Бернияз кїлеевтіѕ Ґмірі мен шыєармашылыќ жолы


АҚЫН ЛИРИКАЛАРЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ-ИДЕЯЛЫҚ СИПАТЫ



жүктеу 0,68 Mb.
бет2/5
Дата19.11.2018
өлшемі0,68 Mb.
#20840
1   2   3   4   5
АҚЫН ЛИРИКАЛАРЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ-ИДЕЯЛЫҚ СИПАТЫ
Бернияздың әдебиетке алғашқы қадамы 1914 жылдардан басталғанға ұқсайды. Мұның жай-жапсарын Мерғали Ешмұхамедұлы былай деп атап көрсетеді: “Бернияз 14 жасынан өлең жаза бастаса да, баспа әдебиет жолына түсіп, өлең жаза бастағаны 1916 жыл. Мұндағы өлеңдері жаратылысты суреттеу сияқты ұсақ өлеңдер. Төселіп өлең жаза бастағаны 1918 жыл” .

Бұл жылдар ақынның Бөртедегі мектепте,одан кейінгі кездегі Ақтөбе гимназиясында оқып жүргендегі кезі болса керек. М.Ешмұхамедұлының жоғарыдағы айтуы бойынша: яғни Бернияз 1913 жылдары ақындыққа өнімді түрде кірісіп, ал нағыз ақын ретінде танылуы 1918 жылдар шамасы болуы керек.

Ал енді Бернияздың дәл қай жылы ақындық өнерге өзіндік қол таңбасы түсті деген мәселенің жай-жапсарына үңіле қарасақ, мынадай жайтты аңғарамыз, Бернияздың ақындық өнердегі алғашқы қадамының тіпті 1913 жылдан бастау алғандығын айғақтайтын факты бар екенін көреміз. Біз ақынның көлемді екі қол жазбасы бар екендігін білеміз. Бірінші қол жазба ақынның өз қолымен жазылған 68 өлеңі топтастырылған “Қызыл книга” деп аталатын қол жазба. Сыртқы бетінде алтындаған жазумен орысша,қазақша былай деп жазылған: “Стихотворения Бернияза Кулеева, 1919 г. І часть” “Бернияз Күлеевтің уақ өлең жырлары”, 1919 ж. “Ал енді ақынның туған апасы Мәриямның қолымен жазылған екінші көлемді қолжазба “Сұр книга” деп аталады. Бұған ақынның 177 шығармасы енген, оның біреуі – шағын айтыс. Төртеуі – баллада, поэмалар.Екінші қолжазбадағы осы шағын айтыс “Тар уақыттағы айтыс” деп көрсеткен.Әрине бұл айтыс жай жеңіл қағысу болғанымен,талапкердің алғаш ақындық өнерде өзін сынап байқауы секілді.”Б.Күлеев өзінің творчествалық жолын алғашқы ақындық нәрі Пушкин мен Абай,Сұлтанмахмұт пен Махамбет және халықтың бай ауыз әдебиеті болды.Орыс, қазақ татар халықтық классикалық дәстүрлерін шамасы келгенше сарқа пайдалануға ұмтылған өрелі ақын сыршылдықты, табиғатты сүюді, қамқоршы болуды, шындықты жасырмауда солардан үйренді. Б.Күлеев шығармаларын жандандырып, құлпыртып тұрған нәрсе жарастықты, ойшыл назым:өжет үндеу, нәзік сезім,арпалысқан көңіл” -деп жазады әдебиет зерттеушісі К.Шәменов.

Ақын шығармаларының тақырыптық мәнін ашып, талдағанда Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы, М.О.Әуезоватындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорындағы 592-папкадағы қолжазба және Б.Күлеевтің 1969 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген “Айтшы,ақ қайың” деп аталатын таңдамалы жинағына сүйендік.

1914 жылдар мен 1916 жылдардың аралығында ақын “Ойдағым”, “Өзім”, “Қыздың мінәжаты”, “Қызықты жаз”, “Ауылдағы қысқы түн”, “Анама хат”, “Тұтқын”, “Зарлық”, “Қазақ қызы” секілді өлеңдерін жазаған. Тақырыптық жағынан алғанда бұл өлеңдер көңіл-күй сезімдері, табиғат көрінісі, анаға деген сағыныш,қазақ қыздарының теңдігі мәселесін қозғайды.

Ақынның ерекше көңіл аударатын өлеңінің бірі – “Өзім” деп аталады. Бұл өлеңнен біз кейіпкердің қиын да күрделі ішкі жан дүниесінің сырын бағамдаймыз. Дәстүрлі қазақ әдебиетінде лирика “менге”емес, қалыптасқан “бізге” құрылған тың сипатта жазылған өлең болып табылды. Кейіпкер үні асқақ. Ол тек қана “өзім” деп сөйлейді. Тек қана “мен” дейді. Оқырманды әрқилы оқиға жетелейді. Мүмкін бұл жерде өзімшілік жоқ па екен. Неге тек қана “өзім” деп өзеурейді. Өзгені неге ұмытады. Лирикалық кейіпкер өзінің істеген ісіне, жүрген жүрісіне,қылған қылығын өзгеге дұрыс болмаса да өзіме дұрыс, өзім осыған бақұлмын дейді.

Өзім деймін,өзгелерді көрмеймін,

Өзімсіздік “ай, бауырымға” көнбеймін.

Өзім патша, өзім төре, өзім хан,

Өз ойымды мың сабазға бермеймін.

Кейіпкер өзімді өзім теріс жолдан жөнге салатын да өзім. Бірдеңенің жөнін білдіруге ұмтылдыратын да өзім. Алушы да өзім, беруші де өзім. Олай болса:өзіме өзімнен артық енді кім керек деген түйінге келеді. Лирикалық кейіпкер өз сырына өзі қайран қалады. Өзіне таң-тамаша болады. Өз болысымен жан-дүниесін қызықтайды. Тосын бір әлем,жаңа бір дүние сырын ашып тұрғандай болады. Өз бойынан жұмбақ болмыс тапқандай болады.

Өзім бітем, өзім қайта толамын,

Өзім ұшамын, өзім жүремін,қонамын.

Өз алдыма өзім келе бергенде,

Табиғат суретін өрнектеуде ақын қаламы айқын да анық бояумен дәл шығады. “Қызықты жазда” өлеңінде ақын былайша толғайды:

Жыбырлап быж-быж қайнап қанат қақты,

Көбелек, құрт-құмырсқа шала өлген.

Қызулы күн көзінен түскен сәуле

Көтерді қалың жүзді өзен-кәлден.

Әсем штрих арқылы көлбеңдеген сұлу сурет көз алдымызға келеді. Ақын қаламының көркем бояуы қанық та әсерлі шыққан. Бұл жайттар қалыптасып келе жатқан жас ақынның табиғатты жырлаудағы шеберлік баспалдақтары іспеттес.

“Қыздың мінәжаты” деген өлеңінде ауыр еңбекпен күн өткізіп жүрген қазақ қызының атынан оның оқуға деген құлшынысы, арман-тілегі баяндалады. Көркемдігі жоғары болмаса да “Апама” өлеңінде ақынның бауырына деген сағынышты алғаусыз көңілі мен сезімі әсерлі шыққан. Қалада оқып жатқан жас ұланға ақын көңілі былайша білдірілген:

Қош аман бол, алыстағы бауырым,

Дүниенің көрген қызық – сауығын;

Біз де мұнда ықыласпен тілейміз,

Бауырластың өнер-ғылым табуын.

Ақын сол қалада оқып жатқан жас ұландармен бірге, олардың туған жерін ойлап запыран күн кешіп жүргеніне іші ауырады. Әйтседе бауырластың өнер – ғылым табуына тілек тілеп, жандарына жол көрсетер қамқоршы жоқтығына налиды.

Жол білмеген, жол көрмеген өңшең жас,

Қасында жоқ жұбататын бауырлас.

Қамыққанда туған жерді еске алып,

Тырс-тырс тамып кеткен-ді ыстық жас.

Бұл жолдардан ақынның да туған жерге деген сағынышты ыстық сезімі байқалады. Осы өлеңдермен бірге жас ақын аударма ісімен шұғылданып, орыс ақындары И.С.Никитеннен “Ауылдағы қысқы түн”, Н.Цыгановтан “Тұтқын” деген өлеңдерін қазақшаға аударады.Бұл аудармалар шығармашылық машық жолындағы жас ақынның өзін - өзі байқауы секілді.

“Ауылдағы қысқы түнде” қысқы сурет, ауырған кемпір мен оның жанындағы қорғансыз екі баланың аянышты халы суреттеледі. Ал “Тұтқын” өлеңінде торда дәрменсіз күй кешкен бұлбұлдың тағдырына аяныш білдіріледі.

Б.Күлеев алғашқы ақындық қалыптасу жолдарында–ақ өлеңдерінде көңіл-күй сезімдері тақырыбын жырлауды басты мақсат етіп алған секілді.Соған ерекше назар аударады. Бұл сарын ақынның алғашқы туындылары “Ойдағым”,”Өзім” секілді өлеңдерінде ерекше көрінеді. Осы сарын Б.Күлеев лирикасының ерекше сипаты тәріздес. Ақынның алған білімі, дүниетанымы, адамдар арасындағы қарым-қатынастағы әсерлер, табиғатқа, жаратылысқа бағышталған сезім күйлері, өмірге қатысты ой-толғамдары поэзияда оның осы ерекшелігін туғызған тәрізді. Бұл тарапта Б.Күлеев лирикасын оның змандасы С.Торайғыров лирикасымен салыстырсақ, осы ерекшелікті байқайтын секілдіміз. С.Торайғыров лирикасында саяси лирика, азаматтық әуен мен пафос, жалпы халықтық мәселелерді жырлауға деген ерекше құштарлық пен ұмтылысты байқаймыз.

Ал, Б.Күлеевте көбіне – көп сезім күйлері, көңіл-күйдің сан-алуан сырларына бойлау тәріздес сарындар ерекше байқалады. Бұл,әрине С.Торайғыров тек қана саяси лирика, ал Б.Күлеев көңіл-күй лирикасын ғана жазды деген сөз емес. Мәселе,бұл ақындардың ақындық ерекшелігінде,даралық сипатында белгілі бір тақырыпқа деген талант бейімінде жатыр.Мысалы,С.Торайғыров көңіл-күй тақырыбында дазылған өлеңдерінде көңіл-күй сезімдерін толғай отырып,арасында өзінің азаматтық,саяси көңіл әуендерін білдіріп отырады.Б.Күлеев саяси азаматтық тақырыпта жазылған лирикасында белгілі бір мәселені көңіл-күй сырларымен астастырып отырады.Көңіл – күй сезімдерін айтпай қалмайды.Б.Күлеев қай тақырыпқа жазылған өлең болмасын көңіл-күй сезімдерін басты назарда ұстап отырады.Бұл-оның ақындық ерекшелігі.Сонымен бірге әдебиеттану ғылымының тұрғысынан лириканы тақырыпқа бөліп жіктеудің шартты екені бесенеден белгілі жай.Мәселе ондағы қай сарынының басым көп келуіне байланысты айқындалатын болса керек.

Ақынның 1917 жылы “Сегіз аяқ” үлгісінде жазылған “Алалық” өлеңі де осы көңіл-күй сезімдерін толғайтын туындыға жатады. Бұл өлеңінде ақын ой, ми, жүрек туралы сыр шертеді.Ақын философиялық, физиологиялық, психологиялық тұрғыда түсіндірілетін әжептәуір күрделі мәселелерді сөз етеді.

Толғанып ойлап,

Тереңге бойлап,

Толықсыған шағында,

Ой, жүрек, серік,

Болып сөз берік,

Сүйрер миді ағынға.

Ермей тұғын әлі жоқ,

Ойсыз мидің сәні жоқ.

Миға құл көңіл.

Болмақ жөн кәміл,

Ми - сарайдың, ардары.

Ақын адам ағзасындағы ең маңыздысы ми дей келе барлық ауыртпалық пен жүкті миға салады. Ми қызметінің ерекше маңыздылығына тоқтала келіп, оның да қозғаушы күшінің барлығын сездіреді. Ақын оның “ой” екенін айтып “ми” мен екеуінің бірігіп қызмет етуі жөн екенін былайша білдіреді:

Бір тұрыс, бір қан,

Бір дене, бір жан

Болса ой, ми жүрегім;

Біріксе денем,

Бірігер сенем,

Болар қабыл тілегім.

Қуанармын, күлермін,

Сонда ғана білермін.

Осы соңғы шумақтарды ақын адам өмірінің саналы, байыпты өмір сүруіне,оның дұрыс жолға баса білуіне осы үшеуінің яғни ой,ми,жүректің қызметінің маңыздылығын бағамдайды. Ой, ми, жүрек үшеуі бірлесіп ынтымақтасқанда ғана қуат та, күш те, салтанатты жеңіс те өзінен - өзі келеді деген қорытынды шығарады.

Жаңа қалыптасып келе жатқан ақын қаламынан басқа тақырыптармен бірге табиғат суреті, жаратылыс сыры да қағыс қалмайды. Осы жылдары жазылған “Жүргенде еркімен ел еркін жайлап”, “Түн”, “Жаздың алды” өлеңі осының алдында қарастырылып өткен “Қызықты жаз” өлеңінің тақырыбымен үндес, әуендес болып келеді. Мұнда да жаздың берекелі, жомарт мейірбан келбеті сипатталады.

Мінекей, жылы-жұмсақ жыл келіп тұр,

Оятып жер жүзіне түр беріп тұр.

Аспаннан алтынды күн сәуле тастап,

Күлімдеп “көрдің бе ?” деп түрленіп тұр.

Мұнда ақын қалмы жаздың көркем суретін ұтымды теңеу, әсерлі поэтикалық бейнелеулер арқылы қоюлата түскен. Жаз көрінісінің әрбір деталы назарынан қағыс қалмайды.

Сарқырап сай-саладан жүрмек сулар,

Аспанға көтерілмек жерден булар.

Даусындай сұлу қыздың құбылжытып,

Қаңқылдап тезден келер қаз бен қулар.

Осындай пейзаждық суреттеулер шебер суретшінің әсем картинасын көз алдымызға келтіреді. Ақынның жаз көрінісін жалаң баяндамай, көркем суреттеу арқылы поэтикалық суретке ұмтылуы байқалады. Жаз табиғатын беруде ақын суреттеулері Абай үлгісін теске түсіреді.

Қырда шөп, сайларда су, тоғайда ағаш.

Қосылса құшақтасып бәрі аралас.

Еріксіз ойдағыны ұмыттырар ,

Сонда бар,қамыққанда қайғылы жас!

Осы шумақтағы Абай әсері, әсіресе оның “Жазғытұрым” еріксіз көз алдымызға келеді.

Б.Күлеевтің “Түн” өлеңі ақының табиғат сырын беруде жетіле,қаламының ұштала түскендігін айғақтайды. Ақынның бұл шағын лирикалық туындысы әсерлі шыққан. Абайдың Лермонтовтан аударған “Қараңғы түнімен” үндес, рухтас болып келеді.

Түн дыбыссыз, айнала бос,

Дем алғандай талығып.

Бар нәрсенің көңілі қош,

Тәтті ұйқыға малынып.
Қалғымайды көкте жұлдыз

Түңгі сағат ішінде.

Тамылжиды еш тынымсыз

Ұйықтаған жер үстінде.

Көз алдымызға тамылжыған түңгі сурет келеді. Бар дүние мүліп, тынып қалғандай. Қатты талығып, қалың ұйқының құшағында балбырайды. Манаураған бейжай, мамыражай түңгі тірлік сезімімізді әлдилегендей.Түңгі самал бетімізді өпкендей,тыныштық сезімін ұялт түскендей болады.

Б.Күлеев өз тұстастары С.Дөнентаев,С.Көбеев, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов секілді өз дәуірінің көкейтесті тақырыптарының бірі әйел теңсіздігі тақырыбынан сырт айналып кете алмады.

Б.Күлеев те осы тақырыпқа қалам сілтеп 1917 жылы “Әйелдер сөзі” , “Бостандық болғандағы қыздың тілегі”, “Әкеме”, “Солған гүл”, “Қыздың мінажаты”, “Қазақ қызы” өлеңдерін жазды.

Б.Күлеев қиын да күрделі кезеңде өмір сүрді.1917 жылғы екі бірдей төңкеріс тек қана көп ұлтты Ресей империясына ғана шарпыған тарихи оқиғалар ғана болып қойған жоқ,ол шын мәнінде дүние жүзін дүр сілкіндірген оқиғалар болды. Ескі Ресей империясы соғыстан әбден іштей қожырады. Экономикалық жағынан өте нашар дамыған Ресей үшін бірінші дүниежүзілік соғыс аса тиімді бола қойған жоқ.

Патша сарайындағы саяси дағдарыс соғыс майдандарына да әсер етті.Осылайша Ресейдің соғыс майдандарындағы табысы сәтті болмай ұтылған үстіне ұтыла берді.Батыс шекарасындағы көп жерлерінен айрылды. Осы қиын сәтті пайдаланып жер,бостандық,теңдік ұрандарын ұстанып большевиктер тарих аренасына шықты. Большевиктер сол кездегі терең саяси процестердің ұйтқысы болды. Алғашқы ақпан төңкерісінен кейін олар елдегі саяси билікке жеке-дара ұмтылды. Олар таптық қалқанды беттеріне ұстады. Олардың ұрандарында тек таптық ұрандар ғана емес, ескі Ресейдің отаршылдыққа езілген барша бұратана ұлттарына теңдік береміз, отаршылдықтың қанауынан босатамыз деген ұрандар болды. Большевиктер көсемі ұлт тақырыбына арналған еңбегінде ұлттар жеке бөлініп өзін-өзі билеуге /праволы/ құқы болу керек деген қорытынды болды /тұжырымдады/. Мұның барлығыәрине езілген ұлттардың большевиктердің маңына ұйыса түсуіне әсер етті. Осылайша большевиктер 1917 жылы қазан айында төңкеріс жасап, жеке-дара билікті жеңіп алды. Елде пролетариат диктатурасын саяси билікке әкелді.Мұның барлығы әлемдік қауымдастықты бей-жай қалдырған жоқ. Американың белгілі жазушысы-публицисі Джон Рид осы оқиғаға байланысты өзінің әйгілі кітабы “Дүние дүр сілкіндірген он күн”кітабын жазды. Міне, ақын екі ұдай шарпысқан әртүрлі ағымдар мен қозғалыстардың түрлі дүние танымдардың өліспей-беріспейтін, ымыраға келмес тәжікелескен дәуірінде осы терең саяси оқиғалар ұлан-байтақ қазақ далсынан қағыстау жатқан әлі де болашағы бұлдырлау, белгісіздік тұманы жапқан алмағайып осы кезеңдерде ғұмыр кешті. Осы зор көлемді оқиғалар мен өзгерістер оқыған, саналы ақынның поэзиясына әсер етпей /ұ-қалған жоқ/ қалуы мүмкін емес еді.Осы тарапта Б.Күлеевтің 1917 жылы жазылған “Бостандық күнінде”, “Бұлт”, “1917-жылға” атты саяси лирикалық туындылары бар. Бұл өлеңдердің барлығы бостандық тақырыбына арналған. Осы тақарыпта жазылған алғашқы “Бұлт” өлеңінде ақын бостандық бұрыңғы жәйттарды, хал-ахуалды сөз етеді. Бұл өлеңнің бір ерекшелігі ақын қазақ халқының жағдайын тура ашық айтпай,ойын пернелеп, астарлап,символикалық бейнелеулермен бере білген.

Б.Күлеевтің “Бостандық күнінде”өлеңі Абайдың “Сегіз аяқ” өлеңінің үлгісімен жазылған. Өлеңде ақынның бостандық күнінің тууына байланысты ақжарқын қуанышы, алғаусыз көңілі мен тебіренісі, сезім шарпуы, өлеңнің асқақ патетикалық рухын көтеріп жанға жайлы, ақжарылақап күндердің туғанын білдіреді. Мамыражай,тыныштық күннің туғанын ақын былайша бейнелейді:

Жарық күн туды,

Жер жүзін жуды,

Көктен нұрлар төгіліп.

Ежелгі ескі

Ортадан кетті

Етек-жеңі сөгіліп.

Міне, хақтың бергені-

Көздің жасын көргені.


Бостандық күні

Шығатын үні

Қалғандарың келіп тұр.

Бұлт бетін ашқан,

Көктен нұр шашқан

Күнді көзім көріп тұр.

Жүрек жұлқып шарқ ұрып,

Шыдатпайдв талпынып.

Осылайша тебіренген ақын өз жүрегіне:

Жарыл жүрек көкке ұш,

Қуанғаннан болып құс!-деп жүрегіне қуаныштан құс боп көкке ұш деп емеурін білдіреді. Ақын жүрегі қуаныштан осылайша жалын боп шалқиды,құс боп ұшады.Өткен күнге қаны қайнап, жаны аши келіп қалың жұрт қазағына ендігі қадамның құтты болуына тілек білдіреді. Б.Күлеевтің бостандық тақырыбындағы өлеңдеріне қарап отырып,ақынның бостандық деп отырғаны таптық түсініктегі бостандық емес,жалпы халыққа, ұлтқа деген бстандық деген түсінік. Және осындай күрделі де қиын, алмағайып кезеңде өмір сүрген, ұлтжанды азаматтардың тәрбиесін көрген, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов сынды ұлт қамын көксеген азаматтардың теңдікке, азаттыққа шақырған шығармаларымен қанаттаған,ұлт қамын ту ғып көтерген,татардың Тоқай, Дәрдімәнд секілді ақындарының ғибратын көрген, татардың “Уақыт”, алғаш азматтарының “Қазақ” газетінің игі әсерімен таза,асыл сипаттағы ұлтшылдыққа әспеттеген ақыннан басқа түсінікті,әсіресе пролетарлық түсініктегі тапшылдықты күте қою қиын еді. Сондықтан Б.Күлеев өлеңдерінде бостандық деп тапқа берілген бостандық емес, халқының туған жұрты мен жылаған елінің бостандық алуы деп түсінді. Патшалықтың азапты тұзағы халықтың мойнынан алынды деп сенді. Сондықтан да ақын:

Аттасаң алға,

“Оңдасын алла”

Біз де соған деселік.

Жаялық құшақ,

Қолға алып пышақ,

Тұсауыңды кеселік.

Атам қазақ баласы,

Қаз-қаз тұрып қарашы ?-деп жырлайды.

“1917 жылға” деген өлеңінде де ақын осы түсінікте ой өрбітеді. Ақын үшін бұл жылдың орны ерекше салмақты. Ұлғайған эпитет арқылы жыл болмасын даралап, ерекшелеп айқын аша түседі.

Ардақты жыл, атақты жыл,қанды жыл,

Ұмытылмас жыл, өмірі ұзақ мәңгі жыл.

Теңдік,теңдік – тіршіліктің тұтқасы,

Бірлік ерік бостандықпен атқан гүл.

Ақын бұл жылдың болмысын,қайшылықты да күрделі сипатын, буырқанған, бұлқынған замана ағымын,тлқынды дауылдай алапат кескінін, қанды келбетін, “ардақты жыл”, “атақты жыл”, “қанды жыл”деген эпитеттермен қоюлата түседі. Халықтың аңсап, сағына зарыққанда қолы әзер жеткен жыл екенін айта келіп ақын ойын былайша түйіндейді:

Сенде рақат, сенде жеңіс, сендегүл.

Әлді-әлсіз айырусыз сенде бір.

Тарих беті, жұрт аузынан ұмытылмас

Жылдың жылы, жыл патшасы – сенсің біл!

Жас ақын бұл жылдары үлкен ізденіс үстінде болады. Орынбордағы оқытушылар семинариясында оқып жүріп, орыстың, батыстың классикалық поэзиясын көп үйренеді.

Ақын шығармашылығындағы ең бір әнікті де жемісті кезең 1918 жыл болды. Осы жылдың ішіне ол 34 өлең жазған. Оның 6-ы А.С.Пушкиннен аударма болып келеді. Б.Күлеев көңіл-күй лирикасында жазылған “Аңқыған гүлдің иісінен”, “Көңіліме”, “Қиял сөзі”, “Қайтер едің ?”, “Жас жүрегіме”, “Жастық күнім” өлеңдерінде өзінің сезім күйін нәзік, тек көркем беруге тырысады. Нәзік көңіл-күйді беруде ақын қаламы ұштала түскен, өзінің ішкі сезім тебіреністеін сырлы да мұңды, сыршыл да кенен, көркем жеткізуге ұмтылады. Ақын қаламы ұшқырланып, нәзік бояуды жақсы меңгерген. Әсерлі сезім, көркем оралымдар мен сәтті тіркестер молая түскен.

Тақырыбы жағынан ерекше өлеңдердің бірі Б.Күлеевтің “Қымыз” атты өлеңі. Қазақ поэзиясында бұл тақырыпқа арнайы барған Дулат, Абай, Сұлтанмахмұт болды. Аталмыш ақындардың өлеңдерінде қымыз байлықтың, сән-салтанаттың, мақтанның құралы ретінде көрінеді. Дулат пен Абай,Сұлтанмахмұттың қымызға арналған өлеңдерінде қоғамдық-әлеуметтік теңсіздік жағдайындағы қымыздыңалатын орнына тоқталады. Қымыз өзіндегі байлықтың, мақтан құмарлықтың белгісінлей.Жұрттың бәрі жақсы да, үлкені де, байы да, төресі де, кедейі де сенің қолыңдағы қымызыңа қарап бағалайды. Қымызың мол, болса дүниедегі ең жақсы адам,мырза адам сенсің. Соған жағынбайтын адам болмайды. Қиюын тауып мақтағысы келіп тұрады. Жарамсақтанып, жағымпазданыпқалуға арланбайды. Қымызға құлқынын салып, арын саудаға салып жүргендерді Дулат ақын былайша түйрейді:

Майға тойып алған соң,

Қымыз керек тағы да.

Орынсыз сөз сөйлейсің,

Қымызы барға жағына.


Қымызы бар қылтиса,

Сүмірейәп кетесің.

Ақау түсіп сағыңа

Қымызы бар қош алса.

Дүрдиесің мінгендей

Қара орын хан тағына;

Қымызға тойып алған соң,

Сөз сөйлесін қағына;

Қымызы бар құтыртса,

Соқтығасың, әркімге

Қарамай қара, ағыңа,

Алдыңда не бар көрмейсің,

Артыңда не бар білмейсің,

Жарға барып күп дейсің,

Қарамай екі жағыңа .

Сұлтанмахмұттың “Қымыз” өлеңінде де осыған ұқсас жайттер сөз болады. Қымыздың күші арқылы бүкіл ауыл-аймақ сенің ырқыңда, бәрі саған дос-жаран, ешбір дұшпаның жоқ дейді. Сонымен қымыздың жіпсіз байлайтын құдіретін төменде былайша суреттейді:

Бас иіп айдыныңа ауыл-аймақ,

Қоясың қоғамыңды жіпсіз байлап.

Құдай иіп құлқынға түсе қалсаң,

Есілдей есіп шалқып алақайлап.


Шалдардың піскен даусың есін алып,

Отыртпай үйлерінде түрткі салып.

Мейлің теп, мейлің ақыр, мейлің зекір,

Кек қылмас саған ешкім көңілі қалып.

Міне, бұл ақындарда қымызға құл болған жандардың әлеуметтік-психологиялық типі, қоғамдық мінез-құлқы, өзіндік характерлік ерекшеліктері мен сипаттары осындай ащы сарказм арқылы берілген. Мінезсіз, құлқынға құл болған жандар сенің айдағаныңа жүріп, ақырғаныңа көніп, тепкілесең де кек қылмас можантопай парықсыздыққа дейін барады. Адам ретінде өзінің қадір – қасиетін түсіретінін көрсетеді. Бұл өлеңдерден осындай әлеуметтік астарлары бар ойды байқаймыз. Б.Күлеевтің “Қымыз” мазмұндық жағынан жоғарыдағы ақындардың өлеңдерінен өзгешелікті байқаймыз. Ақын бұл өлеңінде қымыздың қазақ үшін ең сүйікті, ардақты, сусын екеніне тоқталады. Қымыз иісі мен дәміне елтігендей оны зор шабытпен, сүйіспеншілікпен жырлайды.

Қатарлап құлын байлатып,

Сабаға құйған сар қымыз.

Сапыртып әбден сайлатып,

Қазағым ішкен жазы-күз.
Күмбездей үлкен ақ орда,

Сәні тек оның қымызбен.

Шөлдей ме елі ол барда

Бәйбіше мырза бейлі кең.

Ақын қымыздың салтанатын асыра түскен. Күмбездей үлкен ақ орданың сән-салтанаты қымызбен келетінін, оны баптап,сапырып тостағанға құйып елге үлестіретін,кең қолтық бәйбішелердің кескін-келбетін сүйсіне жырлайды. Бейілі кең мырза бәйбішелер барда елінің шөліркемейтінін айтады.Сүйікті сырлы піспекпен күңірентіп келіп пісіп, сырбаз аралас жас қымыз ішкен қандай тамаша деп тамсанады. Ежелден үзілмей келе жатқан осындай әдетің бар еді дей келіп, соңғы кездегі өзінің өкінішін білдіреді.Қазақ елінің ғасырлар бойғы сән-салтанаты болып келе жатқан қымызды өкінішке орай кейінгі кездерде ұмыттың. Айран мен қымыз сияқты асыңды ұмыттың дейді. Осындай қастерлі асың тұрып, дәмі жоқ, татуы жоқ сары суға неге құнықтың деп шенейді. Салмақтай қарасақ ақынның бұл ой-пікірінде әлеуметтік мәні бар ескертулер бар секілді. Ақын қымыз туралы ойларын қорыта келіп, өлеңін осындай әлеуметтік жүгі бар жолдармен былайша түйеді:

Жалпы жұрт-байы, кедейі

Өзіне бейнет артады.

Қонғандай болып мейірі

Сары суды келіп тартады.
Қояйын сөзді мен жым – жырт,

Тарта бер жақса түріңе.

Айтпайды деме, аңқау жұрт,

Сол жетер сенің түбіңе!

Бернияз Күлеевтің 1918 жылы жазылған “Таң алдында”, “Шын сүю”, “Шын сұлуға”, “Айныған аруға”, “Сүйікті қайғылыға”, “Жарықтан соң” деп аталатын махаббат, сезім күйлерін баяндайтын бір топ лирикалы өлеңдеріне тоқталып өтейік.

“Таң алдына” өлеңінде ақын лирикалық қаһарманның жүрегіндегі махаббат,сүйіспеншілік сезімдерін табиғаттың әсем де сұлу, сырлы суретімен астастырып жеткізген.Тамылжыған таң алдындағы сұлу табиғат, көктегі жұлдыздардың бірнен соң бірі сөнуі, ару айдың өз қызметін атқарып барып батуы,жасыл мақпал көрікті жердің тып-тын бір мезетте тыныс алуы, бозторғайлардың таң алдындағы безек қағып сайрауы, шығыстан ала-көбеңдеп таң шапағының арайланып атыпкеле жатуы ынтыққан жүректердің сезімін дәл беру үшін алынған сұлу фон, ғажайып сурет.Табиғат суреті ақын сезімімен қоян-қолтық қосамжарласқан:

Көк жиегін қызыл алтын қаптады,

Аспан бетін аласұр сәуле аптады.

Желсіз түнде жымыңдасқан жұлдыздар

Көрінеді, кәміл тегіс батқаны.


Ойды қозғап, бойды алады таңдағы

Бозторғайдың жүз құбылған сайрағы.

Ішке түскен ыстық жүрек дертімен

Қайғы-зарды қозғатады қайдағы.

Осындай таңғы шақпен астақтан екі ұдай сезім күйін кешкен сүйген жүрек әсем көрініске елжірей елти отырып , өзінің көкейінде қатпарланып жатқан ойларына ерік береді. Ғашықтық сезімге бой алдырып , махаббат отына күйіп жанған жас жүректі бір мезгіл күдікті , қапалы ойлар торлап, жан- жүрегі аласұрып , дегбірсізденеді . Екі жүректің ойдағысы болып “ сүйем ” деген сөзімді ол ұға ала ма , егер ұқпаса есіл сезім босқа кетсе , ойға алған бар мақсат жобамды жоғалтамын ғой деп “ аһ ” ұрады. Олай болатын болса маған дүниеде не қызық бар, жолдасым салқын, суық қабір болсын деп түйеді лирикалық қаһарман . Ақын көңілінің бір сәттік сезім күйін аңғартатын шағын шығарма ретінде “ Шын сүю ” өлеңін атап өтуге болады. “ Шын сұлуға ” деген өлең ғашық жарға деген үлкен сезім , асқақ дәріптеу мен әсірелеу, сүйген жүректің асқақ лебізі мен отты сезімін паш ететін көтеріңкі пафосқа құрылған. Сүйіктісін ұжмақтағы хор қызы, періштелерге теңей келіп, одан да әрі жаратқанның өзімен бірге алып қарайды. Әр қилы асқақ теңеулер арқылы барша жаратылыс пен ғаламды оған бас игізіп табындыраып қояды. Ақын үшін әлемдегі ең құдіретт нәрсе-ол сүйгені.Сүйіктісі ол үшін үлкен құдірет. Құштарлық сезімі сүйіктісін мақтау үшін теңеулерді үдете, үстемелей түсіп,оның ең жоғарғы апогейіне жеткізгендей.Табынушы:сүйіктісін аспан-көкке жеткізіп, идеализациялайды.

Жүрсең жер, күлгенде көк сүйінеді,

Ағаш-шөп сәжде қылып иіледі.

Аспанның ажарлысы Ай мен Күн

Көркіңді көріп таң боп күйінеді.
Алдыңнан әлдеқашан бұлт қашқан,

Құлдықта қол қусырып жер мен аспан,

Айнадай ай жүзінің ажарынан

Ұялып жұлдыз біткен бетін басқан…

Өлеңде айдай сұлу ажарлысының тек сырт көркі мен түрі ғана емес, оның асқан ақылы мен білімі,байыпты да биязы мінезі сөз болады. Барлық асыл қасиет пен жалғандағы жақсы сипаттар оның мінсіз болмысынан, бір ғана тал бойынан табылады,парасатты кемел ой, кенен ақыл, жүйірк зерде мен алғыр ой, дархан көңіл мен қызыл тіл. Қысқасы, ай мен күн ұялып бетін басқан ажарлы көрік пен ақыл-ой сұлудың өзіндік бітімін ерекшелей түскендей. Мұндай сұлу аруға кез-келген жан табынбай тұра алмайды. Б.Күлеевтің сүйіспеншілік тақырыбына жазылған бұл өлеңіндегі лирикалық қаһарманның сүйгенін жер-көкке сыйғызбай мақтап, теңеу арқылы үлкен құдіретке теңеу сезім күйі, шығыс поэзиясы классиктерінің шығармаларында ғашықтық жүрегін оттай жандырған лирикалық кейіпкерлердің сезім сырларымен үндес,рухтас келеді. Адамзат поэзиясында мәңгі үзілмес алтын жіптей бұл тақырып оның көңілінде бей-жай қалдырмағанын байқаймыз. Адам бар жерде, сезім бар жерде бұл тақырып толастамақ емес. Махаббат сезімі тілмен айтып жеткісіз ғажайып әлемге, сырлы дүние жетелейтін түпсіз терең, тұңғиық сыр. Бұл сезім қуаныш пен күдікті, үміт пен торығушылық, пәк сезім мен арамдықты, сезім мен қызғанышты, іштарлықты, достық пен опасыздықты, жауызықты да бастан кешіреді. Сондықтан да бұл тақырып адамзатпен мәңгі жалғасып келе жатқан көне тақырып.Үзілмейтін мәңгі тақырып. Мұны біз мысал келірген ақын өлеңінен айрықша байқауға болады.

Ақынның “Айныған аруға” деген өлеңі алдыңғы өлеңге контрасқа құрылған.Мұнда алып-жұлып бара атқан алдыңғы өлеңдегідей сезім құштарлығы жоқ. Сезім салқындаған,суынған.Құштарлық оты, сезім күйі өткен күнде қалған.Лирикалық қаһарман кезінде сүйгенінің ай жүзіне табынған, соның жолына өзін бағыштаған. Мөлдірдей таза, пәк күйінде сүйіскен жүрекпен тіл табысып,табысқан. Періштедей таза көңілдерімен ұнатқан бір-бірін. Ендігі жағдай не болды. Одан бері де арада қанша уақыт өтті.Өткен күнде белгі жоқ. Сезім оты бірте-бірте суынған. Бұлардың арасын әлдекімдер азғырып, араға әзәзіл оты жүргендей. Жас жүректердің таза сезіміне бөгде көлеңке түсіріп, әзәзіл уын сепкендей. Бірақ, көңіл қанша сүйгенінің ыстық бейнесінен өзін алыстатып көрсетуге бет алса да “хош” деуге аузы бармайды. Ол сүйгенінен бірдолата айырылып қалуға қауіптенеді.Осы істің түбі неге апарып соғарын білмей қиналады. Ақырында ол сүйгеніне жалбарына,мен тағдырдың жазуына көндім, болған іске қолдан келер еш шара жоқ, бірақ көңілім баяғыдай,бұрыңғыдай сен үшін күйіп-жанам,тек сені ғана сүйемін. Басқасын өзің шеш. Уәдені бұзу өз еркіңде, бірақ жасаған ием, сенің мейрімді көңіліңнің қайрымын маған салуына тілек тілеймін деп аяқталады.

Осындай көңіл күйдегі тағы бір өлең-Б.Күлевтің “Сүйікті қайғылыға” деген өлеңі. Өлеңнің тақырыптық мазмұны алдыңғы өлеңді қайталамағанмен, көп жағдайда онымен онымен іштей рухтас екені байқадады. Мұнда да сүйген жардың опалы, уәдеге беріктігі, сертке адалдығын насхаттау, соны баса айту қайталанып отырады. “Сегіз аяқ” үлгісімен жазылған бұл өлеңде махаббаттың үлкен дерт екенін оның қызуы оты жүректі аямай қаритындығы айтылады. Жас жүректі еркінен айырған сезім отын ақын былайша жеткізеді:

Жеркеніп етің,

өртеніп бетің

Махаббаттың дертінен

Ойлатпай ойды,

Жаздырмай бойды,

Айырды асыл еркіңнен.

Махаббатоты-қызыл шоқ,

Жалғанда онан қиын жоқ.

Күлкі жоқ түнде,

Қиялға баттың салығып

Елестеп сәуле,

Жаның құр әуре.

Жас төктің қайда зарығып.

Сонда да ақын ішінде бүккен бір зар бар екенін, ол дерт болып басын сергелдеңге салып мең-зең қылатынын айта келіп, жыр жолдарын сүйген сәулесіне ескерту ретінде наз қылып былайша аяқтайды:

Сені шын сүйген,

Сен үшін күйген,

Ғашығыңды ойдан тастама,

өзгеде көңлің болмасын,

өзге ой салған оңбасын!

Ақынның “Жорықтан соң” өлеңі өзгеше әуенді жастық кезіңнің сырларынан хабар береді.Мұнда сүйгеніне зарығып,өліп талып құштарлықпен егіле, елжірей айтылған ғашықтық сырлары жоқ. Мұнда ақ боз үйде оңаша жолыққан екі жастың тек өздері ғана білетін құпия, тәтті сыры,жастық шықтың ләзатты бір шағы әсерлі суреттеледі. Сезім күйін әдеттегі шығыс поэзиясындай жүрек сыры,ғашықтық зар арқылы жеткізбейді, оны сезімнің лапылдаған отты толқынысы мен өзгеше тәтті ырғағын эротикалық реңк беріп, құбылысты қимыл-қөзғалыс үстінде көзге елестетеді.

Терлейсің, тепшисің,

Дем алмай ынтығып.

Балқисың, жіпсисің,

Құмардан бір шығып.

Ыстық төс бауырыңнан,

Мойныңнан білегі

Еріксіз айрылған

Лүпілдеп жүрегі.
Жанған бет, ақ тамақ

Жақындап келгесін.

Қаласың сезбей-ақ,

Қоштасқан белгісін.

Бұл өлең жодарындағы осындай екі жастың құмарлық сезімдерін қимыл – қозғалыс үстінде суреттеу үлгісі әрісі Еуропа, берісі орыс поэзиясында сүйіпеншілік сезімдерін берудің реалистік үлгісі қазақ поэзиясында ұлы Абайдан үлгі алған.

Абайдың “Қызарып сұрланып”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Жігіт сөзі”, “Қыз сөзі” т.б. өлеңдері осы үлгіде жазылған. “Жігіт сөзінде” құштарлық сезімін жігіт:

Иығымда-сіздің шаш,

Айқайласып тай-талас.

Ләззат алсақ болмай ма,

Көз жұмулы көңіл мас десе,

ал “Қыз сөзінде” қыз:

Тал жібектей оралып ,

Гүл шыбықтай бұралып,

Салмағыңнан жаншылып

Қылсын құмар бір қанып – деп жырлайды.
Ал,осы сыр Бернияз өлеңінде:

Дал болып салығып,

Бір жасап бой қалар,

Сұралып зарығып,

Ынта боп ол қалар-деп беріледі.

Міне, осындай салыстыруларға қарап отырып, Бернияздың бұл өлеңіне ұлы ұстазы Абайдың әсері болғаны байқалады. Себебі Б.Күлеев – ұлы Абайдың дәстүрін мол ұстаған, оның ұлағатты жолынан көп тәрбие алған, үйренген қазақ ақындарының бірі.Абай әсерімен жазылған тағы бір өлең- “Оқушыларға”. Бұл өлең ақынның өз қолынан жазылып топтастырылған қолжазбаларынан тұратын қызыл дәптерде басқа өлеңдерге беташар ретінде берілген,өлеңде ақынның поэзияға өзіндік көзқарасы мен өлшемі,талғам түсінігі көрінеді. Бернияз да Абай секілді өлеңнің еріккеннің ермегі емес, парасатты сана мен зердеден , шабытты толғаныс пен көрікті ойдан туатынын аңғартады. Бұдан біз ақынның өлең сөзге қойылар өзіндік эстетикалық талабы мен талғамын байқаймыз.

Бернияз Күлеев 1918 жылы орыстың ұлы ақыны Пушкиннің алты өлеңі / “ Бұлбұл ”, “ Ажал ”, “ Мұң ”, “Сүю”, “Ақын”, “Бар ойым бастан кешті көзім көріп”/ қазақ тіліне аударды.

Бернияз Пушкин өлеңдерінің рухын жақсы түсініп,түпнұсқасындағы өлең тексін жақсы меңгерген.Ақын көбіне Пушкин өлеңдерін дәл аударуға тырысқан.Аударма өнеріне әлі де толық мәнінде жаттықпағандықтан кейде түпнұсқадағы мазмұндық сипатты толық жеткізу мақсатында Б.Күлеев өлеңнің қазақша аудармасына тағы да тың жолдар қосыа отырған. Сөзіміз дәлелді болу үшін А.С.Пушкиннің Бернияз аударған “Соловей и роза” деген өлеңін алып қарастырайық. Ақын оны қазақша “Бұлбұл” деп аударған. Мысалы Пушкиннің “Соловей и роза” деген шағын өлеңі 8 жолдан тұратын болса,орыс ақынының түпнұсқа өлеңінің мазмұнын толық жеткізу үшін Бернияз оның өлшемін өзгертіп,жанынан тағы 8 жол қосқан. Сөйтіп қазақ ақынында 16 жол өлең пайда болды. Енді осыларды салыстырып көрелік, А.С.Пушкиннің “Соловей и роза” өлеңі:

Соловей и роза

В безмолвии садов, весной во мгле ночей,

Поет над розой восточный соловей.

Но роза милая не чувствует, не внемлет,

И под влюбленный гимн колеблется и дремлет.

Не так ли ты поешь для хладной красоты ?

Опомнись, о поэт, к чему стремишься ты ?

Она не слушает, не чувствует поэта;

Глядишь, она цветет; взываешь-нет ответа.
Бернияздың “Бұлбұл” аудармасы:
Қараңғы жазғы бір түні,

Дыбыссыз бақша ішінде.

Сайрайды шарық бұлбұлы

Бәйшешек гүлдің үстінде.


Сонда да көркем бәйшешек

Есіркеп сірә сезбейді.

Сүйкімді сайрау зардың тек

Иесіне қалғып көнбейді.


Сәуленің салқын көркі үшін

Сарнауың сондай емес пе ?

Ұмтылдың, ақын, неге тым,

Ойланып әбден ал еске!

Есіркеп тыңдап сөзіңді,

Икемге еркің келмейді.

Гүлдейді – салсаң көзіңді,

Үндесең жауап бермейді.

Ұлы орыс ақынының ойын шебер жеткізе отырып, Б.Күлеев қаламынан сегіз буынды әдемі өлең шыққан. Қазақы үлгідегі өлең. Ой да, ырғақ та қаз-қалпында.

Бернияздың Пушкиннен аударған “Ақын” өлеңі ақындық жайында сыр қозғайды. Ақынның болмыс-бітміне үңіледі. Жайшылықта шабыт оты келмей, жыр тумай тұрғанда ақын жаны қарапайым. Ол көп пенделерден ерекшелене бермейді.Тіпті елеусізде. Осы күйді ақын былайша алып көрсетеді:

Ізгі жыр естілмейді саз бен әні,

Жан сезіп ызғарлы өмір, татқан дәмі.

Елеусіз жалғанның бар бендесінен,

Кім білер елеусіз де оның жаны.

Осындай елеусіз күнде ақын шабыт толғағы қысқанда, көкіректен туындағанда мүлдем өзгеріп, басқа жанға айналады. Жан-жүрегі елжіреп, көңіл оты асқақтап басқа бір дүниеге енгендей болады. Абайша айтқанда “Сонда ақын белін буынып, қыранша қарап қырымға” дегендей ақын жолына ешкім кесе-көлденең тұра алмайды.

Бірақ аспан көкті қаптап әуез,

Естілсе ұғымына өзгеше саз.

Толғанар ақын жаны шын елжіреп,

Сескенген қара құстай болып сабаз.
Қол,әскер қызығынан дүниенің,

Жат сынар жұрт сөйлеген сөздің мінін.

Әуренің өңшең есер құдайына,

Маңызды басын иіп етпес тәжім.

Кешегі өңшең әуелкі есер топқа ақын бүгін өзінің тәкаппар басын имейді. Ақын бүгін маңызды. Өлең жолдарынан поэзияның биік құдіретін,ақындықтың үлкен өнер екенін көрсету,насихаттау бар екенін көреміз.Бұл өлең рухы жағынан Абайдың “Қуаты оттай бұрқырап” өлеңімен рухтас Абайда да, Пушкинде де поэзия, ақындық өнер туралы эстетикалық толғамға құрылған өлеңдер баршылық. Бернияз да Пушкиннің осы өлеңін аударғанда алдына эстетикалық ой-толғамдарға құрылған өлеңдеріндегі осындай дәстүрлі сипаттарды өзі де байқап көргісі келгені, мақсат қып қойғаны,осы ойды діттегені байқалады. А.С.Пушкиннің “Брожу ли я вдоль улиц шумных” деген 8 шумақтан тұратын өлеңін Б.Күлеев қазақшаға “Ажал”деген атпен аударып,сол сегіз шумағын сақтаған.Түпнұсқа мен аудармадағы өлең өте жолдарында жатық, дәл шымыр аударылған жолдар жетерлік. Салыстырып көрейік. А.С.Пушкинде:

Брожу ли я вдоль улиц шумных,

Брожу ль во многолюдной храм

Сижу меж юношей безумных.

Я предаюсь моим мечтам.

Я говорю: промчатся годы,

И сколько здесь не видно нас,

Мы все сойдем под своды вечны-

И чей – нибудь уж близок час.

Бернияздың “Ажал” аудармасында:

Ынды-зынды көшені бойлап жүрсем де,

Көп халқы бар құлшылық үйге кірсем де,

Отырсам да өңшең жастың ішінде,

Өзіміздегі ұзақ қиял тек менде.

Өзіме-өзім айтам: “Жылдар өтеді – деп,

Көрінгенмен мұнда көзге өте көп,

Бәріміз де мәңгі көрге кірмекпіз,

Кейбіреудің сағаты қазір жетет”-,деп.

Түп нұсқадағы негізгі айтылар ой мен көңіл ауаны аудармада толықтай жақсы ашылып тұр. Берния орыс ақынының өлең жолдарындағы кейбір ұғымдар мен тіркестерді қазақы ұғыммен жатық аударады. Мысалы, жоғарыдағы өлең жолдаындағы түпнұсқадағы “храм” деген сөзді Бернияз “құлшылық үйі” деп алған.Енді осыған түпнұсқа мен аудармалан мысал келтірейік.

Пушкинде:

Гляжу ль на дуб уединенный

Я мыслю, патриарх лесов

Переживет мой век забвенный,

Как ли пережил век отцов.

Берниязда:

Жалғыз тұрған қарт еменге қарасам,

Деп ойлаймын:-Ен орманға өзі хан.

Қалғандай-ақ аталар мен бабадан.

Осы өлең жолдарында түпнұсқадағы “патриарх лесов”, “отцов” деген сөздерді ақын көңілге таныс, көкейге жақын “ен орманға өзі хан”, “аталар мен бабадан”деп ұлттық ұғымға жақын жатық аударады.Бұл жерде түпнұсқадағы негізгі айтылар ой, ұғым әлсіремей, қайта жандана,құлпыра түскен. Осымен қатар бұл өлеңдегі өмір, дүние туралы ақынның көкейінде маздап жатқан ойлары мен толғаныстары, өмірдің өткіншілігі, жалғандығы туралы философиялық қайырымдар мен аңғарларды да ақын дұрыс қорытып, аудармада шебер жеткізе білген.Түпнұсқа мен аудармаға көз салайық:

Пушкинде:

Младенца ль милого ласкаю

Уже я думаю: прости!

Тебе я часто уступаю:

Мне время тлеть, себе цвести

Берниязда:

Жас баланы көрсем сүйем һәм:Інім,

Риза бол “, -деймін, я сенің дер күнің.

Жол сенкі, өз еркіммен орнымды ал,

Менің солар, сенің гүлдер мезгілің”
Пушкиннен аударған “Сүю” өлеңінде сүю сезімінің жалпы сипаттарына тоқталады. Сүюдің қызығы, қуанышы қасқағым сәтке ғана беріледі. Ол бір өткінші сезім. Сол бір жылт еткен мезетті кім қапы қалмай қармап үлгерсе, сол өкінбейді деген ойды айтады. “Мұң” өлеңінде зырғып бара жатқан уақытқа аңғырттықпен, аңсыздықпен түпке жетер сәттеріне налиды. Осының барлығы жүрегіме қайғы-мехнатты көп ұялатады, бірақ мен үн шығармай шыдап келемін, зарымды ешкім естімейді, тек бар жұбанышым жас төгу, сонда ғана қайғым жеңілдегендей болады дейді. Өлеңнің соңын ақын өмір өте берсін, оны қызғанар жайым жоқ, тек мені аямай азаптаса да бұл жалған, мен үшін қайғырмаңдар да, мен өлсем де жай өлмей махаббаттың жолында өлемін дейді. Пушкиннен аударған “Бар ойым бастан кешті,көзім көріп” өлеңінде өмір, тағдып туралы ақын өзінің толғанысты ойларын ортаға салады.Оның сыры мен болмысына үңіліп, философиялық топшылауларға барады. Ақынның 1918 жылы жазған “Достарыма жазғнарымнан” /М…ға/ “Сабырға берген суретте”, С…досыма” деген өлеңдері достық тақырыбына жазылған. Достық-адам баласына тән үлкен сезім.Достықтың құдіреті мен күші адам баласын ықылым замандардан бері игі істерге итермелеген. Қан майданда жараланған жан жолдасын жау қолына қалдырмай ұрыс даласынан алып шығатын да, өмірдің қиын бұралаң шағында үнемі қасынан табылып қол ұшын созатын да осы ұлы сезім. Адамдар үшін махаббат сезімінен де кем түспейтін, соған пара – пар қасиетті сезім.Олай болса Б.Күлеев те өз поэзиясында осы тақырыптан орағатып өте алмаған. Ақынның рсы тақырыпқа әр жылдары жазылған шығармалары баршылық. Ақынның “М..ға” деген өлеңі шағын ғана жалғыз шумақтан тұрады. Айтайын дегені-жалғыздық сезімінен жаны жүдеп, досына деген сағынышты халін жеткізу. Аласұрған жүрегі дегбірсізденіп алыстағы досын сарғая сағыну.

“Сабырға берген суретте” өлеңі де жалғыз шумақтан тұрады. Негізінен сурет сыртына жазылған өлең. Көркемдігі жоғары болғанымен досқа деген алғаусыз сезімінің табы бар. Бұл жерде Б.Күлеев сурет сыртына жазылған өлең болғандықтан,жалпы жұртқа арналмағандықтан да көркемдігін онша мақсат етпеген секілді.Тек тілек ретінде достық сезімін жеткізу бар.Б.Күлеевтің достық тақырыбына жазылған жырларынан ақынның әр кезеңде, әр жерлерде жүрген достарына, құрбы-қрдастарына, сағыныш сезімдерінің лебі, лүпілі сезілгендей болады.

Ақынның “Ғ… тоташтың альбомына” деген өлеңі альбомға жазылған өлеңдердің қатарына жатады. Альбомға өлең жазу қазақ поэзиясында Абайдың Лермонтовтан аударған “Альбомға” мен Сұлтанмахмұттың “Альбомнан” деп аталатын шағын өлеңі болмаса қазақ поэзиясының топырағында өнікті түр ретінде дамып кете алмаған. Бұл өлеңде ыстық жүректің сүйіспеншілік назы бар. Сенің ерке көркің ер жігіттің көкейінен еш кетпейді,сені сүйдім деуге еркім жеткенімен қолым қысқа болып тұр деген сөздерді айтады. Сұлу тоташты “бақшаның піскен алмасы, жас жүректі жаралайтын жас жігіттің алмасы”деген секілді бейнелі сөздермен әспеттейді. Ақынның альбомға жазылған екінші өлеңі де негізімен альбомдық стильмен жазылған өлең:

Таныс болып аз күн араңызға

Болмаса тек келіп жүргенім.

Жүректегі шемен жараңызға

Не дауа бар, сәулем,білмедім.
Белгі етіп жаздым өз атымнан

Өзге белгілермен бірге сақтрсың.

Артық болса алып альбомыңнан

Жанған отқа жыртып тастарсың.


Б.Күлеевтің творчествосында 1919 жыл да жемісті жылдардың бірі болды. Ақын бұл жылы 22 өлең. І поэма жазған. Көңіл-күй сезімдерін білдіретін ақынның “Жүрегің жанып”, “Жырла да зарла, көңлім”, “Неге” және табиғат суретін әдемі беретін “Әдемі түн” өлеңдерінде оның поэзиялық шеберлік жағынан жетіле,суреткерлік қаламның ұштала, ұшқырлана түскенін, ой мен сезімді бірлікте алып бейнелі суретке орын беру, ондағы мұңшыл, күйшіл, сыршыл сарындардың көбейе түсуі байқалады. Бұл жылдары қаламгердің сапалық тұлғасы айқындала түскен. Б.Күлеевтің ерекше тоқталуға болатын “Жырла да зарла, көңілім”өлеңі бір жағынан көңіл-күй сезімдерін, бір жағы махаббат сезімдерін жырлайды. Бұл өлең-мазмұны,рухы ағынан алып қарағанда Абай үлгісіндегі өлең. Абайдың атақты, әйгілі өлеңдерінің бірі – “Өзгегекөңілім тоярсың” өлеңімен көп жағдайда үндес келеді. Бұл өлеңде ұлы ақын өлең сөздің эстетикалық құдірет-күші мен қуатын оның тек жүрекпен ұғынылар сырлы сипатын,тыңдаушыларға әсерін жырлайды. Мазмұны жағынан үндес келетін осы екі өлеңді салыстырып қарау үшін алдымен Абайға құлақ салайық:

Сайра да зарла, қызыл тіл,

Қара көңілім оянсын.

Жыласын, көзден жас ақсын,

Омырауым боялсын.
Қара басқан қаңғыған,

Қас надан нені ұға алсын ?

Көкірегінде оты бар

Құлағын ойлы ер салсын .


Абай сөзінің, жырларының көкірегі сай, көзі ашық сәулесі бар жандардың жүрегіне жетуін аңсайды. Өз сөзінің жаңылыспай діттеген жеріне жету үшін ақын көңілінде беймазалық:алаңдау, ширығу, қайғылану,зарлану сарындары;қынжылыс,күрсініс қоса қабаттасып келіп отырады. Көкірегінде оты бар, ойлы, есті ердің құлағын салып, сөзін қабыл алып, танып – түсінуіне тілектесіп сарыны байқалады. Сонымен бірге бұл өлеңде үлкен изіл мен кекесін де бар. Бұл зіл мен кекесін асыл сөздің нарқын, қасиетін түсінбейтін қаса надандарға арналған. Ақын өлеңінде оларға деген уытты да ащы ызаның табы бар. Енді Бернияздың осы өлеңмен үндес келетін “Жырла да зарла, көңілім” өлеңнің жолдарына үңілейік:

Жырла да зарла, көңілім,

Сел болып жасың төгілсін.

Естіген ойдан баз кешіп,

Қамығып шындай егілсін.
Жер-аспан бірден қозғалып,

Тау мен тастар жібісін.

Ойланған ойлар толғанып.

Мұздаған жүрек жылысын.


Бернияздың өлең жолдарында да Абай өлеңімен мазмұндас ойлар айтылады. Өзінің жыры мен зары орман-тоғай, хайуанаттар мен жәндіктер, ағаш-шөптің құлағына жетіп,қаз-бұлбұл, аққу құс үн қосып, сарғалдақтың бірге сайрауын,қырдағы құлан, арқар мен киік мұңданып, арыстан, аю, жолбарыстың ыңырана, өзендер, көлдер шалқып жатқан дариялардың өз зарына үн қосуын, барша – барша жаратылыстың “аһ”ұрып жыр мен зарға құлақ ұрып, өзіне табындырғысы,қайғы-мұңына ортақтасуына шақырады. Қысқасы, ақын өз жырымен дүниенің барлық құбылысымен астасып, өз мұңы мен жыры етуге ұмтылады. Осыған байланысты ақын:

“Аһ” зарың тегіс аралап,

Аспан мен жердің арасын.

Орныққан ойды жаралап,

Көңілді қозғап қарасын-деп жырлайды.
Ақын осылайша тіршіліктің барлық құбылысын өз жырымен зарына құлақ қойғызып алады да көңілінің жыры мен зарын кімге бағыттап отырғандығынан хабардар еді. Сонымен ақын түпкі ойының аужайын былайша білдіреді:

Жырла да зарла,көңілім,

Иеңнің тапсын еркесін,

Еріксіз оны ойлатып

Өзгесін үзіп өртесін.
Жаңылтып өзге тілегін,

Қайрымсыз көңілін жібітсін.

Суық ой, салқын жүректің,

Шын ітіп жылытсын.


Махаббат оты құлпырап,

Жас жүрегін күйдірсін.

Өзгермес ой мен шын қлып

Сәулеме мені сүйдірсін.

Жатса да, тұрса, жүрсе де,

Тек жалғыз мені ойласын,

Қайғырып, жылап күлсе де

Еркіңе зарың қоймасын…


Жыр мен зардың, тауып қана қоймай ақын көңіліндегі осы бір жалындаған жыр мен мұңның зарлы сырын сүйгенінің қайрымсыз көңілін жылытып, “суық ойлы,салқын жүректі” еркесінің өзгесінің үзіліп өртенуін, тұла бойының иіп, еріп, қысқасы, лирикалық қаһарманды мазалаған осы бір аласапыран сезім түптеп келгенде өзін сәулесіне сүйікті ету мақсатында білдіреді. Өлең жолдарында ақын “қайырымсыз көңіл”, “суық ой” сөздері арқылы сезім күйлерін шебер жеткізе алған. Өлеңдегі барша көңілден шығып жатқан жыр мен қайғылы зар бір мақсатқа,яғни сезімнің күші арқылы сүйгенінің көңіліне жол табу, оның “қайырымсыз көңілін” жібітіп бетін бері қарату, түптей келгенде өз мақсатына жетіп, сүйгеніне қосылу. Зерделей қарасақ, Бернияздың бұл өлеңі мазмұндық сипатына байланысты үш шоғырдан /тирададан/ тұратынын аңғаруға болатын секілді. Алғашқы шоғырда ақындық шабыт сәті бейнеленеді, екіншісінде сөз етпек құбылысқа жалпы фонның сипаты, ал соңғысында ақынның негізгі мақсат-мұраты көрінеді. Абай өлеңімен үндестік бірінші, екінші шоғырда байқалады да,ал соңғы шоғырда оның өзге әуен-сарынға, махаббат сырын сөз етіп, сүйіспеншілік сырын баяндап кетеді.

Ақынның өмір шындығын өте бір реалистік қанық бояумен жеткізе білген поэзиялық шығармасы - “Соғыс майданында” деп аталатын өлеңі. Бұл өлең сірә да ақынның сол жылдардағы ақ пен қызылдың арасындағы алапат соғыстың, сол соғыстың шет жағасын көріп,өзі болған жайттардың әсерінен туындаған секілді. Ақын шығармасынның өзегі қанды майдан, кескілескен шайқас өткеннен кейінгі ұрыс даласынның жан тітіркендірер көрінісін суреттеуге арналған. Көз алдымызға қан-қан болған ұрыс даласының жан жабырқатар жадау да сұрқауы суреттері көлбеңдейді:

Ағаштықтан оралып сайға таман,

Жүрген жерде жусандай толған адам.

Жыртылмаған сау жер жоқ денесінде.

Жанын беріп жай тапқан ат пен адам.


Аяқ-қолдан, мүшеден айрылған тән,

Жерді жуған жарадан төгілген қан.

Өмірінше айрылмас, айнымас дос

Кеуде мен бас мәңгіге қош айтысқан.


Соғыстың жан түршіктірер ызғарлы, жадау көріністері арқылы ақын соғыстың, соны тілеуші жұмыр басты пендеге, тірлік иесіне тигізер орны толмас қасіретін, ауыр зардабы мен оның жарасым, тіршілік атаулыға тигізер үлкен ылаңын көрсетпекші болған. Өлеңнің негізгі идеясында соғыстың жүрекке салар зіл батпан қайғы мен запыраннан, өксіткен басқа еш нәрсе әкелмейтіні жатыр.

1919 жылы Б.Күлеев махаббат тақырыбына бірнеше өлеңдер жазған. Олар: “Шер шыдатпай саған арнап”, “Ұшпақтағы жарыма”, “От жалындай өртеп ішті”, “Кірсіз көңілің, күнәсіз ізгі жаның”, “Сен менің шын нанған аллам”, “Жұмақта”, “Ақ сұңқар жыр еркесі, жалған хоры”.

Ақын поэзиясының бір ерекшелігі ол тек көңіл-күй сезімдері ғана емес, махаббат әуендерін де жырлауды басты тақырып еткен. Бұл өлеңдердің барлығының тақарыптық сипаты бір-бірмен ұқсас. Бір-бірінен бөлектеніп тұрған ерекшелігі аз. Бұрыңғы осы тақырыптағы өлеңдерге қарағанда ақын шеберлік жағынан жетіліп, сезім толғанысы тереңдей, кеңейе түскенін пайымдауға болады.

Б.Күлеевтің Орынборда қоғамдық жұмыста жүрген бір кезеңінің ұшығынан ұщығынан хабар беретін бір өлеңі – “Ұшқынға” деп аталады. Ақын бұл өлеңін 1919 жылдары өзі редакция алқасының мүшесі болып қызмететкен Торғай облыстық төңкеріс комитетінің үні болған “Ұшқын” газетіне арнап жазған.

Ақынның өнімді де өнікті қызмет еткен жылдарының бірі 1920 жыл екені аян. Бұл жылды да оның ақындық өнеріндегі жемісті жылдарының бірі деп санауға болғандай. Ақын шығармаларының көркемдік нәрі мен күш-қуаты бұрынғы жылдарға қарағанда өсе түскен. Осы жылғы өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі ақын әлеуметтік мәселелерге көбірек үңілген. Сондықтан болу керек өлеңдердің көпшілігінде әлеуметтік тақырып көбірек бой көрсетеді. Бұл тарапта ақынның “Алға”, “Қуларға”, “Заман-ай әніне”, “Жаз”, “Ел ерлеріне”, “А, Дариға-ай”, “Күз”, “Ер жігітке”, “Кім бар ?” өлеңдерін ерекше атуға болады. “Ел ерлеріне” деген өлеңінде ақын ел ерлерінің есіне қазақтың бұрынғы өткен халы,талайсыз тағдырын салады. Бұл өлең кезіндегі зерттеу,талдауларға тек таптық түсінікпен ғана тексеріліп, қарастырылып келді.Бұл өлеңнің мазмұнында тап теңсіздігі мен жалпы елдің, халықтың, бай, кедей демей жалпақ жұрттың ауыр күйі, теңсіздігі, аянышты ғұмыры жатыр. Отаршылардың әкелген қиянаты, жалпы отаршылдықтың ауыр зардаптры өлеңде ащы суреттермен көрсетіледі.Ел ерлерінң есіне тек тап қанаушыларының озбырлығы ғана емес, отаршылдардың зобалаңы мен ойран-топалаңы, қаныпезер қаталдығы мен озбырлығын салады.

Кім бүлдірді атамекен еліңді ?

Кім тілдірді кіндік кескен жеріңді ?

Малды адаммен, қанды жанмен төлетіп,

Кім жүндеді тірідей тонап теріңді ?
Гүл жайнаған жасыл жібек

Алтай, Арқа, Еділ, Жайық анаңды

Бір қауызға жинай бәрін қусырып,

Кім жанышты жүректегі жараңды ?

Осы аталған зұлматтар, жөнсіз жәбір-жапаны “кім” деген сұрақтар арқылы ақын санамлап өтеді де жауапты өзі береді:

Патшазада, сұлтан, төре ,хандардың

Жан алушы генерал мен жандарм.

Тіске жұмсақ бұқараны жем қылып,

Айдаһардай азу біткен заңғарың…
Өлең соңында ақын нешеме ауыр түндерді бастан өткеріп,халқын бостандыққа жеткізген ел ерлеріне мынадай сезім білдіреді:

Аз шыдасаң елді жаудан ашасың,

Жау жүрегін жасқанбастан басарың.

Біріктіріп бес бөлігін жалғанның,

Мәңгі – бақи еркін жасарсың.
Б.Күлеевтің жеті буынды қара өлең ұйқасымен жазылған “Алға” деген шығармасы да әлеуметтік тақырыпқа жазылған. Жайшылықта көсемсіп, ел қамқоры боп,жұртқа ақыл үйретіп ел тізгінін ұстағансып жүргендерді өзінің “Қуларға” деген өлеңінде қатты сынға адады. Олар туралы ақын мынадай сипаттама береді:

Екі жүзді “ерлерім”,

“Ел қорғаны” серлерім.

“Едің үшін ерінбей,

Еңбек етіп терледің”.

Олардың сипатын осындай ирония арқылы жеткізеді. Бұл “ерлердің” бет-пердесін осылайша аяусыз ашып отырған ақын өлең соңында оларға өзінің қатал үкімін, айыптауларын естірткендей кесінді сөзін арнайды:

Өлшеп асқан өреңді

Көзден ашқан көреңді,

Арттағыға айқындап,

Тарих берер төреңді.

Ақынның ауыз әдебиеті үлгілерін пайдалана отырып, шығарған ерлік тақырыбындағы өлеңдері де бар. Ерлік тақырыбына қалам сілтей отырып, ақын жалпы ер жігіт қандай болу керек, оған қойылар ерлігіне сын болар, өлшем, шарт қандай, қай парызға жүгініп, нендей сенім-мүддені орындау керек, нені басшылыққа алу керек, міне осы аталған жәйтаросы тақырыптағы шығармаларға өзек болған. Бұл тақырыпта ақынның “Ер жігітке”, “Кім бар” өлеңдерін атауға болады. “Ер жігітке” өлеңін алатын болсақ, өз поэзиясында жыраулық өнердің ежелгі ерлік дәстүрін мықты ұстанған Махамбет жырларымен үндестік өте-мөте қатты байқалады. бұл өлеңді оқығанда есімізге еріксіз Махамбеттің әйгілі “Ерлердің ісі бітер ме ?” өлеңі түседі. Берниязда ер жігітке қойылар талап пен шартты былай тізбелейді:

Ер қаруы – бес қаруды басқармай,

Тас төсеніп, емір қазық жастанбай.

Қанын ұрттап, жау жүрегін туралап,

Шаш ал десе домалатып бас алмай.

Жел жетпесті жорыққа мініп еліртпей,

Көкірегінде қорғасын от ерітпей.

Қақпақ жауырын, бұдыр білек, тас жүрек

Жалғыз сөзбен мың сан жолдас ертпей.

Жапан түзде жауға жалғыз жолықпай

Наркескеннен тамған қан жерде сорықпай.

Еркін дала, асқар тау, шалқар көлдерден

Қабат өтіп жолбарыстай жорытпай…

Өлең жолдарын оқып отырып, ақынға әйгілі ұстазының рухы ырғағынынң үлкен әсерін байқағандай боламыз.

Ақын осылайша Махамбет үлгісімен жырлап келе жатып, орта жолда тақырыпты кілт өзгертіп әсем арудың сұлу бейнесін суреттеп кетеді. Ақыры ол жігіттің арман – мүддесін былайша түйіндейді:

Өшпес ерлік көрсете алмай жалғанда,

Жан ұшырып қан ұрттамай майданда.

Қой үстіне ұялатпай бозторғай,

Ер жігіт, сен өлгенде де арманда.

Қысқасы, өлеңнен ер жігіт еліне жақсылық, бақыт, тыныштық әкелмей арманы өле-өлгенше таусылмас деген ойдың ұшығын байқаймыз. Осы ой ақынның келесі өлеңі “Кім бар?” да сақталған. Бұл өлеңнен ақынның зор романтикалық шабыты мен асқақ екпінді пафос отын көреміз. Лирикалық қаһарманның әрбір сөзі жігерлі патетикамен берілген. “Ер жігітке” өлеңінде елі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, ерегіскен дұшпанына қан құстырып жүрген еңіреген ер мұнда да бар. Өлеңде фольклорлық жырдың көркемдік теңеулерін пайдаланған. Лирикалық қаһарманның аузында “арыстанбыз”, “аш бөріміз” деген сөздер жүреді. Мұнда да жаңа заманның қаһарманының, хас батырының іс-әрекеті аталмыш фольклорлық тәсіл арқылы былайша көрініс табады:

Сырылдатып алысқа жақ тартқанда:

Қозы жаурын оқ жоғалар атқанда

Өткір қылыш, түзу құрыш болаттан,

От жарқылдар жауға жалғыз шапқанда.

Лирикалық қаһарман шыбын жанын шүберекке түйіп, жау соңында жанын қиып жүрсе де еш мойымайды. Арымыз да, иманымыз да азаттықтың жолында деп біледі. Бұл жолда атақ та, алтын да, асыл зат та бізге керексіз,барлық жиған-тергенімізді жетім-жесірдің жолына жұмсаймыз, біздің бұл игі қадамымызды “бауыры жібек”, “түбәі тас” асқар таулада, мың жасаған түрлі ағаш та, судың сылдыры,жердің гүлі, құстың жыры да қысқасы, барша жаратылыс құптап,қоштайды деп сенеді. Өлең соңын ақын осылайша құйылтып келіп “Кім бар бізбен қан майданда алысар !” деген патетикалық сұрақпен аяқтайды.Ақынның ертеректе жазылған “Жа жүрегіме”, “Жыла да зарла,көңілім”, секілді өлеңдерімен 1920 жылдың аяғында жазылған “А, дариға-ай күшті бір қанат бітіп” өлеңі сипаты жағынан сарындас үндес келеді. Бұл өлең-негізінен алғанда үлкен романтикалық көңіл-күй арқылы жазылған ақынның романтикалық шығармаларының бірі. Оны өлеңнің өн бойынан байқалатын шарықтаған ақындық қиял мен сезімнің молдығынан байқауға болады. Өлеңнің басында ақын шарықтаған көңіл-күйдің әуенінде өзінің ішкі аңсарларын жайып салады.

Я,дариға-ай, күшті бір қанат бітіп,

Сырылдатып сапырып көкке ассам.

Асқар таудан асып, бұлтты жарып,

Көк хорымен бірге айқассам,

Мұндай аңсарға баруға не әсер етті?! Ақынның көңіл-күйіндегі мазасыз, беймаза сезімі түпкі тамырлары неде?! Ақын көңілі маза таппай тыпыршып, неге жұлқынады?! Бұл арада сезім мен асау көңіл-күй ақынға қайдан келген?! Міне, осының барлығына себепші нәрсе деп ақын қиянатшыл, жаусыз жердің қылығын айтады. Жас жанды қиып көкке келгендегі мақсатым: жер бетінің қиянатына тойып біттім, ұлдан ұят, қыздан қылық кетіп, ар-намыс тапталып бітті. Не де болса жүрегімді енді өзіңе бердім – деп барлық үміт-арманын, сенімін хор қызына артып, онымен қосылысып бақытты болуды көксеген романтикалық қияли тілегіне үміт артқандай болады:

Көңілі сенгіш көріктісі,

Елжіресе көктің ойынан жаңылып,

Қолын беріп, кіріп құшағыма,

Қанатымды тұрса жамылып.


Жан сүйініп, жіпсіз тән бірігіп Мойнымды орап нұрлы білегі.

Қабақ жауып көзді, көңіл мас боп,

Дүрсіл қағып сүйген жүрегі…

Осылайша жер бетіндегі әділетсіздіктерден көңілі қарайып, жүрегі қажыған ақын өз аңсарын көктен тауып, көк еркесі сұлудың сүйікті құшағында тұрып көңілін демдеген ақын үзілді-кесілді шешімге келеді:

Сонда ғана көріп шын ізгіні,

Жайланармын “уһ” деп дем алып

Жауыз, жалған, күншіл, қиянатшыл

Жер жүзіне қайтпан оралып.

Ақын поэзиясында байқалатын бір ерекше сарын бар. Ол ғасырдың басында орыс поэзиясында төбе көрсеткен символистік-декаденттік бағыттағы Брюсов, Бальмонт, Соловьев және алғашында солардың әсерінде болған Блок, Есенин, Маяковский секілді ақындардың шығармаларындағы идеялық-түрлік ерекшеліктердің Б.Күлеев шығармашылығына әсер етуі. Сонымен бірге Қазанда жүргенде осы бағыттағы татар ақыны Дәрдімандтың поэзиясының да жас ақынға ықпалы болғандығын байқаймыз. Қазақ поэзиясында осы топқа ерекше көңіл бөліп, құлақ тіккен шығармашылық жолдарында осы сипаттағы шығармалар жазып соны үлгіге еліктеген Мағжан мен Бернияз болды. Бернияздың 1920 жылы жазылған “Мен - саған жат қыр баласы” өлеңіндегі қаланы жатсыну сезімі тұп-тура С.Есениннің лирикасындағы осы сарынға ұқсас. Белгілі орыс ақыны Есенин деревня жыршысы болып, қаймағы бұзылмаған патриархалдық деревняны асыра мадақтап идеализациялайды. Барлық бақытты тұрмыс, орыстың халықтық рухы деревняда, ал қала осылардың бұзушысы, дәстүрді, рухтың құртушысы капиталистік қоғамның негізі, бәрін бастаушы қала деп, өз жырларында оған қарсы шағады. Бернияз өлеңінде де осындай сарындардың ізі бар. Бұл тарапта М.Жұмабаевтің “Айда атыңды, Сәрсенбай” өлеңі де Бернияздың аталмыш өлеңімен рухтас, үндес келеді. Мағжан шығармасында да лирикалық кейіпкер бұзықтықтың, азғындықтың ордасы қаладан қажып, шаршап мүлдем түңіліп, сайын сахараға, қырға кеткісі келеді. Сарыарқаның кең самалына кеудесін төсеп, даланың таза ауасын мол жұтып, еркін тыныстағысы келеді.

Б.Күлеев өлеңі де міне осы тақырыпты қаузаған.

Мен – саған жат қыр баласы,

Қырда тудым, қырда өстім.

Таулы, тасты айнала,

Көлде жүзіп су кештім.

Ынды-зынды үлкен қала

Маған теріс, маған жат.

Алдартқан жалғыз ғана

Жас періште көңілі шат.

Ақын осындай у-шудан зәрезап болғанда жұбанышын жас періштенің шат көңілі ғана деген шешімге келеді. Ақынның осы жылы жазылған сурет сыртына жазылған “Сүйікті анама мәңгілік белгі” деген өлең бар. Бұл өлеңнің сурет сыртына жазылған өлеңдерден бір ерекшелігі мұнда ақын көңілінің шынайы сезім сыры өте әсерлі шыққан.

Сүйікті анам, сонда мен болмаспын,

Сен сағынып қайғы жұтарсың.

Төсің иіп, ыстық жасың тамып,

Суретімді сүйіп құшарсың.

Бұл жолдардан алыста жүріп сүйікті анасын жан-жүрегі егіле сағынған ақын көңілінің сағынышты сезім күйін айқын ажыратуға болады. Сонымен 1920 жылғы ақын өлеңдерін бажайлайтын болсақ, ақын бұл жылы әлеуметтік тақырыптағы өлеңдерге көп барды. Соның өзінде де ақын өзінің сүйікті тақырыбы болған махабба, көңіл-күй тақырыбын да ұмытпаған. Бұл тақырыпқа да әсерлі өлеңдер жазған. Ақындық алғашқы қадамынан бастап жазып келе жатқан табиғат тақырыбын да ұмыт қалдырмаған.

1921 жылғы Бернияз Күлеев шығармашылығын саралай қарасақ, өткен жылдары ақын жырлаған әлеуметтік, саяси тақырып бұл жылы мүлдем жоқ.

Ақын бұл жылы әлеуметтік тақырыпты жырлаудан бой тартып, көбіне мұнды сарынға бой алдырып, ішкі сезім күйлерін шертетін өмір құбылыстарының сұрқай бояуларын ғана санасында қабылдап, өткен өмірге өкініш білдіргендей жырлар жазды. Ақын көңілі өрекпіп, тыншымай бірде дүниеден баз кешкендей пессимистік рухқа берілсе, енді бірде сергігендей құштырлана романтикалық рухқа (“өзім тәңірі”) ойысады. Кезінде ақын мұрасына азды-көпті баға берілгенде, зерттеушілер тарапынан ақынның осы жылдары жазған жырлары шетінен жылауық, күйрек деген баға берілген болатын. Ақын жырларының мұндай сипаты дәуілрдің объективі сипатынан туындайтыны ескерілмейді. Ақын өміріне көз жүгіртіп барласақ Б.Күлеев бұл жылдары сол кездегі Қазақстан астанасы Орынбордан Қазанға қазақ кітаптарын бастыру жөніндегі өкілі боп барған кезі. Елден жыраққа кеткен ақын мүлде жаңа ортаға бірден сіңісіп, үйрене қоймады. Әсершіл ақын көңілі қоңылтақси берді және ақынның жеке басына әсер еткен әртүрлі өмір құбылыстарынан туындаған толқыныстар, әсерлер оның бұрқанысты көңіл-күйін бей-жай қалдырмаса керек. Сол кездегі азамат соғысынан кейінгі елде болып жүріп жатқан әр түрлі революциялық іс-әрекеттер, әлеуметтік-қоғамдық саяси шаралар, барша дүниеге өзінің дүмпулі серпінімен өз үнін білдіріп жатқан большевиктер бастаған пролетариат диктатурасының жаңа құрылысқа белсене кіріскен қауырт қимылы, сезімі кіршіксіз таза баладай ақ көңіліне әр түрлі таңбаларын қалдырды. Ақын әу бастағы идеалынан айрылғандай күй кешті. Өмір жолында бағытсыз, бағдарсыз қалғандай болды. Сонымен бірге сол жылдары Қазанда танысқан Зейнеп Ахмирова екеуінің арасында басталған ыстық махаббат сезімінен туындаған драмалық жағдай да ақын көңіліне әсер етті. Міне, осының барлығы жаны нәзік әсершіл, сезімтал ақынды жабырқаған көңіл-күйін шертетін мұңлы жырлар туғызуға итермелейді. Зерттеушілер Б.Күлеевтің бұл жылы отыз үш өлең жазғанын айтады. Бұл өлеңдердің жартысына жуығы жеке адамдарға арналған, альбомға немесе сурет сыртына жазылған шағын өлеңдер болып келеді. Ақынның өз көңілінің мұңын тербеп сырлы да мұңлы сарында жазылған ”От жүрегім күнде өртеніп”, “А, дариғай”, “Жанталас”, “От жалындай өртеп ішті” т.б. өлеңдері бар. Осы жылғы өлеңдерініңі ішінде тақырыбы жағынан өзгеше, өнер тақырыбына Абай үлгісімен жазылған “Ән-күй” деп аталатын өлеңін ерекше атаған жөн. Бұл шын мәніндегі ән-күйдің, әсем саздың адам өміріндегі алатын орнын шабыттана жырлаған өлең.

1920 жыл да Бернияз қаламы үшін жемісті жыл болды. Отызға тарта өлең жазды. Осы жылдары ол өзінің “Жорық”, “Гүл”, “Қайда екен?” секілді поэмаларын жазды. Жазылған өлеңдерінде тақырыптық жағынан жаңалық балмаса да, ақындық шеберлігі жағынан шындалып, қаламының ұштала түскені байқалады. Көңіл-күйдің сырын, ішкі толғанысты еркін де күшті беруге күш салған. Осы өлеңдерінің ішінде көңіл-күй сырын мұңды тоғаныспен білдіретін “Қапы қалдым”, “Нетер ем”, “Қалау беру”, “Жалғыз өзім жат жерде”, “Жас теректің жапырағы”, “Алшы, тәңірім, алшы, ал!”, “Жүрегіме” өлеңдерін ерекше бөліп атаған жөн. Махаббат лирикасы тақырыбнада жазылған өлеңдерінен “Гүлдәндам”, “Ауырғанда” деген өлеңдерін атауға болады. Ақындық шеберлігі жағынан өсуін айғақтайтын өлеңдерінің қатарында “Жалғыз өзім жат жерде”, “Жас теректің жапырағы”, “Алшы, тәңірім, алшы, ал!”, “Бүгін-ертең”, “Ойла, ойла, ойға тойма”, “Жүрегім”, “Қарңғы түн, алдымда тұр шам жанып” өлеңдерін атауға болады. Ақынның 1969 жылы шыққан біртомдық өлеңдер жинағына кірмеген “Мағжанға”, “Башқұрт қызы қарындасым Софияға” деген өлеңдерін атап кеткен орынды. Бұл өлеңдер өзінің тақырыбы жағынан сол жинақ шыққан кезеңінің тынысына сәйкес келмесе керек. Бірінші өлең ақынның өзінің досы Мағжанға жіберген суретінің сыртына жазылған шағын өлең. Екінші өлең ақынның өзінің башқұрт қызы Софияға жазған арнау өлеңі. Бірақ мұнда махаббат сезімі жоқ. Өлеңде башқұрт пен қазақ халқының достығын, олардың Ресей отарлығынан бұрынғы еркін жүрген, жауларының мысын басып, құтын қашырған жауынгерлік рухы сөз болып, қазіргі халдерінің бүгінгі күйін, кешегі күндермен салыстырып, қайғырады. Ақын көңілі о баста еркін жүрген бостандық кезеңдерін аңсайды. Бұл өлең өзінің тақырыбы жағынан саяси лирикаға жатады. Енді бір тоқталып өтетін мәселе ақынның поэмалары. Жалпы алғанда ақынның бұл поэмаларында белгілі сюжет жоқ. Бұлардың барлығы лирикалық пландағы поэмалар. “Жердің жүзі жаз еді”, “Қайда екен?!”, “Гүл” атты аяқтамай қалған поэиалары романтикалық сипатта жазылған. Поэмаларының өн бойында махаббат, сүйіспеншілік сезімдері қозғалады. Бұл шығармалар таза лирикалық туындылар ретінде ерекшеленеді. Ал ақынның “Жорық” поэмасы тақырыб жағынан жоғарыдағы үш поэмадан өзгеше. Шығарма бастан-аяқ ерлік тақырыбына құрылған. Ақын бұл шығармасын батырлар жырының әсерімен жазған. Поэмаға әсіресе Махамбет поэзиясының әсері күшті тигендігі байқалады. Ақын өмірінің соңғы жылында, яғни 1923 жылдың және өмірінің соңғы айы осы жылдың қаңтарының ішінде он шақты өлең жазған. Бұл өлеңдерінің тақырыбының барлығы өлім тақырыбы. Сірә да ақын өмірінің соңғы сағаттары соққанын сезген секілді. Ақынның бұл тақырыптағы өлеңдері: “Өмір – құрдым, өмір - өзен жоғалат”, “Ал, жүрегім, өлейін” өлеңін ақын өлер шағында жазған секілді. Себебі ол өлеңнің жазылу мерзімін 1923 жылғы 21 қаңтар кешкі сағат 5 деп көрсетіпті. Осы тақырыптағы өлеңдерінің есепті болғандықтан осы өлеңнен үзінді келтіре кетейік:

Ал, жүрегім, өлейін.

Дегеніңе көнеін.

Аз күн тұрған жалғанға,

Келіп едім демейін.

Өлер жерің, осы деп,

Дәл жүректің тұсы деп,

Қорғасын оқ өткізіп,

Өз қаныма өзімді

Қарқ қып мәңгі көмейін.

Сонымен 1923 жылғы 29 қаңтарда Б.Күлеев Қазан қаласында қайғылы махаббат драмасына ұшырап, бұл дүниемен қоштасады. Ақын жүрегі соғуын тоқтатады. Небары 24 жасында он екі де бір гүлі ашылмай, ерте жанып, ерте сөнген есіл талант қыршынынан үзіледі. Ақынның қысқа ғана шығармашылық ғұмыры осылайшы қайғылы түрде аяқталады. Бірақ, ол аз жасаса да артына кәусардай мөлдір таза жырларын қалдырып кетті. Ақынның рухани мұрасы, өшпес жырлары өлген жоқ. Ақынның барлық өлеңдерін жазылу (үлгісіне) мерзіміне қарай топтап жүйелеп өттік. Себебі ақын өзінің жазған өлеңдерінің барлығының мерзімдерін дәлме-дәл көрсетіп отырған. Дегенмен де ақынның 20-ға жуық уақыты, мерзімі, көрсетілмеген жылы белгісіз өлеңдері де бар. Олар: “Көру еді осыншама құмарың”, “Мұңайма”, “Хатыңды алып”, “Қаптаса, қамаласа қалың қайғың”, “Кім үшін”, “Жеті түн жым-жырт ұйқыда”, “Бозда, ботам, бозда, бозда”, “Алғансызды жіберілген хатымды”, “Ит көңіл, арсыз көңіл, әуре көңіл” т.б.

Міне, біз ақын мұралары ішіндегі лирикалық шығармалардың болмыс-бітімін, сыр-сипатын талдауымызды жоғарыдағыдай сипатта көрсеттік.


жүктеу 0,68 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау