Бастауыш мектептегі сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру ерекшеліктері
Сыныптан тыс жұмыс оқушыларға тәрбие беру құралы, сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылатын мақсатқа бағытталған іс болып табылады.Сыныптан тыс тәрбие жұмысына барлық оқушылар қамтылуы керек және оған ата-аналар, еңбек ұжымдарының өкілдері, өндіріс орындары, студенттік педагогикалық бөлімдер қатынасады.Негізгі мақсаты оқушылардың бастамалары мен өзіндік іс-әрекеттердің дамуы. Негізгі міндеті - сабақтан соңғы бос уақытты ұйымдастыру процесінде білімнің түрлі салаларына оқушылардың танымдық қызығуын қалыптастыру, әлеуметтік белсенділігін тәрбиелеу, іс-әрекет түрлеріне қажеттіктерін, дарыны мен қабілеттерін дамыту, мамандыққа бағдар беру, қоғамдық мәні жан-жақты дамыған оқушының сапаларын үздіксіз, бірізді тәрбиелеу.
Бастауыш сыныптарға сыныптан тыс жұмыс, көп жағдайда, қамқоршы ата-аналар көмегімен сыныптың оқушылар іс-әрекеті төңірегінде жүргізіледі. Сыныптан тыс жұмыс сабақ сияқты уақытпен шектелмегендіктен, оның мазмұнын ұйымдастыру формалары мен әдістерін өзгертіп отыруға мүмкіндік береді.Сыныптан тыс жұмыс оқушыларды көптеген іс-әрекет түрлеріне қатынастыруға, ол іс-әрекет түрлерінің тәрбиелік мүмкіндіктерін пайдалануға қолайлы жағдай туғызады.
Бастауыш мектеп жасындағы балаларды өздері қызығатын, ықыласпен орындайтын істер ғана қызықтырады.Бастауыш мектеп жасында жүріс-тұрыс тәжірибесі қарқынды жинақталады.Сондықтан бастауыш сынып мұғалімі сыныптан тыс жұмыстарда ынтымақтасу,өзара көмек, достық пен жолдастық қатынасын қажет ететіндей іс-әрекет түрлерін таңдап алуы керек.
Бастауыш мектеп жасындағы оқушылармен жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстардың түрлеріне тоқталайық.
Танымдық іс-әрекет.Сыныптан тыс танымдық іс-әрекет шеңбері оқушылар сабақта алған білімдерін кеңейтетін,қоршаған өмірге қызығуын дамытатын мәселелерді қозғайды.Танымдық іс-әрекетте ұжымдық және жеке жұмыс формаларын бөліп қарауға болады.Ұжымдық сыныптан тыс танымдық іс-әрекетте балалар ұжымы мүшелерінің алдына жалпы танымдық міндеттер қойылады.Сабақтан тыс уақытта оқушылар жаңа білімдерді бірлесе алады, тәжірибе жұмыстарының, қарапайым модельдер дайындаудың нәтижесіне жетеді,түрлі мамандықтар жөнінде мағлұматтар алады.Өз еркімен түрлі ұжымдық-танымдық іс-әрекеттерге қатынасып, оқушылар іс барысындағы тәуелділікке, жауапкершілікке,өзара көмек қатынасына тартылады. Оқушылардың сыныптан тыс танымдық іс-әрекетін ұйымдастыруда мұғалім балалардың түрлі жас кезеңдеріне байланысты топтарының танымдық қызығу ерекшеліктерін білуі керек.Бастауыш мектеп жасындағы балаларды қызықтырмайтын нәрсе жоқ. Бұл жастағы балалардың қызығуы шашыраңқы болады. Мысалы, 6-7 жасар балалардың қоятын сұрағы заттар және құбылыстармен алғашқы танысуға байланысты болса,8-10 жастағылардың сұрақтарынан деректерге, құбылыстарға, олардың мәнін тануға қызығуды көріуге болады. Бұған қосымша бұл жастағы балалар сұрағынан олардың санасына шешімі табылуға тиісті мәселе туындағанын көруге болады. Олар бұл мәселені өздігінен шеше алмауы мүмкін, сондықтан олар үлкендерге иек артады.
Олардың танымдық қызығуын талдау нәтижесінде В.А. Сухомлинский әр баланың ойы өзіндік жолмен дамиды, олардың әрқайсысы өзінше ақылды да дарынды деген болатын.
Сыныптан тыс жұмыс барысында балалардың танымдық қызығуы қанағаттандырылып қана қоймайды.
Оқушылардың сыныптан тыс танымдық іс-әрекеті формалары мен әдістері олардан себеп-салдарлық байланыстарды талап ететіндей, қарапайым сұрақтардан күрделірек сұрақтарға көшетіндей етіп құрылады.
Оқу барысына қарағанда, оқушылардың сыныптан тыс іс-әрекет формалары көбірек. Балалар байқауларға, викториналарға, әңгімелерге қатынасады, ғылым мен техника жаңалықтары жөнінде баяндамалар тыңдайды, танымдық сипаттағы ойындарға қатынасады, оқылған кітаптар мен көрілген кинофильмдерді талқылайды. Бастауыш мектеп жасындағы оқушылармен жүргізілетін танымдық іс-әрекет формасы қызығу саласына сай клубтық жұмыстар болып табылады.
Еңбектік іс-әрекет .Мектептің бастауыш сыныптарының өзінде оқушылардың олардың түсінуіне мүмкін мамандықтармен таныстыру басталады. Олар түрлі материалдармен жұмыстың қарапайым тәсілдерін меңгереді, оқу-көрнекі құралдарын жөндейді, мектепке, балабақшаға,үйге қажетті түрлі бұйымдарды дайындайды.
Бастауыш мектеп ұстаздарының тәжірибесі бастауыш мектеп жасындағы оқушылар түрлі еңбектік іс-әрекетке қатынаса алатындығын көрсетеді. Оқушының істі орындауға даярлық дәрежесін ескеріп, мұғалім еңбектің түрін таңдап алады. Сыныптан-сыныпқа көшкен сайын сабақтан тыс жұмыстар түрленіп отырады.Оқушылар оқу құралдарын, таблицаларды ретке келтіреді, түрлі коллекцияларды,гербарийлерді құрастырады, еңбек сабағы үшін табиғи материал жинастырады, т.б. Қамқорға алынған балабақша бөбектеріне, қарттар мен мүгедектерге көмекке келеді, қора–жайларды көгалдандыруға қатынасады.Еңбектік іс-әрекет нәтижесі балалардың қанағаттандыру сезімі, көңіл-күйдің көтеріңкілігін туғызады, оларды жаңа еңбек істеріне жетелейді.
Бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың еңбектік іс-әрекеті ересектердің еңбегімен кең танысу арқылы жүргізіледі.Бастауыш сынып мұғалімдері балаларды ата-аналарының еңбегімен таныстырады,еңбек озаттары жөнінде баяндайды.Өндіріске фермерлік шаруашылық даласына,мал шаруашылығы комплекстеріне экскурсия жасаудың үлкен тәрбиелік мәні бар. Мұндай экскурсиялар ересектердің еңбектік іс-әрекетіне балалардың қатынасуымен жүреді.Бастауыш сынып оқушылары еңбектік іс-әрекеттердің қатынасулары болып қана қоймайды,олар мұғалімнің ол істерді ұйымдастырудағы белсенді көмекшілері де бола алады.
Ойын.Ойын бастауыш мектеп жасындағы оқушылар үшін әрі өз бетіндік іс-әрекеттің түрі, әрі барлық іс-әрекет түрлерінің міндетті элементі.Ойынның алып күшін кезінде Ян Амос Коменский атап көрсеткеніндей,ойында балалар өз өмірінің ең маңызды жақтарын бейнелейді. Балалар ойынына Н.К.Крупская аса зейін қойып қарады.Бастауыш мектепте балалар ойынына аса зейін қою керек.Себебі, тек ұжымдық ойындарда ғана мақсатқа тиянақты ұмтыла алатын басқаларды соңынан ерте алатын ұйымдастырушы,басшылық ететін балалар тәрбиеленеді.
Сыныптан тыс жұмыстарда балалар жасампаздық немесе рөлдік ойындарға ерекше орын береді.Бұл жастағы балалардың ойын іс-әрекеті әрдайым жасампаз болады.Ойында балалар өздерін еліктіретін белгілі бір өнегеге ұқсап бағады.Сондықтан мұғалім балалар ойынына мұқият қарап,олардың орынды өнегеге еліктеуіне жәрдем етуі керек.Оқушылардың ойын іс-әрекетінің құндылығы оның барысында түрлі қиындықтарды жеңуінде,өз тәртібін басқаратынында, батыл, жігерлі және орнықты бола алатындай ойын ұйымдастырылса, ойын өмір мектебі, өз құрдастарының ұжымына еңбек және қарым-қатынас мектебі бола алады Ойын ұйымшылдық сезімді бекітіп,баланың бастамасы мен өз бетіндігін бекітеді.
Спорттық іс-әрекет. Бұл іс-әрекет баланың денсаулығын бекітуге және күш қуатын шынықтыруға бағытталады. Қазіргі мектептің негізгі міндеттерінің бірі – денсаулығы зор жас ұрпақты тәрбиелеу. Бастауыш мектепте оқушылардың спорттық іс-әрекет үйірмелер жұмыстарын, қимыл ойындарын, оқушылар қатарларының байқауын, т.б. өткізуге лайықты гигиеналық жағдай жасаумен байланысты.
Спорттық іс-әрекетке қатынасу барысында балалардың бой түзеп өсуі қалыптасады, гигиеналық дағдылар бойына сіңіріледі, еркі мен төзімділігін тәрбиелейді. Батауыш мектеп жасындағы оқушылардың спорттық іс-әрекеті спорттық мекемелерді, әскери – спорттық ойындарды, көпшілік жарыстарын қамтиды. Спорттық жұмыстардың басым көпшілігіне ойынның қатынасы бар. Мысалы, бастауыш сынып оқушылары оқушылар қатарларының және әндерінің байқауына зор ынтамен дайындалады және қатынасады. Мектепте таза ауада спорттық ойындар өткізіледі. Оқушылар бастауыш сынып мұғаліміне спорттық іс-әрекеттерді ұйымдастыруға көмектеседі.
Сонымен, мектеп сыныптан тыс жұмыстарды түрлі іс-әрекеттердің тәрбиелік мүмкіндіктерін пайдаланып, баланың қоғамдық мәнін мақсатты, жан-жақты және үйлесімді дамытады.
Мектептегі сыныптан тыс тәрбие іс-әрекеттің мазмұнына, ұйымдастырылуына және әдістеріне қойылатын талаптарды бейнелейтін тәрбиенің жалпы принциптері негізінде құрылады. Дегенмен, сыныптан тыс тәрбие жұмысының өзіндік принциптері бар.
Бастауыш мектепте сыныптан тыс жұмыстың бір принципі – оған оқушылардың өз ырқымен қатнасуы. Сыныптан тыс жұмыстардың түрлі бағыттары мен ұйымдастыру түрлері бар. Балалардың өз ынтасы мен қабілеттерімен сәйкес істерді таңдап алу мүмкіндіктері бар. Бірақ бастауыш мектеп жасындағы балалар өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалай алмайды.
Сыныптан тыс жұмыстарда тәрбие барысының ішкі қарама – қайшылықтарын айқын көруге болады. Мұғалімдер, оқушылар ұжымы жетекшілері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, ата-аналар балаларға өзін көрсете алатын іс әрекет түрлерін таңдап алу қажет екендігіне кеңес бере алады.
Сыныптан тыс жұмыста балалардың жас және жеке ерекшеліктерін есепке алу принциптерінің мәні зор. Осыған сай сыныптан тыс жұмыстың мазмұны, түрі және әдістері өзгеріп отырады. Бұл өзгерістер мұғалімнің тәрбие жұмысы жоспарында орын алу керек.I-II сыныптарда кітап оқу, кино және диафильмдер көру, кітап және кинофильм үзінділерін сахнаға дайындау, III-IV сыныптарда табиғатқа, өндіріске экскурсиялар, модельдеу, мектеп компьютерлерімен, құрылыс материалдарымен, металмен жұмыс, викториналарға, конкурстарға қатынасу. Осылардың барысында оқушының қылығы мен пікіріндегі жаңа құрылымды есепке ала отырып, мұғалім балалардың ерекшеліктерін тұрақты зерттейді. Сыныптан тыс жұмыс балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере құрылса, олардың әлеуметтік ортадағы кез келген қарым – қатынасын реттеуге болады.
Сыныптан тыс оқушылардың бастамаларын және өзіндік іс-әрекетері болу принципін есепке алу арқылы да жүргізіледі.осы принципті еске ала отырып, мұғалім, ата-аналар, жұртшылық өкілдері, қамқоршы оқушылар іс-әрекет түрлерін ұсынады. Ұсыну қызықты істерді оқушылар өз бастамасына сай таңдап алатындай болып шығуы керек.Сыныптан тыс жұмыстың өзі де ұдайы дамиды. Бұл оқушылар құрамын, олардың қызығуын есепке алып отыруға жағдай жасайды.
Сыныптан тыс жұмыстардың негізгі түрлері. Сыныптан тыс жұмыстың көпшілік және жалпы түрлерін бөліп қарайды. Тәрбиенің міндеттерін шешу үшін сыныптан тыс жұмыстың жалпы түрлерін пайдаланады. Тәрбиенің белгілі бір бағытының өзіндік ерекшелігін бейнелейтін сыныптан тыс жұмыстың арнайы түрін анықтайды. Педагогика ғылымында сыныптан тыс жұмыстардың түрлерін топқа бөлу айқын қалыптасқан жоқ. Дегенмен, мектеп тәжірибесінде сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру түрлерінің жүйесі айқын көрінеді.
Бастауыш мектеп жасындағы балалармен сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырып, өткізуге жетекшілік рөл – мұғалімдікі. Ол ата-аналардың, жұртшылықтың, еңбек ұжымдарының, қамқоршы оқушылардың күшін біріктіреді. Сыныптан тыс жұмыстар бұл кезде оқушылар ұйымдарының іс-әрекетімен тығыз бірлікте жүргізіледі. Оқушылардың қоғамдық мәнінің әлеуметтік белсенділігін қалыптастыруға, жасампаздық қабілеттері мен дарындарының дамуына мүмкіндік береді.
Сыныптан тыс жұмыстардың жалпы түріне үйірме жұмысы жатады. Үйірме жұмысы балаларды пәндік, техникалық, спорттық секцияларға біріктіреді. Бастауыш сыныптардағы үйірме жұмыстарының мақсаты – оқушыны ғылым мен техника әлеміне енгізу, жасампаздық қабілеттері мен дарындарын дамыту, оқушылардың тәжірибелік білігі мен дағдыларын қалыптастыру, үйірме жұмыстарында алған білімдерін сабақтарда пайдалануға үйрету. Бастауыш сыныптарда балалардың іске қызығуы тұрақты болмайды. Үйірме жұмыстары оқушылардың әр түрлі және кездейсоқ қызығуына да жауап беруі керек. Үйірме жұмысы жеке пән негізіндегі білім ғана емес, білімнің сан алуан аясын қамтиды.
Барлық үйірмелерде де балалардың белсенді тобы, бастаушылары болады. Үйірме арнайы жоспармен жұмыс істейді.Ол жоспарда I-IV сыныптардың оқу бағдарламалары, балалардың қызығуы, жалпы дамуы еске алынады. Үйірме жұмысының ұзақтығы 30-40 минуттай болғаны, ең кемінде айына бір рет өткені жөн. Нәтижеге жету үшін жұмысты мұқият дайындау керек.Әдетте бастауыш сынып оқушыларының бәрі үйірме жұмысына қатынасқылары келеді. Мұғалім әрқайсысына тапсырма тауып беріп, ұжымдық іске, қызығуына қарай балалар тобына қосуы керек. Мысалы, «Табиғат және қиал- ғажайыптары» деген үйірменің жоспарына «Алтын күз байлығы » атты мәжіліс өткізу кірді делік.Оқушылар күз туралы өлеңдерді жаттап алу, үйрену, музыкалық шығармаларды орындау, егінжай, бау-бақша өнімдерінен көрме ұйымдастыру, адамдардың күзгі еңбегі түрлері жөнінде әңгіме дайындау, осы жыл мерзіміндегі жануарлар өміріндегі ерекшеліктер туралы, күз туралы балалар әдебиеті көрмесін, балалар салған суреттер көрмесін ұйымдастыру сияқты тапсырмалар алады.Үйірме отырысын өткізуге дайындық барысында тек әр оқушының қоғамдық мәнін ғана емес, сыныптың оқушылар ұжымын қалыптастыруға ықпал жасайтын барлық балаларын түрлі іс-әрекетке қатынастыруға болады.
Бастауыш сынып оқушыларын, әсіресе, аға ұрпақ өкілдерімен байланыстыратын үйірмелердің жұмысы ерекше қызықтырады.
Музыкалық, хореографиялық , хор, драма, қуыршақ театры үйірмелері де еркше орын алады. Мектептерде бұл үйірмелер әрдайым бола бермейді.Оны ұйымдастыру бастауыш сынып мұғалімі, ата-ана, жұртшылық, қамқоршы өндіріс орны жастары өкілдерін, жоғары сынып оқушыларын тартқаны жөн.
Мектептегі үйірме жұмысының міндетті түрде қоғамда пайдалы бағыттылығы болады. Жұмыс бала бойында қоғамдық мәннің сапаларын қалыптастырады. Ұсақ жөндеулер ойыншықтар дайындау, кітап түптеу, сақтау, гүл өсіру, мектеп,балабақша аулаларын көгалдандыру т.б. пайдалы істермен айналысады.
Бастауыш сынып оқушылары өз жұмыстары жөнінде балалар жасампаздығының көрмесі, көркемөнерпаздар, көрініс, спорттық сайыстар, байқаулар, конкурстар арқылы ата-аналар мен еңбек ұжымдары алдында есеп береді.
Сыныптан тыс жұмыстардың жалпы түріне бастауыш сынып оқушыларының тақырыптық ертеңгіліктері де жатады.
Бастауыш мектеп жасындағы балалар арасында аға ұрпақ өкілдерімен кездесу кең өріс алды. Ұлы Отан соғысы ардагерлері, еңбек екпінділері, конструкторлар, өнер тапқыштар, ғалымдар, өнер шеберлері, халық депутаттары балаларға қонаққа келеді. Мұндай кездесулерге балалар мұқият дайындалады.
Сыныптан тыс жұмыстардың жалпы түріне экскурсиялар жатады. Арнайы дайындықпен, ерекше жоспармен өткізілген экскурсиялардың тәрбиелік құны жоғары болады. Мектеп мұражайларының жұмыстары да сыныптан тыс жұмыстардың жалпы түріне жатады. Олардың ішінде дәстүрлі орын алғаны аға ұрпақтың өмірімен қызметіне, халықтың жауынгерлік және еңбек даңқына ұйымдастырылған мұражайлар. Балалар мұражай жұмыстарын ұйымдастыруға, кезекшілікке, экспонаттарды баяндауға, іздеу топтарына қатынасады.
Сыныптан тыс жұмыстардың түрлеріне бастауыш сынып оқушыларының мерекелері: «Әліппені шығарып салу », «Ойын және ойыншықтар», дәстүрлі халық мерекелері жатады. Бірсыпыра түрлері фестиваль, турнирлер өткізу. Ойлап тапқыштар, әзілқойлар турнирлері. Сыныптан тыс оқуға байланысты викториналар, балалар кітабының, театрының апталығы, кітап оқырмандары конференциялары, жазушылармен кездесулер де көпшілік жұмыс түрлеріне жатады. Бұл істе мұғалімге балалар және мектеп кітапханасы қызыметкерлері көмектеседі.
Көпшілік және жалпы түрлерінен басқа сыныптан тыс жұмыстардың арнайы түрлері де бар. Олар саяси информация, көрмелерге,концерттерге, театрларға бару, өнерге көзқарас жөнінде әңгімелер.
Қорыта келгенде, жоғарыда көрсетілген сыныптан тыс жұмыстар түрлері бірі екіншісінен туындайтындай етіп комплексті жүргізіледі.
Сыныптан тыс тәрбие жұмыстарының тиімділігіне төмендегідей жалпы педпгогикалық шарттар бар:
сыныптан тыс жұмыстардың барлық түрлерінің саяси – идеялық мазмұны бай болуы керек;
олардың іс-әрекетінің мақсаты, жұмыс барысы, нәтижесі оқушыларға түсінікті болуы керек;
кез-келген жұмыс түрі оқушыларға қуаныш әкеліп, олардың танымдық сезімін оятып, олардың қабілеті мен дарынын дамытуы керек;
мұғалім сыныптан тыс жұмыстың қай түрін пайдаланбасын, оның әр оқушыға тигізетін тәрбиелік ықпалын жобалауы керек;
жұмыс түрлерін нақты және педагогикалық орынды тізбектестікте пайдалануы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |