ӘОБ
ӘУЕЗОВТАНУ-ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БІР САЛАСЫ
Молдагулова Ш.И.
«Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі» КМҚК,
Қостанай облысы, Арқалық қаласы,
«Әуезов Қазақстан үшін екінші Абай,
біз үшін Шығыстың Шолоховы еді»
Н.Погодин
Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов - кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына тұңғыш рет қалам тартып, бәрін игеріп, сол арқылы тіліміздің шұрайын, еліміздің шырайын танытқан қарымды қаламгер, дарынды ғалым. Ұлы жазушы, данышпан ойшыл, ғұлама ғалым, асыл азамат Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Қазақ халқының мәдени даму тарихында жазушы, драматург, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің алатын орны ерекше. Мұхтар Әуезов – ХХ ғасырда қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан дара да күрделі тұлға. М. Әуезов мұрасы – ұлтымыздың рухани байлығы, халқымыздың ұрпақтан- ұрпаққа жалғасатын сарқылмайтын қазынасы. Оның шығармашылық мұрасын зерттеу, Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа қырынан, барлық салада, әр жүйеде көрініс таба бастады.
Қазақ әдебиеттану ғылымының, әдебиет тарихының дербес саласы болып қалыптасқан Әуезовтану – бұл күндері жан- жақты дамыған, өсіп жетілген іргелі саласының біріне айналды. «Әуезовтану – қазақ әдебиеттану ғылымының дербес бір саласы, Мұхтар Әуезовтің өмірі мен творчествосына арналған зерттеу еңбектерді қамтиды», – деп «Әдебиеттану терминдер сөздігінде» анықтама берілген [1]. Әуезов шығармашылығы туралы алғаш пікір 1917 жылы «Сарыарқада» газетінің №2 санында «Еңлік-Кебек» пьесасының қойылымы жайлы жазылған «Игілікті іс» деген атпен жарияланады. Әуезовтану ғылымының алғашқы кезеңі 1917-1927 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезде М. Әуезовтің көсемсөздері, алғашқы әңгімелері мен повестері, драмалық шығармалары жарық көріп, қаламы қарымды қаламгер ғана емес, қоғам қайраткері ретінде танылған болатын. Қаламгердің шоқтығы биік драмалық шығармасы «Еңлік-Кебек» трагедиясының алғашқы варианты 1917 жылы қағаз бетіне түсіп, сол жылы Әйгерімнің ауылында «сахнаға» тұңғыш рет қойылса, 1922 жылы Орынбор қаласында жеке кітап ретінде басылып шықты. Осы кезде «Еңлік-Кебек» пьесасы туралы С. Мұқановтың «Тілші» газетінде (2.10.1925 ж.), М. Шоқайдың «Еңбекші қазақ» газетінде мақалалары жарияланады.
Ж. Аймауытовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесі туралы «Қазақ тілі» газетінде 22.04.1922 жылы жарияланған мақаласы Әуезовтанудың негізін қалаған еңбектің бірі болып саналады. Өткен заманның әдебиет өкiлдерiне және олардың шығармаларын қарағанда олардың шыққан табы мен әлеуметтiк тегi негiзге алынды. Олардың туындыларына баға бергенде де осы тұрғыдан қаралды. Ұлы жазушы шығармашылығында 1917-1932 жылдар аралығы идеялық- көркемдік ізденістің молдығымен дараланса, 1932-1941 жылдар – шығармашылық келбетінің әбден қалыптасып, қазақ театр өнерін алға сүйрелеген шағы. Жазушы өз ғұмырында туған халқымен бірге небір тар жол тайғақ кешулерді өте отырып, тарихтың небір қайталанбас саяси-әлеуметтік сілкіністері мен тоталитарлық жүйенің әділетсіз қыспағында өмір кешті.
С. Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932 ж.) атты кітабында басқа да алашордашыл жазушылармен бірге М. Әуезовке де жеке тарау арналып, шығармалары идеялық жағынан сыналды. 30-шы жылдары М. Әуезовке «Алашшыл», «Байшыл», «Ескішіл» деген сияқты айыптар тағылып, кей туындылары «зиянды» деп танылды.
Әуезовтанудың екінші кезеңі М. Әуезовтің есімін дүние жүзіне әйгілі еткен «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі», – деп француз жазу- шысы Луи Арагон баға берген «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Абайтану саласындағы еңбектеріне тікелей қатысты болып саналады. «Абай» романының жарық көруіне орай (1942), бұл шығарманы қазақ әдебиетінің зор табысы деп бағалаған Б. Кенжебаевтың, Е. Ысмайыловтың, Т. Нұртазиннің, Ғ. Мүсіреповтің т.б. пікірлері жарияланды. Романның 2-кітабы жарық көрген соң (1947), одақтық мерзімді басылымдарда В. Жирмунскийдің, Л. Климовичтің, З. Кедринаның, М. Фетисовтың, П. Скосыревтің т.б. мақалалары басылды [2].
М.О. Әуезов дүниеден өткеннен кейін республика әдебиеттанушылары, Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институты мен әдеби- мемориалдық мұражай үйінің қызметкерлері жоспарлы түрде іргелі ізденістер жасады. Соның арқасында танымал әдебиетші-сыншы, тарихшы ғалымдар М. Қаратаев, Е.В. Лизунова, Л.М. Әуезовалардың жазушының қиындығы мол шығармашылық өсу жолдарын тарихи тұрғыдан көрсеткен, көркем эстетикалық танымына терең талдау жасаған туындылары жарық көрді. Соғыстан кейінгі жылдары идеологиялық қысым қайтадан күшейе түсті де, М. Әуезовтің шығармашылығы тағы да сынға ұшырады. Жазушының ұлтшылдығы жайлы бір жылдың өзінде 1951 жылы 15-тей мақала жарияланған.
Әуезов шығармашылығының ғылыми тұрғыдан зерттеліне бастауы «Абай жолы» роман-эпопеясының аяқталып, 1959 жылы Лениндік сыйлық алуына байланысты болды. 1957 жылы «Абай жолына» арналған ғылыми- шығармашылық конференция өтіп, материалдар «Қазақтың тұңғыш эпопеясы» деген атпен кітап болып шықты. М. Әуезовтің алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында ол туралы 25 мақала жарияланса, 70, 80, 90, 100 жылдықтары тұсында жазушының шығармашылығы жайлы жазылған мақала, зерттеулердің саны мен көлемі арта түсті.
Әуезовтанудың үшінші кезеңі М. Әуезовтің шығармалары әлемге танымал болып, жан-жақты зерттеу объектісіне айналған кезден басталады. Бұл кезеңде «Абай жолы» эпопеясы туралы белгілі әдебиеттанушы ғалымдар М. Қаратаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, А. Нұрқатов, З. Кедрина, Ы. Дүйсенбаев, Е. Лизунова, Р. Бердібаев, Л. Әуезова т.б. ғалымдар өз монографиялық зерттеулерін жариялады. Қазақ және шетел тілдерінде мыңдаған зерттеулер жарық көрді. Әуезов драматургиясынан кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, көлемді монографиялық зерттеу жұмыстары жазылды (Р. Нұрғалиев, Б. Құндақбаев, А. Тоқпанов, С. Ордалиев). 1950-60 жылдары әуезовтану ғылымына құнды монографиялық еңбектер келіп қосылды. Олар: М. Қаратаевтың «М. Әуезов», Ы. Дүйсенбаевтың «М. Әуезов», Нұрқатовтың «М. Әуезовтің творчествосы», Е.В. Лизунованың «М. Әуезовтің шеберлігі», Л.М. Әуезованың Әуезов творчествосында Қазақстан тарихының проблемалары, Ә. Байтанаевтың «Шын шеберлік», Р. Нұрғалиевтің «Трагедия табиғаты», «Күретамыр» [3].
1997 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен М. Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтуіне байланысты, жазушы шығармашылығы туралы зерттеулер жаңа бағытта өріс алып, көптеп жариялана бастады. Баспасөз бетінде жүздеген материалдар жарияланды; ондаған зерттеу, естелік, көркем кітаптар жарық көрді. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Мұхтар мұрасы – Наследие Мухтара» (1997 ж.), «М. Әуезов үйі» ғылыми орталығы «М.О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі», «М. Әуезов туралы естеліктер» (1997 ж.), «Мұхтар әлемі» атты ұжымдық кітаптар шығарды.
2011 жылы «Атамұра» баспасынан «Мұхтар Әуезов энциклопедиясының» жарық көруі әуезовтануға қосылған ең бағалы да құнды еңбек болып табылады. Редакция жазушының өсіп-өнген ортасы, айналасы, шығармашылық мұрасы мен басқа да мәселелерді жан-жақты қамтыған 3 мыңдай мақала мен 500-ге жуық суреттерді жинақтаған. Энциклопедияға әр тақырыпта мақалалар жазған авторлардың саны 200-ден асады. Осы жылдың тағы бір үлкен жетістігі – М. Әуезовтің 50 томдық академиялық шығармалар жинағының көп жылғы еңбектің соңғы 50-томы жарық көруі еді [4].
Қазақстан тәуелсiздiк алған жылдардан бастап әуезовтану саласында жазылған зерттеу еңбектерiнiң бағыт бағдары да өзгерiп, ғылыми тұрғыдағы ұлттық таным негiзi шешушi орынға шыға бастады. Кеңес дәуірі кезеңіндегі социалистік реализм тұрғысынан ғана тар шеңберге салып қарастырған мұраларды бүгінгі күні тәуелсіз қазақ елінің өзіндік көзқарасымен бағалау дұрыс жолға қойылды. Коммунистік идеологияның әсерімен жазылған шығармалар жаңа тұрғыда қарастырылып, М. Әуезов шығармаларындағы тәуелсіздік идеясының көрініс табу принциптері мен әдістері көрсетілді. Осындай бағытта жарық көрген «М.О. Әуезов және қазіргі қазақ әдебиеті» (2009 ж.), «М. Әуезов шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясы» (2011 ж.) атты ұжымдық монографияда М. Әуезовтің көркем туындыларындағы ұлттық идея, тәуелсіздік тақырыбы тарихи жағдай, қоғамдық оқиғаларға қатысты ғылыми тұрғыдан зерделенеді. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің даналық парасатын жан-жақты ашуға арналған Д. Қонаевтың, С. Майлыбаеваның, Ә. Қуанышбаевтың құрастыруымен «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер». 2-басылымы (Алматы, 2007), З. Қобдоловтың «Дана дидар». Романдар, жолжазбалар, аудармалар. (Астана, 2009 ж.), Д. Байқадамованың «Мен білетін Әуезов» (Алматы, 2006) атты естеліктер кітаптары жазушының адамдық, азаматтық, қаламгерлік, қоғамдық, қайраткерлік тұлғасын таныстырады.
Г.Пірәлиева «Қазіргі мұхтартану» (Алматы, 2014) атты монографиясында әуезовтану ғылымының қалыптасуына үлес қосқан әдебиеттанушы ғалымдар еңбектеріне талдау жасайды. М. Әуезов шығармашылығын жоғары оқу орнында оқытуға арналған Е.Күзембаевтың «Мұхтартану», А. Картаеваның «Мұхтар Әуезовтің шығармашылық әлемі», Н. Рахманованың «Әуезовтану дәрістері» атты оқу құралы жазушы мұрасын жаңаша таныммен танытады [5].
Әдебиеттану ғылымының көрнекті бір саласы әуезовтану ауқымы күннен- күнге кеңейіп, қанатын жайып келеді. М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын зерттеу, тану, насихаттау, келешек ұрпаққа таныту – кезек күттірмейтін келелі мәселелердің бірі. Әуезов әлемi көзге көрiнбейтiн ғажайып ұлы сиқырымен, құдiретiмен ұлттық рух тәуелсiздiгiн қорғауға, сақтауға үйретедi!
Келер ғасырда да кемелдене беретiн кемеңгер М.Әуезов – тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз бақыты. Өйткенi, М.Әуезов құдiретi оның елге деген шексiз махаббаты мен сенiмiнде жатыр. Осы бiр ақиқатты сезiну мына бiздерге, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттiң iргесiн нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жiгер қосады. Әуезовтану ғылымын одан әрі дамыта түсу – бізге қойылар басты міндет.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі / Құраст. З. Ахметов, Т. Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі, 1998. – Б. 94.
2. Ахметов З. Суреткердің биік нысанасы / З. Ахметов // Қазақ әдебиеті. – 1992. – 23 қазан. – Б. 3-4.
3. Дәдебаев Ж. Мұхтар Әуезов / Ж. Дәдебаев. – Алматы: Рауан, 1991. – Б. 42.
4. Мұхтар Әуезов: энциклопедия / М. Әуезов.-Алматы: Атамұра, 2011.-687 б.
5. Елеукенов Ш. Әдебиет- тәуелсіздік қаруы.-Алматы: Баспалар үйі, 2009.-472 б.
Достарыңызбен бөлісу: |