Баймаханбет ахмет



жүктеу 2,39 Mb.
бет11/14
Дата21.12.2017
өлшемі2,39 Mb.
#5251
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Қазақ қайтсек,баииды?
Біздің есебімізше, ауылда тұратын әрбір қазақтың әр қайсысының қоралап мал өргізіп, миллионер болатын мүмкіндігі бар... Бірақ, олай болып жатқан жоқ қой. Баяғы шаруаға қырсыздығымыз, нарыққа икемсіздігіміз, еріншектігіміз аяққа тұсау болып, өрісімізді малға толтыра алмай отырмыз емес пе?!

Ал, енді әлгі «миллионер» болудың жайына келсек... Ертеректе болған бір жайды әңгімемізге тамызық етелік, әуелім. Облысқа аты дүрілдеп шыққан бір дөкей (шамасы, прокурор болар) таулы өңірдегі бір шаруашылықты тексеруге бармай ма? «Пәре» дегеніңнің ол тұста да айдарынан жел есіп тұрыпты. Тексеру біткеннен соң кеңшар бастығы әлгі дөкейге бір ту ешкі атайды. Прокурорың оны қоңылтақси ма, әйтсе де «сыйлықты» көзі қимай, әлгі ешкіні «Бір жолым түскенде алармын» деп кеңшардағы қария кісінің малына қосып кетеді. Ол ешкіні сол бойда ұмытып та кетеді. Арада ондаған жыл өтеді. Бір күні қария кісі телефонмен хабарласып, ешкісін қолында әлі бағып отырғанын дөкейдің есіне салады.

-Шырағым, малыңды қашан әкетесің? Оныңа қарауға да мұрша болмай жатыр. Жасым болса, біразға келді...

-Ой, көке-ай, сол жалғыз ешкіні де әлдеқандай қылып...

-Ойбуу-и, оның жалғыз болса, жарасы жеңіл ғой! Біреу, екеу де емес...

-Енді қанша?

-Мың ешкі!

Дөкейдің таңғалғаннан үні шықпай қалыпты әлгі жерде.

Жалпы, елімізде қазақты малды етуге байланысты батыл қадамдар жасалмады деуден аулақпыз. «Сыбаға» бағдарламасының дүниеге келуі де соның нақты жемісі... Айтпағымыз – қазақты малды етудің мемлекет тарапынан берілетін несиеден де басқа оңтайлы жолдары бар екендігі. Әлбетте, бұл тұрғыда әуелгі капитал, сосын ұсынақтылық пен еңбеккештік қажет-ақ. Қатал талап қойылуының да артықтығы жоқ. Бағзы кездері кеңшарлардың мыңғырған малының басы әу басында екеу-үшеуден табысталып, бір басын да шығын етпей, өсіріп-өрбіту міндеттелген жеке тұрғындардың қорасындағы қой-ешкі, тана-торпақтан құралған еді ғой!

Бертіндегі «жамбылдық аралас меншік», «таластық тауарлы (мал түріндегі) несие» нұсқалары да қазақты малды етуге бағытталған игі қадам болды. Айтпақшы, Талас өңірінде мал түрінде несие беруді (50 тоқты көлемінде) шаруашылық құрылымдары ғана емес, бірқатар жеке бақуатты азаматтардың да іле жалғастырып әкеткені естен шыға қойған жоқ. Қайсыбір өңірлерде малды-жанды кәсіпкерлер жем-шөбін беріп күтіп, қыстан дін-аман шығаруға «көмектесетіндер» болса (күн жылынысымен аналық басын иесіне қайтарып, төлін түгел өздерінде қалдыру шартымен) 100-200 бастан таратып беруге де пейіл деп естиміз. Мұның қаншалықты заңды екенін білмедік...

Бізді, әсіресе, дарабоз ақын, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушановтың «тәжірибесі» ала-бөле қызықтырып отыр. Оның әуел бастан біреуді малды ете қояйын деген де ниеті болмапты. Тек... әлдебіреулер Қытайдағы үйін, малын, тиесілі жерін сатып, қалтасына басып келген қыруар қаражатын «мал сатып әперемін» деп алдап алып, тақырға отырғызып кеткен Серік есімді оралман жігітке жаны ашып, қайырымдылық жасағысы келген. Соңыра мұнысы «қып-қызыл бизнеске» айналып кетерін білмепті. Ол әуелгіде әлгі жігіттің алдына өз ақшасына алған 50 қойды салып береді «шамаң келгенде бір қайтарарсың» деп. Серігіңіз де адал, мәрт жігіт екен. Арада үш жыл өткен соң әлгі елу қойды екі еселеп қайтарады. «Қайтарды» деген аты ғана, Есенғали ақын жүз қойды сол жерде тағы да екі қандасымызға «үш жылдық мерзіммен» теңдей етіп бөліп береді де кетеді. Межелі уақытта барса, Есенғали ақынға бауырлары «сіздікі» деп 200 қойды қорада ұстап отыр дейді. Есекең ол қойларды да тағы бір төрт жігітке елу-елуден қылдай бөліп беріп кетеді. Шет жұрттан келген қандастарымыз ортада жүрген осы малдың үстінен белгілі мерзім ішінде кемі 100-150 қой пайда көреді екен. Ақын қора-қора қойды қайда апарамын, қидым соларға деп пейілін кеңге салатын сияқты. Дегенмен, ол осы «қарқынынан» танбаса, әлі талай әулетті малды етері анық.

Біздің өңірдің Есенғалидай «Атымтай жомарттары» қайда жүр екен?!



ӨНЕР ӨРІСІНДЕ
ТАРАЗ РУХЫ
Күнгейдегі көне кенттің рухани қайта түлеуі өзіне ежелгі «Тараз» атауы қайтарылған сол бір күннен (1997 жылғы 8 қаңтар) бастау алды-ау, сірә. Әйтеуір осы күннен бастап тарлан қаланың екінші тынысы ашылып, оның байырғы даңқын (оның ішінде рухани тұрғыдағы) қайта оралту ісі кең қанат жайды. Әсіресе, екі мың жылдық мерейтойы қарсаңында ежелгі де мәңгі жас жауһар қала тотыдайын таранып, күннен-күнге түрлене түсті. Ең алдымен «сақалды құрылысқа» айналып үлгерген Жастар сарайы, сондай-ақ, облыстық драма театры, Баласағұн атындағы орталық концерт залы, облыстық әмбебаб кітапхана, мұражай заманауи талапқа сай жөнделіп, ине-жіптен жаңа өткендей күйге келтірілді. Тараз тарихын баяндайтын энциклопедия, фотоальбом, жамбылдық қаламгерлердің 8 кітабы баспа бетін көрді. Қазақ жеріндегі ежелгі мәдениет орталығы ретінде де айырықша танымал шаһардың біршама шырайы кіріп қалды. «Байырғы даңқ» дегенде... Рудаки, Фирдоуси, Жами, Сағди, Омар Һәйям секілді әйгілі Шығыс шайырларының жырлайтынындай, «мұсылмандар Меккеге беттегенде, ақындар Таразға қарай ағылады» екен. Өйткені, «мөп-мөлдір көздер қарасын Тараздан ғана табасың»! Бұл енді әрідегі әңгіме ғой. Тараз топырағында Қажымұқан, Тұрар, Сәкен, Мұхтар, Шыңғыстардың ізі қалған! Кездейсоқтық па, жоқ әлде өзіне баурай тартатын киелілігінен бе екен – жерлестерінің өзі «көз жазып» қалған Абайдың, Ы. Алтынсариннің, Ғ. Мүсіреповтың, Ж. Сыздықовтың, Е. Өтеулиевтің, тағы басқаларының ұрпақтары осында көп жылдар бойы елеусіз тірлік кешіп келгенімен енді-енді хабардар болып жатырмыз. Таразда қазір де жай көзге еленбей, ұлылардың он-сан сынығы, ұшқыны, ұлтымыздың рухани ұйытқылары жүр... Сірәдағысы, олар туған қаласын – Таразды арман қала Астана, Алматыдан бір де кем көрмейді-ау. Оны тарихымыздың темірқазығы ретінде ту-у биікке көтеріп, төрткүл дүниеге танытпақ ниетпен туған жеріне біржола туын тіккендердің өзі бірқыдыру...

Түркістан - діни, ал Тараз - рухани орталық. Ел ішінде осындай ұғым қалыптасқалы қаш-шан! Әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайына қатысушылардың әуелі Түркістанда, сосын Таразда болуы да осы бір істің ырымалдысы секілді болды.

Бүгінде Таразда жоғары оқу орындарының өзі ондап саналады. Тараз – студенттер қаласы. Олар аса бай қоры бар бірнеше ондаған кітапханаларда тапжылмай отырып, білім нәрін жинайды. Жастардың тіпті ұлт зиялылары М. Мырзахметұлының, И. Жеменейдің жеке кітапханаларына да үңілуіне мүмкіндіктері бар. Театрлардың, мұражайлардың, мұрағаттардың да жастардың рухани кемелденуінде орыны айырықша. Аспан асты мұражайларының – көне тарихи ескерткіштер орындарының да... Болашақта Барысхан қалашығының, Төрткүл керуен сарайының, басқа да он-сан тарихи-мәдени мұраларымыздың облыстағы туристік кластерді дамытуға тигізер септігі мол болмақ. Былтыр Тараз жерін дүбірге бөлеген «Ұлы Жібек жолы» халықаралық этнографиялық-фольклорлық фестиваліне алыс-жақын шетелдерден келіп қатысушылар жауһар қалаға тамсанып қызығумен кетті.

Шаһардың әдеби шығармашылық әлеуеті де біршама қалыптасып қалды. Әзірге Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы (директоры жазушы Н. Дәутайұлы), талапкер ақындардың «Ақтаңгер», «Жасын», «Шайырлы Тараз» қоғамдық бірлестіктері оларға тұғыр-тірек те болып отыр. Биылғы жылдың басында талапкер туындыгерлер арасынан Ш. Сыпабекованың прозалық, Х. Есемановтың поэзиялық тұңғыш жинақтарының Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен арнайы бағдарлама аясында жарық көруі де жетістік. Шығармашылық жетістіктерге қол жеткізген шығармашылық жастар өкілдеріне облыс әкімінің сыйлығы жылма-жыл тұрақты түрде беріліп тұрады. Жалпы жамбылдық ақын-жазушылардың ауылда туып, Таразда танылатыны, осында біржола тұрақтап қалатыны үйреншікті жайға да айналды. Олардың бірсыпырасының кітаптары (онға жуық) былтыр облыс әкімінің қолдауымен баспа бетін көрді. Тараз қаласының әкімі де ақындарына осындай жағдай жасап, олардың шығармашылығын насихаттау, «Тараз рухы» сыйлығын жылма-жыл тұрақты беріп отыру, басқа да ынталандыру шараларын жүйелей түссе, оның еш артықтығы жоқ, біздіңше. Әкімі ақынын сыйлаған ел бақытты ғой қашан да!

Рас, соңғы жылдары Тараздың рухани-мәдени саласында елеулі өрлеу болды. Оның ең бастылары деп Һибатулла Тарази мешітінің, алдына ескерткіші қойылуымен Ы. Дүкенұлы атындағы киноконцерт кешенінің, осында А. Әшімов атындағы қазақ киноөнері мұражайының пайдаланылуға берілуін, Тараз музыка колледжін ашу ісінің қолға алынуын атар едік. Айтпақшы, Тараздың екі мың жылдығы мерейтойымен тұспа-тұс үш-ақ әншісі қалып, тараудың аз-ақ алдында тұрған «Алатау» жастар ән-би ансамблін коммуналдық кәсіпорын ретінде қайта құру да өз нәтижесін берді. Облыста соңғы жылдары халық театры атағын қорғаған отызға жуық өнер ұжымының да басым дені – Таразда. Соңғы төрт-бес жылда орнатылған ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақ, Абай, Пушкин, Есенин ескерткіштерінің маңы, махаббат аллеясы рухани кемелденуге бастар қасиетті орындар...

Тараздың рухани болашағы дегенде, міне, осы жайлар ойға оралады. Тараз гүлденіп, көркейе де бермек. Ал ақындары

Алаулаған таңдай,

Жастығымсың балдай,

Сенде туып арман,

Ұшқан алыс самғай,

Жер шоқтығы – Тараз,

Сұлусың сен қандай! – деп шаһардың шырайына сүйсініп, сұлулығына тамсанып, талмай жырлай береді әлі...


БЕС ЖӘДІГЕР
Баукеңнің домбырасы
Бұл домбыраның тарихы қызық. Өзі тым қымбат жәдігер-тұғын. Ұлы композиторымыз, академик Ахмет Жұбановтың көзі екендігі, шанағында Баукеңнің – қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының қолының табы сақталғандығы оның нарқын көтере де түсетін секілді. Анау-мынау саз аспабы «қымс» еткен әрбір қозғалыстың өзінен үн аулайтын әйгілі музыканттың талғамынан шыға бермейтіні белгілі. Сол кісінің арнайы тапсырысымен әйгілі орыс шеберінің қолынан шыққан бар-жоғы екі домбыраның бірі бүгінде мелекеттік мұражай қорында сақтаулы тұр.

Ал, біздің әңгімеге арқау еткелі отырғанымыз – оның екінші сыңары. Өзінің сағағы да қылдырықтай, үні әлемет зор. Әу басында өзіне арнайы шақтап тігілген қаптамасы да болған екен. Шанағының сыртына «Композитор А. Жұбановтан ескерткіш» деген сөз оймышталып жазылған. Баукең оған қолтаңбасын жазып, Жақаңа – жамбылдық ақын Жақсылық Сәтібековке берерде «Әй, осының өзінің жолы ауыр» дегенінің жаны бар-ды. Алдында Баукең бір жоғалтып алып (домбыраны өзіне жиендігі бар Р. Қошқарбаев алып кеткен екен), іздеуге Алматының күллі мілисасы жұмылып, жабылып жүріп әрең тауыпты...

Ал, Жақаңа ұсынғанда «Мұны түптің түінде мұражайға тапсырарсың. Орны - сол» деп ескертіп, шанағына «Ақын, композитор балама Жақсылыққа» деп айбақ-сайбақ қолтаңбасын қалдырып, онысын азсынғандай «После моей смерти станет достоянием Жамбылского музея» дегенді де қосып жазып беріпті.

– Баукең дұрыс айтыпты. Домбыраның жолы ауыр болды. Менің қолыма тиген соң да бір рет жоғалып табылды. Баукең өзінің алпыс жасқа толған мерейтойында үйде болғанда да домбыраның мұражай төрінен орын алатын мезгілі жеткендігін тағы бір еске салғаны бар. Менің өзім де солай еткелі жүргенмін. Бірде... Тұрар (Дүйсебаев) өтініп болмаған соң, облыста өткен алғашқы айтысты сол домбыраға қосылып лебіз білдіріп ашуыма тура келген-ді. Домбыраны сосын... белгілі әнші-орындаушы Е. Сәтбаевтың қолына беріп қойғанмын. Сол айтты: «Домбыраны қасыңызға еріп келген бір ініңіз алып кетіп, мәшинесіне апарып салды» деп. Әлгінің түр-түсіне шейін айтып берді. Сол бір жігіттен өзім де күдік алып жүргенмін. Бірақ, ол неге екенін қайдам, азар да безер болып мойнына алмай қойды. Сөйтіп қайран домбыра «қолды» болып кетті... Оны кімде-кім үйінде жасырып ұстап келсе, кері қайтаруын өтініп, оның орны мұражай екенін ескертіп, біраз газеттерге әденеше мәрте мақала жазып, жариялаттым. Алайда одан ешбір нәтиже шықпады, - деуші еді Жақаң кәдімгідей қапаланып.

Ахаңның, одан беріде Баукеңнің көзі болған, шанағында олардың қолдарының табы қалған бұл домбыра – киелі. Ол – халықтық мұра. Содан да ұлтымызды, ұлыларымызды келер ғасырларға танытатын мұндай жәдігерлердің жеке отбасының жай бір мүлкі ғана болып, қолдан қолға өтіп, қадірі кетіп, беке-босқа тозғаннан гөрі мұражай төрінен мәңгіге орын алғаны әбден орынды...
Нарқобыз
Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әлібек Әмзеұлы тарихи-мәдени тұрғыда аса құнды кейбір жәдігерлердің әлі күнге дейін жеке адамдар қолында жүргенін айтады. Соның бірі – нарқобыз. Мұндай әупіріммен бүгінге жеткен сирек те көне ұлттық шекті аспаптарымыздың екі түрі ғана республикалық мұражайда сақталып отырғандығын білеміз. Содан да болар, Әлекең әлгі қобыздың соңына қолына «шам» алып-ақ түскен екен...

Аталмыш көне саз аспабының ерекшелігі сол, дүниеге келу тарихы үш-төрт ғасырдан да әріге кетеді. Хас шебердің қолынан шыққан болуы керек, тұрқы да осы күні өзіміз көріп жүргендегіге қарағанда әлдеқайда үлкен, мықты ағаштан қиып жасалынған, шанағының іші-тысына – әр жеріне айна қойылған, іші толы сылдырмақ... Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, қобыздың үні аса зор болғанға ұқсайды. Оның дауысын ауылдан едәуір қашықтағы Шу өзеніне шомылып жатқан балалар естіп, жақыннан тыңдау үшін жапатармағай жүгірісіп жеткенде, үсті-бастарының суы кеуіп үлгереді екен. Сонда екіара кемінде екі-үш шақырым болғаны ғой! Ата-бабаларымыздың есте жоқ ескі замандардың өзінде саз аспабын қолдан жонып жасаудағы ғажайып музыкалық сауаттылығы мен шеберлігінің де куәгері секілді ол!

– Оның Шу ауданындағы бұрынғы Киров колхозының бір тұрғынының үйінде сақтаулы

тұрғанын естіп, тоқсаныншы жылдардың басында арнайы ат басын бұрып бардым. Бұл жөнінде белгілі өлкетанушы К.Байбосын (марқұм) да бұрыннан білетін болып шықты. Қобызды мұражай қорына алуға ол да әденеше мәрте әрекет жасап, алайда иелері көнбей, тауы шағылып қайтыпты. Сол үйдегі кейуана маған да, обалы неге керек, сандығынан нарқобызды алып көрсетті. Әжептәуір дүниенің сиқы кетіңкірепті. Қаптама қайыстары да үзік-үзік. Әрине, мұндай сирек жәдігерді қолда емес, мұражайда сақтаудың бір пайдасы, қыруар қаржы жұмсалып, бастапқы қалпына келтіріледі ғой. Ал, жеке адамның ондайға шамасы жоқ. Кейуанаға осыны айтып, біраз үгіттеп көріп едім, «балам біледі» деп уәжіммен келісе қоймады. Келесі бір барғанымда баласы оны беруден үзілді- кесілді бас тартты. «Жазған құлда шаршау жоқ», ү-төрт жылды араға салып, қайта бардым. Ақылға келер, илігер деген дәме ғой баяғы. Бұл жолғы «миссиям» жөнінде аудандық әкімдіктегілерді де хабардар еттім. Кейуананың өзімен, оңашалап баласымен де сөйлестім. «Тиесілі қаражатын берейік, астыңа ат мінгізейік, нарқобыздың киесін ескеріп, ауыл-аймаққа құдайы ас береміз десеңіздер, дастарханын көтерейік. Шетелге әкетпейміз, ел игілігі ғой бәрі де!» деп те үгіттеп көрдім.

Отиесі нарқобыздың әулеттерінде жетінші, әлде сегізінші аталарынан бері қарай бар екенін білетіндерін айтып, біржағы қиналып, аз-кем жұмсарып келісімге келетіндей сыңай танытып еді. Өзім де үміттеніп қайтқанмын. Бірақ, көп өтпей аудандық әкімдіктегілер қобыз иелерінің қайта айнып қалғандарын, қобызды қолдарынан шығарғысы келмей отырғанын жеткізді, – дейді Ә. Әмзеұлы.

Ол кісінің айтуынша, тағы бір осындай нарқобызды мына Жуалы жағындағы ағайындар алпысыншы жылдары иесінің өзімен бірге жерлеп те жіберген. Біздің кейде осылай қазақы ділімізге бағып, талай құнды жәдігерлерімізді «әулеттік меншік» деп қана санап, иемденіп, қолдан шығарғымыз келмейтіні, оның өсер ұрпаққа тағылымы барын ескермейтініміз өзімізге сор болып жүрмегей, түбінде.

Байзақ ауданындағы бір ауыл тұрғындарының ортағасырлық көне қала орнын әулеттік рулық қабірстанға айналдырып жіберуі де әуелде білместіктен орын алды. Десек те, ерте ме, кеш пе, ол тұсқа да археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетіні анық. Сонда «әруақтардың» сүйегін қозғауға да тура келетінін ойласақ, төбе құйқамыз шмырлайды, тегі. Әзірге... мұнда «археологиялық қазба жұмыстарын» сүйекшілер (қабір қазушылар) қолға алған секілді. Қабір қазу кеінде табылған құнды заттарды (құмыра, кесе, мыс теңге, шашбау, сылдырмақ, білезік, басқа да зергерлік бұйымдар) марқұм болған азаматтардың туған-туыстарының «ырымдап» иеленіп кетуі жалғасуда...
Бір қап кітап
Тоқсаныншы жылдары Талас аудандық «Талас тынысы» газетінде журналист

Қ. Қойшыбайдың Үшарал ауылындағы бір ескі үйдің астынан жергілікті тұрғындардың киізге оралып, құрғаққа жасырылған бір қап кітап тауып алғаны жөнінде сенсациялық мақаласы жарияланды. Арабша жазылған ғылыми, діни-танымдық әдебиеттердің суреті де қоса берілді. Бұл дүниелердің мұражайға өткізілгені, өткізілмегені жөнінде нақты хабарым жоқ. Бірақ, кейін сұрастырып, оларды бір отбасы сақтауға алғанын, бірер кітапты Аққұм жағындағы арабша хат танитын кісі алып кетіп, қайтармай қойғанын білдім. Сол кітапарда не жазылғаны нақты анықталды ма, қазақшаға тәржімаланды ма – соңыра бұл туралы ауызекі әңгімеде де, мерзімдік басылымдарда да «ләм-мим» деп жақ ашқан ешкім болмады. Соған қарағанда, бұл кітаптар да қайтадан тарих қойнауына жіберіліп қойылды ма екен деп те жиі алаңдай беремін...

Бізде, тегі ұсынақтылық жоқ қой! Тым құрыса, Балғабек Қыдырбекұлынан, Нұрқасым Қазыбектен үлгі алсақ етті! Бәкең баяғы «ұлтшылдықпен» күрес өршіген, «жаптым жала, жақтым күйе» делінетін алмағайып заманда, міне, осындай киізге оралып, тереңге жасырылған «қазақтың қымбат шежіресін», ұлт тарихын (Қ. Тауасарұлының «Тү- тұқияннан өзіме дейін» атты еңбегінің қолжазбасын) жарыққа шығарды емес пе?!

Н. Қазыбек Өтейбойдақтың «Шипагерлік баянын»... Олар халқымыздың қаншалықты деңгейде рухани-тарихи олқысы орнын толтырғаны көзі қарақты жұртқа жақсы мәлім.

Қазыбек бек еңбегінің 1943 жылы Халматов көшірген арабша фәксмилиесін, оның М. Шафиғи жасаған сөзбе-сөз аудармасын жазушы Б. Қыдырбекұлының қазіргі тілге сай жүйелеп беріп кеткені бүгінде біртұтас қазақ шежіресі түзілісіне түпқазық болып отыр емес пе! Тіпті соның өзін мансұқтайтынымызды қайтерсің!

Әлгі... бір қап кітапқа сол Балғабектің, Нұрқасымның көзімен, солардың парасат-пайымымен қайырыла алмай қалмадық па – мені көбінес мазалайтын бір ой осы. Жаратушы иеміз ондай құндылықтарымызды қолмен ұстап, көзбен көруімізге ие-тегін мүмкіндік беріп тұрған күннің өзінде... Ықылым замандардың жүгін арқалап жеткен небір қымбат жәдігерлерімізді бір ғана мәрте едел-жедел қарап шығып, ешбір шімірікпестен тарихтың қойнауына қайта аттандырып жіберетін ұқыпсыздығымыздан қашан арылар екенбіз, осы.


Әуезовтен қалған көз

Жәдігер (реликвия) – ұлы тарихтың балталаса бұзылмас бір бөлшегі. Мына Батыста, кәрі құрлық Еуропада атақты адамдардың артында қалған дүние-мүлкін былай қояйық, «міне, мынау топылиы еді», «мынау қол сағаты», «мынау мундуштігі» деп жай бере салса бір сәрі, миллион долларға бағалап, аукционға қойып сатып жатады. Бұрын да, қазір де солай. Бұл батыстықтардың реликвия атаулыға құрметі, әлде баз біреулердің елден асқан шіріген бай екендіктерін көрсетіп қалуы ма екен? Әлбетте, екеуі де бар-ау. Жоғары мәдениеттіліктің, ұсынақтылықтың, білімділіктің, өз елінің мәдени құндылықтарын кейінгі ұрпаққа бұзбай-жармай жеткізіп, тарихта қалудың да белгісі. Мұрнына өнердің исі бармаса да, «шіріген» бай Третьков кезінде әлемдік деңгейдегі көркем өнер туындыларының інжу маржандарын қымбатсынбай сатып алып, ақырында галерея ашқанын ақылдылық демей көріңіз!

Атадан балаға ауысар қылыш, қамшы, ер-тұрман, жүзік секілді дүниеліктерді иесінің көзіндей көріп, қастер тұту жоралғысы бізде де бар. Тіпті, қасиетті кісілердің отырған жеріне ырым етіп, баланы аунатып алып жататынымыз ше... Ал, ел ішінде, жердің астында да, үстінде де көрер көз, естір құлақ болса, мұндай жадығаттар жетерлік-ақ қой. Тек алтынның қолда барда қадірін білмейміз. Елеп-ескергенді айтасыз...көрінеу өз қолымызбен жойып та жатырмыз.

Мына бір жәдігер – бір кезде заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтің бір сәт демін басқан креслосы жазушы-журналист ағамыз Б. Әбілдаұлы болмаса, ұмытылып та қалатындай екен. Оның, тіпті, «списать» етіліп, қоқысқа да лақтырыла жаздағаны бар. Тағы да Бәкең... шыр-пыр болып, әлгі креслоны қоймай сұрап жүріп, өзінің кабинетіне –«меншігіне» алған.

Тарихқа жүгінсек, абажадай бұл орындыққак 1955 жылы Жамбыл жеріне сол кездегі «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің редакторы Ғ. Сармұрзиннің қоярда қоймай қолқалауымен келгенінде, Мұхаң – Мұхтар Әуезов отырып, бірқауым уақыт демін басқан. Одан әрі жол-жөнекей Ақкөл ауылында (Талас ауданы) аупартком хатшысы Ө. Досыбиевтің үйінде қонақта болып, түнделете өзінің атақты «Түркстан солай туған» очеркі мен «Өскен өркен» романына мол мағлұмат алатын «Талас», «Түгіскен», «Түркстан» совхоздарына аттанғаны есте. Айтпақшы, Мұхаң «Түркстан солай туған» очеркін қайтар жолында облыстық газетке тағы соғып, әлгі креслода әлденеше күн тапжылмай отырып әріп терушіге «диктовать» етіп жаздыртқанын қайда қоясыз!

Бұл креслоның тарихы тым әріге кетеді. Ол ең алғаш Әулиеата уездік Советі төрағасының (1918 жыл) – Т. Рысқұловтың орындығы болғанға ұқсайды. Кейін әлдеқалай редакцияның меншігіне өткен. Редакция ол кезхде қазіргі «Сенім» баспа орталығының ғимаратында орналасқан-ды. Одан кейін де редакция төрт рет қоныс жаңартыпты. Сол кездің бәрінде де, қайда көшсе де Бәкең «киелі креслосын» тастамай сүйретіпті де жүріпті... Ол кісінің келген-кеткен меймандарды да кресло тарихымен таныстырып, оған отырғызып алатыны бар-ды. Өзі де көбінесе осы орындыққа «көміліп» дем алып, ойға шомып отырғанды ұнататын. Ұлы Мұхаңның шарапаты тиді ме, Бәкең жаман болған жоқ, жеке шығармашылық саласында да өсті, өрледі...

О, бұл креслода кімдер отырмады! Б. Момышұлы,Т. Бигелдинов... сенаторлар, саусақ бүгіп санай берсең, ұзыншұбақ тізім болғалы отыр. Мұның Мұхаң отырған орындық екенін білгенде, Ш. Айтматов та бір келгенінде баласын «аунатып» алыпты...

Міне, осы орындықтың орнында жоғын көріп, Бәкеңнің шыр-пыр болғаны бар-ды. Дегенмен, ол кісі «Ақ жол» газетінің қазіргі басшысының ұлттық құндылықтарды қорғап-сақтауға келгенде өзінен бір де кем соқпайтынын, газет тарихында тұңғыш рет мұражай ұйымдастырылуына, тарихи әділеттіліктің орнығуына жан-ділімен қызмет етіп жүргенін жақсы білетін. Иә, М. Әуезов отырған кресло ешқайда кеткен жоқ, осында еді... Аз-кем қалпына келтіру жұмысынан кейін іші-тысы ішінара жаңартылып барып «Ақ жолжың» мұражайы төрінен біржола орын алды. Иненің жасуындай болса да, мейлі, осындай жәдігерлерге құрмет, жанашырлық қашанда керек-ақ қой!


Ардақтыларымыз аялдаған үй еді...
Өкінішке орай, осындай бір естелік-жадығат – облыс орталығындағы Радищев көшесінің бойынан ірге тепкен № 10 үй айдың-күннің аманында жер бетінен толайым сүрілді де тасталды... Тарихқа қырын көзқарас қалыптасуы салдарынан. Бұл әу басында тараздық Ырыс Қаңтарбаевтың өз қолымен тұрғызған жекеменшік үйі болған-ды. «Әкемнің ағасы Қыпшақбай Әулиеата уезіндегі алғашқы меценаттардың бірі болды. Бір өзі Тараз аумағында 64 үй-жай салдырған ғой! Әкем де осы үйді сол кісінің көмегімен тұрғызған-ды», - деп еске алады бүгінде өзі де сексеннің сеңгірінен асқан белгілі суретші, қолөнерші Қырғызбай Қаңтарбаев.

Аталмыш үйдің сызба-жобасы бар құжаты да Қырекеңнің қолында күні бүгінге дейін сақтаулы. Өзінің балалық шағы өткен үйін кері қайтарып алу жолында қаншама әуре-сарсаңға түскенмен, қария бұл ісінен еш нәтиже шығара алмаған. Кезінде адвокат болған Ырыс Қаңтарбаев «халық жауы» ретінде тұтқындалып, үйі, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі де сол қуғын-сүргіннің құрбаны болып кеткен-ді. Бір кездері осынау ыстық ұяға атақты адамдардың жиі ат басын бұрып келетіні, өзін бірде қазақтың атақты балуаны Қажымұқанның мойнына мінгізіп ойнатқаны, көйлегіне орап алғаны Қырекеңнің жадына мәңгі өшпестей болып мөрленіп қалыпты.

Мұны қайсыбір дерек көздері, әсіресе, 1984 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Күш атасы» атты ұжымдық жинаққа енген жерлесіміз, журналист

Ә. Ешмұрзаевтың «Әулиеата жерінде» естелік-эссесі дәйектеп, негіздей түседі.

«Ы. Қаңтарбаев – қаладағы сауыққой, сері жігіттің бірі. Төбесі шатырлы, еденін тақтайлатқан бес бөлмелі үйі бар (Радищев көшесіндегі бұл ғимарат соңыра балалар үйі де болған), іші жиһазды. Қажымұқан Мұңайтпасов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов қалаға келгенде сол үйде болды», – деп жазады автор аталған еңбегінде.

Одан бөлек В. Н. Устинов өзінің «Служение народу» деген кітабында («Қазақстан» баспасы, 1984 жыл) тіпті Т. Рысқұловтың мұнда қызмет бабымен 1918 жылдың өзінде –24 маусымда, 13 тамызда және 4 қыркүйекте – бір емес, бірнеше рет оралып соққанын уақтысына дейін көрсетіп, нақтылайды. Халқымыздың аяулы азаматтарының Әулиеатаға әр келгендерінде Ырыстың үйіне түсіп, аз уақытқа ат шалдырып, аяқ суытатыны екі-үш сыныптық қана біліммен адвокаттықты меңгерген көкірегі ояу, көзі қарақты азаматтан ерекше үмітті болғандықтарын, оған деген шын ризашылық, құрмет сезімдерін аңғартса керек-ті... Бір кездері ардақтыларымыз аялдаған, ауласында Тұрар, Ораз, Қажымұқандай алыптардың ізі қалған осы үй біреулерге «көзге шыққан сүйелдей» көрінсе не істерсің! Осыдан 8-9 жыл бұрын бұл ғимаратты сақтап қалу жөнінде мәселе көтеріп, шыр-пыр болғанымыздан не шықты? Ештеңе де! Қоғамның құлағының таскерең болғанынан ауыр қасірет жоқ екен. Ақыры, сол үй жер бетінен біржола сырылып тасталды...

Мұндай, бойында ескі күндердің табын сақтап тұрған «жәдігер-үйлер» Таразда әлі де бар. Олар тарихи ескерткіштер есебінде қорғауға алынған ба, жоқ па – ол арасы бізге бимәлім. Дегенмен, сонау қиын-қысталаң заманның өзінде Таразда 64 үй салған Қыпшақбайдың меценаттық ісі бүгінгі байшыкештердің санасына сәуле түсіруі үшін сол үйлердің жұрнағы болса да сақталуы керек-ақ еді ғой! Ол үйлер қазір бар ма, болса қайда – мұны ізерлеп, зерттеп жатқан да ешкім жоқ. Қазіргі заманның 10-20 Қыпшақбайы белсеніп шықса, қаладағы үйсіз-күйсіз күн кешкен біраз отбасының сауабын да алған болар еді-ау. Өткеннің тағылымы болашаққа сабақ болуы үшін де өте-мөте қажет.

Ендігі жерде бар қолдан келері – қалғанына береке берсін деу ғана. Облыс орталығындағы, қазіргі Бектұрғанов атындағы көшедегі қаланың Әулиеата кезеңінде салынған біраз үйлерді қорғап, сақтай алсақ қой. Осы ретте белгілі өлкетанушы

К. Байбосынның ол үйлерді мұражай орындары ретінде пайдалану жөніндегі ұсынысы құлаққа кіреді. Тарихымызға ұсынақты болғанға не жетсін!


жүктеу 2,39 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау