3.1. Мектептiң оқу-тәрбие үрдiсiмен басқару.
Қазiргi заман мектебi – күрделi жүйе, ол оқушылардың, оларды оқытып, тәрбиелейтiн мұғалiмдердiң, мектеп әкiмшiлiгiнiң (директоры, оның оқу және тәрбие жұмысы бойынша орынбасарлары), оқу-тәрбиелiк және қызмет көрсететiн адамдардың іс-әрекетiнен, мектеп алдында тұрған жалпы мiндеттердi шешуге белгiлi бiр жағдай жасайтын материалдық базадан тұрады. Сонымен қатар, мектеп дегенiмiз – мұғалiмдер мен онда қызмет ететiн адамдар ұжымы, олар бiлiм беру жүйесiн мемлекеттiк тұрғыдан басқарудың объектiлерi болып табылады. Қазiргi мектептi өзара байланысы бар, iшкi құрылымы және социуммен белгiленетін тұтас әлуметтiк-педагогикалық жүйе ретiнде қарастыру керек. Ол өзара тығыз байланысты екi жүйеден тұрады: басқарушы және басқарылушы. Бұл қазiргi кез-келген оқу-бiлiм беру мекемесiнiң алдына өмiрдiң өзi қойып отырған мiндеттердi жүзеге асыру бойынша барлық жұмыстың басты ұйымдастырушысы ретiндегi мектеп директорының тiкелей басқару іс-әрекетiнде көрiну керек. Мектеп басшылығы мен мұғалiмдерден тұратын басқару жүйесi жетекшi болып келедi. Басқарылушы кiшi жүйеге оқушылар мен олардың ұйымдары жатады.
Мектептi басқарудың басты мәнi – педагогтардың оқыту мен тәрбиеде ең жақсы нәтижеге жету мақсатында оқушылар мен олардың ата-аналарының іс-әрекетiн мақсатты ұйымдастыру.
Адамдар жеке iстей алмайтын немесе жекелеп iстеу тиiмсiз болғанды жұмыла iстеу үшiн басқару қажеттiгi туындайды. В.Г. Афанасьевтiң пайымдауынша: “Басқару – қоғамның, оның кез-келген даму сатысындағы, iшкi өзiне тән қасиетi. Бұл қасиеттiң жалпылық сипаты бар және ол қоғамның жүйелiлік табиғатынан, адамдардың қоғамдық, ұжымдық еңбегiнен, еңбек пен өмiр барысында қарым-қатынас жасау, өзiнiң материалдық және рухани өмiрiнiң жемiсiмен алмасу қажеттiгiнен бастау алады”.
Г.И. Щукинаның басқару дегенiмiз – мектеп iшiндегi “психологиялық, ұйымдастырушылық және әдiстемелiк” сияқты күрделi процестер мен қатынастарды саналы түрде реттеу деген пiкiрiне толық қосылуға болады. Дегенмен, басқарудың алдыңғы қатарлы тәжiрибесiн жинақтап қорыту , материалды жинаумен ғана және оны тиiстi ғылыми-әдiстемелiк тұрғыдан бағаламай, тек баяндаумен ғана шектеледi.
К.Я. Вазинаның пiкiрiнше: ”Басқару – нақты бiр мақсатқа жетудi қамтамасыз ететiн қалыптасуға жауап беретiн жүйенiң қызметi”.
Педагогикалық басқару әлеуметтiк мақсатта жүзеге асады, ол адамдардың іс-әрекетiн басқару мен олардың бiрiгуiне қатысты. Алайда, ол жалпы әлеуметтiк басқарудан өзiнiң объектiлерiмен олардың заңдылықтарымен ерекшеленедi.
Практикалық іс-әрекет ретiндегi педагогикалық басқару – оқушылардың оқуы мен тәрбиесiн басқару. Педагогикалық басқару теориясы – мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдар жүйесi, ұжымдар мен жеке адамдар жүзеге асыратын тәрбие мен оқыту процестерiн басқару туралы бiлiмдер жиынтығы. Яғни, педагогикалық басқару – практикалық іс-әрекет, ол – тәрбие мен оқытуды ұйымдастыру. Педагогикалық басқару теориясы – мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдар жүйесi, ұжымдар мен жеке адамдар, сондай-ақ жалпы бiлiм беретiн мектептер жүзеге асыратын педагогикалық жүйені басқару, болашақ мамандарды тәрбиелеу, оқыту және дамыту.
Достарыңызбен бөлісу: |