Дюналар желдің құмды үйіре суырып үрлеу әрекеттеріне байланысты жер бедерінің ойлы-қырлы аудандарында белгілі бір тосқауылдарға тіреліп, немесе өзендер мен көлдердің және теңіздердін, жағаларында биіктігі 20—40 м-дей адырлы құм үйінділері (дөңдер) түрінде жиналады. Дюналар әр түрлі климаттық жағдайларда кездеседі.
Бархандар (кұм шағылдар) сыртқы көрінісі қол орақ немесе тағаның ізі тәрізді болып келген асимметриялы құм-төбелер түрінде түзіледі (VI. 2-сурет). Олардың сүйірлеу шеті желдің жиі байқалатын негізгі бағытын айқындайды. Құмды шөлдерде олар тізбектеле топталып, желдің басымырақ соғатын бағытына көлденең орналасады. Оқшау орналасқан құмды төбелер мен төбешіктер өте жылжымалы болып келеді. Олар жылына 5—6 м-ден 50—70 м-ге дейінгі жылдамдықпен қозғалады. Мұндай құмдардың қозғалысы өте қауіпті. Өйткені олардың зор массасы қозғалысқа ұшырап, көшіп-қонған жағдайларда егістік жерлерді, каналдарды, жолдарды, жеке үйлерді, тіпті елді мекендерді түгелдей басып қалады.
2-сурет. Жекелеме бархандардың тік қимасы мен үстінен қарағандағы көрінісі (планы).
Бекіген құмды-таулар шөлейтті аудандарда жиі кездеседі. Олар (биіктігі 10 — 20 м-дей) қырқалы құмдар түрінде белгілі бір бағытта созыла орналасады. Құмды төбелер мен төбешіктер (биіктігі 10 м-дей ғана) жайпак беткейлі болып келеді. Олардың жылжып көшіп-қонуына өсімдіктер жамылғысы тосқауыл болады.
Шаң-тозаңдардан түзілген шөгінділер шөлден тысқары аймақтарда лёсс түрінде жиі кездеседі.
Лесс-түсі ашық сары, құрамы біртекті келген, қабатсыз орналасқан шаң-тозаңдардан (0,01 — 0,05 мм) , борпылдақ жыныстар болып саналады. Оның негізгі құрамы ұсақ түйірлі каолиниттен тұрады. Әрине, қосымша, ірілеу бөлшектерден құралған кварц, дала шпаттары, слюдалар, сонымен қатар кальций-магнийлі конкрециялар, моллюскалар мен өсімдіктер қалдығы бірге кездеседі. Гранулометриялық (ірілі-ұсақтық) құрамы жағынан лёсс саздақтар (балшықтар) мен ауыр құмдақтарға сәйкес келеді. Оның құрылысында кеуек қуыстар жиі байқалады.
Лёсс және лёсс тәрізді жыныстар шетелдерде — Европа, Азия, Солтүстік Америка, Аргентина елдерінің қоңыржай белдеулерінің шөлді және шөлейтті аудандарында, біздің елімізде — Орта Азияда, Батыс Сібірде, Украинада, Солтүстік Кавказда, Карпат сыртында, Қазақстанда — Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауында, Талас, Қаратау және Шу өңірлерінде, Сарыарқа мен Торғай далаларында жиі кездеседі. Лёсс қалыңдығы бірнеше метрден ондаған метрге, кейде 70 — 100 м-ге дейін (мысалы, Іле Алатауының тау-алды беткейлерінде) жетеді. Олардың түзілуі әр түрлі геологиялық процестермен байланысты түсіндіріледі. Мысалы, неміс ғалымы Ф. Рихтюфен лёстердің түзілуі субаэралдық, ал орыс ғалымдары В. А. Обручев — эолдық, Л. С. Берг — топырақтық деп санайды.
Қазіргі кездегі көзқарас бойынша, лёсс формациясы эолдық, элювийлік, пролювийлік, аллювийлік, мұздық, көлдік, флювиогляциалдық жыныстардан құралады.
Лёсс формациясынан түзілген топырақ қабаттарының құнарлылығы өте жоғары. Лёсті шөгінділер халық шаруашылығында құрылыс материалы ретінде (күйдірілген кірпіштер дайындауда) кеңінен пайдаланылады.
4. Атмосфералық жауын-шашын, жер бетіндегі ағын сулар жер бедерін үздіксіз өзгертіп отырады, яғни соның әсерінен жер бетінін, бедері үнемі өзгеріп тұрады. Ағын сулар жер бетінің еңістігін қуалай қозғала отырып, бір-бірімен қосыла келе иірмелерге, олар көбейе келе жіңішке жылғашаларға, бірнеше жылғашалар бір-бірімен қосылып, жылғаларға айналады. Олар ең соңында өзендер құрайды. Ағын сулар, жолындағы борпылдақ жыныстарды оп-оңай шайып әкетеді де, өзен арнасы қалыптасады. Судың белгілі бір жазықтықта байқалатын бұзушылық әрекеті — жазықтық эрозия (шаю) деп аталады. Ағын сулардың эрозиялық әрекетіне байланысты топырақ қабатының бұзылуы — топырақ эрозиясы деп аталады. Бұл әрекеттердін, ауыл шаруашылығына тигізетін зияны өте зор.
Атмосфералық жауын-шашын (жаңбыр мен қар) суларының бұзушылық әрекеті делювийлік (латынша “делюо” — шаю деген мағынада) процесс деп аталады. Бұл әрекеттердің нәтижесінде атмосфералық сулар ұсақ түйірлі жыныстардан құралған үгілу заттарын өзімен ілестіріп әкетеді. Осындай жолмен тау беткейлерінде шоғырланып жиналған (ірілі-ұсақты) тау-жыныстарының кесек бөлшектері делювий шөгінділері деп аталады (3-сурет). Бұл терминді бірінші болып академик А. П. Павлов қолданды.
Делювийлік процестердің нәтижесінде таудың биік бөліктері аласарады, ал ойдымдау келген бөліктері делювий шөгінділерімен толып, биіктей түседі. Сонымен, делювийлік шөгінділер тау беткейін тегістеп отырады. Олардың негізгі құрамы көбінесе саз балшықтардан тұрады.
3-сурет. Делювийдіқ пайда болу схемасы:
1 — тау беткейінің алғашқы беті; 2 —жазықтықтық шайылудан туған тау беткейінің төмендетілген беті; 3 — делювий.
Достарыңызбен бөлісу: |