Әлеуметтік құрылым – қоғамның не әлеуметтік топтың ішкі құрылымы, әлеуметтік топтар мен әлеуметтік институттар арасындағыөзара қатынастардың реттелген жиынтығы.
Қоғамның әлеуметтік құрылымының құрамдас бөліктері:
1. Әлеуметтік қабаттар, таптар: жұмыссыздар, жұмысшылар, қызметкерлер, кәсіпкерлер, әскерилер, байлар, кедейлер, феодалдар, ақсүйектер, т.с.с.
2. Әлеуметтік-демографиялық топтар (жасы, жынысы): әйел, еркек, бала, қарт, жастар
3. Әлеуметтік-территориялық топтар: ауылдық, қалалық, солтүстік, оңтүстік, т.с.с.
4. Әлеуметтік-этникалық топтар: ұлттар, халықтар, этностар, диаспоралар, ру
5. Әлеуметтік-кәсіби топтар: дәрігерлер, мұғалімдер, әскери, инженер, т.с.с
6. Дін өкілдері.
Тап - билік, байлық сияқты әлеуметтік артықшылықтарды пайдаланудағы мүмкіндіктері әртүрлі әлеуметтік топтар. Тап – әлеуметтік топқа кіретін үлкен топ. Тап ұғымы ғылымда 18 ғасырда пайда болған. Батыс ойшылдары тап ұғымын саяси құрылымды түсіндіру үшін қолданған. Адамдар кіріс, табыс, мамандық, билікке қатысы, білім деңгейі, мәдениеті бойынша таптарға бөлінеді. Сонымен, өндіріс құралдарын қол астына, меншігіне алған, қоғамдық еңбек бөлінісі жүйесінде белгілі бір орынға ие болған және табысқа иелік етудің ерекше тәсілдері арқылы сипатталатын адамдардың үлкен әлеуметтік тобы кең мағынадағы тап деп аталады. Қазіргі қоғамдағы бірінен-бірі өзінің табысы, білім деңгейі, билік мөл-шері және престижі (дәрежесі) арқылы ерекшеленетін кез келген әлеуметтік қабатты (жікті) тар мағынада тап деп атайды.
Әлеуметтік тап – жік, мәртебе және билік белгілері ұқсас өзара теңдікті сезінетін адамдар тобы.
Әлеуметтік қауымдастық - салыстырмалы тұтастығымен ерекшеленетін және әлеуметтік іс-әрекеттің дербес субъектісі болып табылатын \жеке адамдардың жиынтығы.
Біріншіден, әлеуметтік қауымдастықтар өмір сүруін эмпирикалық тіркеуге және тексеруге болады.
Екіншіден, әлеуметтік қауымдастықтар - тұтас жүйелік сипаттамалары бар тұтастық.
Үшіншіден, әлеуметтік қауымдастықтар әлеуметтік қарым-қатынастар объектілері.
Әлеуметтік топ – жеке тұлғалардың ортақ, ынтымақты, үйлескен іс-әрекетін жүзеге асырудағы қажеттіліктерін қамтамасыз ететін адамдар бірлестігінің, өзара әрекетінің негізгі түрі, бірігу дәрежесі арқылы бірлестіктердің құрамын белгілейтін кең ұғым. Әлеуметтік топ дегеніміз кез келген белгілері бойынша (жынысы, жасы, ұлты, нәсілі, мамандығы, тұратын жері, табысы, білімі және т.б.) топтасатын адамдардың жиынтығы. Адамдардың мүдделерінің, құндылықтарының және мінез-құлық нормаларының ортақтығы мен айырмашылықтарына қарай адамдардың жіктелуін бейнелейді. Мұндай жиынтықты құруда ортақ қызмет, экономикалық, демографиялық, этнографиялық, психологиялық критерийлер маңызды роль атқарады. Яғни әлеуметтік топтың өзіндік әлеуметтік белгілері болады.
Әлеуметтік топтар әлеуметтік қауымдастықтардан өзгешеленеді:
1) олардың кеңістікте және уақытта өмір сүруінің беріктігі мен тұрақтылығына жағдай туғызатын орнықты өзара іс-әрекетімен;
2) салыстырмалы түрде алғанда жоғары топтасу дәрежесімен;
3) құрамының айқын көрініп тұрған біртектілігімен, яғни топқа кіретін барлық жеке адамдарға тән белгілердің болуымен;
4) құрылымдық құралым ретінде неғұрлым ауқымды қауымдастықтарға бөлінуімен сипатталады.
Страта дегеніміз социологияға геология ғылымынан енген термин. Осы ғылымда жердің қыртысы, қабаты деген мағынаны береді. Страта –қоғамдағы түрлі топтардың материалдық игіліктеріне байланысты бірінен кейін бірі тұруы. Социологтар бұл ұғым арқылы қоғамдағы әлеуметтік топтарды белгілейді. Бірақ та страта тап болмайды. Нақты әлеуметтік құрылым қоғам дамуына байланысты өзгеріп отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |