ӘОК 633.11.631.527 Қолжазба құқығында
Баядилова Гүлсім Онғарқызы
Биотехнологиялық әдістер арқылы вирустардан сауықтырылған
картоп тұқымын жеделдетіп көбейту
технологиясын оңтайландыру
06.01.05. – Селекция және тұқым шаруашылығы
Биология ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы,
Алмалыбақ – 2010
Диссертациялық жұмыс Қазақ Ұлтық Аграрлық Университетінде жүргізілді
Ғылыми жетекшілері: биология ғылымдарының
докторы, профессор
И.А.Нұрпейсов
ауыл шаруашылығы
ғылымдарының докторы
В. С.Абдильдаев
Ресми оппоненттері: биология ғылымдарының
докторы М.С.Құдайбергенов
биология ғылымдарының
кандидаты Б. А. Жумабаева
Жетекші ұйым: Өсімдік биологиясы және
биотехнологиясы институты
Диссертация «19» қараша 2010 жылы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жанынан құрылған БД 55.05.01 диссертациялық кенесінің мәжілісінде қорғалады. Мекен-жайы: 040909, Алматы облысы, Карасай ауданы, Алмалыбақ ауылы, Ерлепесов көшесі, 1.
Диссертациямен «КазАгроИнновация» АҚ «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылдың 19 қазанында таратылды.
Диссертациялық кенестің
ғылыми хатшысы, ауыл шаруашылығы
ғылымдарының докторы Н.А.Әлдеков
Тақырыптың өзектілігі Бүгінгі таңда республикамызда картоптың 60 сорты аудандастырылған, оның ішінде 30 сорт (50%) Қазақстандық. Ал осы жаңа сорттардың басым бөлігі тұқым шаруашылығының жеткілікті деңгейде жолға қойылмауынан, картоп өндірушілерге жетпей отыр. Сондай-ақ, қолданыста жүрген картоп сорттарының тұқымдары негізінен төменгі репродукциялар.
Картоп өсімдігінде 10 астам вирустық аурулар кездеседі, олардың ішіндегі ең негізгілері – Х,У,М және S вирустары. Осы аса қауіпті вирус аурулары картоптың жаңадан аудандастырылған сорттарын 3-4 жыл ішінде түгелдей залалдап, өнімділігін күрт кемітеді. Нәтижесінде келешегі үлкен сорттар патогендерге төзімділігін жоғалтады, яғни азғындайды. Сол себепті картоп тұқымын вирус ауруларынан үнемі сауықтырып отыру керек. Бұл жерде биотехнология әдістерін тікелей элиталық шаруашылықтардың негізінде қолдану тиімді, ал ол жағдай жоғары сапалы бірегей және элиталық картоп тұқымын жеткілікті көлемде өндіруге мүмкіндік береді. Вирус ауруларынан сауықтырылған тұқымның сапасы жоғары, ал өзіндік құны төмен болады. Вирустардан таза картоп тұқымы дақылдың өнімділігін 30-40% -ға арттырады.
Осы орайда жергілікті топырақ-климат жағдайына бейімді, картоп тұқым шаруашылығын вирустардан сауықтырылған бастапқы материал-минитүйнектер негізінде жүргізуге мүмкіндік беретін биотехнология әдістерін өндірістік жағдайға сай жетілдіру ғылыми-тәжірибелік маңызы бар өзекті мәселе болып табылады.
Зерттеудің мақсаты Картоп дақылының морфо – физиологиялық және биохимиялық қасиеттерін зерттей отырып, Қазақстанның оңтүстік – шығысының топырақ-климат жағдайына бейімді, зиянды ауруларға төзімді сорттарын айқындап, олардың бастапқы тұқымдық материалын in vitro және in vivo жағдайларында сауықтыру және өсірудің биотехнологиялық әдістерін оңтайландыру және тиімділігін арттыру.
Зерттеудің міндеттері Алға қойылған мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер бойынша зерттеулер жүргізілді:
картоптың вирус ауруларынан сауықтырылған өсімдіктерінің тамыр түзуі және микротүйнек қалыптастыруы үшін дайындалатын қоректік орта құрамының көрсеткіштерін айқындау;
әртүрлі топырақ қоспаларының түйнек түзудегі тиімділігін айқындау;
жылыжайда алынған минитүйнектерді тыныштық күйінен шығару үшін пайдаланатын тиімді препараттарды анықтау;
сауықтырылған картоптың морфологиялық, физиологиялық және биохимиялық қасиеттерін анықтап, олардың дақыл өнімділігіне әсерін зерттеу;
Сауықтырылған картоп тұқымы репродукцияларының агробиологиялық ерекшеліктерін зерттеу;
тұқым шаруашылығында шыны түтікшедегі сауықтырылған өсімдіктерді алу технологиясын оңтайландыру;
тұқым өсіретін шаруашылықтарға картоптың сауықтырылған тұқымын жедел алу технологиясын ұсыну;
жетілдірілген технологияның экономикалық тиімділігін анықтау.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы Әртүрлі картоп генотиптерін кең тараған аса залалды вирус ауруларынан сауықтыруда биотехнологиялық әдістер Қазақстанның оңтүстік-шығыс таулы аймағының топырақ-климат жағдайларына, бейімделініп, оңтайландырылды. Шыны түтікшедегі вируссыз картоп өсімдіктерінің өсіп-дамуына қолайлы, тамыр жүйесінің қалыптасуын және түйнектердің түзілуін жоғарылататын қоректік орта компоненттерінің көрсеткіштері айқындалды. Жабықжайда отырғызылған түтікшелік өсімдіктердің өміршеңдігін ұзартатын және микротүйнектердің шығымын ұлғайтатын қоспалы топырақ құрамы ұсынылды. Минитүйнектерді ашық танаптағы көшеттіктерге отырғызу үшін тыныштық күйінен оятуға тиімділігі жоғары отандық препараттар анықталды. Нәтижесінде картоптың сауықтырылған бастапқы тұқымдық материалын алу технологиясы жасалынды.
Бұл технологияның негізгі мүмкіндіктері:
картоптың вирус, саңырауқұлақ және бактериялық ауруларынан сауықтырылған шыны түтікшедегі өсімдіктерін алуды жеделдетеді және жеңілдетеді;
элиталы тұқым өндірісіндегі Х,У, S, М вирустарынан таза түтікшелік өсімдіктерді дайындау мөлшерін 7-10 есеге дейін азайтады;
тұқымдық картоптың отырғызу мөлшерін 20-25% төмендетеді;
элиталы картоп тұқымы өндірісінің тиімділігін арттырады.
Жұмыстың өндірістік құндылығы Жоғары репродукциялық тұқымдар өндіретін шаруашылықтар үшін вирус ауруларынан сауықтырылған картоп тұқымын алудың жеделдетілген сұлбасы ұсынылды. Яғни биотехнологиялық әдістерді оңтайландыру негізінде қазіргі қолданыстағы 4-5 жылдық сұлбаның орнына элиталық тұқым өндірісінің 3 жылдық сұлбасы қолданылады.
Қорғауға шығарылған негізгі қағидалар:
Картоптың әртүрлі генотиптерінің аурулардан сауықтырылған өсімдіктерін in vitro жағдайында алуды және өсіруді оңтайландыру.
Картоптың шыны түтікшедегі вируссыз өсімдіктерінен жабық танап жағдайында минитүйнектер алудың технологиясын жетілдіру және тиімділігін арттыру.
- Картоп тұқым шаруашылықтарына жоғары репродукциялы тұқым өндірісінің минитүйнектерге негізделіп жеделдетілген 3 жылдық сұлбасын ұсыну.
Жұмыстың талқылануы Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Ғылыми кеңесінің және «Селекция, биотехнология және өсімдік қорғау» кафедрасының мәжілістерінде (2000-2005) тыңдалды; келесідей халықаралық – тәжірибелік ғылыми конференцияларда: «Стратегия научного обеспечения АПК РК в отраслях земледелия, растениеводства и садоводства: реальность и перспективы» (Алматы, 2004); «Экологические проблемы агропромышленного комплекса (Алматы, 2004); «Актуальные вопросы современной биологии и биотехнологии» (Алматы, 2004); «Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісінің бәсекелестік қабілеттілігін арттыру: проблемалары және шешу жолдары» (Алматы, 2007); «Биоалуантүрлілік және табиғат пен қоғамның тұрақты дамуы» (Алматы, 2009) баяндалды.
Жұмыс нәтижелерінің жариялануы Диссертациялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері 10 ғылыми еңбектерде жарияланды, оның ішінде 5 ғылыми мақала, 5 баяндама тезисі.
Ізденушінің атқарылған жұмыстағы үлесі Диссертациялық жұмыс ізденушінің жеке өз еңбегімен орындалды. Зерттеулер ізденушінің тікелей қатысуымен 2000-2005 жылдары «Биотехнологиялық әдістер арқылы сауықтырылған тұқымдық картопты жеделдетілген түрде көбейту технологиясын әзірлеу» тақырыбына жүргізілді. Бұл тақырып Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптық жоспарына енгізілген және Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығында Мемлекеттік тіркелуден өткен (№ 0101 РК 00540).
Диссертацияның құрылымы және көлемі Диссертациялық жұмыс компьютерде терілді, көлемі 106 бет, оның ішіне 19 кесте мен 17 сурет кіреді. Диссертация жұмыстың жалпы сипаттамасы берілген кіріспеден, 5 негізгі бөлімнен, қортындыдан, өндіріске ұсыныстардан және қосымшалардан тұрады. Пайдаланылған әдебиеттердің жалпы саны 199, оның ішінде 17 ғылыми еңбек шетелдік авторлар.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 ЗЕРТТЕУ НЫСАНДАРЫ, ӘДІСТЕМЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫ ЖҮРГІЗУ ЖАҒДАЙЛАРЫ
1.1 Зерттеу нысандары
Ғылыми-зерттеу жұмыстары мынандай нысандар бойынша жүргізілді:
Қазақстанда аудандастырылған 11 картоп сорттары, оның ішінде 8 Қазақстандық, 2 Голландық, 1 Ресейлік және 1 американдық сорттар бар;
Картоп дақылының аса залалды вирус (Х,У, S, М) және саңырауқұлақ (фитофтороз, фузариоз, ризоктониоз) аурулары;
картоптың мини-және микротүйнектері;
жабық танапқа (жылыжайға) арналған топырақ қоспалары;
жасанды қоректік орта мен өсуді реттегіш заттар.
1.2 Зерттеу әдістемелері
Вирус ауруларының латентті түрлеріне серологиялық бағалау Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ұсынған (өзгертілген) әдістеме бойынша жүргізілді. (ҚазКЖКШҒЗИ,1967), серологиялық талдау М.С.Дунина Н.Н. Попова (әдістемесі арқылы орындалды 1972). Серодиагностика жүргізу үшін Х, М, Ү, S вирустарына моно-және поливалентті антисарысулары, сонымен қатар Қазақтың картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бақылау өнімі қолданылды.
Сауықтырылған өсімдіктер ұштық ұлпа әдісі арқылы регенеранттардан көбейтілді. Өсімдік-регенерантардың вирус ауруларынан зсауыққандығын анықтау үшін, иммуноферменттік талдау әдісі негізінде оларға тестілеу жұмыстары жүргізілді. Өсімдіктерді тестілеу М.А. Айтхожин атындағы молекулярлық биология және биохимия институтының энзимология зертханасында, биология ғылымдарының кандидаты жетекші А.М.Манадилованың қатысуымен жүргізілді (Л, Ф.Созинова, А.М.Манадилова, 2003). Регенеранттарды тестілеу барысында Перудегі Халықаралық картоп орталығының серология зертханасы ұсынған әдістеме қолданылды (CIP, 2006).
Ұштық ұлпадан алынған экспланттарды өсіру үшін Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен модификацияланған Мурасиге мен Скуг қоректік ортасы пайдаланылды (Ж.А.Жумагелдинова, 2002).
Транспирация қарқындылығы (тқ) жалпы қабылданған әдістеме бойынша торзиондық таразымен өлшеу әдісі арқылы анықталды ( А.С., Филиппов, Г.З. Иванченко 1964).
Тыныс алу қарқындылығы Миллер әдістемесі бойынша анықталды (Я., Кольман , К.Г, Рем ,2004 ).
Каталаза белсенділігі бөлініп шығатын оттегі көлемі арқылы анықталды. (О.В. Лебедева 1977.)
Түйнек өнімділігін анықтауда жер үстіндегі шикі вегетативтік масса мен тамыр жүйесі арасындағы донорлы-акцепторлық арақатынас анықталды (Г. Табаленкова,1999).
Микротүйнектерді тыныштық күйінен ояту үшін гибберелл (20мг/л) және янтарь қышқылдары (5 мг/л) қолданылды.
Түйнек түзілу процесін жоғарылату үшін әртүрлі топырақ қоспаларының субстраттары: қара шірік+құм; қаратопырақ+құм+қарашірік; қаратопырақ+ және құм қолданылды.
Тәжірибе мәліметтерін математикалық өңдеу Б.А.Доспехов әдісі бойынша жүргізілді (Б.А. Доспехов, 1985). Барлық мәліметтер үшін мәнділік деңгейі 5% (Ро,5) деп алынды. Статистикалық өңдеулер мен диаграммаларды құру үшін «Microsoft Excel 2000» компьютерлік бағдарлама қолданылды.
1.3. Зерттеу жүргізілген аймақтың ауа-райы мен топырағының сипаттамасы
Эксперементтік жұмыстар 2000-2005 жж Қазақстанның оңтүстік шығысының тау бөктерлі аймағында, атап айтқанда Тянь-Шань таулы үстіртінің кеңістігіндегі Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Жайнақ батыр ауылындағы «Жолбарыс-Агро» тұқым шаруашылығының биотехнологиялық кешенінде жүргізілді.
Тянь-Шань таулы сілемінің жер бедерінің бір ерекшелігі Теріскей, Күнгей, Кетмен және Іле Алатауы сияқты биік тау жоталарымен және Текес, Кетмен, Қарқара Жалаңаш, Қоғалы және тағы да басқа ірі тауарлық ойпаттармен көмкерілген. Бұл ойпаттардың жер бедерінің сипаты тегіс, теңіз деңгейінен 1500-2000 м абсолюттік биіктікте орналасқан.
Зерттеу жүргізілген жылдары ауа температурасы мен ылғалдылығы және жауын-шашын түсімі жиынтығының орта көрсеткіштері әртүрлі болып сипатталды. Яғни 2001 жылы ауа температурасы 14,5 С0; ауа ылғалдылығы 60,8 %; жауын-шашын мөлшері 291,3 мм; 2002 жылы ауа температурасы 16,5 С0; ауа ылғалдылығы 53,3%; жауын-шашын мөлшері 118,3 мм; 2003 жылы ауа температурасы 16,2 С0; ауа ылғалдылығы 61,7%; жауын-шашын мөлшері 302 мм; 2004 жылы ауа температурасы 17,2 С0; ауа ылғалдылығы 65,4%; жауын-шашын мөлшері 295мм; 2005жылы ауа температурасы 20,1 С0; ауа ылғалдылығы 55,2%; жауын-шашын мөлшері 100,1 мм көрсетті.
2 Зерттеу нәтижелері
2.1 Картоптың вирустық және саңырауқұлақ ауруларымен зақымдалуын анықтау
Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңіріндегі таулы алқапта картоптың әжімді мозаика, жапырақтың вирустық ширатылуы, теңбіл және жолақ мозайка ауруларымен зақымдалатындығы анықталды. Аталған аурулардың ішінде жапырақтың вирустық ширатылу ауруы Қазақстанның оңтүстік өңіріне қауіпті болып саналады. Ширатылу вирусы симптомдарының бой көрсетуі әр жылдағы климаттық жағдайларға байланысты байқалып отырды. Атап айтқанда зерттеу нәтижелері бойынша вирустарға неғұрлым жоғары төзімділігімен ерекшеленген жергілікті сорттар сұрыпталып алынды. Мысалы Ауыл сортының Y вируспен зақымдануы 10 % ғана болса, ал Розара сорты 32,0 %-ға зақымдалды. Сонымен қатар, вирус ауруларына жоғары төзімділігімен Астана, Невский генотипі де көзге түсті (зақымдалуы 12%). Зерттеуге алынған генотиптердің көпшілігі бақылау нұсқасымен салыстырғанда жапырақтың жиырылу вирусына (КМВ) төзімділік көрсетті, аталмыш вирусқа Ақжар сортының өсімдіктері жоғары төзімділік танытты. Бұл вируспен зақымдану Ауыл сортында -7%, Астана-27%, Невский – 36%-ды құрады . Аталмыш сорттар жапырақтың жиырылу вирусы ушығып тұрған Алматы облысының тау бөктерлі аймағында өсіруге құнды генотиптер болып табылады.
Невский сортының бастапқы материалдарын вирус ауруларымен зақымдалуын тестілеуден өткіздік. Аталған сорттардың түйнектік материалдардары жылыжайға отырғызылды. Отырғызылған картоп өскіндері пайда болған кезде Х, S, Y, M вирустарымен зақымдалуын ИФА арқылы тестілеуден өткіздік (Л, Ф.Созинова, А.М.Манадилова, 2003). Талдау нәтижелері бойынша вирустардан мүлдем таза үлгі табылмады, яғни тестілеуге алынған барлық өсімдіктер бір немесе бірнеше вирустармен зақымдалған болып шықты (1-сурет).
Картоп өсімдіктерінің Х, М және S + Х вирустарымен зақымдалу, тиісінше 46,2%, 32,5% және 24,4% құрады. Ал егістік жағдайында аурулардан сауыққан өсімдіктерді клондық сұрыптау нәтижесінде, олардың аралас ауыр вирус инфекцияларымен зақымдалуын біршама төмендетті.
Картоп дақылының түйнек өнімділігі шаруашылықтағы негізгі құнды белгілердің бірі болып табылады.
Зерттеудегі 11 генотип арасынан құнды шаруашылықтық қасиеттері бәсекелестік қабілеттілігі және өнімділігі орташа пісетін Орбита (30т/га), Ақжар (28т/га) орташадан ерте пісетін Астана (28т/га) Ауыл сорттары (28т/га) ерекшеленді. Ал түйнектерінің тауарлық сапасы жағынан Орбита - 93,2%, Ауыл -91,0%, Астана- 89,3% сорттары бөлініп алынды. Тұқым фракциялары бойынша ерекшеленген сорттардың қатарына Ақжар (38,4%), Невский (55,6% ), Астана (33,4%), және Ауыл (34%) генотиптері жатады
1-сурет - Картоптың бастапқы материалының вирустармен зақымдануы
Зерттеу жылдары фитофтороз ауруымен залалдану белгілері барлық сорттарда бой көрсетті деуге болады. Бұл ретте фитофтороз ауруына төзімділігі мен ерекшеленген Невский және Розара генотиптерінің фитофторозбен залалдануы, олардың сабақтары мен жапырақтарында байқалса, қалған сорттарда бұл ауру негізінен жапырақтарынан бастау ала бастады.
Фитофтороз ауруына төзімсіз және салыстырмалы төзімді сорттардағы фитофтороздың таралу ерекшелігін, эпифитотияның бастапқы фазасында, негізінен Европада таралған Ph. infestans физиологиялық расасының пайда болуымен түсіндіруге болады. Ал эпифитотияның кейінгі кезеңдерінде зерттеу жүргізген аймаққа тән физиологиялық биотип, яғни ооспорамен көбейетін фитофтора пайда болады .
Сонымен зерттеу нәтижесі бойынша фитофтороз ауруына төзімділігі әртүрлі сорттар белгілі болды: яғни Орбита, Розара, Рассет Бербанк, Невский сорттары 5-6 балл; Ауыл, Астана, Тамыр -7 балл; Ақжар, Ұлан, Секура - 8-9 балды төзімділік дәрежелерін көрсетті. (2- сурет)
2 cурет - Картоп сорттарының саңырауқұлақ ауруларына
(фитофтороз,макроспориоз) төзімділігі, балл
Жаз маусымының ортасына қарай барлық генотиптерде Macrosporium solani. ауруымен залалдану белгілері байқалды (2-сурет).
3-суретте келтірілген мәліметтер бойынша, клондық сұрыпталмаған жағдайда Розара сортының зақымдануын көбінесе фузариоз қоздырғышы (30 %) тудырған, ал клондық сұрыптау нәтижесінде осы сорттың бұл аурумен зақымдалуы 12 %-ға дейін төмендеген.
Ал сорттардың ризоктониоз ауруымен зақымдалуы клондық сұрыпталуға дейін 20%-ды көрсетсе, клондық сұрыптаудан кейін бұл көрсеткіш 9%-ды құраған. Бұл ретте сорттардың фитофторозбен зақымдалу айырмашылығы айтарлықтай болған жоқ.
Эпифитотияның өсіп-өрбуін тежеуде саңырауқұлақ ауруларына төзімді картоп сорттарының маңызы зор. Біздің зерттеулеріміздің нәтижелері көрсеткендей, мұндай сорттар төзімсіз сорттарға қарағанда аурудың етек алуын 40%-ға тежейді.
а)
б)
3-сурет – Клондық сұрыптаудың картоптың саңырауқұлақ ауруларына зақымдалу дәрежесіне әсері, %
а) – сұрыпталмаған; б) – сұрыпталған
Мысалы аурулар кешеніне төзімді Ауыл, Астана, Ақжар, Қоғалы, Ұлан, Секура, Невский, Рассет-Бербанк және Тамыр сорттары егістік жағдайында фузариоз эпифитотиясының өсіп-өрбуін 85-95%-ға тоқтатты. Фузариозға төзімсіз Орбита сортының егістік жағдайындағы шығыны 25% болса, ал сақтау кезінде ол 40%-ға дейін көтерілді. Ал Ауыл, Рассет Бербанк және Қоғалы төзімді сорттары 2,3-4% ғана зақымдалады.
Саңырауқұлақ және вирус аурулары вегетациялық кезеңдегі ылғалдылыққа байланысты өнімділікке, сонымен қатар түйнектерді қысқы-көктемгі сақтау кезінде айтарлықтай шығындар әкеледі. Бұл реттер қысқы және көктемгі сақтау кезеңдеріндегі түйнектердің сақталу көрсеткіштері оларды толық сурыптаудан өткізгеннен кейін Ауыл сортында 96,5%, Невский сортында – 95,7%, ал қалған картоп генотиптерінде 92-94% болды. Яғни түйнектердің қысқы-көктемгі сақтаудан кейінгі жалпы салмағының кемуі Ауыл сортында 3,5%, Невский сортында 4,3%, қалғандарында 6-8% құрады. Бұл жерде Ауыл генотипінің 7 ай (қысқы-көктемгі) кезеңде сақталғанда табиғи салмағының өте төмен болуына байланысты (3,2%), аурумен өте аз көлемде залалданатыны (0,3%) және өнбейтіндігі байқалды. (1 кесте)
Тұқым фракциялары бойынша көзге түскен генотиптер қатарына Ақжар (38,4%), Астана (55,6%), Невский (33,4%), Ауыл (34%) сорттарын жатқызуға болады. Сонымен анықталған нәтижелерді салыстыра талдап, және сорттардың құндылығын ескере отырып, оларды тәжірибеміздегі сауықтыру жұмыстарына пайдаландық.
1 – кесте - Картоп генотиптерінің қысқы-көктемгі кезеңдегі сақталғыштығы,
қыркүйек – сәуір, 7 ай (2003-2005 жж)
Картоп генотиптері
|
Түйнектердің сақталғыштығы, %
|
Түйнектер-дің салмағы-ның кемуі,%
|
Оның ішінде
|
салмақ-тың табиғи азаюы
|
аурулар-мен залалдан-ған түйнектер
|
өніп кеткен өскіндер
|
1.Невский бақылау
|
95,7
|
4,3
|
3,7
|
0,5
|
0,1
|
2. Ауыл
|
96,5
|
3,5
|
3,2
|
0,3
|
-
|
3. Ақжар
|
92,0
|
8,0
|
5,4
|
2,2
|
0,4
|
4. Орбита
|
93,2
|
6,8
|
4,4
|
1,9
|
0,5
|
5. Астана
|
94,0
|
6,0
|
4,1
|
1,7
|
0,2
|
ЕМА 05, %
|
3,74 - 4,10
|
Р,%
|
1,17 - 1,36
|
Достарыңызбен бөлісу: |