Дәріс 5. Тұлға әлеуметтануы.
Дәрістің жоспары:
Тұлға әлеуметтануының зерттеу аясы
Адам, индивид, тұлға ұғымдарының арақатынасы
Әлеуметтену. Тұлғаның әлеуметтенуі. Әлеуметтену агенттері
Әлеуметтік статус. Әлеуметтік роль
Дәрістің мақсаты: Тұлға әлеуметтануының зерттеу аясын және әлеуметтанудағы адам-индивид-тұлға категорияларын қарастыру, тұлғаның әлеуметтенуі түсінігімен таныстыру.
Тұлға әлеуметтануы - тұлғаны әлеуметтік қатынастардың объектісі мен субъектісі ретінде зерттейтін әлеуметтану ғылымының бір саласы. Сондай-ақ, тұлға мен қоғам арасындағы байланыстарды, тұлғаралық қатынастарды, тұлға типтерін, тұлғаның әлеуметтену мәселелерін зерттейді.
Адам - тірі табиғаттың жоғары даму сатысында тұрған биоәлеуметтік тіршілік иесі.
Индивид – адам баласының жеке өкілі. Индивидуалдылық ұғымына жақын. Әр адамның өзіне тән әлеуметтік, психологиялық, биологиялық ерекшеліктері болады.
Тұлға – индивидтің даму нәтижесі. Тұлға - адамдық сапалардың іске асу нәтижесі, әлеуметтенудің нәтижесінде қалыптасқан адам.
Әлеуметтену – өзара әрекеттесудің маңызды түрі, адамның қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуы, адамның биологиялық ағзадан әлеуметтік ағзаға айналу процесі. Әлеуметтенудің нәтижесінде адам тұлға болып қалыптасады. Әлеуметтену дегеніміз адамның қоғамға араласуы үшін қажетті ережелерді, нормаларды, тәжірибелерді, құндылықтарды үйренуі, белгілі бір әлеуметтік ортада қалыптасқан үрдістерді бойына сіңіруі. Адам өмірінде әлеуметтену процесі өмір бойы жүреді. Әлеуметтену тек қарым-қатынастың нәтижесінде жүзеге асады. Яғни адам басқа адаммен қарым-қатынасқа түсе отырып өмір бойы жаңа нәрсені үйреніп, меңгеріп жүреді, өмірінде болған келеңсіз жағдайлардан сабақ алып, өз әрекетін дұрыс жолға қойып отырады.
Әлеуметтену - әлеуметтік ролдер мен мәдени нормаларды игеру үрдісі. Бұл үрдіс адамның жеке, даралық бейнесін қалыптастырады.
Әлеуметтену үрдісі адамның басты өмірлік айналымын (цикл) қамтиды. Бұлар балалық шақ, жасөспірім, есею кезеңі және қарттық.
Әлеуметтену үрдісінің қорытындысына орай бастапқы және ересек әлеуметтену кезеңдері бөлінеді.
Әлеуметтену үрдісіне адаптация, оқыту, тәрбиелеу, өсу және есею үлкен әсер етеді. Адаптация – уақыты шектелген, жаңа жағдайға бейімделу үрдісі. Оқыту – жаңа білім алу. Тәрбиелеу – жеке адам мінез-құлқы мен санасына мақсатты әсер ету. Есею – адамның 10-20 жас аралығындағы әлеуметтік-саналық қалыптасуы. Өсу – адам денесінің физиологиялық қалыптасуы.
Социобиологиялық зерттеулер аумағында фералды адамдар түсінігі бар. Бұндай адамдар әлеуметтік оқшаулану (изоляция) кесірінен пайда болады. Бұлар әлеуметтенудің бастапқы кезеңінде әлеуметтік ортадан әртүрлі себептер кесірінен оқшауланып қалған адамдар. Фералды адамдар қоғамның толыққанды мүшесі бола алмайды.
Оқыту – бір жақты эволюциялық үрдіс, яғни тек үлкендер ғана кішілерді оқыта алады. Қазіргі заманда білім өте үлкен жылдамдықпен дамып келеді, ал адамның физиологиялық ерекшелігі өте аз өзгеріске түсіп отыр. Бұл мәселе қазіргі социологтар, психологтар арасында үлкен зерттеуді талап етіп отыр.
Адам өз ортасында сөйлей білуге, мінез-құлық ережелеріне, әдет, салт-дәстүрге, ойлай білуге, мәдени ережелерге үйренеді. Мұның барлығы әлеуметтену үрдісін құрайды.
Әлеуметтік «мен» түсінігінің құрылымдалуы
Әлеуметтену үрдісінде бір әлеуметтік топтың басқаларды, жеке адамды өмір сүруге үйретуі әлеуметтік «мен» түсінігінің құрылымдалуына әкеледі.
Адам өте әмбебап әлеуметтік құрылымға ие. Адам баласына өте күрделі әлеуметтік құрылым шындығынан өтуге тура келеді.
Адам өмір бойына өз әлеуметтік орнын алып, оны ұстап тұруға тырысады. Сол себепті әлеуметтену бүкіл өмір бойына созылатын үрдіске айналады.
Ересек адамдардың барлығында дерлік өз «әлеуметтік үйі», яғни қоғамдық жүйеде өз тұрақты орны бар. Оны мәртебе, кәсіп, қызмет, әлеуметтік рол айқындайды. Ең бастысы «әлеуметтік үй» адамға тәуелсіздік, еркіндік, алдағы күнге деген сенім береді. Ал бала немесе жасөспірімнің қоғамда өз орны, яғни өз «әлеуметтік үйі» жоқ, сол себепті олар ата-аналарына, айналасындағы әлеуметтік ортаға тәуелді.
Алдымен саяси (төлқұжат алу, дауыс беру, сайлау құқығын алу), соңынан экономикалық (мыс., жұмысқа тұру) және әлеуметтік (некеге тұру, отбасын құру) тәуелсіздік алу әлеуметтенудің бастапқы және ересек кезеңдері араларындағы сапалық шекараның өтуін белгілейді.
Әлеуметтену – жеке адамның даралық ретінде қалыптасуы. Бастапқы балалық кезеңде, әдетте 2-5 жас аралығы, адамда жеке, даралық сезімі болмайды. Соңынан қарапайым түсініктерді игеру, әріптер танып, оқу - бірте-бірте бала бойында даралық сезімін қалыптастыра бастайды.
Кішкене бала тыңдамаған кезде, бұл оның қарсылық сезімі емес, ол тек өз еркіндігін, шеңберін мөлшерлеп отырады. Ал қарсылық ересек жастағы балаға тән сезім. Егер жасөспірім отбасылық, қоғамдық құндылықтарға күмән келтіріп, қарсылық көрсете бастаса оның өзіндік «мен» ұғымының қалыптасқандығының белгісі. Әр адам бойында, оның «мен» деген даралық сезімі әр түрлі жаста қалыптасады.
Әлеуметтік «мен» түсінігінің қалыптасуы – бұл адамның өз ортасымен қарым-қатынасқа түсуі, бұл адамның өз әлеуметтік орнын іздеуі. Бұл үрдіс нәтижесінде – жеке, даралық қалыптасады. Осымен әлеуметтенудің бастапқы кезеңі аяқталып, ересек әлеуметтену кезеңі басталады.
Әлеуметтену үрдісіне оқыту, тәрбиелеу және адамның өз талабымен игеру үлкен әсер етеді. Барлық адамдардың білім алуына мүмкіндік жасауға адамзаттың тек XX ғ. ғана қолы жете бастады. Жалпыға бірдей орта білім – біздің заманымыздың ең ұлы жетістігі. Дамыған мемлекеттер өз ұлттық кірісінің 1/3 білім беруге шығындайды.
Әлеуметтену тек білім берумен шектелмейді. Себебі білім адамды тек теориялық, техникалық жетістікке жеткізеді. Ал қалған өмірге қажетті икемділікті тәжірибе береді. Тәжірибе тәрбиелеу арқасында жинақталады. Мыс., ешқандай университет өте талантты менеджер, кәсіпкер жасап шығара алмайды, ол жастардың бәріне бірдей білім береді. Ал соңынан кім қандай ортаға түссе, сондай маман ретінде тәрбиеленіп шығады.
Сонымен қатар әлеуметтену үрдісінде адамның өз талпынысымен игеруінің мәні де өте зор. Егер адам өзі талпынбаса не білім, не тәрбие, одан жақсы отбасы иесі, адал іскер дос қалыптастыра алмайды. Адам қашан бұл дүниеден кеткенше өмірге деген көзқарасын, әдетін, мінезін өзгертіп отырады. Адам қартайған сайын оқу мен тәрбиеден гөрі өз жеке талабының, талпынысының мәні арта түседі.
Сол себепті де социологтар әлеуметтену үрдісін адамның бүкіл ғұмыр бойына созылатын үрдіс деп атайды. Сонымен қатар әлеуметтенуді жасанды басқаруға болмайды, бұл таза табиғи үрдіс.
Социологтар адамның жеке, даралық бейнесінің 70% жасөспірім шаққа дейін қалыптасатынын мойындайды, сол себепті де оқу мен тәрбиенің мәні зор. Бірақ бұл әлеуметтену үрдісін басқару емес.
Достарыңызбен бөлісу: |