Қазіргі қазақ тілінде жиі қолданылатын тапсырма сөзі ол кезде тапсырыс түрінде де қолданылып отырған. Мысалы, тапсырыс берген, тапсырысты орындау, бұдан кейінгі тапсырыс т.б. Бұл кезеңдегі -ыс, -іс, қосымшасының қолданылуы функционалдық стильдердің қай-қайсысында да кең етек алған.
Қазақ əдеби тіліндегі іс қағаздар стиліне грамматикалық ерекшеліктер де тəн болып келеді. Іс қағаздар стилінің грамматикалық ерекшеліктері туралы айтқан кезде, оның морфологиялық сипаты туралы мардымды тілдік фактілердің өте аз екенін ескерткіміз келеді. Морфологиялық көрсеткіштер тілдің басқа салаларының элементтері сияқты стилистикалық бояуға ие бола алмайды, стилистикалық қызмет атқаруда сирек кездеседі. Морфологиялық категориялар əдеби тілдің функционалдық стильдерінде бейтарап сипатта келеді. Функционалдық стильдердің барлығы морфологиялық формаларды қанша қолданса да, оларға айдар тағып, сол стильдің морфологиялық ерекшелігі деп айту өте қиын. Дегенмен, іс қағаздар стиліне тəн бірлі-жарым морфологиялық ерекшеліктердің бар екендігін іс қағаздар құжаттардың тілін зерттеу барысында көз жеткізуге болады.
Қоғам дамуы арқылы тіл де дамиды. Бірақ тілдің даму деңгейі оның барлық салаларына бірдей тəн емес. Оның белгілі бір қабаты өзгеріс, өріске онша көне бермейді. Ал оның қайсыбір қатпарлары жаңалыққа иін беріп, жаңа мағыналық ұғым-түсініктер əкелуге бейім тұрады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, дамыған, жетілген тілдің басты көрсеткішінің бірі оның терминдік жүйесінің саралануы болып табылады.
Іс қағаздарының негізгі қызметтерінің бірі — қоғамдық сана, оның ішінде құқықтық сана қалыптастыру. Кез келген іс қағазының заңдық күші бар, кез келген іс қағазындағы мəлімет заңдық күші бар құжаттар негізінде беріледі. Заңға байланысты сөздер іс қағаздарының барлық түрлерінде дерлік кездеседі. Дегенмен, іс қағаздарының сипаты мен мазмұнына қарай олардың қолданылу жиілігінің деңгейі де əр түрлі болады.
Сонымен, ресми стильдегі іс қағаздарының негізгі қызметі — басқару, ақпарат беру, қарым- қатынас құралы болу. Сондықтан іс қағаздарында бұл қызметтерді жүзеге асыратын лексиканың негізгі бөлігі қоғамдық-саяси лексика болып табылады. Іс қағаздары жанрларының түрлілігіне қарай ондағы қоғамдық-саяси лексиканың қолданылу жиілігі бірдей деңгейде болмайды. Іс қағаздар тілінде жиі қолданылатындары: əлеуметтік топ атаулары, өндіріс пен ауыл шаруашылығына байланысты атаулар, əскери атақтар мен түрлі қызмет атаулары, мемлекеттік басқару органдары, министрліктер, ведомостволар, мекемелер мен ұйымдар, оқу орындары т.б. атаулар. Себебі кез келген іс қағазының құжат ретінде танылуының өзі оның заңдық негізінде жатыр дейді мамандар.
Тілдің терминологиялық лексикасы екі жолмен жасалатыны мəлім. Оның бірі — ұлттық тілден жасалған терминдер де, екіншісі — өзге халықтың тілінен қабылданған терминдер қатары. Іс қағаздары терминдерін қалыптастырудың үш жолы бар деп есептейді зерттеушілер: біріншісі — халықаралық терминдер, екіншісі — аударма арқылы енген терминдер, үшіншісі — терминдік сипаттағы сөздер ресми стильде, сонымен қатар публицистикалық стильде қолданылып, екінші жағынан, мағыналық стильдік реңкті иеленетін, бірінің орнына бірі қолданылатын терминдік сөздер.
Іс қағаздары терминдерінің ішінде қазақша бір сөз бірнеше ұғымдарға атау болып жүргенін, немесе, керісінше, шетелдік бір термин бірнеше вариантпен қолданылатынын да кездестіруге болады. Қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген іс қағаздары терминдері мен терминдік тіркестері — қазақ тілінде бұрыннан қолданылып жүрген сөздерге қосымша қосу, біріктіру, тіркестіру арқылы жасалған сөздер. Сонымен қатар ресми тілде бір компонентті жəне көп компонентті, яғни бірлескен сөздер тіркесінен тұратын, терминдер жиі кездеседі.
Əдебиеттер тізімі
Сыздықова Р. Қазақ əдеби тілінің тарихы. — Алматы: Ана тілі, 1993. — 319-б.
Əбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ əдеби тілі. — Алматы: Ғылым, 1982. — 224-б.
Əбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. — Алматы: Ғылым, 1971. — 228-б.
Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты. — Астана: Елорда, 2002. — 122-б.
Исаев С. Қазақ əдеби тілінің тарихы. — Алматы: Ана тілі, 1996. — 53-б.
Достарыңызбен бөлісу: |