61
Әлеуметтанушылар имидждің негізгі сипаттамалары арасынан оның
серпінді, құбылмалы, икемді, жағдайға байланыстылығы сипаттамаларын бөліп
қарастырады. Әлеуметтану ғылымы бойынша имидждің мынадай негізгі
қызметтерін атауға болады: әлеуметтік бағалау, реттеуші, әлеуметтік өзін-өзі
айқындау қызметтері. О.Н Валеева, сондай-ақ, әлеуметтік тренинг қызметін,
елестік-компенсациялық және әлеуметтік-нышандық тану қызметін бөліп
қарастырған. Имидждің әлеуметтанудағы анықтамасы бейне, әлеуметтік сурет,
әлеуметтік абырой сияқты түсініктермен байланысты [206].
Мақсатты түрде қалыптасқан имидждің дамытушылық және үлгілеушілік
сипаты бар екенін ескере келе, педагогикалық ғылым жеке тұлғаның имиджін
қалыптастырумен байланысты мәселелерге көп көңіл бөлуде. Педагогикалық
деңгейде имидж ұғымы тәрбие, білім беру, жан-жақты және үйлесімді дамыған
жеке тұлғаны қалыптастыру, сондай-ақ, жеке тұлғалық, кәсіби өзін-өзі
жетілдіру мәселелерімен тығыз байланысты.
Бүгінгі күні педагогика аясында білім беру мекемелерінің имиджі мәселесі
зерттелуде (А.Е. Петрова) [207]. Сонымен қатар, маманның және болашақ
маманның, соның ішінде, болашақ жаттықтырушының (Т.Н. Бушуева) [208] ;
болашақ аудармашының (Ю.В. Матюшина) [209]; болашақ туризм
менеджерінің (Н.К. Петрова) имиджін зерттеудің теориялық тәсілдемелері
жасалуда. Жалпы алғанда, бүгінде педагогикада көбірек зерттелгені
мұғалімнің, ұстаздың педагогикалық имиджі болып отыр.
Педагогикалық қырынан қарағанда имидждің маңызды қызметтерінің
арасында педагогикалық және
эстетикалық ықпал ету қызметін, өз ойын білдіру
қызметін,
сондай-ақ,
түрлендіру,
ақпараттық-дамытушы,
көркемдік
қызметтерін атап кеткен жөн. Педагогикалық қызметтер еліктеуге тұрарлық
тартымды үлгісі ретінде мінез-құлықтың құндылық үлгілерін көрсету арқылы
жүзеге асады. Имидждің мазмұнына келер болсақ, педагогикалық зерттеулерде
оны адамның сыртқы келбетіне қатысты сипаттамалармен қоса, оның дара-
жеке тұлғалық, әлеуметтік және кәсіби қасиеттерінің бірігуі деп қарастырады
(Л.Г. Попова, т.б.) [210]. Педагогика саласындағы қолда бар зерттеулер
имидждің анықтамасы осы ерекше құбылысқа қатысты психологиялық
зерттеулерден алынғанын айқындайды, ал «имидж» ұғымын қолдану өрісі әлі
де анықталмаған пікірталас тақырыбы болып отыр.
Психология аясында имидждің психологиялық қызметі екі топқа бөлінеді:
ішкі қызметтер, бұлар өзін-өзі сезінуге, өзін-өзі
бағалауға бағдарланған; сыртқы
қызметтер, бұлар айналадағы адамдардың қабылдауына бағдарланып, ақпарат
берумен, түсінікпен және сыртқы ықпалдармен байланысты. Психологиялық
тұрғыдан имидждің аса маңызды қызметтері мыналар: психологиялық
қорғаныс, бейімделу, әлеуметтік тренинг, жеке тұлғалық өзін-өзі анықтау
қызметтері, терапевтік қызмет пен өз ойын білдіру қызметі болып табылады.
Студенттік шақ онтогенездік тұрғыдан жастық шақ пен ересектіктің арасы
болып келеді. Бұл жеке тұлғаның дамуындағы маңызды кезең. Бұл жаста
адамның өзіндік санасы қалыптасып, ішкі және сыртқы оқиғалардың