жұмыс уақыты үшін білікті қызметкерлердің жоғалтқан табысының үштен екі бөлігін уақытша субсидиялау үшін өңірлік деңгейдегі кәсіпорындардың тізбесін, сондай-ақ кәсіпорындар арасындағы қаржыландыруға қаражат бөлуді қарау және келісу;
13) Бағдарламаны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныстарды дайындау;
14) _______________ облысының (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) аумағында Бағдарламаны іске асыру мәселелері бойынша ұйғарымдар дайындау.
Комиссияның құқықтары
8. Комиссия:
1) облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) аумағында орналасқан мүдделі мемлекеттік органдармен, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру мәселелері бойынша өзара бірлесіп әрекет етеді;
2) облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қалалардың) аумағында орналасқан мүдделі мемлекеттік органдардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерін және Бағдарламаға қатысушыларды өз құзыретіне енетін мәселелер бойынша отырыстарға шақырады және тыңдайды;
3) Комиссияның құзыретіне енетін мәселелерді шешу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың мамандарын консультанттар (сарапшылар) ретінде тартады;
4) өзінің функцияларын іске асыруға қажетті материалдар мен мәліметтерді мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан және мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтарынан сұратады және алады;
5) _______________ облысының (астананың, республикалық маңызы бар қалалардың) әкімдіктеріне осы Ережелердің 7-тармағында көзделген мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді.
6) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына қайшы келмейтін өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады.
Комиссияның қызметін ұйымдастыру
9. Комиссияның құрамы _________ облысының (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді және атқарушы органдарының, облыс, астана, республикалық маңызы бар қала деңгейіндегі кәсіподақтардың аумақтық бөлімшесінің және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік палаталарының, сондай-ақ өзге де мүдделі мемлекеттік органдардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерінен құрылады.
10. Комиссияның құрамына кемінде бес адам енеді.
Комиссияны төраға басқарады, ол оның қызметіне басшылық жасайды, Комиссияның отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды және оның шешімдерінің орындалуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.
_______________ облысы (астана, республикалық маңызы бар қала) әкімінің орынбасарынан төмен емес лауазымды адам Комиссия төрағасы болып табылады.
Төраға болмаған кезде оның функциясын орынбасары атқарады.
11. _______________ облысының (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Комиссияның жұмысшы органы болып табылады.
12. Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттар мен материалдарды дайындауды және отырыс өткеннен кейін хаттаманы ресімдеуді Комиссияның хатшысы жүзеге асырады. Хатшы Комиссияның мүшесі болып табылмайды.
13. Отырыстың күн тәртібін, сондай-ақ өтетін орны мен уақытын Комиссияның төрағасы айқындайды.
14. Комиссияның жұмысшы отырыстарының материалдары төраға келіскеннен кейін отырысқа дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей комиссияның әрбір мүшесіне жеткізіледі.
15. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі және Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан болса, заңды деп есептеледі.
16. Комиссияның шешімдері ашық дауыспен бір жұмыс күні ішінде кешіктірмей қабылданады және егер ол үшін Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген болса, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Комиссия мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда, жазбаша (ерікті) түрде баяндалуға және хаттамаға қосылуға тиіс.
Комиссия шешімдері ұйғарым сипатында болады және хаттамамен ресімделеді, оған Комиссия төрағасы мен хатшысы қолдарын қояды.
Комиссияның шешімдері олар қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жұмыста басшылыққа алу үшін мүдделі мемлекеттік органдарға, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға жіберіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |