Кіріспе
Қазақстан Республикасы президентінің «Қазақстан – 2030» халыққа жолдауында мемлекет эконмикасының ұзақмерзімді даму стратегиялық бағыттарының бірі көлік деп аталған.
Дипломдық жұмыс тақырыбының өзектілігі. Жолаушылар теміржол көлігі Қазақстандағы теміржол тасымалдарының 60%-дан астам көлемін жүзеге асыратын аймақтық және аймақаралық қатынастардағы маңызды көлік түрі болып табылады. Қазіргі таңда көлік қызметтері саласындағы тасымалдау процесін ұйымдастыру мен жүзеге асыруда өзгерістер туындап, нәтижесінде тасымалдау процесінің ресурс үнемдегіш және ақпараттық технологияларын қолдану, мемлекет ішінде сауда қатынастарын дамыту және көлік түрлерінің арасындағы бәсекелестікті күшейту жүзеге асырылуда.
Көлікті басқару бұл тауарды басқарумен қатар қызмет көрсетуді басқаруды да қажет ететін күрделі процесс. Сондықтан теміржол жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыру үшін сапаны басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырып, әртүрлі ғылыми бағыттардағы көзқарастарды қолдана білу керек, яғни сапаны басқаруда оны ұйымның барлық салаларымен ұштастыра отырып, кәсіпорын мақсатына жетудің тиімді жолдарын жетілдіру – алға қойылған талаптардың бірі. Сонымен қатар, қазіргі таңда жолаушылар тасымалы қызметіндегі сапаны жақсарту жолындағы мәселелер теміржол саласының дамуына кері әсерін тигізеді.
Қазақстанның теміржол көлік жүйесінің әлемдік көлік жүйесіне кірігуі, қазіргі заманға сай перспективалы ұлттық теміржол көлік инфрақұрылымын құру, транзиттік әлеуетті дамыту және оны тиімді пайдалану, көлік процестерінің ең жоғары тиімділігіне қол жеткізу сияқты мақсаттарға жету үшін алдымен мемлекетішілік теміржол кешеніндегі жолаушыларға қызмет көрсету сапасын басқарудағы мәселелерді шешу қажеттігі туындайды.
Жолаушыларды тасымалдау қызметіндегі сапа мәселесін талқылай отырып, оны басқару процесін және жетілдіру шараларын қарастыру зерттеу жұмысының өзекті бағыты болып саналады.
Дипломдық жұмыстың мақсаты – көлік қызметіндегі негізгі сервис элементтерін зерттей отырып, қызмет сапасының деңгейін, оны басқару мәселелерін анықтау нәтижесінде қызмет сапасын жетілдіру. Дипломдық жұмыстың мақсатына cәйкес келесідей міндеттерді жүзеге асыру керек:
жоба сапасын ұтымды басқару мақсатында жобаларды және жобас сапасын басқарудың теориялық және әдістемелік аспектілерін зерттеу;
кәсіпорынның құрылымын анықтап, компанияның қызмет жағдайына экономикалық талдау жүргізу арқылы компаниядағы қызмет көрсету сапасын басқару процесін сипаттау;
жолаушыларды тасымалдау қызметіндегі сапаны жетілдіру жобасы ұсыну, жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін сипаттап, күтілетін нәтижелерді айқындау.
Дипломдық жұмыс құрылымы кіріспеден, 3 тараудан тұратын негізгі бөлімнен, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде дипломдық жұмыс тақырыбының өзектілігі мен зерттелу дәрежесі, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, зерттеудің пәні мен ақпараттық негізі қарастырылады.
Бірінші тарауда жоба және жоба сапасын басқарудың теориялық және әдістемелік негіздерін зерттеу нәтижесінде жобаларды басқару жүйесінің мәні мен оның негізгі ерекшеліктері, кезеңдері мен түрлері, жоба сапасын басқару ерекшеліктері және оның функциялары анықталған.
Екінші тарау негізінде ««ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның жалпы сипаттамасы және құрылымы, дипломдық жұмыстың зерттеу объектісі болып табылатын еншілес компания «Оңтүстік» аймақтық филиалының қызмет түрлері мен қаржылық жағдайын талдау және компаниядағы қызмет көрсетуді басқару процесі қарастырылған. Берілген мәліметтер негізінде сапаны жақсарту мәселелері анықталған.
Үшінші тарауда теміржол саласындағы жобаларды басқару моделі қарастырылған және жолаушылар тасымалы қызметіндегі сапаны жетілдіру жобасы ұсынылған, оны қаржыландыру көздері анықталған, сонымен қатар осы жобаның нәтижелерін талдау жүзеге асырылды.
Дипломдық жұмыстың қорытынды бөлімінде жұмысты орындау барысында алынған нәтижелер мен тұжырымдар жасалынған. Жұмысты жазу барысында отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері, мерзімді басылымдар мен статистикалық мәліметтер қолданылды.
|