11- дәріс. Тақырыптың аталуы: Мектепке дейінгі шақта ойын баланың басты әрекеті
Дәріс жоспар:
1. Ойын бала психикасын дамытушы басты құрал
2. Оқу әрекетінің бала психикасының дамуына тигізетін әсері
3. Мектепке дейінгі жастағы бала іс-әрекетінің негізгі түрлері
4. Еңбек пен оқыту әрекетінің бала психикасының дамуына
тигізетін ықпалы
1.Ойын бала психикасын дамытушы басты құрал. Ойын мектеп жасына дейінгілердің іс-әрекетін дамытуда негізгі жетекші рөл атқарады. Философтар, тарихшылар, этнографтар, психологтар мен педагогтар ойынның шығу тарихын, оның бала өміріндегі орнын тәрбиелік міндеттерді шешу үшін ойынды тиімді пайдалану мүмкіндіктерін зерттейді.
Мектеп жасына дейінгі балалар үшін ойынның айрықша маңызы бар, «ойын олар үшін оқу, еңбек және тәрбиенің нақты формасы» деді.
Ойын мектеп жасына дейінгі балалар үшін қоршаған ортаны танып білу формасы. Ойынның әлеуметтік сипаты белгілі бір қоғамда өмір сүретіндігіне байланысты және ойын қарым-қатынас құралы.
Баланың ойынына нендей нәрсе түрткі болады, соны ашып алау қажет. Өткен ғасырдағы кейбір оқымысты ғалымдардың айтуынша Шиллер «Бала қозғалмай, әр нәрсемен айналыспай көп отырса, соның салдарынан жұмсалмай қалған қуат жиналады да соны жұмсау қажеттілігі баланы ойнауға итермелейді». Бірақ бұл пікірге көптеген психологтар қарсы болған. Тек жұмсалмай қалған қуат күші жиналған балаларға ғана емес, кейбір шаршап отырған балалар да ойнайсың ба сұрағанда ойнаймын деп жауап береді. Соны есепке алып Австрия психологы К.Бюллер жұмсалмай қалған қуат теориясы баланың не себепті ойнайтынын дәледей алмайды деп ойынның себебін рахаттанумен байланыстырады. Себебі бала ойыны сол кезде мәз болып рахаттануымен ұштастырылмаса, екінші рет ойнағысы келмес еді.
Көрнекті орыс марксистерінің бірі Г.В.Плеханов «Бала ойын кезінде үлкендердің еңбек әрекетін қайталайды, сондықтан ойын еңбектің інісі» деген. Бірақта баланың ойнауына не себеп болатыны әлі анықталмаған. Себебі тек бала емес, жануарлардың төлдері, тіпті балапандар да ойнайды. Ойын тек адам баласына емес жаунарларға да тән болғандықтан жалпы айтқанда тіршілік репетициясы сияқты әрекет. Олар үлкендердің әрекетін нақты қайталай алмайды, бірақ өзін-өзі соған даярлау керек.
Бірақ ұзақ тарихи дамуда баланың ойыны үлкендердің ісін үйренуге арналған. Ерте кезде ойын баланың негізгі әрекеті болып есептелмеді, жұмыстан қолы босаған кезде ғана бала ойнайтын болды.
Ойын кезінде түгелдей үлкендерден көргенін, олардың өзара қарым-қатынастарын және басқа әрекеттерін бейнелейді және неғұрлым белсенді әрекет етуге мүмкіндігі болса, соғұрлым ойын қызықты болады. Осындай жағдайда бала үлкендердің еңбегін қайталау үшін ойыншықты сол зат етіп пайдаланады.
Бала ойынының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп А.С.Макаренко былай деген: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор. Ересек адам үшін еңбектің қандай маңызы болса, ойынның бала өмірі үшін нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса өскенде еңбекте сондай болады. Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу алдымен ойыннан басталады».
Ойынға ерекше мән беріп А.П.Усова «Ойын басқа тәрбие формаларының қайсысынан болса да жоғары тұрады. Өйткені ол барлық тұрмыс-тіршілігін ұйымдастыруға, олардың белсенділігін арттырып, өз бетінше әрекет етуге мүмкіндік береді» деген.
Ойында тек жекелеген қимыл қозғалыстар емес, біріккен әрекеттер жүзеге асады. Бұл әрекетте бір-бірімен тілдесу арқылы қарым-қатынас негізінде жүзеге асады.
Адамның басқа әрекеттері сияқты бала ойынының да әлеуметтік сипаты болады. Сондықтан ойынның мазмұны адамның өмірі мен тарихи өзгешеліктеріне байланысты ауысып отырады. Баланың ойынының өзгеруі де өзгерген өмір бейнесін көрсетеді. Мысалы, 1941 жылы балалар ойынының мазмұны өз жауына қарсы күресу, тамақты карточкамен алу болса, қазіргі бала ойыны мүлде басқа.
Бала өз ойынында шығармашылық шындықты бейнелейді. Кейде өз қиялы бойынша фантазиясы мен ойынның мазмұнын өзгертеді.
Бала ойында өзінің басында бар біліміне сүйенеді және ойынды өз танымы мен адамгершілігіне, қабілетіне байланысты дамытып отырады. Мысалы, дүкен, сатушы, дәрігер ойындарын ойнау үшін балада олар туралы түсінік мағлұмат болуы керек. Сондықтан бала ойыны үлкендердің еңбегін бақылаудың негізі болып есептеледі.
Мектепалды даярлық топ балаларының тілін дамытуда ойындардың рөлі зор. Ойын үстінде балалардың тілі дамып, бір затқа бейімділігі, қызығушылығы артады.
Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс кейіптендіру ойындары болып бөлінеді.
Балалардың ойын арқылы тілін дамыту мәселелерін көрнекті орыс педагогтары А.С.Макаренко, К.Д.Ушинский, П.Г.Саморукова, психолог-ғалымдар Д.Б.Эльконин, А.В.Черков, Р.М.Римбург, А.В.Запорожец және т.б. зерттеп еңбектер жазған. Ойынды өсіп келе жатқан бала организмі талап ететін табиғи қажеттілік деп сипаттайды және оның тәрбиедегі аса маңыздылығын атап көрсетеді.
«Ойын өсіп келе жатқан бала организміне ауадай қажет. Ойын үстінде баланың күш-қуаты толыға түседі, қолы қатайып, денесі иілгіш, көз қырағылығы артып, тапқырлық, сезімталдық, өз ойын білдіру әрекетін көрсету секілді қасиеттері, тілі дамиды. Ойын үстінде балалардың бойында ұйымшылдық дағдылары қалыптасады. Өзі тап болған жағдайды байыппен талдап, төзімділікке үйренеді» - деген болатын.
Я.А.Коменский өзінің «Ұлы дидактика», «Аналар мектебі» еңбектерінде балалардың тілін дамытуға күн тәртібі, тамағы және ойынның маңызы зор екендігіне үлкен мән берген.
Баланың шығармашылық қиял, қабілетін, тілін дамытуда да ойынның айрықша маңызы бар екендігін қазақ халқының этнограф-ғалымы Ш.Уәлиханов, ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин, қазақ зиялылары. А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Н.Құлжанова, М.Жұмабаев және т.б. атап көрсеткен. М.Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде балаларға рухани тәрбие берудің жолдары мен әдістерін көрсетумен қатар, қоршаған дүниені қабылдауға, жан көріністерін (есту, сипап сезу, иіскеу, татып көру, ес, қиял, ойлау, тілін дамыту) бірлікте дамытудың маңызы жайында құнды пікірлер айтып, ой түйіндерін тұжырымдаған.
Балалардың қозғалысқа құрылған дидактикалық ойындарды меңгеруі өзіндік жеке ойындардың дамуына ықпал жасайды. Баланың әрбір жас кезеңіне сәйкес келетін ойындардың мүмкіндіктері мол.
Күнделікті тәжірибе көрсетіп жүргеңдей, алты жасар балалар ойындарына дұрыс басшылық жасалған жағдайда, олардың ақыл-ойы, тіл байлығы, сөздік қоры дамиды. Баланың талғамын, қызығушылығын, тілін дамыту барлығы ойын арқылы жүзеге асырылады. Сонымен, мектепалды даярлық тобында балалардың тілін дамытуда ойынның рөлі басым бола түседі. Ойын әрекетінің қызықты болуын қамтамасыз ететін, баланың танымдық қызығушылығы сапаларын дамытатын басты нәрсе: білім, әрекет, қарым-қатынас. Міне, осы жағдайларды ескере отырып, балалар тіл байлығын дамытуда пайдаланатын ойын түрлерін төмендегідей жүйелеуге болады:
1. Мазмұнды бейнелі ойын: отбасы, балабақша, мектеп, аурухана, ұшқыштар, мал фермасы, құрылысшылар, мұнайшылар, темір жол, теңізшілер;
2. Қимыл-қозғалыс ойындары: ақ серек, көк серек, ұшты-ұшты, аңшылар, сиқырлы таяқ, жаяу көкпар, ақбайпақ, ормандағы аю, мысық пен торғайлар, бақташы мен қозылар, қуыспақ, қасқыр қақпан, соқыр теке, жырадағы қасқыр.
3. Дидактикалық ойындар: заттардың түсін анықта, қуыршақты серуенге дайында, орныңды тап, ойлан тап, ұзын-қысқа, аласа-биік, әр құстың мекенін тап, түсті лото, дәл тауып айт, тігін шеберханасы, тез ретке келтір, мына заттарды сипатта, сандардың орнын тап, жоғары төмен, дүкен, көршілер, аралар, телеграф;
4. Құрылыс ойындары: лото және басқа конструкторларды пайдалану;
1.Спорттық ойындар: футбол, воллейбол, теннис, хоккей, баскетбол;
2.Рөлді-сюжетті ойындар: адамгершілік тәрбиесі тақырыбына оқылған ертегі, әңгімелерді рөлдерге бөле отырып орындау.
Балалардың дидактикалық ойын барысында есте сақтау, көру, сезіну, қабылдау, ойлау, сөйлеу үдерістері дамып, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға үйренеді.
Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі. Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау, топтастыру үшін тапқырлық, байқағыштық, зеректілік көрсетеді.
Құрылыс ойынында әдемі ғимараттар құрылысын жасап, оның бояуларының бір-бірімен келісімді болуын жоспарлайды, қадағалайды.
Құрылыс материалдарының пішіні, түсі бойынша симметриялы орналастырып, оларды көлемі (кең-тар), биіктігі (биік-аласа) бойынша салыстырады. Ойын барысында шығармашылық танытып, жаңа мазмұн ойластырып, белсенділік көрсетеді. Өзінің және жолдастарының тұрғызған құрылыстарының сапасына баға береді.
Ұлттық қимылды ойында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданады. Мұндай ойындарда балалардың тілі, сөздік қоры дамып, қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауды үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, шапшаңдық, ұжымшылдық сияқты қасиеттерге тәрбиеленеді.
Кейіптендіру ойындары балаларға таныс ертегі, әңгіме негізінде құрылады. Жан дүниесіне жақын рөлдерді өздері орындауға талпынады. Ойында ауыз әдебиеті үлгілері пайдаланатындықтан, олар балалар өміріне жарқын сезім, қуаныш, белсенділік, шығармашылық енгізеді, тілін дамытады. Осындай қасиеттер тәрбиеленушінің тұлғасының қалыптасуында маңызды рөл атқарады.
Балалардың тілін дамытуда ұлттық ойынның орны ерекше. Ойында адамдар өмірінің сан қыры, тұрмыс-тіршілігі, еңбегі, дүниетанымы, арман-тілегі, болашаққа деген сенімі, ержүректілік пен жігерлікке құлшынысы көрініс табады.
Халық педагогикасында ойындар өте көп және мазмұндары да, бағыттары да бірін-бірі қайталамайтындай сан алуан, әрі қызғылықты. Олар: «Алақан соқпақ», «Тақия тастамақ», «Айгөлек», «Аңдардың айтысы» т.б. Мәселен «Аңдардың айтысы» атты ойында жүргізушінің талабына сай әндер орындап, онда аңдардың дауыстарын, қылықтарын бейнелеп, олардың өздеріне тән ерекшеліктерін сипаттап көрсетеді. Мұның өзі хайуанаттар әлемі жөнінде нақты үғымды, шығармашылық қабілетті, жеке және топтанып ән айту дағдысын жетілдіріп, тілін дамытады. Ойын ережелерінің бала үшін тәрбиелік маңызы бар. Олар ойын барысын белгілейді, тәрбиеленушінің тәртібі мен іс-әрекеттерін, олардың өзара қарым-қатынасын бақылап, ерік-жігерінің қалыптасуына ықпал етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |