6-дәріс. Тұлғаның даралық -типологиялық ерекшеліктері.
1.Темперамент және оның негізгі қасиеттері. Темперамент типтері. Жоғары жүйке жүйе іс-әрекетінің негізгі типтері мен темпераменттің арақатынасы.
2.Мінез туралы жалпы түсінік. Мінез құрылымы. Мінез типтері.
3.Қабілеттердің жалпы сипаттамасы. Қабілеттердің даму деңгейі. Адамзат қабілеттерінің табиғаты.
1. Темперамент және оның негізгі қасиеттері. Темперамент типтері. Жоғары жүйке жүйе іс-әрекетінің негізгі типтері мен темпераменттің арақатынасы.
Темперамент — жүйке жүйесiнiң тума қасиеттерiнен, туындайтын адамның жеке өзгешелiктерiнiң бiрi. Ол адамдардың эмоциялық қозғыштығынан, қимыл-қозғалысынан, жалпы белсендiлiгiнен жақсы байқалады. Темперамент — организмнiң физиологиялық өзгешелiктерiмен, әсiресе, жоғары жүйке қызметiнiң тума қасиеттерiмен шарттас психикалық құбылыс. Темперамент адамның жалпы қозғалысынан да (мәселен, бiреулер шапшаң қозғалады, тез қимылдайды, ендi бiреулер жай қимылдап, асықпай iстейдi), психиканың күшi мен тереңдiгiнен де (мәселен, бiреу өжет, алғыр болса, екiншi бiреу керiсiнше, сылбыр, жiгерсiз болады), адамның көңiл-күйiнiң ерекшелiктерiнен де (салмақты, тұрақты, жеңiл, тұрақсыз т. б.) эмоция сезiмдерiнен де (бiреу сабырлы, екiншi бiреу күйгелек т. б.) жақсы байқалып отырады.
Темперамент туралы алғашқы ой-пiкiрлер ғылымда өте ерте кездiң өзiнде-ақ айтыла бастады. Ежелгi Грецияның белгiлi ғалымы, дәрiгер Гиппократтың (б. э. д, 460—356) еңбектерiнде бұл жөнiнде бiраз пiкiрлер айтылған. Гиппократтың ойынша, әр түрлi темпераменттер адамдар мен жануарлардың денесiнде төрт түрлi сұйық заттарға байланысты болмақ. Олар: дененi жылытып тұратын — қан, салқындататын — шырын (слизь), құрғататын — бауырдағы сары өт және оған дымқылдық беретiн қара өт (талақ). Осы төрт түрлi сұйықтың, араласуының пропорциясын грекше “красис” деп атаған. Ал латын тiлiнде бұл терминдi темпераментум деп атап кеткен.
Сөйтiп, Гиппократ және оның шәкiрттерi адамдағы темпераменттердiң әр түрлiлiгi организмдегi осы төрт түрлi сұйық заттың бiр-бiрiнен аз-көптiгiне байланысты деп түсiнген. Мәселен, организмде қанның пропорцисы артық болса, ол сангвиникалық (латынша “сангиус”-қан), ал шырын басым болса (грекше “флегма”—шырын), флегматик темперамент деп; ал организмде қара өт басым болса меланхолик (грекше “мелай-нехоле”— қара өт), организмде сары өт басым болса, холерик (грекше холе — өт) темпераментi деп аталған.
Гиппократ организмдегi сұйықтардың бiрiнен екiншiсiнiң басым болуы кейбiр аурулардың шығу тарихын түсiндiруге де жарайды дедi, ол мидың ролiн түсiне бiлдi, оны бездердiң бiрi деп санады. Бұл — адамның жеке ерекшелiктерiн жаратылыстық ғылыми зерттеудiң алғашқы қадамы едi.
Рим дәрiгерi Гален (129—199) темпераменттiң санын он үшке жеткiздi. Гален организмде жылылық неғұрлым басым болса, адамның темпераментi күштi болатынын, денесi салқын болса, темпераментi баяулайтынын айтты. Бұл секiлдi түсiнiктердiң прогрессивтiк маңызы зор. Өйткенi адамның тәнiн зерттеу, тәжiрибеге көңiл аудара бастау — сол кезде кең жайылған, жан тәнге байланыссыз нәрсе дейтiн терiс пiкiрге берiлген үлкен соққы едi.
Орта ғасырдағы ғалымдар темпераменттi организмдегi химиялық заттардың құрамына байланысты түсiндiруге тырысты. Кейiннен темперамент организмнiң түрлiше физиологиялық өзгешелiктерiне, атап айтқанда, қан жолы жүйесiнiң құрылысына, зат алмасуға, iшкi секреция бездерiне т. б. байланысты деген пiкiрлер де тарады. Немiс философы И. Кант (1724—1804) өзiнiң “Антропология” деген еңбегiнде темпераменттiң төрт түрi туралы толық психологиялық сипаттама бердi. Бiрақ ол темперамент пен мiнез ұғымдарын бiр-бiрiне балама ретiнде (бұлай деп ұғыну қате) қарастырды.
Темперамент туралы теориялар XIX ғасырдың аяқ кезiнде де кең өрiс алады. Мәселен, немiс анатомы Гейне темпераменттердiң түрлiше болуы жүйке жүйесiнiң тонусына байланысты десе, орыс антропологы Зеланд Н. Л. (1833—1902) ми қабықшасындағы молекулярлық қозғалыстың жылдамдығы мен бiркелкiлiгiне байланысты дедi. Көрнектi орыс педагогы П. Ф. Лесгафт (1837— 1909) темпераменттердi қан сауыттарының жуандығы мен кеңдiгiне байланысты деп тұжырымдады.
Достарыңызбен бөлісу: |