Дәріс 15. Оқушылардың тұтас педагогикалық үдерістегі танымдық
іс-әрекетін белсендендіру
Жоспары: Оқыту – оқушылардың танымдық іс- әрекеті.
«Белсенді танымдық іс- әрекет», «түрткі», «ынталандыру» ұғымдары.
Танымдық белсенділіктің мәні, педагогика танымындағы даму жолдары.
Оқушылардың танымдық әрекетіндегі белсенділіктері және олардың танымдық іс-әрекетін белсендірудің дәстүрлі және қазіргі тәсілдері.
Мұғалімнің оқушылардың белсенді танымдық іс-әрекетін ұйымдастырудың шарттары мен құралдары.
Танымдық іс - әрекеттің өзге әрекет түрлерінен ең басты ерекшелігі - оқушының үнемі «жаңа дүниеге енумен», әрбір жаңа әрекеттерді оқушының оның бірінен екіншісіне ауысып отырумен байланысты. Сондықтан, оқу үрдісінде оқушының білім алуға, өз бетімен әрекет етуге деген құлшынысын оятуға, ақыл - ойының дамып, жетілуіне түрткі болатын танымдық іс - әрекетті ұйымдастырудың тиімді әдіс - тәсілдерін іздестіру өзекті сипат береді. Терең білімге негізделген танымдық біліктердің қалыптасуы оқушылардың білімді теориялық негізде қорыта алуға мүмкіндік беріп, интеллектуалдық белсенді ойлауын жандандырып, шығармашылыққа жетелейді, нәтижесінде, оқушы жеке тұлғасының қалыптасуына негіз болaды.
Оқушының танымдық іс - әрекет құрылымын: танымдық қызығушылықтан, танымдық белсенділік, танымдық ізденімпаздық және шығармашылық іс - әрекеттен тұрады. Оқушы қоғам өмірінде маңызды іс - әрекетке дайындалып жатқандықтан, оның оқу - танымдық әрекеті болашақ кәсіби әрекетінің дидактикалық бейнесі болуы керек. Сондықтан оқушының іс - әрекеті бағытталған, ал оның әлеуметтік және танымдық белсенділігі оның өмірлік жолын анықтаудағы ұмтылысы болып табылады. Сонымен қатар, оқушылардың іс - әрекет ерекшелігіне: өзіндік мақсаты мен нәтижесінің болуы (білім, білік және дағдыны игеру, жеке қасиеттерінің дамуы); оқу нысанының ерекше сипаты (ғылыми білім, болашақ қызметі туралы ақпарат және т. б.); оқушы іс - әрекетінің жоспарлы жағдайда өтуі (бағдарлама, оқыту мерзімі); оқыту құралдарының болуы - кітаптар, лабораториялық құрал - жабдықтар, болашақ кәсіптік еңбектегі модельдер, техникалық құралдар, т. б. жоғары интеллектуалды жүктеме (емтихан, сынақ тапсыру, ғылыми жұмыс қорғау, т. б.) жатады.
Оқушылардың танымдық белсенділігі оқу үрдісінде қалыптасады. Белсенді оқу - танымдық іс - әрекетінің көздейтін мүддесі, білімнің қоғамдық мәнін ұғыну, қоғамға қызмет ету қарқынын үдету қажеттілігі негізінде дамиды. Белсенділіктің ең жоғары көрінісі оқушылардың алған білімдерін өмірде пайдалана білу болып табылады. Демек, оқушылардың оқу - танымдық белсенділігін қалыптастыру - оқу үрдісін жетілдірудің негізгі шарты ретінде қарастыру қажеттілігі туындайды.
Оқушының белсенділігі, негізінен, екі түрлі сипатта болатындығын айтты. Олар: сыртқы және ішкі белсенділік. Сыртқы белсенділік дегеніміз - оқушы әрекетінің сыртқы көріністері (белсенді қимыл - қозғалыстары, практикалық әрекеттері, мұғалімге зейін қойып қарауы, т. б.). Оқушының ішкі белсенділігіне оның белсенді түрде ойлау әрекеті жатады. Белсенділік жеке басқа тән, маңызды бір қасиет болып саналады. Бұл қасиетсіз адамның қандай да болсын жұмысы нәтижелі болуы мүмкін емес.
Қазіргі кезеңгі қоғам талабына сай оқытуда жаңа технологияны пайдалана отырып, оқушылардың оқу - танымдық іс - әрекетін белсендірудің шығармашылық әлеуетін көтерудің маңызы зор.
Белгілі бір дәрежеде оқу - танымдық іс - әрекетті белсендірудің қажеттігі туындайды. Мұнда оқыту үрдісіндегі әдістемелік жүйенің (мазмұн, әдіс - тәсілдер, оқыту формасы, оқыту құралдары) өзара байланысы негізінде оқу - танымдық іс - әрекет міндеттерін жүзеге асырылуын талап етіледі. Оны оқу - тәрбие үрдісінде қолдану үшін мына ұстанымдар жүзеге асуы тиіс:
1. Оқушының өзіндік жұмыстарының жоғары формасы болып табылатын олардың өз еркімен жаңа амал - тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстарына басты назар аударылуы тиіс.
2. Жаңа педагогикалық технологияны қолдану оқушылардың оқу - танымдық белсенділігін арттырып, өзін - өзі тәрбиелей алатын жеке тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді.
Жаңа заман талабына сай мұғалімнің шеберлігін арттыруда бiлiм мазмұны мен оқыту технологияларының рөлі ерекше. Оқыту технологияларын талдағанда, қазiргi өркениеттi елдер тәжiрибесiнде жүзеге асырылып жатқан бiлiм берудiң жаңа моделiне – Нәтижеге бағдарланған бiлiм моделiне - сәйкес келетiн оқыту технологияларын iрiктеудi қажет етедi. [2]
“Оқыту технологиясы” терминi алғаш рет АҚШ-та ХХ ғасырдың ортасында пайда болды. “Технология” – гректiң techne - өнер, шеберлiк, бiлiктiлiк, logos –оқу сөздерiнен шыққан. Белгiлi бiр маңызды әрекетте, өнерде, шеберлiкте мақсатқа жету үшiн қолданылатын әдiс ретінде технологияларды қолдану қазіргі уақытта өзектілік көрсетіп отыр. [4]
ЮНЕСКО-ның құжаттарында оқыту технологиясына «техникалық және адам ресурстарын, олардың өзара бiрлiгiн ескере отырып, оқытудың тиiмдiлiгiн арттыруды мiндет етiп қоятын мұғалiмнiң бүкiл оқыту iсi мен оқушының бiлiмдi меңгеру әрекетiн ұйымдастырудың, қолданудың және анықтаудың жүйелi әдiстерi- деп анықтама берiлген. Педагог-ғалым В.М.Шепель: Технология – белгiлi заттың бейнесiн өзгерту үшiн қолданылатын өнер, бiлiктiлiк, әдiс-тәсiлдер,»- дедi. И.Г. Зайнышев: [5]«белгiлi затты, тұлғаны сапалы өзгертуде қолданылатын бiлiм мен әдiс-тәсiлдер жүйесi» деген анықтамасын ұсынады. Е.И.Холостов болса, технологияны «белгiлi шығармашылықтан сапалы нәтиже алу үшiн қолданылатын әрекеттер жиынтығы»- деп санайды.
Көрiп отырғанымыздай, технология туралы қазiргi ғылымда орныққан дәл анықтама болмағанымен, олардың бәрiнiң тоғысатын ортақ арналары бар. Олар, бiрiншiден, технологияның шеберлiкпен, бiлiктiлiкпен байланыстылығы; екiншiден, технологияның сапалық өзгерiс жасау мақсатында қолданылатыны; үшiншiден, технологияның бiртұтас әдiс-тәсiлдер жиынтығынан құралатындығы. Олай болса, технологияның бiлiм мекемелерiнiң кез келген типiнде жаппай қолдануға қолайлы әрi тиiмдi оқу процесiн құрудың жолдарын iздестiрудiң нәтижесi ретiнде туған тұжырым екендiгi даусыз.
Бiлiм беру, оқыту процесiндегi технология – “қойылған мақсатқа тиiмдi жолмен қол жеткiзудi қамтамасыз етушi жүйе, яғни бiлiм мазмұнын жүзеге асырудың тәсiлi.” Технология, бiр жағынан, бiлiмдiк ақпараттарды өңдеп ұсынудың, өзгертудiң, ашудың әдiстерi мен құралдарының жиынтығы болса, екiншi жағынан, мұғалiмнiң қажеттi техникалық және ақпараттық құралдарды оқу процесiнде қолдана отырып, оқушыларға ықпал етуiнiң тәсiлдерi туралы ғылым.
Түйiндей келгенде, оқыту технологиясы мұғалiм мен оқушының мүддесiне қызмет ететiн, толық үндесiмге негiзделген оқытудың әдiстемелiк жүйесi болып шығады. [6]
Достарыңызбен бөлісу: |