КІРІСПЕ
Казақ әдебиеті тарихының пәні. Пәннің мақсаты мен зерттеу нысаны. Әдебиет тарихы - әдебиеттану ғылымының құрамдас, негізгі бір бөлімі. Қазақ елінің тарихы қазіргі түркі тілдес халықтардың қоғамдық, әлеуметтік және рухани өмірінен, тұрмыс-тіршілігімен қадым замандардан бері өзара тығыз байланысты болғандығы.
Бүкіл түркі тілді халықтарға ортақ әдебиет /ҮІ-ХҮ-ғасырлар/. Ежелгі түркі тілді әдебиет - бертін келе қазақ халқының этникалық құрамына енген тайпалардың көне дәуірдегі әдебиеті, олардың ежелгі түркі ру-ұлыстарымен бірге жасаған көркем сөз өнері.
Түркі тілді халықтарға ортақ әдебиеттің көп ғасырлық тарихын негізінен үш кезеңге бөліп қарастыру қажеттігі.
Бірінші, VІ-ІХ ғасырлардағы көне түркі әдебиетінің ескерткіштері /"Күлтегін", "Білге қаған", "Тоныкөк" жырлары, "Қорқыт ата кітабы", "Оғыз-наме", Әбу Насыр әл-Фарабидың әдеби мұралары/.
Екінші, Х-ХІІ ғасырлардағы әдебиет/Махмұд Кашғари. "Дуани лұғат ат-түрік"; Жүсіп Баласағұн. "Құтадғу біліг"; Ахмед Иүгінеки. "Хабатул-хакайық"; Ахмет Яссауи. "Диуани хикмат"; Сүлеймен Бақырғани. "Бақырғани кітабы"/.
Үшінші, ХІІІ-ХҮ ғғ, яғни Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет /Рабғузи. "Рабғузи қиссалары"; "Кодекс Куманикус"; Хорезми. "Мухаббат-наме"; Құтб. "Хұсрау-Шырын"; Сайф Сарай. "Гулистан бит-турки"; Дүрбек. "Жүсіп-Зылиха"; Әбілғазы. "Шежіре-и түрік"; Кадырғали Жалайыри. "Жамиғ-ат тауарих"; Хайдар Дулати "Тарих-и-Рашиди"; Бабыр. "Бабыр-наме"/.
ДӘРІС МӘТІНДЕРІ
Дәріс: 1-2
Тақырыбы: Кіріспе. Ежелгі дәуір әдебиетіне шолу.Көне түркі әдебиеті. /ҮІ-ІХ ғ.ғ./
Cабақты өту түрі: Активті
Жоспары:
1.Қазақ әдебиетінің даму кезеңдері
2.Ежелгі дәуір әдебиетіне шолу
3.Ежелгі дәуір әдебиетінің зерттелуі
4.Ежелгі жәдігерліктертің зерттелуі
5.Ежелгі мәдениет «Ұлы Жібек жолы» туралы түсінік
6. Тіл және жазу
7.Таңбалы тастағы суреттер - петроглифтер
Дүние жүзі әдебиеті мен мәдениеті қазынасына үлкенді-кішілі әрбір халық сан ғасырлар бойы өзіндік үлес қосып келгені көне тарихтан жақсы белгілі.
Қазақ әдебиеті тарихы қазақ халқының ерте замандардан бастап бүгінге дейін жасаған көркем әдебиет туындыларын толық қамтыды. Ежелгі дәуірдегі әдебиетіміз туралы айтқаңда, ең алдымен, екі мәселені айқын түсінуіміз керек. Біріншісі – біздің ежелгі дәуір әдебиетіміздің туындылары тек қазақ халқының ғана еншісі емес, олардың басқа түркі тектес халықтардың да әдебиетіне ортақ екендігі. Екіншісі – қазақ тілінде емес, ежелгі түркі тілінде жазылғандығы. Енді осы жайттарға түсінік бере кетейік.
Қазақ халқының құрылуына негіз болған ру-тайпалар ол замандарда қазіргі Қазақстанды, Орта Азияны, Оңтүстік–шығыс Сібірді, Орталық Азияны, Еділ бойын, Каспий жағалауларын мекен еткен. Олар өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрікмен, ұйғыр, қарақалпақ, хакас, башқұрт, татар халықтарының төл құрамына енген ру-тайпалармен аралас өмір кешкен. Сөйтіп, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірі бір-бірімен өзара тығыз байланысты болған түркі тілдес халықтардың әдебиеті де ортақ болды. Кумандар, Дешті Қыпшақтар, тағы басқадай атанған жартылай көшпелі, жартылай отырықшы түркі тілдес халықтардың ерлігі, тұрмыс-тіршілігі, арман-қиялы поэзия тілімен жырланып, ерлік эпостар, ертегілер, аңыздарда баян етілген. Құлпытас, күмбез түріндегі ескерткіштерге өздерінің елеулі-елеулі тарихи адамдары туралы жоқтау, мадақтауларын жыр түрінде ойып жазып қалдырып отырған. Бұл түркі ұлыстарының жазу мәдениеті ертеден пайда болғанын көрсетеді. Ол жазулар дами келе Күлтегін, Тоныкөк, Қорқыт ата, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Ахмет Йасауи, Бақырғани, Хорезми, т.б. орта ғасырлық ғұламалар шығармаларының сақталуына негіз болды.
Ру-тайпалық дәуірде өмірге келген шығармалардың тілі қазаққа түсініксіз болса, олар қазақ әдебиетінің мұрасы бола ала ма деген сұрақ туындайды. Кейбір ғалымдардың теріс пікірде екенін де ескеру керек. Алайда, ғылыми тұрғыдан қарағанда, олардың теріс жауаптары негізсіз. Өйткені, "қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары, сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал", – деп көрсетеді ғалым Б.Кенжебаев. Сондықтан да қазақ әдебиетінің ежелгі дәуіріне қатысты әдеби ескерткіштер көне түркі, шағатай (шағатай, тілі – араб және парсы сөздері араласқан түркі ру-тайпаларының кітаби тілі, ол сол кездегі барлық түркі тектес халықтарға түсінікті тіл болған), ұйғыр, араб, парсы тілдерінде жазылғанмен, біз оларды төл әдебиетіміздің тарихының басы деп танимыз.
Міне, ежелгі дәуір әдебиетінің белгілі мұралары, үлгілері осындай. Олар өзінен кейінгі әдебиеттің дамуына, шыңдалуына негіз, түп төркін болған.
Ежелгі түркілердің, яғни сақтар мен ғұндардың, « көк түркілер» мен қыпшақтардың өзіндік жоғары мәдениеті болғанын деректер қытай, грек, үнді, армян тарихшыларының кітаптарында, сондай-ақ Авеста, Бехистун, Бундахши, «Орхон- Еисей»,т.б жәдігерліктерде сақталған.
Түркілердің өз дәуірінде лайықты жоғары, өзіндік мәдениті болғанын дәлелдейтін бұлардан басқа да көптеген ғылыми деректер бар.
Иә, ежелгі түркілер қадым замандардан бастап-ақ, « Ұлы Жібек жолы» арқылы Батыс пен Шығыстың көптеген елдерімен мәдени, саяси, экономикалық қарым-қатынастар жасап тұрды.Еуразия құрлығындағы бұл керуен жолы ежелгі түркілер мекен еткен өлкелер арқылы өтетін еді.Бұл керуен жолының Қыпшақ даласы арқылы өтетін тораптары Испиджаб шаһарынан алатын болған.Осы қаладан шыққан керуеншілер арыс өзенінің бойындағы Арсубаникент қаласына, одан әрі Фараб, Йассы, Жаңакент қалаларына, сосын Қызылқұм арқылы Хорезм, Үргеніш, Сарайшық, Еділ бойы елдеріне, Кавказға қарай бағыт ұстаған.
Достарыңызбен бөлісу: |