Әдістемелік нұсқаулар:
Минералдың үгіндідегі түсін анықтау немесе сызық түсін анықтау үшін, фарфор шынысының жылтыр емес жағына минерал үлгісімен бірнеше рет сызып көреміз. Қалған сызықтың түсі минералдың сызық түсін береді. Кейбір жағдайда минерал үлгісі сызық түсін қалдырмайды, ондайда сызық түсі жоқ деп жазамыз. Қаттылық дегеніміз – минералдардың сыртқы механикалық күштерге қарсы тұра алу қасиеті. Минералдардың қаттылығын анықтау үшін, Моос шкаласын қолдануға болады. Далалық жағдайларда қаттылықты анықтау үшін, келесі заттарды пайдалануға болады: қарындашпен – 1, тырнақпен – 2-3, жез тиын – 3-4, шыны – 5, шеге – 6-7. Яғни минералды алып оны осы көрсетілген заттармен сызып көреміз, қай зат минералды сызып із қалдырса, зерттеліп отырған минералдың қаттылығы сол заттың қаттылығына тең болады. Мысалы, егер қарындаш минералды сызып, оның бетінде өшпейтін із қалдырды делік, яғни оның қаттылығы 1-ге тең деген сөз, әрі қарай осы минералдың қаттылығын басқа заттармен зерттеп көрмейміз. Минералдар жылтырлығы бойынша металдық және метел емес, шыныдай, алмаздай, жартылай металдық, жібектей, күңгірт, май шамдай және т.б. болып бөлінеді. Жымдастық – минералдардың нақты бағыттарда параллельді бірдей жақтарға бөліну қасиеті. Минералдардың жымдастығы 5 түрге бөлінеді: аса жетілген, жетілген, орташа, жетілмеген, аса жетілмеген.
6 ТАҚЫРЫП. ТЕКТОНИКАЛЫҚ ҚИМА СЫЗУ.
Геологиялық қима дегеніміз не?
Тектоникалық қиманың одан айырмашылығы неде?
Тапсырма: Геологиялық қима құрастыру.
Негізгі әдебиет - 5, 6.
Қосымша әдебиет - 6, 8, 12, 20, 43, 44, 46.
Әдістемелік нұсқаулар:
Геологиялық картада кез-келген пунктті немесе бағытты жер бедерінің ең биік не ең төмен нүктелері арқылы өтетін етіп таңдап алу керек. Қима салу үшін көлденең масштаб картаның масштабы түрінде алынады, ал тік масштабты студент өзі таңдайды. Ол үшін, миллиметр қағазының ортасына қимаға орын, ал атауына жоғары жақта, шартты белгілеріне төменгі жақта орын қалдыру керек. Тік масштаб дайындағанда картадағы салыстырмалы биіктіктер тербелісі ескеріледі. Әрбір студенттің таңдаған тік масштабы жұмыс жасауға қолайлы болуы тиіс. Жұмыс жасауға негізінен мына масштабтар қолайлы – 1: 250, 1: 500, 1: 1000. Тік масштабты дайындағаннан кейін, миллиметр қағазының ортасына бір-біріне перпендикуляр ось салу қажет: ордината және абсцисса осьтері. Ордината осіне тік масштабқа және абсолюттік нүктелерге сәйкес сантиметрлік белгілер салу керек. Олардың сандық көрсеткіштерін белгілейді. Абсцисса осіне картадағы горизонтальдар арасындағы қашықтықтар салынады. Картадағы горизонталь арасындағы қашықтық циркуль-өлшеуіш (кейде сызғышпен, немесе миллиметр қағазының қалдығымен өлшенеді) арқылы өлшенеді. Осы өлшенген ара қашықтық абсцисса осіне белгіленеді де нақты биіктіктері бойынша сәйкестендіріледі (математикалық әдістер бойынша). Картадағы барлық скважиналардың нөмірі, олардың абсолюттік биіктік нүктелері, өзендердің атауы және жыныстардың шартты белгілері және т.б. геологиялық картаға сай қимаға түсіріледі де сарғыш немесе қоңыр қарындашпен боялынады (себебі барлық шөгінділер кайнозойлық түрге жатады). Қиманың төменгі оң жағына студенттің аты-жөні, тобы жызылады.
Достарыңызбен бөлісу: |