128
ҚОЙШЫ-ҚОЛАҢ. Екінші компоненті жеке қолданылмайтын,
мағынасы күңгірт қос сөздердің бірі − осы. Қосақтала жұмсалып,
жымдасып, сіріленіп кеткен сөздердің дені, әдетте, бірі-біріне
мағыналас болып келетіні мәлім. Демек, қолаң тұлғасын не көне
сөздер қорынан, не өзге тілдер қазынасынан іздеу керек болады.
Сірә, бұл дыбыстық тұлғасы едәуір өзгерген парсының ғолам сөзі
болуы керек, бұл − «құл, жалшы» деген мағынаны білдіретін сөз.
Сонда қойшы-қолаңымыз «қойшы-жалшы» деген жинақтау ұғымын
беретін қолданыс болып шығады. Сөздердің қолданыс тарихында
қос сөздер болып қалыптасқан бірліктердің бір сыңары бөгде тілдік
(парсылық, арабтық, монғолдық, бірен-саран қытайлық) болып, ерте-
ректе қалыптасқан фактілер едәуір. Олардың пайда болу уәждері мен
кезеңдерін, семантикалық қозғалысын зерделеу – аса қызық та, қажет
те қарекет болмақ.
ҚОМ СУ. ХV-ХVІ ғасыр жырауларының өлең-толғауларында:
Қоғалы көлдер, қом сулар
Кімдерге қоныс болмаған (Шалкиіз);
Қоғалы көлдер, қом сулар
Қоныстар қонған өкінбес (Доспамбет), –
деген жолдарды оқимыз. ХV-ХVІІІ ғасырларда жасап өткен ақын-
жыраулар мұралары жарияланған басылымдардың барлығында
дерлік бұл өлең тармағы «қоғалы көлдер, құм сулар» болып жазылған.
Дұрысы – қом сулар болуы керек. Қом сөзінің қазірде біз білетін
мағыналары: «1) түйе өркештерінің түп жағындағы тұтаса біткен
жота майы, 2) түйеге жүк арту үшін, оның қос өркеші мен жотасын
(қомын) орай салынған қабат-қабат киіз» (ҚТТС, т.6. 308-б.).
Бұл тұлғаның (сөздің) мағыналарын іздей түссек, алтай тілінде
ол «толқын» деген ұғымды да береді екен (Радлов. Опыт словаря…
т. ІІ, ч.1). Толқын тұрды дегенді қом кірді дейді. Қомды тұлғасы
«толқынды» дегенді білдіреді. Қом сөзінің Сібір түркілеріндегі
«толқын» мағынасы – төлтума түркі сөзі ме, кірме сөз бе, оны біз
айыра алмадық, бірақ әйтеуір бар сөз. Сірә, көне түркі сөзі болуы
мүмкін. Қазақ ру-тайпалары тілінде де бір кезде «толқын» мағынасын
білдіретін қом сөзі тек қом су деген тіркес аясында қалған болса ке-
рек деп жорамалдаймыз. Сонда мағынасы «қоғалы көлдер, толқынды
сулар» деген бейнелі тұрақты тіркес болып сақталып қалған деу-
ге болады. Қоғалы көл – тыныш кішкене көлдер, ал толқынды су-
лар – үлкен өзендер мен теңіздер болмақ. Әдетте өте көне сөздер
мен кейбір ертеде енген кірме сөздер («ауыс-түйістер») көбінесе
129
тұрақты тіркестер құрамында, мақал-мәтелдерде «консервіленеді».
Заман өткен сайын мағынасы ұмыт болған сөз тұлғалық жағынан да
өзгеріске ұшырайды, түсінікті сөзбен алмастырылады. Қом «толқын»
сөзі кейінгі замандағы қазақтар үшін әбден таныс құм тұлғасына
ауыстырылған, бірақ құм су деген тіркестің мағынасы түсініксіз.
Әдетте ауыз әдебиеті үлгілері мен ертедегі ақын-жыраулар туынды-
ларында әр алуан эпитетпен келген су деген сөз образы жиі кездеседі:
«Ауан,ауан, ауан су»; «Айдынды сулар, аймақ көл, тасыса төңбек
келтірер» (Шалкиіз); «Тоғай,тоғай, тоғай су, тоғай қондым өкінбен»
(Доспамбет); «Қарқын су келіп қаптады» («Қамбар батыр»).
Жалпы қазақтың ескідегі поэзиясында су (өзен, көл, дария)
белгілі бір образды («мекен», «қоршаған табиғат», «табиғат күші»
т.т. сияқты) білдіруге бейім тұрған. Сондықтан «толқын ұрған» да-
рия – Еділ мен Жайық сияқты (Шалкиіз, Доспамбеттер жасап өткен
өлкедегі) мол сулы өзендерді «қом су» деп бейнелеп атаудың болуы
заңды. Сөйтіп, «қоғалы көлдер, құм сулар» деген өлең жолын «қом
сулар» деп жазып, осылай оқыған дұрыс.
ҚОРАМСАҚ, ҚЫЛШАН. Қорамсақ – садақ оғының қабы.
Эпостар тідінде қорамсақ пен садақ сөздері синонимдік қатар түзеді.
«Оқ қабы» мағынасында ілгеріректе қылшан сөзі де қолданылғанын
көреміз. Мысалы, Қазтуғанда:
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, –
деген толғау жолдарын табамыз.
Садақ сөзінің «оқ қабы, жақ қабы» мағынасында қолданылғаны
туралы «Садақ» деген сөзтізбеден қараңыз. Мысалы, Қобыланды ба-
тыр:
Садақтың бауы сартылдап, –
деп суреттелсе, мұндағы садақ – белге байлап алған жақ және оқ қабы.
Бұл сөздердің морфологиялық құрамын талдап, түптөркінін ашып
берген – зерттеуші Ә. Қайдаров. Ол Халықаралық Алтаистика конфе-
ренциясының 1972 жылы Вена қаласында өткен XV сессиясында
қазақ тіліндегі қару-жарақ, сауыт-сайман атаулары жөнінде арнайы
баяндама жасап, қорамсақ сөзінің құрамындағы сақ элементі – бір
сөз түбірінің йа/йақ/жа/жақ, са/сақ сияқты варианттарының бірі
дейді, ал қылшан сөзі қыл (аттың құйрығы не жалының қылы) сөзіне
«ыдыс, қап» мағынасындағы шан сөзі немесе -шан (-шын, -шін)
жұрнағы қосылып жасалған сөз болу керек дейді (Қайдаров, 31-
32). Орыс тіліндегі осы мағынадағы колчан сөзі – түркі тілдерінен
шамамен XIII-XV ғасырларда енген сөз (Шипова, 193).
130
Бір көңіл аударатын нәрсе – қорамсақ сөзі қорам тұлғасында да
қолданылған. Мысалы, «Қыз Жібек» жырында:
Енді қолын алғанша,
Қорамға қолын салғанша, –
деп келеді. Бұл мысал қорамсақ сөзінің құрамы қорам+ сақ деген екі
бөлек сөзден тұратындығын, оның сақ компонентін қоспай да «оқ
қабы» ұғымын бере алатындығын аңғартады.
Осы сөздің қорамса варианты және болған. «Ақжонасұлы Ер
Кеңес» деген жырда:
Қорамсаны қолға алды,
Атайын деп оңдалды, –
деп келген жолдарды кездестіреміз. Бұлар – емлелік қателер емес,
біз әңгіме етіп отырған сөздің және оның құрамдарының бірнеше
фонетикалық вариантта келген (са/сақ) бір сөзден пайда болғандығын
көрсететін фактілер.
ҚҰДДЫ (ҚҰТТЫ) ӨЗІ. Әкесіне өте ұқсап тұрған баланы « құдды
әкесі», «әкесінің құдды өзі» дейміз. Мұндағы құдды сөзінің түптөр-
кіні хауд парсы тілінде өз деген есімдікті білдіреді. Сонда құдды
өзі деген тіркес бір есімдіктің парсыша және түркіше аталулары
қосарланып келіп (өзі өзі) «дәл өзі, нақ өзі, тап өзі» деген мәнде
жұмсалып кеткен. Мұндай екі тілдегі бір мағына беретін сөздердің
қатар қолданылуы – едәуір жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, көр
соқыр дегендегі көр – парсы тілінде «соқыр, соқыр адам» деген сөз,
күрке тауық дегендегі алғашқы сөз де парсыша «тауық», сары уайым
дегендегі сар – парсыша «уайым» т.т.
ҚҰР АТҚА МІНГЕНДЕЙ. Бұл – мағынасы айқын образды тіркес,
«тынығып, сергіп қалу» дегенді білдіреді. Мұндағы құр ат дегеннің
мағынасы – «ұзақ уақыт мінілмеген, семіз, тың ат». Құр сөзі «семіз,
қоңды, мінілмеген» деген ұғымда жылқы баласының асау, айғыр
сияқты атауларымен де, өзге атауларымен де келе береді. Құр сөзінің
түпкі бір мағынасы монғол тілінде «өткен жылғы, былтырғы» дегенді
білдіреді, осыдан келіп өткен жылдан мінілмей, қоңы сақталған
малды хур тарга деп атайды, өткен жылдан күзелмеген жалды
хур дәл дейді. Демек, құр сөзі түркі тілдерінде де мал атауларына
қатысты келіп, тіркескенде, «өткен жылдан мінілмеген, демек, қоңы
сақталған, семіз, тың» дегенді білдіретін болған. Бұл да түркі-монғол
тілдеріне ортақ сөздердің кейбіреулерінің жеке тұрғандағы мағынасы
сақталмай, тіркес құрамында тұрғанда сақталғаны байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |