2. Қазақстанның қазіргі заман тарихының басты мәселелерінің өзектілігін айқындау. «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы». Қалай болғанда да, Қазақ мемлекеті өзінің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының заңдылықтарын қалыптастырып үлгерді. Біздің бүгінгі бастағалы отырған кезеңіміз Қазақстанның қазіргі заман тарихы, яғни жаңа дәуір.
Қазақстанның қазіргі заман тарихының басты мәселелері:
Қазақ зиялыларының ұлттық мемлекет құру идеялары:
1986 жылдың желтоқсан оқиғасы ‒ тәуелсіздік жаршысы;
Мемлекеттік рәміздердің қабылдануы;
Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу кезіндегі қиыншылықтар;
Азаматтық қоғам қалыптастыруға талпыныстар. Рухани жаңғыру
1. Қазақстан тарихының басты мәселелерінің өзектілігі мынада деп білеміз. XX ғасырдың басында ұлт зиялыларының ұлттық мемлекет құруға ұмтылулары заңды үрдіс еді. Сол кездегі Ресейдегі қалыптасқан тарихи жағдай ‒ төңкеріс алдындағы психологиялық ахуал ұлт зиялыларына үміт отын жаққандай еді.
2. XX ғасыр басындағы ұлт зиялылары қол жеткізе алмаған тәуелсіздік қазақ халқының көкейінен кетпеуі заңды үрдіс еді. Ол XX ғасырдың II жартысында да жалғасын тапты. В.И. Лениннің өзі айтқанындай “Әр ұлтқа өз көсемі басшы болуы керек” деген пікір 1986 жылғы желтоқсан айында да күн тәртібінен түскен жоқ.
3. Мемлекеттік Рәміздерді қабылдауға да қазақстандықтар үлкен энтузиазммен атсалысты. Оның жүзеге асырылуы ғасырлар бойы мақсат еткен асқақ армандардың орындалуының айғағы еді. Ол Махамбеттің жырында , Исатайдың күйінде, Сырым батырдың әні мен хан Кенесары және өте сансыз көп батырлардың жүзеге асырылмай қалған ойларында төгілер еді.
4. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу алдын-ала ойластырылмай , асығыс жүзеге асырылды. Бұл үрдісте де қиыншылықтар кездесті. Бұл шараның әлі зерттеліп, зерделенетін тұстары бар деп ойлаймыз.
5. Бүгінгі күні азаматтық қоғам қалыптастыруға талпыныстар орын алып отыр. Бұл рухани жаңғыруға алып келуі мүмкін. Қазақ халқы рухани жаңғыру үшін алдымен ұзақ уақыт бойы отар ел болғанын мойындап ‒ отарсыздану үрдісін жүзеге асыруы қажет, бұл ф.ғ.к., абайтанушы Омар Жәлелұлы мырзаның пікірі, біз осы пікірді қолдаймыз. Мұндай қомақты шараны жүзеге асыру үшін мемлекет арнайы қаражат бөліп, мақсатты бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуы қажет. Міне осындай шаралар нәтижесінде рухани жаңғырған қоғам қалыптасары анық. Қазақстанның қазіргі заман тарихында мәселелер көп. Біз олардың ішінен бастыларын ғана айқындадық.
1995 жылы Президент жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің “Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы” қабылданды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін мынадай міндеттерді атқару керек:
‒ тарихи ілім-білімнің негізгі-негізгі нысаналарын анықтау;
‒ тарих ғылымының өтпелі кезеңдегі басты мәселелері мен оны шешудің ықтимал бағдарларын айқындап алу;
‒ тарихи білім беру мен ағарту ісін реформалаудың жолдарын белгілеу.
Сондай-ақ, тұжырымдамада тарихтың, әсіресе, қоғам дамуының өтпелі кезеңдерінің ерекше маңызы көрсетілген. Тарихи білімнің негізгі басымдықтары, тарих ғылымының осы уақытқа дейін толық зерттелмеген, тарихшылардың тарапынан толық баға берілмеген оқиғалары, тарихи білім беру мен ағарту ісінің келешегі белгіленді.
Достарыңызбен бөлісу: |