А. Момынқұлова: Бүгінгі таңда аймақта 6о –тай бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Негізінен заңды тіркелгені-64. Олардың 2-і электронды, 22-і қоғамдық-саяси бағытта, 12-і (бұл- жалпы сандық көрсеткіштің 20 пайызы) қазақ тілінде, 37-і (60 пайыз) таза орыс тілінде шығады. Бұл тұрғыда «елу де елу» тепе-теңдігі де сақталады. Соңғы үш жылда мемлекеттік тілге аз да болса басымдық беріле де бастады. Өткен жылы, мысалы , «Қазақстан-Тараз» телеарнасында телесюжеттердің 67 пайызы мемлекеттік, 30 пайыздан астамы орыс тілінде эфирге шығарылуы қамтамасыз етілді. Тіл саясатын жүзеге асыру ісінің қалыптасу кезеңінде көп өзгерістер де болды. Елбасының Қазақстан халықтары ассамблеясының сессиясында, «Отан» партиясының кезекті съезінде сөйлеген сөздерінде де қозғалды бұл мәселе. Рас, бүгінгі таңда облыстың кейбір бұқаралық ақпараттық құралдарында мемлекеттік тіл саясатын жүргізу ісіне аз көңіл бөлінуде. Бұған мысалды алыстан іздемей-ақ өз ішімізден көптеп келтіруге болады. Өткен жылы Тәуелсіздігіміздің 15 жылдығына орай егемен еліміздің қол жеткізген жетістіктерін баспасөзде кеңінен жазып көрсету ісі күллі еліміз көлемінде тіпті жыл бойы дерлік жалғасты. Осымен байланысты бір тәуелсіз басылыфм басшысына (атын атамай-ақ қояын) тәуелсіздік туралы мақала жариялауды ұсындым. Бір емес, бірнеше рет еске салғанымнан не шықты деңіз. Ештеңе де. Ол әр кезде де «газетімізде бұған орын жоқ» деп қиқайды да отырды.Ақыры, оған «кешіріңіз, сіздің басылымдарыңыздың жарық көруі ең алдымен, осы тәуелсіздіктің арқасы ғой» деуіме тура келді. Бұл мәселеге бірінші кезекте басқа емес, БАҚ жетекшісі назар аудавруы тиіс.Тек тіл саясатына ғана емес, Президент жүргізіп отырған саясаттың барлығына да.
Жалпы, біз жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу ісін сатып алуға тендер жариялап отырамыз. Бұған ірі мөлшерде қаражат та бөлінеді. Мысалы, 2005 жылы бұл тұрғыдағы мемлекеттік тапсырыс сомасы 78 миллион теңгені, ал өткен жылы 99 миллион 100 мың теңгені құрады. Биыл бұл мақсатқа былтырғыға қарағанда 100 мың теңге көптеу бөлініп отыр. Ретіне қарай тағы да 15 миллион теңге мемлекеттік ақпараттық саясатты республикалық БАҚ-ы арқылы жүзеге асыруға байланысты қарастырылуда. Біздегі әлеуетті тасымалдаушылар үшін әзірленген қызмет көрсету тізбесінде тақырыптық тұтас беттер, тақырыптық айдарлар, «Қазақ тілін үйренеміз», «Қазақшаңыз қалай?» атты тіл үйрету бұрыштары, тағы басқалары қарастырылған. Телевидение саласында да осылай. Тіл дамытуға арналған материалдар (тендерге қатысқан басылымдар үшін) әрбір газеттен 50 шаршы сантиметрлік көлемде орын алуы ықтимал. Міне, бұл іске «Знамя труда», «Магнолия» ғана болмаса, орыс тілді, оның ішінде, әсіресе, тәуелсіз басылымдардың, басқа да қалалық, аудандық газеттердің жанашырлықпен атсалысып жатқандары кемде кем.
(Осы орайда кейбір ресми тілде шығатын БАҚ жетекшілері бұл жөнінде бұрын-соңды естімегендіктерін айтып қалды. Біздің білгеніміздей, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру жөніндегі тендер шартына сәйкес, оған қатысушы басылымдар жыл бойы 25 бет (оның әрқайсысының көлемі кем дегенде 250 мың шаршы сантиметрді қамтиды) әзірлеп, жарыққа шығарып отыруы тиіс. Бұл деген-тек осының өзінен редакция қоржынына бір жылда шамамен 3- 4 миллион теңгедей қосымша қаржы түсіру ғой. Бұдан ешқандай басылымның ұтпаса, ұтылмасы анық.Бұл жөнінде журналистердің осы жолы ғана егжей-тегжейлі біліп, құлағдар болуы «дөңгелек үстел» отырысының өз мақсаттарының бір парасына қол жеткізгендігі деу ләзім.)
С. Майбалаева: Мұндай қаражатқа біз де бірде-бір рет қол жеткізіп көрмеппіз. Өйтпеген күнде біз жылма-жыл газетіміз бетінен «Қазақ тілін үйренеміз» тақырыбы аясында 40-тан астам сабақ мәтініне орын береміз. Бұған жоғары оқу орындарының, мектептердің көптеген танымал қазақ тілі оқытушылары атсалысты. Мұндай сабақтардың тақырып ауқымы да үлкен болды. Әр жылда әралуан мазмұнда өрбітіліп, жаңаша әдістер енгізіліп, қазақтың салт-дәстүрлері, ырымдары, ұлттық киімдері, ас мәзірлері, саятшылық өнері, тағы басқалары қоса түсіндіріліп отырды. Қазақ тілін үйренем деушілердің осылай таным көкжиегі де едәуір кеңейтілді.
Мемлекеттік тілдің қолданыс ауқымын кеңейту ісі бұрын тек құрғақ жарнамалау, декларация секілді көрінетін.Енді бұған шындап көңіл бөліне де бастады.Қазақстан 15 жыл ішінде қыруар жетістікке қол жеткізді. Алдағы уақытта барынша бәсекеге қабілетті дамушы 50 елдің қатарынан көрінуден де үмітті. Қоғамымыз құрметпен қарайтын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді басты мемлекеттік рәміздеріміздің қатарында Мемлекеттік тіліміз де тұруы тиіс. Кім кім де орыс тілін ғана емес, қазақ тілін де жете меңгерәп алса, оның аржағында үшінші (мейлі, ағылшын, мейлі қытай тілін болсын) тілді де үйрену қиын емес.Мен өзім ұл-қыздарын қазақ мектептеріне жетелеп келіп, оқытып жатқан көптеген ата-аналарды білемін. Басым дені бай, бақуаттылар, «шенеуніктер» де емсе, қарапайым отбасы иелері. Базбіреулердей «маған қазақ тілі не үшін керек» деп мемлекеттік тілге мұрнын шүйіре қарап жатқан жоқ. Бұл-олардың қазақ тілін өзіміз білмесек те, балаларымыз білсін, олар осы мемлекеттің келешек тұтқасы да ғой деген ықылас-ниетінен туған мемлекеттік тілге құрметі. Қазақстан , міне, қақ-соқсыз, бейбіт тұрақтылықта өмір сүріп келеді. Әлі де ұзақ уақыт салтанат құратынына, іргенегізі мықты, әлеуетті мемлекет болатынына көз жетіп, көңіл сенді десе де болады. Кейінге қайта оралуға жол жоқ. Осы мемлекетте өмір сүріп отырсың ба, ендеше оның тілін де біл.
Бір кездері газетке жазу үшін қазақшаға жетік өзге ұлт өкілдерін (әсіресе, орыстарды) облыс едлді мекегндерінен қолыңа шам алып іздесең де табуың қиын еді. Ілуде бірді-екілі ғана болатын. Қазір қазақ тіліне судай ағып тұрған басқа ұлт өкілдерін -өндір жастарымызды әр мектептен-ақ кезіктіре аласың. Жуықта орыс тілді егде әйелдердің көшеде немерелерінің қазақша жақсы білетінін мақтана әңгіме етісіп тұрғанының куәсі болдым. Бұл менің көңіліме біртүрлі жылылық ұялатты.Мемлекеттік тіл мәртебесінің өсуі дегеніміз осы.
Біз кезінде орыс тілін не үшін үйрендік? Әрине, КСРО-ның мемлекеттік тілі болғаны үшін. Сосынғы жерде Елен аға айтқандай,сол тіл арқылы үлкен әлемді көріп, танығымыз келді. Түкітанушылар Л.Гумиловтың, М. Аджидің не айтпақ болғанын ол кезде ешкімнің де білгісі келмеді. Тұтастай түркі әлемі, Шығыс тақырыбы жабық болды. Ал шын мәнінде барлық мәдениеттің түп қазығы Шығыста болды ғой. Қазақ тілі арқылы алдыңнан күллі Шығыс, ислам әлемінің алтын қақпасы ашылары анық.
Л. Сафонова: Біздің мемлекеттік тілді білуіміз керек пе, жоқ па? Әрине, керек. Бұл енді талқылауға жатпайтын дүние. Өйткені, ол- Отанымыздың тілі. Президент айтқандай, оны балаларымыздың жете меңгеріп, үйренуі ісі бірінші кезекте тұруы тиіс.Қазақ тілін өзім білмесем де, балаларым біледі. Өзімнің де сол тілге бүйрегім бұрып тұрады. Тіл үйрететін арнайы курсқа барсам деп жүрмін. Қазақша сөйлейін десем, қате айтам ба, күлкі болмаймын ба деп тартына беремін. Орта жастағыларға бұл қиындау тиіп жүр. Егде қарт кісілерге одан да ауыр. Оларға қызмет көрсету орындарында мемлекетттік тілде жауап қайтарылып жатады. Мұны олар түсінбейді де. Мұндаймен көбінесе, қазіргі жүріп жатқан мүлікті жария ету науқанымен байланысты бетпе-бет келуіңе тура келеді. Мүлікті жария ету құжаттары түгел дерлік ресми тілде жүргізіледі. Тиісті орындар бұған неге жол беріп отыр? Сол нормативтік құжаттардың, тым құрыса түбіртек қағаздардың мәтіндерін екі тілде жазып көрсетсе қайтеді. Кәрілер болмаса, біз бәріміз түбі мемлекеттік тілді бес саусағымыздай біліп шығатын боламыз... Елбасымыз бір сөзінде әзірге қазақша үйренуге ешкімді де күштеп мәжбүрлемеуді де айтты ғой...
А. Момынқұлова: Сіз мынаны түсініңіз. Біз сіздің орыс тілді басылымыңыз түгелдей қазақ тілінде шықсын деп жатқанымыз жоқ. Өйтсек, мұнымыз заңды өрескел бұзушылық болып шығар еді. Мәжбүрлеу деген де сол. Біз тек мерзімді басылым қай тілде жарық көретін болса, сол тілде мемлекеттік тіл саясатын насихаттауы керектігін айтып отырмыз.
Л. Мелъник: Кейбірде іс-шаралар түгелдей мемлекеттік тілде өткізілсе түсіігімізге тым ауырлау соғады. Әрине, біздің қазақша қарым-қатиынас жасауды тым құрығанда,тұрмыстық деңгейде меңгеруге тиіспіз. Балалар бақшасында тәрбиеленушілердің үйренуі аса қиынға түспес. Бізге- орта буынға қиын. Дайын тұрған бағдарлама да жоқұ. Іздестіріп тауып, қолыма түсірген оқулықтардың барлығы да ескі болып шықты. Ағылшын тіліндегі»дей, дәл сол деңгейдегідей тіл үйренушілерге арналған бағдарламалық кешен керек.
О. Кан: Мектептің оқу бағдарламасына енгізілген ағылшын тілін оқушылар тез үйреніп ала қояды. Өйткені, оқулықтарының тілі тым ауыр емес, ұғымға жеңіл. Қазақ тілін үйрету сапасын да дәл сондай деңгейге көтеру, жетілдіру қажет!
Б. Ахмет: Бар істі ең алдымен орыстанған өз қандастарымыздан талап етуден бастағанымыз жөн-ау. Қазақ газеттері осындай орыстілді қаракөздерімізге арнап, тілінің уын тамызып, мейлі нені жазсын, бәрібір әсерсіз. Жеріне жетпейді. Өйткені, оны олар оқи алмайды. Оқтың нысанаға дөп тимеуі дегеніміз осы. Керісінше мұны қайта ресми тілді газеттер көтеруі керек. Ал мемлекеттік тілді үйретудің ең тиімді жүйесін іздестіріп табуға, тілдік идеологияны қалыптастыруға атсалыссақ бір жөн. Елбасымыз бұл мәіселеде қалай қимылдау керектігін айқындап та берді.Біз өз тарапымыздан не істей аламыз?
Ресми тілдден айырылғысы келмей отырған шенеунік қандастарымызға тікелей өзіміз баруды ұйымдастырсақ. «Келіңіз, ашық сөйлесейік!» акциясы аясында. Сондай-ақ, облыста, аудан, ауылдарда намысты жану онкүндіктерін, мүшайра, айтыстар, шығармалар байқауларын өткізсек...
Ж. Қожахметова: Бізде негізінен техникалық мамандықтар бойынша мамандар даярланады. Құжат жүргізу ісі түгелдей мемлекеттік тілге көшірілген. Терминдік сөздіктердің аз, тіпті тапшы әрі ескі болуынан техникалық құжаттамаларды тәржімалау өте-мөте қиынға соғады.Газетіміз де екі тілде шығады. Оған келіп түсетін материалдардың тең жартысын орыс тілінен аударып басамыз.
С. Биғабыл: Әлгінде әріптестеріміз айтқандай, облысымызда іс қағаздарын жүргізу әлдеқашан мемлекеттік тілге көшірілгенмен, ресми тілдің «тоңы» сетінемей сірескен күйінде тұрған жерлер ілі баршылық. Басқаны қойшы, ресми тілде шығатын газеттер жетекшілерінің өзінің қазақша жарытып біліп жатқаны жоқ. Бірақ, осы үшін оларды кінәлаудың да қажеті жоқ. Ең бастысы-олардың тарапынан ынта, ниет бар екен. Бұл енді бір күнде шешілетін іс емес қой. Тақырыбымызға қарай ойыссақ... Тіл саясатын «Халық тәлімі» де өзінше көтеріп жатыр. «Бал дәурен-балғын шақ» қосымшамызда балалар шығармашылығын қазақ, орыс тілдерінде қатар басамыз. Бізге тіл тақырыбын былай жаз деген дайын үлгі болмай тұр. Тиісті орындар бұл тұрғыда түрлі басылымсдардың (мейлі, ол мемлекеттік, мейлі тәуелсіз болсын-бәрібір) мониторингін жасап, жыл аяғында сараптаудан өткізіп тіл саясатын көтеруде қайсысы алда болды -соны анықтап отырса құба-құп болар еді. Тиісінше ынталандыру шаралары ұйымдастырылса.Артта қалғандарды теңестіріп, тіпті алға бастырудың да бір жолы осы.
Қ. Есіркегенов: Маған осы арада бір белгілі шығарма кейіпкерінің басқа қыздарға қырындағанын бетіне басқан ғашығына ақталғандай болып «басқаны тереңірек білмесем, сені қалай сүймекпін» дегені ойыма оралып отыр.Қазақ тілін білмесем, әрине, менің де пікірім басқаша болар еді. Екі тілді де білемін. Орысша ойлап, қазақша жазатыным да бар.
Мені Тараздың мен өзім бұрын қызмет еткен Қостанайға қарағанда қазақы қала екені қуантады. Тілдері де ондағыдай тым шұбарала емес. Бұған дейін қазақ тілі қағажу қалып келді. Оның мәртебесі енді көтерілуде. Бұған қарап орыс тілі керексіз болып босағада қалып қояды деп қауіптенуге әлі ерте. Әр нәрсенің өз сәті бар.Облыстық деңгейде орысша шығатын бірден-бір мемлекеттік басылым-«Знамя труданың» хат қоржынына соңғы кездері мемлекеттік тілде жазылған материалдар көптеп түсетін болды. Бұл бір жағынан жақсы. Мемлекеттік тілге құрметтің күшейгені. Ал екінші жағынан... аударма материалдың аты- аударма материал. Сөз құрылымдары аздап өзгереді. Сондықтан газетімізге ресми материалдар мүмкіндігіне қарай орысша мәтінде жазылып жолданса дұрыс болар еді.
«Ақ жол», шаңырағында отырған соң бүйрегім бұрғандығы емес, нені жавзса да үстіртін, бетінен қалқымай, тереңдеп жазатын газет. Басқа өңірлерде мақалаларын қазақтың таза құнарлы, нәрлі тілінде төгілте жазатын осы тақылеттес облыстық газеттер некен-саяқ. Тіпті жоқ десе де болады. Болған күнде де тілдері тұтқыр олардың. Биыл өзінің 85 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған «Ақ жолдың» 1-2 беттері әр кезде де облыстық, республикалық, халыаралық жаңалықтарсыз шықпайды. Ана тілін де тұрақты түрде насихаттап келеді. Бұл мәселеге төселген маман журналистері де бар.
Қалған газеттер ,міне, осы аға газеттің деңгейіне жетуі тиіс деп ойлаймын.Бізде облыста әлеуетті тілдік орта, жақсы жағдай да бар. Соны жеткілікті пайдалана алмай, белгілі арнаға қарай бұра алмай, дұрыс бағыттай алмай жүрміз. Мысалы мекемелердегі қазақ тілін оқытып үйретуші мұғалімдерді алайық. Дені қазақ тілін біледі, бірақ оқулығын білмейді. Бұрынғы қасаң әдістерден арылдың, бүгінгі өмір талабына сай ізденістеністердің қажеттігін ескермейді. Қалай болғанда да тіл үйренушілер үшін неғұрлым жеңіл, ұғынықты, тиімді оқу әдіснамасын жасап әзірлеудің мезгілі жетті деп ойлаймын.
Е. Досалы: Аға газеттің тіл басқармасымен бірлесе бүгінгідей түрлі басылымдар басшыларының басқосуын өткізуі, ең алдымен тілімізге деген үлкен жанашырлығы деп ойлаймын. Өз басым қазақ халқы да, тілі де құрметтеуге тұрады деп ойлаймын. Мемлекеттік тіл с аясатын жүргізу мәселесіне әрбір басылымның әр қырынан келуі әбден заңды. Тіл мәселесін баспасөзде жазу барысын келісіп шешкеннің айыбы жоқ.Біздің «Ар-Ай» жастар газеті де бұған қадери-халінгше өзінің үлесін қосуда. Газетте әріптесім Ерлан Жүніс өзі жүргізетін «Қисық ауыз» айдары аясында «жаргон сөздерді» жинап, теріп жариялау арқылы бүгінгі күні жастар арасында кең тарала бавстаған індеттің бірі әп-әдемі тілімізді шұбарлап сөйлеу үрдісінің тамырына балта шабуға білек түре кірісіп жүр. Бұл да тиімді әдіс. Оқырман бұл жерден де өзіне керегін табар. Әлгіндей «тілбұзарлардың» тірлігінен іш жиып, жеркенер,бәлкім.
С. Майбалаева: Бізде мәдени, тарихи, рухани салалар кең қамтылып жазылады. Бұл тұрғыда көптеген материалдарды («Ақ жолда» жарияланған) аударып бастық. Аталмыш тарихи танымдық дүниелер өткенімізді тереңірек білуімізге көмектеседі. Мысалы, ғалымдар М. Мырзахметұлы, И. Жеменей, тағы басқалары бұл іске жанашырлықпен атсалысып та жүр. Әсіресе, «ақжолдықтармен» арамызда тығыз байланыс орныққанын атап өтуіміз керек.(Осы орайда Л. Мелъниктің телеарналарда беріліп жүрген «жүгіртпе жолдардың» орысша мәтіндерінде, көшелердегі қалқаншалардағы жарнама жазуларында өрескел орфографиялық қателер кететінін, осымен байланысты сын материалдар жазып жариялағаны үшін кейбір журналистердің «жаңа байлар» тарапынан қоқан-лоққы көріп те жатқанын еске салу арқылы, «Мемлекеттік тілге де, ресми тілге де құрмет керек» деп қызынып сөйлеуі бізді біраз ойлантып тастады.Ресми тілді басылымдарды қайсысында балсын телебағдарламалардың қазақша мәтіндері көбінесе қате басылатынының (сөйтіп, мемлекеттің тілі аяққа тапталып жататынының) күнбе-күн дерлік куәсі болып жүрсек те үндемейміз...Орыс журналистерінің мұндай мәселеде сергек, айрықша батыл әрі белсенді келетіні, нені айтса да жеріне жеткізе айтатыны қазақ тілді басылымдар өкілдеріне қашан жұғысты болар екен. «Дөңгелек үстел» отырысының тақырыбы «БАҚ-тардағы тілдер саясаты» деп көрсетілгеннен кейін олардың ауызына бұл жерде қалай қақпақ қоя аларсың! Облыста жалпы тілдерге қатысты проблема жоқ. Мәселе - мемлекеттік тіл саясатының аймақтық басылымдар беттерінде насихатталуы ісі әлі күнге тұралап жатуында болып тұр ғой!)
Ә. Нүсіпова: Мынаған назар аударыңыздаршы: жалпы тіл дегеннің өзі қалай пайда болды! Әрине, қажеттіліктен! Адамдардың өзара түсінісу құралы қажет болғандығынан! Мемлекеттік тілге де дәл осындай қажеттілік қалыптастырылуы тиіс. Мысалы, маған ағылшын тілінде құжат келе қалса, оны біреулерге аудартсам да, өзім ізденсем де , түптің түбінде онда не жазылғанын білетін боламын. Сондықтан біз қай мекмеге болсын құжаттарды ештеңеден де қорықпай мемлекеттік тілде жазып жолдауды үрдіске айналдыруымыз қажет. Бізде осылай етіліп те жүр. Жолдаған құжаттарымызды түсінбейміз деп ренжитіндер бар. Бірақ, біреуін де кері қайтарған емес. Содан да университет ауқымында қазақ тіліне деген қажеттілік қалыптасып қалды.Аптаның екі күні бізде «мемлекеттік тіл күні» болып жарияланды. Бұл күні оқытушылар, студенттер болсын бір-бірімен тек мелекеттік тілде ған сөйлеседі. Осымен байланысты арнайы қазақ тілі сабақтарывн өткіземіз. Оған өзге тілдер өкілдері де белсенді түрде атсалысады. Мемлекеттік тілдің қанатын кеңге жаюының баспасөзге, басқаға емес, мекемелердің бірінші басшыларына да көп қатысы бар.
Б. Ахмет: Басқосуымыз өзінің мәресіне де жақындап келеді. Мақсатымыз осы бір шетін мәселені- бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі рөлін күшейту, алға нақты бағдарлар белгілеу болатын. Оны қаншалықты қозғай алдық? Аталған істі дұрыс жазып көрсетуде өз тарапымыздан не істей алатынымсызды тізіп көрсете алдық па, жоқ па-оның оқырмандарымыз бағасын бере жатар. Қалай болғанда да басқосуымыз нәтижесіз де емес секілді. Осы тақырыпқа байланысты өз тарапымнан бір пікір қоссам деймін. Бізде облыстық деңгейде тіл үйрету орталығы құрылғалы жатыр. Міне, осы орталықта алдағы уақытта, жалпы мемлекеттік тілге қатысты үлкенді-кішілі шешімін күткен мәселелердің барлығы жинақталып, биографиялық тізбе жасалынып отырса. Одан, мысалы, журналистер өзін толғантқан кез келген мәселе бойынша мәлімет ала алатындай болса. Мысалы, маған облоыста аралас балабақшаға, мектепке қанша қазақ баласы барып жүргенін анықтауым үшін пәленбай мекемеге қоңырау шалуға тура келеді. Ал осы мәліметті тіл дамыту орталығынан ала қойсам көп жеңілге түспей ме?
Жалпы, облыстық “Ақ жол” газетінде былтырғы 1 маусымнан бастап жыл аяғына дейін облыстағы мемлекеттік тілдің жағдайы, оның қолданылу аясын кеңейтуге, дамытуға байланысты ой толғаған оқырмандарымыздың, зиялы қауым өкілдерінің ой, пікір, ұсыныстары әлденеше мәрте топтап берілді. Атап айтқанда, “Тілге құрмет-елге құрмет”, “Жағымды жаңалық”, “Ойласайық, ағайын”, “Редактор мінбері”,” Әкімияттарда, әкімияттар...”, “Тіл тағдыры –ел тағдыры”, “Айтарым бар”, “Тілі басқа-тілегі бір”, “Жиындар.Конференциялар. Дөңгелек үстелдер” айдарлары аясында мекеме, ұйым, кәсіпорындарда ұйымдастырылған іс-шаралар жөнінде 40-қа жуық ақпараттар, репортаждар, үлкенді-кішілі танымдық материалдар жарияланыпты.
Бұдан басқа “Қазақстанның болашағы- қазақ тілінде”, “Тіл”, “Тарих”, “Тілім-ділім” айдарларымен туған тілдің толғақты мәселелеріне арналған арнайы беттер (барлығы 5) ұйымдастырылса, Елбасымыз Н. Назарбаевтың Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзі тұтас күйінде оқырмандар назарына ұсынылып, міне, осымен байланысты оқырмандарымыздың үнқосулары да қоса берілді...
( «Дөңгелек үстел» отырысын Облыстық тілдерді дамыту басқармасыфның қызметкері П. А. Ким қорытып, бұл журналистер басқосуының басы да, соңы да еместігіне, БАҚ өкілдерінің осы бағытта иін тірестіре отырып жұмыс істейтініне,мұндай іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынына сенемін деп, өзінің ризашылығын да білдірді.)
«ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖЫЛЫ», ҚАРЫМЫҢ ҚАНДАЙ?
Біз неге наризамыз?
Бізге не жетпейді, осы? Баспасөзде, түрлі алқалы жиындарда болсын апшынып аттандап, тіл мүддесі жолында тіпті жаға жыртысуға дейін баруға бейілміз. Біз неге наризамыз? Әлбетте, бізді налытып отырған жай- шырылдап тұрып айтатынымыз да, құрбаншылдықпен қорғайтынымыз да «мемлекеттік тіл» деп қанша жерден қомпитқанымызбен, қазақ халқының ұлы тіліне күні бүгінге дейін төрден орын тимей, «өгей» баланың күйін кешіп жүргендігі. Жеме-жемге келгенде ондаған ұлттық диаспоралардың жарастықты өмірлеріне ұйытқы болатын,солай етуге тиіс бірден-бір тірек ұлттың (Қазақстанда қазақтан басқа бірде-бір ұлттық диаспора ұлттық идеалға ұйытқы да, тірек те бола алмайды) жаны болып табылатын тіліне қағажу көрсету- ақтауға да, ақталуға да болмайтын тарихи қылмыспен тең құбылыс қой.
Бізді налытып отырған жай- тұтастай елімізде іс жүргізу тілі алдағы 4 жыл ішінде қазақ тіліне көшірілетініне қарамастан, ұлтымыздың шамамен 60 пайызы, жоғарғы билік басындағы өз қандастарымыздың шамамен 80-90 пайызы өз отбасында, көшеде, қызмет орындарында, шетелге шыққан ресми сапарларында бір-бірімен тек орыс тілінде сөйлесетіні, ресми тілге бүйректері бұрып-ақ тұратындығы. Оқта-текте олардың қолтықтарына «Лад» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ю. Бунаков секілділердің «перевод делопроизводства только на казахский язык- это самоуправство. И мы не должны позволять этого делать» деп олардың қолтықтарына су бүркіп қоятындығы.
15 жыл ішінде де тіл мәселесін шешу үшін ешқандай да батыл шараларға бара алмадық. Әркімнің өзіне салдық. Намысына салдық.Бізді налытатыны да осы- мемлекет, Үкімет тарапынан тәп-тәуір жоспар-жобалар туындағанымен, жалпы жұрт болып қолға алып жатқан жұмыстың әлі де пәрменсіздігі. Қазақстанды мекендейтін әрбір азамат осынау орасан зор маңызы бар мәртебелі міндетті Ата Заңымызда шегелеп көрсетілгендей, парызым деп мойындамайынша, сол жеткен жерінен қозғалмайтыны да анық.
Жасыратыны жоқ, қазір іс қағаздарын тікелей орыс тілінен аудару басым. Тіпті орыс тілі іс-қағазының стилін де көшіріп алып жатырмыз десе де болады. Бір сөзін, бір тіркесін, бір терминін мүлт жібермей түгендеп отырамыз. Түпнұсқадан ауытқуға еш құқымыз жоқ. Қит етсек, төбемізге қиқу үйірілері хақ. Құдды бір төбемізден әлдекім қарауыл қарап отырған секілді. «КСРО шалдың» аруағы ма, әлде... Кеңестік кезеңде іс-қағаздары қай ұлттың тілінен орысшаға аударылып еді? Қандай құжатты болсын бірден орыс тілінде жазу талап етілді. Қазір де мемлекеттік тіл ресми тілдің көлеңкесінде қалып қойды.Орыс тіліндегі түпнұсқаға құлдық ұру қазіргі таңда мұрындарына қазақшаңның иісі де бармас басшысы, қызметкерлері тарапынан мекеме атаулыны «мемлекеттік тілде сөйлетіп» отырған аудармашыларды «ақ тер, көк тер» азапқа салып, оған көнбесе «аудармадан ауытқыдың» деп дөңайбат көрсетілуіне әкеліп соқтырып отыр. Аударманың дұрыс-бұрыстығын бастықтарының пәрменімен «тексеріп отыратын» мекемедегі ат төбеліндей қазақтың бір-бірімен қырқысып жататынының несі жақсы. Қалай болғанда да «кәсіби адалдық, ресми аударманың әліпбиін түп-түгел сақтау» басты талап болмауы тиіс. Кейде осыны қатаң ұстанамыз деп шарттылыққа да, ұғынықсыздыққа да ұрынып жатамыз. Байырғы әрі мәңгі жас ана тілінің дауға салса, алмастай қиған, сезімге салса, қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған отты да ойнақы тіл екенін білмейтіндердің, білгісі де келмейтіндердің кесірінен. Олар тіл- жанды процесс екенін, тұтынған сайын жетілетінін, тұқыртқан сайын кетілетінін ойлап та жатқан жоқ.
«Ақиқатына келсек, қазақ тілі мемлекеттік тіл деңгейінде тұтынуға жарамай отырған жоқ, жарата алмай, ұқсата алмай отырмыз. Былайша айтқанда, жібекті түте алмай жүн еткеннің кері. Осыдан мың жарым жыл бұрын қалыптасқан жазба дәстүрдің шыңдауынан өткен қазақ тілінің, орта ғасырдағы Алтын Орда империясының мемлекеттік тіліне негіз болған қазақ тілінің, Қазақ хандығы кезінде қоғамдық өмірді жыраулардың қанатты поэзиясымен, би-шешендердің қисынды уәжімен реттеп отырған қазақ тілінің, ХХ ғасырда ғылымның барлық саласынан оқулықтар түзген қазақ тілінің, тіптен Маркс пен Ленин шығармаларының толық жинағын дүние жүзінде орыстардан кейін бірінші болып сөйлеткен қазақ тілінің, енді келіп, тәуелсіздік алып, Республикадағы қазақтардың саны 30 пайыздан 60 пайызға жетіп, түркі тілдес халықтардың саны 70 пайызды құрап отырғанда, қазақ тілінің қағажу көруін немен түсіндіруге болады?!» (А. Сейдімбек. «Қазақ әдебиеті», 15. 08. 2003 жыл).
Бүгінде жаһандану құбылысының қоғамымызға дендеп енуімен байланысты халқымыздың төлтума мәдениетінің дәстүрлі құндылықтары мен идеалдары күшті қысымға ұшырай бастады. Жаһанданудың екпіні тым қатты. Әлемдегі ұсақ халықтардың бірінен соң бірін жұтып қоюда. ХХ ғасырдың басында дүниежүзінде 6 мыңдай тіл болған екен. Бүгінде оның тек 3 мыңдайы ғана қалған. Ғалымдардың айтуынша, орыстандыру саясатының кесірінен КСРО-да 70 жыл ішінде 26 ұсақ халық жойылып кетіпті.Тілін, дәстүрін, ұлтын жойған. Бұлардың бәрі де қазір орысша сөйлейді, орысша өмір сүреді... Таяуда ғана «онги» деген ұсақ халық Тынық мұхитында болған жойқын цунамидің әсерінен жер бетінен мүлде жойылып кетті. Бірде-біреуі қалмай! Әлемде енді елу жылдан соң бары-жоғы 50 шақты ғана тіл қалады деген де болжам бар. Қазақ тілі мен қазақ деген ұлт сол елуліктің қатарында бола ма, жоқ па?.. Ол үшін не істеу керек? Бұл тұрғыда ендігі жерде халықтар өзінің рухани мұрасын сақтай отырып, батыс мәдениетімен бәсекеге түсе алатындай ХХІ ғасырдың ұлттық мәдениетін қалыптастыра алуы қажеттігі туындайды.Рухы мен мәдениеті биік деңгейдегі халық пен мемлекеттің болашағы жарқын. Бізге... тарихи жадымызды, бірегей ұлттық болмыс пен ойлау машығымызды, өзіндік дүниетанымымыз, ана тілі мен ерекше ділімізді, дәстүрлі төл мәдениетімізді дамыту, аман алып қалу жолында жанталасу қажет—ақ.Ұлттық намыс пен азаттық рух сенімді қорғанымыз болуы тиіс. Тек имандылығы жоғары, рухани әлемі бай, білімі мен білігі күшті адамғана жаһанданудың жағымсыз әсерлеріне қасқайып қарсы тұра алады. Бізге, қазақтарға жетпейтіні де, міне, осы!
Сөйле, Моцарт, менің ана тілімде!
Бір кездері ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев осылай деп күркірей тіл қатқан-ды.
Бүгінгі күні тіл мәселесінде бізге ұран болуға тиіс сөз де осы. Ал біз... Моцартты қазақ тілінде сөйлету былай тұрсын, 60 пайыз қандастарымыздың өзінің қазақшаға тілін сындыра алмай жүрміз. Мүйізі қарағайдай бір-бір мекеменің білдей бастығы болып қызмет ететін қаракөздеріміздің кейбір алқалы жиындарда мінбеге құлағын түре емінгендердің төрт көзі түгел қазақ болғанына қарамастан, көлдей-көлдей баяндамаларды ә дегенде шатты-бұтты қазақша «сөйлеп» бастап, одан әрі қарай «үйреніп қалған тіл ғой, шеттеп қалмасын» деп ресми тілде көсіліп жөнелетіні қазақ қоғамын, қазақы діліміздің тамырын кеулей енген бір бой бермес дертке айналып барады. Кімге мұң шаққандаймыз? Өзімізге өзіміз «ұлы халықтың тілінде» лұғат оқимыз. Осылай жасап отырған басқа емес, «қарғайын десек – жалғызымыз...», өз қандастарымыз. Ұлттық діл, намыс дегеннен жұрдай. Осыны шымбайына батыра жазып көрсетейін десең, есігіңе де тыным жоқ, шылбырыңа жармасып «әке, көкелеп» әлгілердің «көзтаныстары» шұбырып береді... «Қол сынса - жең ішінденің» кері баяғы. Шала қазақ басшыларының мемлекеттік тілді оқыту курстарына жүйелі түрде барып жүрген, жүрмегеніне қатаң бақылаудың жоқтығы да осы тұста қылаң беріп қалады. Осындай «көңілшектігімізден» көркем тіліміздің күні еңкейіп бара жатқан жоқ па?.. Елбасының өзі «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп қадап айтқалы бері де курстық қана емес, академиялық білім алатын уақыт өтті емес пе?! Ал арамыздағы «шұбар тілділеріміздің» әлі күнге ресми тілдің жалына жармасқан уыстарын жазар түрі көрінбейді. Бейне бір ұшпаққа шығаратын да, ұжмаққа апаратын да сол тіл («дүниенің кілті»- ресми тіл ме) секілді көреді. Өйтетіні, орыс тілділердің мемлекеттік тілде бір ауыз сөзді түсінбей-ақ, түсіну былай тұрсын-ау, түсінгісі келмей-ақ, миығынан күліп жүріп-ақ қазақ елінде бай әрі бақуатты , уайым-қайғысыз өмір сүруіне жағдай бар! Ал бізге керегі- азаматтарымыздың ұлтына, нәсіліне, діни наным-сеніміне қарамай кез келгені болсын сол өзі өмір сүретін мемлекеттің тілінде мүлтіксіз жатық сөйлей алуы.
Жалпы, іс жүргізу тілі деген- қоғамдағы сөз бен берілген ақпаратты белгілі бір кеңістікте нақты уақыт ішінде таңба жүйесімен белгілеу арқылы межелі нысанаға жеткізу дегенді білдіретіні белгілі. Облыста бұл іс мемлекеттік тілге көшірілгелі қаш-шан! Аймақтағы бірнеше ондаған, жүздеген мекеменің бір-бірден маңдайына басқан аудармашылары да бар. «Қағаз жүзінде қазақша сөйлеуді» ерте ме, кеш пе солар-ақ реттер. Әзірге облыстың түгел қазақша сайрап кеткені де шамалы. Соңғы он-он бес жылда бір-бір мекеменің ұстыны, ұйтқысы болып отырғандар мемлекеттік тілде жазуды да, «сөйлеуді» де аудармашылары иініне жүктеп салып, өздерін әлі күнге «саламатсыз ба», «кал калай» деген бірер ауыз ғана қазақ сөзінің қалқасында ұстаумен келеді. Аудармашылары қажет жерінде сөйлер сөзінің мәтінін де жеделдеп қағазға түсіріп бере қояды емес пе? Сонан соңғы жерде олардың мемлекеттік тілді білетінін, яки білмейтінін кім айырып жатыр? Елбасының «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе, сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды» деген сөзінің оларға қатысы жоқ па, әлде. Мемлекеттік тілді үйрену, шындап ден қойған адамға соншама қиын да емес. Облыста мұны білікті қазақ тілі мұғалімі мен тиімді тіл үйрену технологиясының көмегіне жүгіну арқылы бары-жоғы төрт айдың ішінде қазақша сайрап шыға келген А. Афанютинаның, Н,. Штомпельдің тәжірибесі айқындап та берді емес пе? Біздіңше, бірінші кезекте мемлекеттік тілде ауызекі сөйлеп үйрену тармағы қолға алынғаны жөн. Бұл бізді жиналыстарда бірер орыс ұлтының өкілі қатысып отырғанына бола «міне, солар түсінбейді» дегенді сылтауратып ресми тілде сайрап жөнелуден біртіндеп болса да арылтады. Мұндай амал бір жыл ішінде мемлекеттік тілде сөйлеу, оқу және жазу емес, тек қана ауызекі тілде ұғысу талабын қою арқылы ресми дәліздерге мемлекеттік тілді именбей енгізе алуға мүмкіндік бермек. Келесі сатыда...оқи алу, жазып үйрену талабы қойылса, мемлекеттік тілді 4 жылда ресмилендіруге мүмкіндік бар. Ал бізде өзге ұлт өкілдеріне қазақшаны қалай үйрету қажеттігі проблема күйінде тұр!
Біздіңше, «әрі тарт, бері тартқа» салмай-ақ, бар істі, міне, осыдан бастауымыз керек.
Қазақ тілін кімдер оқытып жүр?
Қалай болғанда да жеке адамдар тарапынан айрықша ықылас, мүдделілік танытылмаған жерде тіл үйрену деңгейі өз-өзінен өсе қоймайтыны белгілі. Біз әлгінде жоғарыда айтқанымыздай, осы дымбілместердің «тілін сындыру» мәселесінің мықты тетігін түбегейлі қалыптастыра да алмай келеміз-ау. Өйтпеген күнде бұл іске жоғарыдан да, төменнен де «түртпек» бар. Мемлекеттік мекемелер басшылары да қолдарынан келгеннің барлығын жасап бағуда. Міне, осындай 60-қа жуық облыстық мекеме жанынан мемлекеттік тілді оқыту курстары да ашылып, жұмыс істеуде. Ал олардың бастауыш, жалғастырушы және тереңдетіле оқылатын топтарында 886 ғана үйренуші дәріс алып жүргені көңілге алуан түрлі ой салады. Облыстың іс-қағаз құжаттары айналымының әлі де ресми тілдің ығынан шыға алмай жүргені мәселесінде бұлардың тамшыдай ғана «үлесі» бар ғой. Демек, бұл - мемлекеттік тілге мұрнын шүйіре қарайтындардың үлкен тобының әлі де «үйірімізге» қосылмай отырғандығы. Ал әлгі ... алпыс мұғалімнің еңбекпұлының өзіне ғана мекемелер айма-ай миллион теңгенің о жақ, бұ жағында қаржы жұмсап отыр емес пе? Мұны, әлбетте, аз қаржы дей алмайсың. Мәртебелі тіліміздің игілігі үшін соншалықты көп те емес. Тек мұның түпкі нәтижесі күткендегідей болып жатыр ма - мәселе сонда.
Мұның мекемелер тілінің түзелуінде азды-көпті ықпалы да болуы керек қой. Мемлекеттік тілді оқыту курстарына сабақ беріп жүрген мұғалімдердің құрамына азды-көпті сараптама жасар болсақ, олардың еңбек (оның ішінде педагогтік)өтілі мен тәжірибесі көптерінің мекемені қара нардай алға сүйреп, дымбілместердің тілін сындыруда да едәуір жетістіктерге қол жеткізіп жүргенін байқау қиын емес. Педагогтік өтілі де, санаттары да жоғары дәріскерлер тау қопармаса да, соған шамалас ақ тер, көк тер еңбек етіп те жүр.
Осы орайда Қ. Ясауи атындағы ХҚТУ Тараз институты басшылығының тілге деген жанашырлығы - бір өзінде бес бірдей тіл үйрету курсын ашып, онда ғылым кандидаттары, доценттер дәріс беруін ұйымдастыруы басқа жоғары оқу орындарына жұғысты болса ғой дейсің.
Жалпы, қай-қай маманның да жоғары оқу орнын, әсіресе, гуманитарлық мамандық бойынша бітіріп шыққан бойда өз ісінің қыры-сырын жетік білерліктей дәрежеге көтерілуі мүмкін де емес. Педагогикалық біліктілік, әмбебабтық ұстаз бойына ақ тер, көк тер еңбектен, жылдар бойғы ізденіс-тәжірибеден соң барып қонып, түбегейлі орнығатыны белгілі. Өмір бойына үздіксіз оқып, білім жетілдіріп, оны жаңашылдықпен бекемдеп отыру да қажет іс. Тиісті критерийлерді ескерер болсақ, жоғарыда аталған мемлекеттік мекемелер жанындағы арнайы курстарда сабақ беретін 59 қазақ тілі оқытушысының 11-і жоғары санатқа ие еместігіне, 19-ының тіпті бірінші санаттық дәрежесі де жоқ екендігіне көз жеткізу аса қиынға да түспейді. «Қазфосфат» ЖШС-і Қаратау филиалында, облыстық төтенше жағдайлар деапртаментінде, Тараз қалалық аумақтық СЭС басқармасында, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде, Байзақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде, Меркідегі «Қант» зауытында Талас аудандық ауруханасында педагогтік еңбек өтілі бір жылдың о жақ, бұ жағындағы «шалағай» мамандардың тіл оқыту курстарына сабақ беріп, қазақ тілінің ауған көшін түзетісуге «атсалысып» жүргеніне не дерсің!? Мекемелердің қазақ тілі мұғалімін осылай, таңдап-талғамай «көзді жұмып» жұмысқа ала беруінің зардаптары ауыр болатыны түсінікті. Олардан «дәріс» алғандар нені үйреніп жарытсын! Ақыр соңында мұндай «оқыту» өзге ұлт өкілдерінің «қазақ тілінің үйренуге өте-мөте қиын тіл» екендігін «мойындауымен» түйінделіп жатса, бұл мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту емес, керісінше тарылту болып шықпай ма?! «Түйеге шөптің бәрі де жантақ» болып көрінетіні секілді, мемлекеттік тілге шорқақтардың қазақ тілі мұғалімін мейлі ол білікті болсын, болмасын «әулиедей» көріп телпектерін шешіп тік тұрып қарсы алып жататыны да белгілі. Бұл да болса қазақ тіліне деген үлкен құрмет қой! Біз сол құрметке құрметпен жауап беруіміз қажет. Мәдениет және ақпарат министрі Е. Ертісбаев айтқандай, «біздің жетістігіміз қанша іс-шара өткізгендігімізбен емес, қанша адамның тілді жан-жақты меңгеріп шыққандығымен» өлшенуі тиіс! Мекемелердегі шығыс құжаттарының ресми тілдегісінің басымдау болуы педагогтік еңбек өтілі, тәжірибесі де аз қазақ тілі мұғалімі еңбегінің «жемісі» шығар, бәлкім. Осы аталған уақыт аралығында шығыс құжаттарын ресми тілде жазып, жолдап, «Жамбылжылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (99 пайыз, биыл-100 пайыз), облыстық аумақтық орман және аңшылық шаруашылық (92,8 пайыз), облыстық қорғаныс істері жөніндегі деапртаментінің (92,3 пайыз), облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау (88 пайыз), облыстық мүлік және жекешелендіру (86,3 пайыз) басқармаларының, сондай-ақ, биыл облыстық кәсіпкерлік және өнекәсіп департаментінің «рекордтық» көрсеткішке қол жеткізгені де мекеме жанынан оқыту курстарын ұйымдастыруды қажет деп таппағандықтарынан емес пе екен? Әйтеуір, қолымызда бар тізімнен бұл мекемелер атын кездестіре алмадық. Олар мұндай үйрену курстарына қатыспай-ақ өздігінен іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді бес саусағындай меңгеріп кетеді дегенге сенуің қиын.
Өткен жылы облыстық ақпараттандыру және байланыс жөніндегі басқармасы (бастығы Б. Ключанцев) мекемеден сыртқа жолданған 339 құжаттың тек 7 – уі ғана мемлекеттік тілде дайындалуын місе тұтып, мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қараушылардың «көшін» бастағаны естен шыға қойған жоқ. Ол «көштен» өзіміздің қаракөздеріміз басқаратын біраз мекемелер де қара көрсеткен-ді. Облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасындағы 44 қызметкердің тек 4-уі ғана өзге ұлт өкілі екеніне қарамастан, олар 4192 шығыс құжатының тек 21-ін ғана (0,5 пайыз) мемлекеттік тілде дайындап ұсынды. Экологтардан облыстық кедендік бақылау департаментіндегілер де қалыса қоймады. Яғни олардың «әл-дірмәні» сыртқа жолданған 8004 құжаттың 2715 ғана (33 пайыз) мемлекеттік тілде орындалуына жетті де тұрды. Әлгі Ключанцевтің «үлгісі» облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментіне жұғысты болып, бұл мекеме биылғы жылдың алғашқы тоқсанында сыртқа жолданған шығыс құжаттарының (барлығы 626) тек 10 пайызы ғана мемлекеттік тілде әзірленуіне қол жеткізіп отыр.
Ау, сонда елімізде, оның ішінде біздің облыста бүгінгі таңда барлық ресми нормативтік құжаттар: қаулылар, шешімдер, өкімдер, бұйрықтар т.б. міндетті түрде мемлекеттік тілде орындалуы керектігі жөнінде қойылып отырған талап қайда қалды? Біздіңше, Елбасымыздың «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе, сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды» деген сөзінен қорытынды шығару ісі әбден пісіп жетілді...
Аймақтағы тілдік ахуал
Аймақтағы іс-қағаздарының қазақшалануы бел ортадан ауды деңізші, мейлі, сонымен облыс тұрғындары түгел қазақша сайрап кетпейді ғой!
Жалпы, аймақта қала, аудандардағы іс-қағаздары айналымын сараптан өткізер болсақ, кіріс құжаттарының ресми тілдегісінің үлес салмағы әлі де төмендемей тұрғандығына көз жеткізу аса қиынға да түспейді. Мұның «салқыны» шығыс құжаттарын мемлекеттік тілде жазып жолдау үрдісін қалыптастырған (бұл көрсеткіш Жамбыл, Талас аудандарында – 100, Меркіде – 98, Байзақта -97,7, Т. Рысқұловта – 96,3) аудандарға да тиіп жатқан секілді. «Балақтан кіріп, төске өрлеген» әлдебіреулер қазақы ортаны орыстандыру әрекетіне жыныға кірісіп жатқандай (әрине, мұнда жоғары тұрған инстанциялардың өздері ресми тілде хат-хабар алмасуды қатаң талап етіп, мәжбүрлеуінің де кері ықпалы бар). Яғни, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартуда». Дәл мұндай «себеп-салдары» болмаса да, таза қазақы ортада ресми тілде көсіле сөйлеуден айылын жимай, қосақ арасына қыстырылумен жүрген қандастарымыз да жыртылып айырылады. Қай-қайсымыздың да әлдебір мемлекеттік шенеуніктер талап етті екен деп, мемлекеттік тілдің мойыномыртқасын опыруға құқымыз жоқ.
Республикалық басылымдарда еліміздегі 9 миллион қазақтың 4 миллионы қазақша сөйлеп, жаза алмайтыны екі күннің бірінде жазылып жатады. Осы орайда облыста ұйысып отырған «орыс тілді» яғни, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге қауқарсыз қазақтардың қанша екендігін білгіміз келген. Ең әуелгі істі «қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуін» жолға қойып алудан бастасақ дедік. Әрқайсысымен тікелей ауызба-ауыз сөйлесіп, мәселенің басын ашып алу үшін де олардың қарамы қанша екенін білу жөн емес пе? Бірақ бұл «цифрдың» жуық арада құйрығынан ұстатар түрі көрінбейді. Дұрысы, мұнымен нақтылы айналысып отырған бірде-бір мекеме жоқ. Облыс бойынша мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын қандастарымыздың тіл үйрету курстарында жаппай машықтан өтуі міндетті саналған болса, «шала қазақтарды» басқа ұрып санамалап шығу түк те қиынға түспес еді. Бірақ, олай емес. Оларға көшеде, қоғамдық орында, үйде мемлекеттік тілде сөйлеу, ұл-қыздарын қазақ бала бақшаларына, мектептеріне беру қатаң міндеттеліп те жатқан жоқ. Қоғамның осындай «жылымығынан» да болар, олардың қалтасынан ақшасын төлеп оқитын ағылшын тілі секілді емес, жер-жерде мемлекет қаржысына (яғни су тегінге) ұйымдастырылып жатқан тіл үйрету курстарында ана тілінің «қаймағын қалқып» ішуіне де мойыны жар бермей жүр. Қаласа барады, қаламаса-ол да жоқ. Мемлекеттік тілді оқыту курстары сабақтарына «шала» тілді қандастарымыздың үздік-создық барып, немқұрайдылау қатысатыны соның айғағындай. Мысалы, былтырғы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстағы мемлекеттік мекеме, ұйымдарда, кәсіпорындарда, банктерде, департаменттерде, комитеттерде қызмет ететін 2315 мың үйренуші (дені қазақ) тіл үйрету курстарының сабақтарына қатысқан. Аздап та болса, мемлекеттік тілде сөйлеп, жаза білу машығынан өткен сол «түлектер» орнын биыл 2216 тыңдаушы алмастырып отыр. Келер жылы олардың орнына басқа «толқын» келеді. Мемлекеттік тілді олардың бір мезгілде жаппай үйренуіне мүмкіндік жоқ па, сонда? Әлбетте, мүмкіндік бар, тек үйренушілер тарапынан ықылас жоқ. Олар «қазақ тілі біржола мемлекеттік тіл болып қала берер ме екен» деп аңысын аңлып, ақырын күтетін де секілді. «Қазақстан егемен ел болғалы он алты жылдан асып барады, іргесі де бекемделе түсті, сірә бұл елдің мемлекеттік тілін үйренбей болмас» десіп, осы мүдде жолында қоғадай жапырыла құлап, қозғалыс танытып жатқандары да бар. Мемлекеттік тілді оқыту орталығында бүгінгі таңда «тіл сындырып» жүрген облыстық денсаулық сақтау департаментінің 29 қызметкерінің 25-і , облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының 14 қызметкерінің 11-і, қаржы басқармасының 19 қызметкерінің 16-ы өз қандастарымыз болуының өзі «облыста мемлекеттік қызметте істейтін қандастарымыздың шамамен 60-70 пайызы өз ана тілінде жатық сөйлеп, жаза алмайтыны» жөніндегі болжамды дәйектей де түсетін секілді.
Тілдік идеология да қажет
Кім-кімнің өзі тұрып, өмір сүріп жатқан мемлекеттің тілін білуі міндетті парыз. Ал біздегі орыстілді қауымның, өзге ұлт өкілдерінің бұл тұрғыдағы көзқарасы қандай? Олардың тарапынан, өкінішке орай, біз күткендегідей ынталылық байқалмай тұр. Әзірге. «Қолда өскен құлынның тай аты қалмайды» дегенге сая ма, бір кездері алып империяның отары болған елдің (дұрысы, қой аузынан шөп те алмас момақан қазекеңнің) ойда жоқта өз алдына дербес шаңырақ көтеріп, тәуелсіз ел атанып, әлдеқандай бола қалуы, тіпті «менің тілімде сөйле» деп талап қоярлық дәрежеге жетуі кейбіреулерінің шамына тиіп, олардың басасаулығын да туындататын секілді. Мемлекеттік тілді мойындай қоймай, оған мұрнын шүйіре қарайтындардың дені де, міне, солар... Оларға тіпті мемлекеттік тілдің төрттағандап, бір орнынан мызғымай тұрғаны тиімді секілді. Олар мемлекеттік тіл мәселесі талқыланған жиындарға да сүлесоқ атсалысады. Одан қалды өз ана тілдерінің жыртысын жыртып, «проблемаларын» қосақ арасына қыстырып, аттандап шыға келетіндерін қайтерсің! Мемлекеттік тіл өрістей ме, өле ме- өздерін бұған мүлде қатысы жоқ адамдай қылып көрсетеді. Қазақ тілі қазақтарға, оның ішінде ұлтжандыларына ғана керек болғаны ма, сонда. Алпыс пайыз қандасымыздың бетін бері қарата алмай пұшайман күй кешіп отырғанымызда, бұл «жығылған үстіне жұдырықтай» болып көрінеді...
Міне, сондықтан да «Қазақстанда көшбасшы ұлт-біреу ғана, ол -қазақ ұлты, қалғандары- этностар» деген ұғымды қалыптастыру жөн секілді. Өз қандастарымызды өзіміз «оралман» деп бөлекше атап кеткеніміз секілді. Сонан соңғы жерде елімізде ұлттың -біреу, қалғандары -оған тіреу екені көбірек насихатталып жатса, оның еш артықтығы жоқ-ау.
Ал бізде... күнбе-күнгі өмірімізде керісінше «Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) қабылдаған, Гаагадағы этносаралық қатынастар жөніндегі қор жариялаған саны аз ұлттардың білім алу құқықтарына қатысты ұсыныстардың І-тармағында айтылғандай, «саны аз ұлттарға жататын азаматтарға мемлекеттік тілді жеткілікті дәрежеде үйрену арқылы ұлттық қоғамға кірігу жауапкершілігі жүктелетіні» ескеріле бермейді. Негізгі ұлт өкілдерінен саны аз өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді оқып-үйренуі, базбіреулер айтып жүргендей, адам құқығына тіпті де қайшы келмейді, керісінше, ол ынтымақтастық пен тұрақтылық факторына жатады... Сондықтан да бағытты, міне, осылай қарай бұруымыз керек секілді.
Достарыңызбен бөлісу: |