Жоспары:
Этикет формулалары.
Тілдесу этикасы, тілдесу жанрлары.
Сөзбен әсер ету тәсілдері.
Дәрістің мақсаты: Тіл мәдениетіндегі коммуникативтік мақсатқа жету үшін қолданылатын сөз стратегиясы, тактикасы мен амалдарын топтастыру, оларды қолдана алу біліктілігін иелену.
Дәрістің мәтіні: Тілдік қарым-қатынас туралы түсінік. Қоғамдағы әдет-ғұрып,қарым-қатынас дәстүрі. Тіл-сезім білдірудің құралы. Сөйлеу этикеті ұғымы. Сөз мағыналарының құбылуы. Сыпайылықты білдіретін сөз орамдары, қаратпа сөздер. Сөйлесушілердің әлеуметтік белгілері. Сөздің ортаға байланысты қолданылу жағдаяты мен мәні.
Әлеуметтік-тұрмыстық қатынастағы сөз әдебі. Әлеуметтік-тұрмыстық қатынаста қолданылатын сөз түрлері. Әлеуметтік-тұрмыстық қатынастың тілдік сипаты, тілдік құралдары. Әлеуметтік-тұрмыстық қатынаста тән сөз әдебі.
Амандасу. Сәлемдесудің мақсаты. Сәлемдесу сөздерін талғап жұмсаудың талаптары. Амандасуға жататын сөздердегі мағыналық, стильдік ерекшеліктер мен әлеуметтік сипат. Амандасу этикеті: ұлттық дәстүр, жалпы адамзаттық нормалар. Синонимдерді талғап қолданудың сөз мәдениетіне қатысы.
Қоштасу. Қоштасудың мақсаты. Қоштасу сөздерін талғап жұмсаудың талаптары. Қоштасуға жататын сөздердегі мағыналық, стильдік ерекшеліктері мен әлеуметтік сипат. Қоштасу этикеті: ұлттық дәстүр, жалпы адамзаттық нормалар. Синонимдерді талғап қолданудың сөз мәдениетіне қатысы.
Құттықтау. Құттықтаудың мақсаты. Құттықтау жағдаятына қатысты сөздерді талғап жұмсаудың талаптары. Құттықтау сипатындағы сөздердегі мағыналық,стильдік ерекшеліктер мен әлеуметтік сипат. Құттықтау этикеті: ұлттық дәстүр, жалпы адамзаттық нормалар. Синонимдерді талғап қолданудың сөз мәдениетіне қатысты.
Көңіл айту. Көңіл айтудың мақсаты Экспрессивті сөздерді талғап жұмсаудың талаптары. Көңіл айту ерекшелігіне сай таңдалған сөздердегі мағыналық,стильдік ерекшеліктер мен әлеуметтік сипат. Көңіл айту этикеті: ұлттық дәстүр, жалпы адамзаттық нормалар. Синонимдерді талғап қолданудың сөз мәдениетіне қатысы.
Тілек айту. Тілек айтудың мақсаты. Экспрессивті сөздерді талғап жұмсаудың талаптары.Тілек айтуға қатысты сөздегі мағыналық, стильдік ерекшеліктер мен әлеуметтік сипат. Тілек айту этикеті:ұлттық дәстүр, жалпы адамзаттық нормалар. Синонидерді талғап қолданудың сөз мәдениетіне қатысы.
Бата беру. Бата сөздің мақсаты. Батаға лайық сөздерді талғап жұмсаудың талаптары. Бата беруге қажетті сөздердегі мағыналық стильдік ерекшеліктер мен әлеуметтік сипат. Бата беру этикеті: Ұлттық дәстүр, жаңашылдық синонимдерді талғап қолданудың сөз мәдениетіне қатысы.
Қаратпа сөз әдебі. Қаратпа сөздерді қолданудың мақсаты. Қаратпа сөздерді талғап жұмсаудың талаптары. Қаратпа сөздердегі мағыналық, стильдік ерекшеліктер мен әлеуметтік сипат. Қаратпа сөзді жұмсау этикеті: Ұлттық дәстүр, жалпы адамзаттық нормалар. Синонимдерді талғап қолданудың сөз мәдениетіне қатысы.
Бақылау сұрақтары:
Қазақ сөз мәдениеті дегенді қалай түсінесіз?
Тілдің болмысын білу үшін тілдің заңдылығын білу жеткілікті ме?
Этнолингвистика ғылымы деген не? Оның сөз мәдениетімен байланысы қандай?
Тіл мәдениеті әр елдің мәдениетімен тығыз байланысты деген ұғымды қалай түсінесіз?
Қазақ сөз мәдениеті қашан, кімнің басшылығымен зерттеле бастады?
Қазақ сөз мәдениетін жеке пән ретінде қалыптастыруды ұйымдастырудың бастамасы қай кезеңнен басталды?
Проф. Р.Сыздықова нені зерттеді?
Әдебиеттер:
1. Уәли Н. М. Қазақ сөз мәдениетінің теориялықнегіздері. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясы.– Алматы, 2007 ж. – 326 бет.
2. Д. Әлкебаева. Сөз мәдениеті. – Алматы «Қазақ университеті», 2014 ж. – 212 бет.
4-дәріс.
Тақырыбы: Шаршытоп алдындағы сөз мәдениеті
Жоспары:
Шаршытоп алдындағы сөз типтері мен түрлері.
Шаршысөз құрылымы.
Сөз сөйлеуге дайындық және сөз алу.
«Жақсы сөз» сөйлеудің алғышарттары.
Сөзді диалогтендіру.
Дәрістің мақсаты: Шаршытоп алдында сауатты сөз сөйлеуге баулу және дұрыс сұхбат мәдениетін қалыптастыру.
Дәрістің мәтіні: Ауызша сөйлеу мәдениеті сөйлеген кезде орфоэпиялық қағидаларын сақтап, мәнерлеп сөйлеумен байланысты. Ауызша сөйлеу тілі: 1. Әдеби тілде сөйлеу. 2. Ауыз-екі сөйлеу тілі болып бөлінеді. Әдеби сөйлеу тілінің де сан алуан түрлері бар. Олар: лекторлардың, үгітшілер мен баяндамашылардың, актерлардың т.б. тілі болып бөлінеді. Әрқайсысының сөз қолдану ерекшелігі, айтайын деген ой-пікірін тыңдаушыларына жеткізу әдіс-тәсілдері әр түрлі болғанымен, бәріне ортақ заңдылық –орфоэпия нормаларын сақтау. Орфоэпия дегеніміз – сөздердің жалпыға бірдей қалыпты айтылу нормасын айтамыз. Сөздердің әдеби тілдегі жалпыға ортақ қағидада сөйлеу-кісінің тіл мәдениетінің жоғары екендігінің белгісі. Сөздердің айтылу нормасы былай болу керек дейді М.Балақаев: «Құлаққа жағымды, көңілге қонымды атылғанның бәрі –норма, бәрі-дұрыс. Құлаққа жат не тосаң естілетін, көңілге қонбайтын, дөрекі айтылғанның бәрі-нормаға жатпайды» /М.Балақаев Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері. А, 1965, 37-38-беттер/
Сөз қалай жазылса, солай оқуды тіліміз көтере бермейді. Олай дейтініміз қазақ тілі – болмысында, табиғатында үнді, әуезді тіл. Оның айтылуында өзіндік әсем үн бар, қалыптасқан жатық әуен бар. Оның негізі мынада: сөздердің құрамындағы дыбыстар өзара үндесіп, біріне- бірі ықпалын тигізе айтылады. Мысалы, қазақ тіліндегі жуан, жіңішке,еріндік, езулік дауыстылардың сөз ішінде өзара үндесіп айтылуы сөз сазына келтіріп сөйлеуге жатады. Сөз сазы дегеніміз сөйлеу процесінде сөз ішіндегі немесе сөз аралығындағы дыбыстардың бір-біріне әсер етіп, бірін-бірі өз ыңғайына иіп алады. Мұның өзі бір жағынан сөйлеу мүшелерінің жұмысын жеңілдету көзделсе, екіншіден тыңдаушы адамның құлағына жұмсақ тиіп, сөзге әуенді үн береді. Мысалы, «төрде төртеу отыр төремін деп» дегеннің айтылуы: төрдө төртөу отұр төрөмін деп. Бұл сөздердің құрамындағы дауыстылар былайша үндескен: төр, төртеу, төре сөздерінің басқа буындарында жіңішке еріндік болғандықтан, олардан кейінгі буындарда да жіңішке еріндік болып айтылады: төрдө, төртөу, төрө; ал отыр сөзінің бірінші буыны жуан еріндік о болғандықтан, одан кейінгі буындағы ы дыбысы жуан ұ болып айтылады, алайда жазуда бұлардың бәрі «Төрде төртеу отыр төремін деп» деген қалпында жазылады.
Мәнерлеп сөйлеу, дыбыстардың қырын сындырып айту ежелгі ауыз әдебиеті үлгілерінен, шешендік сөздерден келе жатқан заңдылық. Сөзді қандай қатесіз жазу қажет болса, оны құлаққа жағымды, әуезді, мәнерлі етіп айту да сондай қажет. Дыбыстардың «қырын сындырып» айту (құрғол – құр қол ем ес, енгерек – не керек емес), қатар тұрған дауысты дыбыстың бірін түсіріп қолдану (дәметкен – дәме еткен емес, Сарағаш – Сарыағаш емес), ерін үндестігін сақтау (күрөк – күрек емес, жұлдұз – жұлдыз емес) сияқты орфоэпия заңдылықтарына көңіл бөлу міндетті. Сөйлеген кезде сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен қиюласып ритмикалық бір топ құрып, бір ырғақпен (торалат – торы ала ат емес) айтылуын да қадағалап отыру қажет.
Сөйлеу процесінде сөздер екі-үштен топтасып бір ырғақпен айтылуын ритмикалық топ деп атаймыз. Мысалы, айтылуда: келалмады – келе алмады емес, баралмады – бара алмады емес.
Қазіргі қазақ тілінде ерін дауыстылардың үндесуі – орфоэпия заңдылығының бірі. Бұл заңдылық бойынша еріндік дауысты бірінші буында ғана қолданылады. Бірақ сөздің бірінші буынындағы еріндік дауысты дыбыс келесі буындардағы езулік дауыстыға әсер етіп, оны айтылуда еріндік дауыстыға айналдырады.
Мәлелен еріндік үндесу төмендегі жағдайларда кездеседі.Алғашқы буында «о» дыбысы болса, келесі буындағы қысаң «ы» дыбысы «ұ» болыпе айтылады да, жазылуда «ы» әрпі сақталады.
Жазылуы Айтылуы
орын орұн
қорық қорұқ
отыз отұз
болды болдұ
Бірінші буында «ө» дыбысы болса, келесі буындағы «і» дыбысы болып айтылады да, жазуда «і» әрпі жазылады.
Жазылуы Айтылуы
көмір көмүр
өмір өмүр
өрім өрүм
бөлім бөлүм
Алдыңғы буында «ұ» дыбысы болса, келесі буындағы «ұ» дыбысы айтылып, жазуда «ы» әрпімен белгіленеді.
Жазылуы Айтылуы
ұзын ұзұн
құзғын құзғұн
ұшқын ұшқұн
мұрын мұрұн
Алдыңғы буында «ү» дыбысы болғанда, келесі буындағы «і» дыбысы айтылуда «ү» болып, жазуда «і» әрпі сақталады.
Жазылуы Айтылуы
үзік үзүк
үзіліс үзүлүс
бүлік бүлүк
бүтін бүтүн
Қазақ тіліндегі іргелес дыбыстардың бір-біріне әсері өте күшті. Алайда қазақ орфографиясының негізгі морфологиялық принцип болғандықтан, жазуда ол ескерілмей, сөздің орфоэпиясында ғана сақталады. Іргелес дыбыстардың бір-біріне әсер етуіне байланысты ілгерінді, кейінді ықпал заңдылықтары бар.
Ілгерінді ықпал деп түбір мен қосымшаның немесе сөз аралығындағы көршілес дыбыстардың алдыңғысы соңғысына әсер етіп өзгеруін айтамыз. Қазақ тілінде қолданылатын ілгерінді ықпал бойынша, бірсыпыра дыбыстар сөзде басқа дыбыстармен алмасып айтылады, бірақ түбірі сақталып жазылады.
1. Қатаң дыбыстардың әсерімен өзінен кейінгі ұяң «б, г, ғ, ж» дыбыстар қатаң «к, қ,ш» дыбыстармен алмасып айтылады, алайда түбірі сақталып жазылады. Мысалы,
Айтылуы Жазылуы
Жақыппек Жақыпбек
Көрікпай Көрікбай
көк пауыр көк бауыр
көк күл көк гүл
қаш жау қас жау
2. Түбір «ш» дыбысына аяқталып, қосымша «с» дыбысынан басталса, ол «ш» болып айтылады, «с» - мен жазылады. Мысалы,
Айтылуы Жазылуы
ашша ашса
ішше ішсе
шашша шашса
өшшің өшсің
3. Сөз дауыстыға, ұяңға, үндіге аяқталып, оған жалғанатын қосымша қатаң «қ,к» дыбыстарынан басталса, ол ұяң «ғ, г» дыбыстарына айналып естіледі, жазуда сөздің түбірі сақталады. Мысалы,
Айтылуы Жазылуы
малғора мал қора
алағол ала қол
қара гөк қара көк
ала гөз ала көз
Кейінді ықпал деп түбір мен қосымшаның немесе сөз аралығындағы іргелес дыбыстардың соңғысы алдыңғысына әсер етіп өзгертуін айтамыз. Қазақ тілінде қолданылатын кейінді ықпал бойынша да бірсыпыра дыбыстар өзгеріп естіледі.
1. Түбір «н» дыбысына аяқталып, қосымша «б, п» дыбыстарынан басталса, онда «н» дыбысы «м» дыбысымен алмасып айтылады да, «н» әріпімен жазылады. Мысалы,
Айтылуы Жазылуы
Жамбай Жанбай
Жампейіс Жанпейіс
Егімбай Егінбай
Тоғамбек Тоғанбек
2. Алғашқы морфема «з» дыбысына аяқталып, екінші морфема «с»дыбысынан басталса, «з» дыбысы «с» -мен алмасады. Мысалы,
Айтылуы Жазылуы
көссіз көзсіз
қасса қазса
бессе безсе
жассын жазсын
3 . Алғашқы морфема «з» дыбысына аяқталып, соңғы морфема «ж» дыбысымен алмасып айтылады да, «з» -мен жазылады. Мысалы,
Айтылуы Жазылуы
Божжан Бозжан
бож жирен боз жирен
көж жақсы көз жақсы
саж жол саз жол
Сөйлеген кезде қазақ тілінің мынадай ерекшеліктерін де естен шығармау қажет.
1. Сөздің алдына дауысты «ы, і» дыбыстарын қосып айту жазуда ескерілмейді. Мысалы,
Айтылуы Жазылуы
ырас рас
ылай лай
ырақмет рақмет
ылақ лақ
2. Қазақтың байырғы сөздерінде қатар айтылған екі сөздің алғашқысы дауысты дыбысқа аяқталып, соңғысы дауыстыдан басталғанда, екі дауыстының бірі түсіп қалып айтылады, жазғанда сөздердің түбірі сақталып жазылады. Мысалы,
Айтылуы Жазылуы
қарала қара ала
қарағаш қара ағаш
келе мекен келе ме екен
қаралтын қара ағаш
Түбір мен қосымшаның, екі сөз аралығында дыбыстардың бір-біріне тигізетін әсерінен пайда болған өзгерістерді жазуды ескермей, тілдің морфемалардың барлық жерде бір қалыпта олардың графикалық бейнесін қалыптастырады.
Сөз әсерлілігі тыңдаушыны ұйытып өзіне тартуы екі нәрсеге қатысты болып келеді: біріншісі, сөзді сөйлеген кезде құлаққа жағымды, лебізді, үнді етіп, дауыс кідірісі мен дауыс күшін дұрыс қойып айтуға байланысты болса, екіншісі, сөзді өз мағынасынан сәл өзгертіп, келтірінді мағынада жұмсаумен ұштасады.
Мәдениетті адам сөйлеу мәнері құлаққа жағымды әрбір ойын лайықты әуенмен, әрбір сөйлемді өзінің сазымен сөйлейді. Ән сияқты дұрыс айтылған сөз де құлақтан кіріп бойды алады. Міне, сондықтан сөзді қалай болса солай айта салмай, сөйлеу мазмұнына үйлесімді ырғақ, екпін, әуен тауып, дауысты түрлендіріп сөйлеудің үлкен мәні бар. Сөйлеуде дауыс ырғағының құбылмалы қасиеті, логикалық екпінді, интонациялық ерекшелігі бар құбылыстарды ескеріп отырғанда ғана тыңдаушыға әсер етпек. Қазақ халқы келістіріп сөйлей алатын кісіні «сөзі мірдің оғындай екен», «сөздің майын тамызып, кісінің айызын қандырып сөйлейді екен» деп дәріптейді. Ондай қабілеті жоқ адамды «ынжық, аузынан сөзі қойнынан бөзі түсіп тұр» деп сынайды. Кейбіреулер маңғазданып, қатымырланып сөйлеуді сән көреді, оны артықшылық, мәдениеттілік деп біледі. Ал шын мәдениеттілік- шынайылықта, айтатын ойына сай келетін үн, әуен, ырғақ, екпін тауып сөйлей білуде. Сөйлеушінің сөйлеу дағдысы, дауысы тыңдаушыға жағымды болса, онда зер сала тыңдайды. Ал оның үстіне айтайын деген ойын мазмұнды болса, тыңдаушының көкейіне қонып, жүрегіне ұялайды.
Тыңдаушыларды еліктіре білу, олардың назарын сөйлеп тұрған ой-пікіріне аудара алу – сөйлеушіге (мұғалімге, баяндамашыға, үгіттеушіге) жүктелген міндеттің нәтижелі болуының басты шарты.
Сонымен бірге жұрт алдында сөйлеуші мына қағидаларды ескеруі тиіс.
1.Жұрттың бәріне белгілі жайларды тәптіштеп айтып беру жөнсіз. Нәрсіз, дәмсіз сөзді сөйлемеген жақсы. Нәрсіз сөз көбінесе өзі жақсы білмеген жайды баяндаудан анық байқалады. Міне, сондықтан көп қателеседі.
2. Өзін өзгеден артық санап, дауласып, мақтана сөйлеген адамның айтқаны далаға кетеді. Тыңдаушылар ондайды қабылдамайды, сөзіне күле қарайды. Мен білгенді тыңдаушыларым білмейді, олар білімсіз дегендей пиғыл білдіріп, білгішсініп, мақтана сөйлеу жұртты теріс қаратады.
3. Сөйлегенде, әрбір сөз анық, дәл, айқын естілетін болсын. Сөйлеушінің даусы құбылмалы әрі жайлы болуы тиіс. Сөз әуенінен байсалдылық, сенім, табандылық, қайрат сезілетін болсын.
4. Ойды жеткізудің тілден тыс элементтерін, атап айтқанда, ым, ишара, мимика, понтомимика, дауыс күші, дауыс темпі т.б. жақсы меңгеруі қажет.
5. Жұрт алдында сөйлеуші қағаздан көзін алмай қатып қалма, тыңдаушылардың жеке тобына, жеке кісілерге көз жіберіп отырғаны мақұл. Сонда тыңдаушы да соған қарайды, сөзіне назар аударады.
6. Сөзді әбден жауыр болған сөздерден бастаған болмайды. Ой-пікірді әдеби тілге тән сөздермен, әсерлі де қызықты етіп жеткізуге тырысу қажет. Сөз арасында мақал-мәтелді, нақыл сөздер мен қанатты сөздерді келтіре отырып сөйлеу нәтижелі болмақ.
7. Айтылатын ой қысқа да нұсқа, тұжырымды болсын. «Аз сөз алтын, көп сөз көмір» деген мақалды басшылыққа алған мақұл.
8. Сөйлеу жүйелі болуы тиіс. Жүйелі сөздің арқауы, өзара тығыз байланысты желісі болады. Сөйлем мен сөйлем арасында, ой мен оййдың арасында табиғи байланыс болмаса, тыңдаушы ондай сөзден қанағат ала алмайды.
Жұрт алдында жақсы сөйлеудің ең негізгі шарты – дайындық. Алдымен жоспар түзіледі. Жоспарда қамтылуға тиісті мәселелер реттелген тақырып күйінде жазылады. Одан кейін сол жоспар бойынша баяндаманың тезисі жасалады. Онда айтылуға тиісті жайлардың негізгі қағидалары, мазмұны тұжырымдалады.
Жоспар бойынша баяндауға керекті материалдарды толықтыру, ретке келтіріп қағазға түсіру үшін конспект жасалуы қажет. Конспект – болашақ баяндаманың ықшам түрі.
Сөз қолдану мәдениеті сөздің мағынасына орай дұрыс қолдану мен қатар оны әсем де, әсерлі, көркем образды етіп айту (жазу) мен бейнелеу тәсілдеріне тікелей байланысты екені белгілі. Ал бейнелеу тәсілдері тілімізде сан алуан. Тіліміздің көркемдегіш тәсілдері негізінен көркем әдебиет тіліне тән. Көркем шығарма тілінде сөз өзінің барлық баяу – нышанымен, сыр-сипатымен, құпия астарымен, құдірет-қасиетімен көрінеді. Метафора, метонимия, синекдоха, теңеу, эпитет, поэтикалық тіркестер, мақал-мәтелдер және тұрақты тіркестер айтылайын деген ойды анық беру, баяндап отырған әлеуметтік шындықтың шынайы көрінісін ашық көрсету сөйлеушінің негізгі қаруы.
Мәселен, «Жел соқты, қар жауып, боран болды» деп айтуда ешбір әсер жоқ. Ал сөз зергерлерінің қолдануында сөз әдеттегі қызметінен басқа күйге көшіп, тосын құбылысқа тап болады. Мұндай қолданыстың әсері айрықша болып, шығарма тіліне шырай беріп отырады. «Боран үскіріп соғып тұр. Асау жел ащы күйінен жаңылған жоқ, ойнақ салып ысқырып тұр. Аң, дала меңіреу болып түкіруде. Қайғысы сары бел борап әкеліп тұрған ақ киімін қымтай түсіп, жата берді». (М.Әуезов)
Мұнда асау сөзінің ерекше сипат алғандығын бірден аңғаруға болады. Сондай-ақ сөз арасында бір бірімізге сары бел киімін қымтады десек, жансызға жан бітіріп болмысы нақты, дәл бейнелеудің айрықша тәсілі.
Сөз мағыналарының ауысуы, келтірінді мағынада жұмсалуы әр түрлі тәсілдер арқылы жүзеге асады. Сөздің ауыспалы мағынада қолдануы метафора, метонимия және сенекдоха тәсілдері арқылы жасалады. Енді осы тәсілдерге қысқаша тоқталайық.
Метафора тәсілі арқылы атаудың ауысу белгіленген заттардың тұлға, түс, қимыл ерекшелігінің ұқсастығына негізделеді. Метафора – грек тілінде metaphora «ауысу» деген мағынаны білдіреді. Белгілерінің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың басқа бір заттың не құбылыстың атауымен атауының негізінде сөз мағынасының ауысуы метафора деп аталады. Метафора құбылысының сөздің мағынасынан орын тепкені және әбден үйреншікті болып кеткені соншалық, метафораның негізінде туған қосымша мағынасының көп жағдайында туынды, келтірінді мағына екені бірден аңғарыла бермейді. Мысалы, істің төркіні, мәселенің төркіні, сөздің төркіні дегендердің төркін мен қыздың төркіні дегендегі төркін сөзін салыстырсақ, соңғы мысалда бұл сөз «қыздың ата-анасы, туған-туыстары» дегенді білдіреді де, алдыңғы мысалда «түп негізгі, тегі, мәнісі, сыры» дегенді білдіреді.
Метонимия. Бір заттың немесе құбылыстың атауының екінші затқа не құбылысқа олардың өзара іргелестігі, шектестігі негізінде атау болып ауысуы, осыған орай, сөздің ауыспалы мағынада жұмсалуы метонимия деп аталады. Метонимия – грек тілінде metanymia «атын өзгерту, қайта ат қою» деген мағынаны білдіреді. Мысалы, үйі мәз боп, қой сойды, шүйіншіге шапқанға (Абай) деген сөйлемдегі үй деген сөз өзінің негізгі мағынасы «баспана» дегенді емес, бір үйдің адамдары, үй іші, отбасы дегенді білдіреді. Дәрі қосқан аяқты ішкеннен соң, Әзім барып жығылды шалқасынан... (Абай) Бұл сөйлемде аяқ сөзі «ыдыс» дегенді емес, «сусын» деген мағынаны білдіреді.
Синекдоха. Бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні қолданудың негізінде сөз мағынасының ауысуы синекдоха деп аталады. Мысалы, кейде, отбасыңда неше жан бар? – деудің орнына басың нешеу? дейміз. Бұл арада бас сөзі бөлшек ретінде (адамның дене мүшесі) бүтіннің орнына қолданып тұр. Синекдоха грек тілінің synecdoche «бірге жобалап түсіну» деген сөзден жасалған термин. Кейде мал дегеннің орнына тұяқ «бөлшек ретінде» сөзі қолданылады. Мысалы, төрт-бес тұяғымыз бар дегендегі тұяқ сөзі малдың тұяғы деген тіркестегі өзінің негізгі мағынасынан алшақтап, басқа бір мағынаны – «мал» дегенді білдіреді.
Теңеуде зат пен құбылыстың біріне бірінің ұқсастығына қарай сөздер алмасады. Мысалы,
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай,
Апаңнан сені туған айналайын,
Күлімкөз, оймақ ауыз, жазық маңдай. (Сегізсері)
5. Эпитет. Бір заттың, не бір құбылыстың айырықша сипатын, сапасын анықтау үшін қолданылатын бейнелі сөзді эпитет деп атайды. Мысалы,
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан. (Абай)
Күздің күні көк әлемін торлаған бұлт жазғы бұлттан өзгеше сұр бұлт жай сұр бұлт емес, түсі суық сұр бұлт. Күздің айнымас тағы бір серігі – тұман, бұл жай тұман емес, дымқыл тұман. Ұлы ақын күздің басқа жыл мезгілінен айырмашылығын ашық, айқын таныту үшін осындай анықтауыш сөздерді әдейі қолданып отыр.
Қорыта айтқанда, сөз ауыспалы, келтірінді мағынады қолданылуы арқылы мағыналық жақтан түрленіп, өзгеріп отырады. Айтайын деген ойды образды да әсерлі беруге икемді болады. Міне, сондықтан сөйлеуші (жазушы) өз сөзінде тілдің лексикасындағы көптеген сөздердің келтірінді, образды мағыналарды суреттеудің ең ұтымды құралы ретінде пайдаланады.
Бақылау сұрақтары:
Ауызша сөйлеу және оның ерекшеліктер неде екен?
Сөздің жазылуы мен айтылуы, ритмикалық топтар.
Сөйлеудің көмекші құралдары қандай?
Дыбыстарды болатын сапалық өзгерістер, еріндік, ілгерінді, кейінді ықпал заңдылықтарын атаңыз.
Сөйлеу стиліне тән ерекшеліктерді айтыңыз.
Әдебиеттер:
1. Айтбаев Ө. Мақал-мәтелдердің жазуымыз бен сөйлеуіміздегі қызметі.Жинақ. Сөз өнері. А., 1978, 90-98-беттер.
2. Айтбаев Ө., Есенқұлов А. Көркем әдебиетке – көркем тіл. Жинақ: Жазушы және сөз мәдениеті. А., 1989, 43-56-беттер.
3. Қарағұлов Ө. Шығарма көркі – шұрайлы тіл. жинақ: Жазушы және сөз мәдениеті. А., 1988, 115-135- беттер.
4. Қайдаров Ә. Шығарма тілі – көркем әдебиет өзегі. Жинақ: Өнер алды – қызыл тіл. А., 1986, 42-65- беттер.
5. Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті А, 2004.
6. Серғалиев М. Келісті сөз – көркемдік кепілі. «Жұлдыз», 1975, № 11, 195-200 беттер.
7. Төреқұлов Н. Нақыл сөз – тілдің нәрі. Жинақ: Өрелі өнер, А., 1976, 126-128 беттер.
5-дәріс.
Тақырыбы: Тіл мәдениетіндегі орфоэпиялық норма
Жоспары:
Сөзді мәнерлеп айтудың элементтері: екпін, интонация, дауыс күші т.б.
Тілдің бейнелеу тәсілдері.
Сөйлеуде көркемдегіш құралдарды пайдалану.
Суреткер тіліндегі образдылық.
Дәрістің мақсаты: Сөйлеуде сөз элементтерін, оның көркемдегіш құралдарын орынды пайдалануға баулу.
Дәріс мәтіні: Лексикалық норма. Халық тілінде бар сөздердің көпшілігі көркем әдебиетте жиі қолданылып жалпы халықтық нормаға айналады да, бір қатары қолданудан қалып қояды немесе өте сирек пайдаланылады. Ауызекі тілде бар біраз сөздер әдебиетте кездескенімен, әдеби нормаға жатпайды. Мысалы: шаһар, кент, әм, әтеш, бойлай, жүде сөздері кейбір сөз зергерлерінің туындыларында кездескенімен, бірақ олар әдеби тіл нормасына жатпайды. Олардың орнына қала, және, қораз, өте сөздері әдеби болып табылады.
Қазақ әдеби тілінің сөз байлығы жалпы халықтың қасиеті бар байырғы және өзге тілдерден енген сөздерден, ғылымның, өнер-білімнің, техниканың, саясаттың, мәдениеттің т.б. әр алуан терминдерінен құралады.
Қазақ тіліндегі сөздік қордағы сан алуан сөздердің әдеби тілге жататындары бар, әдеби тілге тән емес, одан тыс, сөйлеу тіліне ғана жататындары бар.
Әдеби тілдің лексикалық нормасына жатпайтын сөздер мыналар:
1.Диалектизмдер. Диалект деген термин тілде жалпы халықтық сиапт алмаған белгілі бір жерде ғана қолданылатын өзіне ғана тән тілдік ерекшеліктері бар жекелеген аймақ, территорияны білдіреді.Мысалы:
Әдеби Диалектизм
салдары зарпы
беймаза бейана
кебек буызді
үкімі бойлай
әрең шаққа
Достарыңызбен бөлісу: |