2. Жиынтық түрлері. Жекелеген элементтердің сипаттық құрамы негізінде тұтас бір түр немесе популяцияға тән ортақ белгілер жөнінде белгілі бір тұжырымға келуге болады. Популяция шеңберінде белгілер көрсеткіштері ауытқығанымен, олар белгілі бір дәрежеде зерттелінетін объектінің ортақ заңдылықтарына бағынады. Заңдылық белгілі бір көлемдегі белгілердің ортақ көрсеткіштеріне негізделеді. Көлемі, саны неғұрлым үлкен жиынтықты зерттеу нәтижесінен анықталған заңдылықтың мәні соғұрлым шынайырақ келеді. Заңдылықты жекелеген құбылысты ғана емес, көптеген құбылыс жиынтықтарын сараптау нәтижесінде анықтауға болады. Биометриялық статистикадағы зерттелінетін белгілердің нысаны – жалпы сапалық негізбен бірлескен, біртектес, бір-біріне тәуелсіз жеке бірліктері бар, яғни өзгермелі көптеген бірліктерден тұратын жиынтықтардан құралады. Жиынтық деп мысалы, бір тұқымға жататын мал тобын, бір атадан немес анадан тараған топты немесе зерттеу жүргізілетін өсімдіктер тобын айтуға болады. Бір үйір жылқы үшін бірлік мүшесі әрбір жеке жылқы болып табылады. Жиынтық бірлігі белгілермен сипатталады. Егер бір немесе бірнеше мәнді белгілер барлық белгілер үшін бірдей болса, онда зерттелетін жиынтық біртекті болып саналады. Әртүрлі типтегі құбылыстардан тұратын жиынтық әртекті болып табылады. Зерттеу үшін алынған белгілі бір жиынтықтардың құрастырушы бөліктерін жиынтық бірліктері деп аталады. Биометриялық статистикада есептеулер жүргізу үшін популяция көлемінде алынатын жиынтық жалпы және іріктелген болып бөлінеді. Жалпы жиынтық деп – зерттелуге алынған объектінің барлық көлемі, мысалға бір тұқымға жататын барлық жылқылар немесе қойлар жиынтығы айтылады. Жалпы жиынтыққа бірнеше мыңға дейін мал басы кіруі мүмкін.
Жалпы жиынтықты тұтастай есепке алып, сипаттау өте қиын әрі күрделі болғандықтан, есептеулер барысында одан ішінара іріктелген бір бөлігін ғана зерттейді. Көптеген тәжірибелер көрсеткендей, ішінара іріктелген жиынтық нәтижелері жалпы жиынтық құрылымына сәйкес келіп, оны сипаттауға мүмкіндік бере алады. Бірақта, алынған мәліметтердің жалпы жиынтық мәндеріне толықтай дәл келуі мүмкін емес. Іріктеу нәтижелері жалпы жиынтықтың көрсеткіштеріне сәйкес келуі үшін зерттеу мақсатында белгілі бір жиынтықтан іріктелетін әрбір мүше кездейсоқ алынуы керек. Тек сонда ғана ішінара іріктеу жалып жиынтық жөнінде дұрыс мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Егер іріктеуге 30 мүшеге дейін кірсе ол кіші іріктелген жиынтық, ал 30-дан көп болса үлкен жиынтық деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |