Церемония және ритуал рәсімі. Олар тек қана діни аймақта өмір сүрмейді. Символикалық әрекет адамзат мәдениетінің барлық аймақтарын қамтиды.
Церемония – белгілі бір оқиғаны, адамдарды не датаны атқаруға арналған символикалық мазмұндағы әрекет. Оның қызметі – атқарылып жатқан оқиғаның қоғам немесе белгілі бір әлеуметтік топ үшін аса құндылығын баса көрсету. Мыс.: Президент инаугурациясы - қоғам үшін маңызды церемония.
Ритуал. – осы үшін әдейі таңдап алынған және әзірленген тұлғалар арқылы орындалатын, мықтап жоспарланған сөздер мен қимыл-әрекеттер жиынтығы. Ритуал символикалық мазмұнға ие. Ол сол оқиғаны драмалауға, көрушілер көңіліне қорқыныш пен сенім ұялатуға арналған.
Ритуал діни, саяси (халықаралық шарттарға қол қою) және тұрмыстық аймақтарда да кең таралған.
Құлық. Моралдық мазмұнға ие салт. Бұл категория астына, сол қоғамда бар және адамгершілік бағаға ие мінез-құлық нысандары жатады. Мыс.: көптеген қоғамдарда көшеде жалаңаш жүру құлыққа жат болып саналады, ал кейбір қоғамдарда (негізінен Африка континентінде) ол құлыққа жат болып саналмайды. Сондықтан нені құлыққа жат деп санау - сол қоғам мәдениетіне байланысты болады. Бірақ мүгедек адамға күлу, әлсізді қорлау сияқты жалпы адамзат құлқына жат көріністер де болады.
Құлықтың ерекше нысаны – табу. Табу – белгілі бір әрекетке, сөзге, затқа салынатын абсолютті шектеу. Қазіргі қоғамда қан араласушылыққа (инцеста), каннибализмге, моланы қорлауға табу қойылған.
Заңдар. Парламент не Үкімет құжатымен бекітілген және сөзсіз орындалуды талап ететін мінез-құлық нормалары. Заңдардың екі түрі болады. Жәй құқық - дәстүрлі қоғамда мемлекет рұқсат еткен, жазылмаған мінез-құлық ережелері. Қазір олар өте сирек кездеседі. Жәй құқықтан формалды құқық өсіп шықты, яғни конституция негізінде бекітілген юридициялық заңдар. Заңдарды бұзу қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Заңдар арқылы қоғам ең қымбатты құндылықтарды қорғайды: адам өмірі, мемлекеттік құпия, адам құқығы мен бостандығы, меншік.
Ұнам, сән және қызығушылық. Салт немесе дәстүрді адам өз еркінен тыс игереді. Бұл жерде таңдау бостандығы жоқ. Ал керісінше ұнам, сән, қызығушылық сияқты мәдениет элементтері адамның таңдау бостандығының куәсі болып табылады.
Ұнам – бір нәрсеге бейімділік, құмарлық, әдетте сұлулықты тану мен түсіне білуді білдіреді. Киімге деген ұнамдылық, киіне білудің жеке стилін қалыптастырады. Ұнам даралықтандырылған, себебі ол адамның жалпы қабылданған нормалардан қаншаға ауытқығанын көрсетеді. Қызығушылық - аз уақытқа созылатын, сезімдік құмарлық. Әр ұрпақтың өз қызығушылығы болады: джаз немесе рок және т.б. Өте көп адамдар тобын қамтыған қызығушылық мода, яғни сән деп аталады.
Сән – мәдени үлгілер мен нормалардың ауысуы, бір қызығушылықтың екіншімен алмасуы. Егер ұнам адамда өмір бойы сақталса, сән мен қызығушылық жиі өзгеріп отырады.
Сәннің жәй қызығушылықтан артықшылығы, ол әлеуметтік символ болып табылады. Сәнге құмарлық қалалық жерлерге тән, себебі, қалада адам мәртебесі еңбексүйгіштік пен мінез арқылы емес өмір стилі, материалдық жағдайы және ең бастысы киіне білу мәнері арқылы белгіленеді.
Құндылықтар. Мәдениет өз негізінде құндылықтар жүйесіне сүйенеді. Құндылықтар – көпшілік адам қолдаған және бөлісетін қайырымдылық, әділеттілік, достық, Отан сүйгіштік және т.б. туралы түсініктер. Құндылықтар ешқандай күдік-күмән тудырмайды, олар барлық адамдар үшін үлгі, эталон болып табылады. Адалдық құндылық болып табылады, ал одан ауытқу сатқындық болып саналады. Құндылықтарсыз ешқандай қоғам өмір сүре алмайды. Ал даралықтар, сол құндылықтарды таңдау бостандығына ие. Біреулер үшін ең жоғары құндылық - ақша, ал біреулер үшін моралдық тазалық. Кез-келген жеке адам қандай құндылыққа бағытталғанын анықтау үшін социологтар құндылықтық бағдар түсінігін ғылыми айналымға енгізді. Ол нақты бір құндылықты мінез-құлық нормасы ретінде таңдаудағы жеке қатынасты білдіреді.
Сөйтіп құндылықтар қоғамға, ал құндылықтық бағдар жеке адамға тиесілі.
Білім, аңыздар және сенім. Білім – бір нәрсе туралы нақты, дәлелденген хабар. Білім – таным қорытындысы. Таным - әдейі дайындалған адамдар іске асыратын арнайы әрекет. Білім деп аталуы үшін хабардың шын немесе жалған екендігі тексеріледі. Жалған хабар тасталынады, ал шындыққа сәйкесі ғылыми білім ретінде танылады. Бүгінде білім мәдениеттің ең маңызды элементі.
Білімге қарама-қарсы бағытта аңыздар тұр. Аңыз - әлемнің және ондағы қоғам мен адам өмірінің ойдан, қиялдан тудырылған картинасы. Әлеуметтану, саясаттану ғылымдарында саяси аңыз деген термин бар. Мыс: қазіргі өркениетті қоғам мүшелерінің өзі мүмкіндіктер теңдігі дегенге сенеді, ал шын мәнінде ол ешқандай мүмкін емес нәрсе.
Сенім – белгілі бір идеяға деген сезімдік (эмоция) көзқарас. Сенімге алу – ешқандай дәлелдеусіз-ақ шындық деп тану, себебі сенім ешқандай дәлелдеуді талап етпейді. Мыс.: орта ғасырлық адамдар жердің жазық екендігіне және оны үш киттің ұстап тұрғанына сенді және оны дәлелденген шындық деп қабылдады. Қандай парадоксалды болса да, сенімге тек аңыздар ғана емес білім де сүйенеді. Мыс.: кез-келген ғалым өз теориясының нағыз шындық екендігіне сенімді. Сөйтіп сенім аңыз бен білімді бір-бірінен ажыратпайды.
Ар-ұждан кодексі. Адамдар мінез-құлқын реттейтін ережелер ішінде ұждан түсінігіне негізделген ерекше ережелер бар. Ол этикалық мазмұнға ие және адам өз есімін, беделін қорламау үшін өзін қалай ұстау керектігін көрсетеді. Олардың барлығының да шыққан тегі әлеуметтік. Ар-ұждан рулық, отбасылық, тектік және даралық болады. Рулық ар-ұждан әлеуметтік символды толықтырушы моралдық символ.
Еуропалық ақсүйектік (аристократия) мәдениетте ар-ұждан түсінігі оның ең ортаңғы элементі болып табылды. Ар-ұждан үшін ең қымбат баға - өз өмірін төледі. Кейбір қазіргі халықтарда, қанға-қан түсінігі бар, яғни өз руының не отбасының, не тегінің, не дара өзінің ар-ұжданып қорғауға бағытталған түсінік.
б) Мәдениет нысандары
Социологтар мәдениеттің үш нысанын – элитарлы, халықтық және бұқаралық; екі түрін – субмәдениет және контрмәдениетті деп бөледі.
Элитарлы мәдениет. Элитарлы мәдениет қоғамның артықшылыққа ие болған бөлігінің мәдениеті. Ол әсем өнерді, салмақты музыканы және жоғары интеллектуалды әдебиетті қосады. Мыс.: Пикассо салған суретті, не Моцарт әуенін дайындалмаған адамның түсінуі қиын. Ал ондай дайындыққа екінің бірінің қолы жете бермейді. Олар орта білімді адамның қабылдау деңгейінен 20-30 есе озық отырады. Ол мәдениеттің тұтыну шеңбері - қоғамның өте білімді бөлігі. Элитарлы мәдениет формуласы «өнер үшін өнер».
Халық мәдениеті. Халық мәдениеті кәсіби дайындығы жоқ, белгісіз жасампаздар қолымен құрылады. Халық шығармаларының авторы белгісіз. Ол аңыздарды, ертегілерді, эпос, ән, жыр, билерді қосады. Орындалуына сәйкес халық мәдениеті элементтері даралық (аңыз айту), топтық (би не ән орындау) және көпшілік (карнавалдық шеру) болып бөлінеді. Фольклор – сол жердің дәстүріне байланысты және оны жасауға көңілі соққандардың бәрі қатысады.
Бұқаралық мәдениет. Ол ақсүйектердің әсемдік ұнамын не халықтың рухани ізденісін білдірмейді. Оның пайда болу уақыты XX ғасырдың ортасы, яғни бұқаралық ақпарат құралдарына (радио, баспасөз, теледидар, магнитофон) барлық әлеуметтік топ өкілдерінің қол жеткізуіне мүмкіндік туғызған уақыт. Поп не рок музыка, не көше қойылымдары – бұқаралық мәдениет үлгісі. Ол білім деңгейіне және т.б. қарамастан барлық адамдарға түсінікті және оны бәрі тамашалай алады.
Бұқаралық мәдениет элитарлық не халықтық мәдениетпен салыстырғанда шамалы көркемдік мәнге ие. Ол адамдардың сол қысқа уақыттағы сұранысын қанағаттандырады және кез-келген жаңа оқиғаға қарай ауытқып отырады. Сондықтан бұқаралық мәдениет үлгілері мыс. шлягерлер тез ескіріп, ұмытылады. Элитарлық не халық мәдениеті шығармалары мұндай жағдайға ұшырамайды. Поп мәдениет – бұқаралық мәдениеттің символдық аталуы, ал КИТЧ - оның бір түрі.
Субмәдениет. Қоғамның көпшілік мүшесі басшылыққа алатын салт-дәстүр, сенімдер, құндылықтар жиынтығы доминант – мәдениет деп аталады. Бірақ қоғам әр түрлі топтардан ( ұлттық, демографиялық, әлеуметтік, кәсіби) тұратындықтан, олардың әрқайсысында өз жеке құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық ережесі, яғни өз мәдениеті қалыптасады.
Субмәдениет – жалпы мәдениеттің бір бөлігі, белгілі бір әлеуметтік топқа тиесілі мәдени элементтер жүйесі. Жастар субмәдениеті, ұлттық азшылық субмәдениеті, кәсіби субмәдениет сияқты түрлері бар. Субмәдениет бір-бірінен тілі, өмірге көзқарасы, мінез-құлық мәнері, киінуі және т.б. ерекшеленеді. Субмәдениет пен доминант мәдениет арасындағы айырмашылық үлкен болуы мүмкін. Бірақ субмәдениет доминант мәдениетке қарсы тұрмайды, ол оны толықтырады
Контрмәдениет. Ол доминант мәдениетке қарсы тұрушы, үстемдік етуші құндылықтармен ымырасыз мәдениетті білдіреді. Мыс: 60-шы жылдардағы хиппи қозғалысы үстемдік етуші американдық құндылықтарды: конформизм, материалдық жинақылық, саяси төзімділік, рационализмді жаққа шығарды.
Мәдени әртүрлілік. Мәдени ретсіздік (дифференциация) – бір ғана символдар, нормалар, ережелер мен құндылықтар әр жерде әр қилы мазмұнға, кейде тіпті бір-біріне қарама-қарсы мазмұнға ие болуы. Мыс: бір мәдениетте (тіпті бір қоғам ішінде де) туыстар арасында некеге тиым салынады, ал екіншісінде рұқсат етіледі. Еуропада қайғы түсі - қара, ал Қытайда – ақ. Ал ақ Еуропада қуанышты білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |