5.5.2. Тарифтік саясатты жетілдіру
Әртүрлі медициналық қызмет берушілермен өзара қарым-қатынастағы анық және айқын тарифтік және келісімшарттық саясат МӘМС тиімді қызметінің негізі болады.
Айқындық, әлеуметтік бағдарлану, бірыңғай инвестициялық саясат пен шығындарды басқару тетіктерінің негізінде тарифтік саясатты жоспарлау, қалыптастыру және іске асыру тетіктері жетілдіріледі.
Амбулаториялық деңгейде ынталандырушы компоненттері бар жанбасылық қаржыландыру жүйесі дамытылады, пациенттердің мүддесі үшін медициналық қызметтердің кешенділігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету үшін қызметтердің құрама тарифтерін қалыптастыру зерделенеді.
Енгізілетін ауруларды басқару тұжырымдамасының шеңберінде кейбір жағдайларда, әсіресе, қымбат тұратын диагностика және емдеу технологияларын қолдану жағдайларында медициналық көмек көрсетудің МСАК-тан бастап стационарлық емдеуге және кейіннен оңалтуға дейінгі барлық деңгейлерін біріктіретін тарифтер де қаралатын болады.
Стационарлық деңгейде оларды есептеудің халықаралық практикасы ескеріле отырып, клиникалық-шығынды топтар негізінде тарифтер де жетілдіріледі.
Кезең-кезеңімен шығыстарды есепке алуды ақпараттандыру және электрондық аурулар тарихтарын енгізу негізінде медициналық ұйымдарда шығындардың мониторинг жүйесі енгізілетін болады. Бұл іс жүзіндегі шығындардың негізінде тарифтік саясаттың айқындылығы мен тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
МӘМС қызметтерін көрсетуге қатысатын денсаулық сақтау субъектілерінің қаржылық орнықтылығын арттыру мақсатында медициналық қызметтер тарифтеріне негізгі қаражатты жаңартуға жұмсалатын шығыстар кезең-кезеңімен енгізіледі*. Бұл жеке инвестициялар тарту және МЖӘ дамыту үшін сектордың тартымдылығын арттырады.
Тарифтерді әзірлеу және бекіту процесі нарық өкілдерін, медициналық көрсетілетін қызметтерді берушілерді, жұртшылықты тарту арқылы айқын болады.
МӘМС енгізу тұтынылатын медициналық қызметтердің көлемін бақылау мен басқарудың неғұрлым тиімді және айқын тетіктерін әзірлеуді және енгізуді қажет етеді. Жергілікті атқарушы органдармен бірге стационарлық медициналық қызметтердің жалпы төсек қорының негізсіз өсуіне жол бермеу саясаты жалғастырылады.
Тарифтік саясат жеке инвестицияларды және МЖӘ-ні ынталандыруға бағытталатын болады. Осы мақсатта медициналық көрсетілетін қызметтерге тарифтер қалыптастыру әдістері зерттеліп және ұсынылатын болады.
Бұл ретте, азаматтардың медициналық көрсетілетін қызметтерді берушілерді еркін таңдауы нарықтық қағидаттарының негізінде МӘМС шеңберінде медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемдерін жоспарлау және бақылау тетіктері жетілдіріледі.
5.5.3. Денсаулықты сақтау мен нығайтуда жергілікті атқарушы органдардың рөлін арттыру
Мемлекеттік басқаруды орталықтан алу процестері, жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі - ЖАО) рөлін арттыру халық денсаулығын сақтау және нығайту мәселелерін шешуде жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қатысуымен тікелей байланысты.
Осыған орай, ЖАО-мен бірлесіп мыналар:
1) жергілікті атқарушы органдар деңгейінде халық денсаулығын сақтау мен нығайту саласындағы өңірлік басымдықтар және жергілікті әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру үшін қосымша қаржыландыру көздері;
2) сыртқы орта факторлары мен мінез-құлықтық қатерлердің халық денсаулығына зиянды әсерінің профилактикасына және оны төмендетуге бағытталған кешенді шараларды іске асыру бойынша тиімді сектораралық өзара іс-қимылды дамытуда ЖАО-лардың рөлі мен міндеттері;
3) өңірлік денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға қажеттіктер, оның ішінде мемлекеттік денсаулық сақтау объектілерінің күрделі инвестицияларға мұқтаждығы;
4) жергілікті бюджеттерде денсаулық сақтау объектілерінің желілерін, оның ішінде МЖӘ тетіктері бойынша дамытуға және күтіп ұстауға жеткілікті қаражат жоспарлау және бөлу;
5) өңірлік денсаулық сақтау жүйелерінің адами ресурстарға қажеттілігі, сондай-ақ өңірлік адами ресурстарды басқару саясатын, оның ішінде жоғары және орта білімі бар медициналық қызметкерлерді даярлау және қайта даярлау үшін ЖАО-лардың ынтымақты жауапкершілігі тетіктерін әзірлеу және іске асыру;
6) жергілікті деңгейде тиісті қаржыландыру көздерімен денсаулық сақтау қызметкерлерін қолдау үшін әлеуметтік, қаржылық және материалдық ынталандыруды енгізу;
7) өңірлік деңгейде медициналық ұйымдарда корпоративтік басқаруды енгізу негізінде жергілікті атқарушы органдардың саланы басқарудағы рөлін күшейту;
8) денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары - менеджерлерді қатаң түрде олардың кәсіби құзыреттілігіне, жұмыс тәжірибесіне, басқарудағы практикалық дағдыларына сәйкес тағайындаудың бірыңғай қағидаларын енгізу;
9) ведомстволық тиесілігіне және қаржыландыру көздеріне қарамастан, өңірлік денсаулық сақтау ұйымдарының өңір халқының денсаулық көрсеткіштері үшін ортақ жауапкершілігін белгілеу.
5.5.4. Денсаулық сақтау жүйесіндегі көшбасшылықты және заманауи менеджментті дамыту
Қазіргі заманғы жағдайларда мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын басқару тиімділігін одан әрі арттырудың нормативтік құқықтық негізі осы ұйымдардың операциялық дербестігін дамыту болмақ.
Бұл медициналық ұйымдардың менеджерлері мен қызметкерлерінің өндірісті тұрақты дамытуға және қызметтер сапасын арттыруға прогрессивті уәждемесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік кәсіпорындар алған табысын ұйымның өзін дамытуға жұмсау мүмкіндігі қаралатын болады.
Байқау кеңестерінің өкілеттіліктерін кеңейту және алқалы басқару органдарын (басқарма) енгізу жолымен денсаулық сақтау саласындағы корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірленеді.
Бұдан басқа, медициналық ұйымдарды басқаруды жетілдіру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мақсатында медициналық ұйымдарды бейіндері бойынша біріктіру жолымен оңтайландыру, сондай-ақ жоғары оқу орындарының корпоративті басқаруға қатысуы арқылы университеттік клиникалар құру көзделіп отыр.
Денсаулық сақтау саласындағы басқару тетіктерін одан әрі жетілдіру шеңберінде басшыларға қойылатын жаңа функциялық және біліктілік талаптарын әзірлеу және енгізу, клиника менеджментінің оқуын, оның ішінде МВА бағдарламалары бойынша ынталандыру және қолдау негізінде көшбасшылықты және кәсіби менеджмент дағдыларын дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары үшін кезең-кезеңімен барлық басқару буыны қызметкерлері үшін денсаулық сақтау менеджері сертификатының болуы жөніндегі міндетті біліктілік талабы енгізіледі.
Нәтижеліліктің түйінді көрсеткіштерін (НТК) белгілеу және оған қол жеткізу негізінде басқарушы аппаратты ынталандыру мен еңбегіне ақы төлеудің заманауи тетіктерін (бонустық жүйені) енгізу әдістемесі әзірленеді.
Басқарудың шығындық тиімділігін арттыру үшін амбулаториялық және стационарлық ұйымдарда қазіргі заманғы ресурс үнемдегіш технологияларды: операциялық менеджмент технологиясын, үнемді өндіріс технологиясын (Lean), оңтайлы қаржыландыру тетіктерін, инновациялық медициналық және медициналық емес технологияларды кезең-кезеңімен енгізу көзделеді.
МЖӘ негізінде клиникалық, параклиникалық және медициналық емес қызметтердің, оның ішінде зертханалардың, радиологиялық қызметтердің, жекелеген клиникалық сервистердің (тамырларды катетерлеу зертханалары, гемодиализ және т.б.) аутсорсингі бағдарламалары әзірленеді. Бұл ретте, аутсорсинг қызметтері үшін ақы төлеу осы қызметтер сапасының индикаторлары негізінде жүзеге асырылатын болады.
Госпиталдық ақпараттық жүйелерді енгізу шеңберінде бөлімшелер деңгейінде, ал кейін - әр пациент деңгейінде шығындарды бөлек есепке алуды жүргізу үшін тиімді ақпараттық технологиялар мен бағдарламалар енгізіледі.
Медицина индустриясы нарықтарының жаһандануы, Қазақстанның өңірлік және жаһандық экономикалық одақтарға (БЭК, ШЫҰ және т.б) интеграциялануы жағдайларында еліміздің және өңірдің денсаулық сақтау макроэкономикасының дамуы жөнінде талдамалық зерттеулер жүргізіліп, болжамдар мен ұсынымдар әзірленеді.
Медициналық туризмді, шетелде емделуді және отандық денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық қызметтерді экспорттауын мемлекеттік қолдау және дамыту шаралары әзірленеді.
5.6. Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру
5.6.1. Адами ресурстарды стратегиялық басқару
Денсаулық сақтау жүйесіндегі еңбек нарығын мемлекеттік реттеу медициналық қызметкерлерді сапалы дайындау және халықтың мұқтаждықтарына сәйкес барабар бөлу мақсатында адами ресурстарды басқару жөніндегі бірыңғай саясат пен бағдарламаларды әзірлеуге және іске асыруға құрылатын болады.
Денсаулық сақтау жүйесінің орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында саланың адами ресурстарын стратегиялық басқару (АРБ) жүзеге асырылады. Бұл АРБ бағдарламаларын саланы дамытудың стратегиялық мақсаттарымен: қоғамдық денсаулық сақтауды дамытумен, денсаулық сақтаудың МСАК басымдығының негізінде халық мұқтаждықтарының айналасына интеграциялануымен, медициналық және фармацевтикалық білім беруді жаңғыртумен, инновацияларды және медициналық ғылымды дамытумен үйлестіруді көздейді.
Денсаулық сақтаудың кадр ресурстарының қажеттіктерін айқындау, есепке алу және жоспарлау жүйесі жетілдіріледі, денсаулық сақтау саласының кадрлық ресурстарының тиімділігі мен қолжетімділігі жақсартылады, білім мен дағдыларды тәуелсіз бағалау жүйесі дамытылады.
Мыналар:
1) қажетті адами ресурстардың болуы (қолжетімділігі);
2) қызметкерлердің тиісті құзыреті;
3) адами ресурстардың халықтың сұрауларына ықыластылығы;
4) адами ресурстардың өнімділігі АРБ-ның негізгі қағидаттары ретінде айқындалуға тиіс.
Осы қағидаттарға сәйкес АРБ-ның ұлттық, өңірлік және корпоративтік саясаттары мен бағдарламалары әзірленіп, енгізіледі. Олар басқарудың мынадай кезеңдеріне негізделеді:
1. Адами ресурстарға қажеттікті жоспарлау.
Саланың адами ресурстармен сандық және сапалық қамтамасыз етілуін талдау, саладағы еңбек нарығын талдау және бағалау тұрақты негізде жүргізілетін болады.
Кейіннен денсаулық сақтаудың тиісті деңгейлеріндегі АР-ға жалпы қажеттілік, сондай-ақ саланың, өңірдің және ұйымның даму стратегиясына сәйкес қажетті мамандықтар мен біліктіліктердің құрылымы (дәрігерлер, мейіргерлер, кіші медициналық персонал, әкімшілік қызметкерлер, медициналық инженерлер және т.с.с.) айқындалатын болады.
Бұл ретте басымдық ескірген штаттық нормативтер мен стандарттарды қолдану қажеттілігінен қолданылатын технологияларға, стандартталған операциялық емшараларға және пациенттің қажеттіліктеріне сәйкес адами ресурстар мен еңбек шығындарын икемді жоспарлау мүмкіндігіне қарай ауысатын болады.
Персоналдың функциялық міндеттері мен оларға қойылатын біліктілік талаптарын айқындау тәсілдері қайта қаралады: шамадан тыс нақтылаудың орнына жалпы талаптарға сай болу қажеттілігі мен үйрену және жаңа технологиялары мен стандарттары бар еңбектің құбылмалы сыртқы жағдайларына сәйкес жаңа құзыреттерді дамыту қабілетіне көңіл аударылатын болады.
Атап айтқанда, медициналық көмекті ұйымдастырудың интеграцияланған моделін енгізу шеңберінде алғашқы буын қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтары қайта қаралатын болады. Ұлттық және өңірлік АРБ саясаттарында ЖПД мен мейіргерлердің рөлін арттыру, жекелеген денсаулық сақтау қызметтері (мысалы, қоғамдық денсаулық сақтау, медициналық оңалу қызметтері және т.б.) қызметкерлерінің функционалын кеңейту көзделеді.
Тұтастай алғанда, орта медициналық персоналдың білім беру және қайта даярлау стандарттарын өзгертумен қатар, олардың құзыреттерін кезең-кезеңімен кеңейту жүзеге асырылады.
Қажетті дағдылардың ең аз көлемін міндетті меңгеруді қоса алғанда, техникалық және кіші медициналық персоналдың даярлығы мен құзыреттерінің ең төменгі деңгейіне қойылатын нақты талаптар әзірленеді (мысалы, міндетті түрде алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгеру).
2. Қызметкерлерді жалдау.
Кадрларды, ең алдымен - басқарушы буын, басқару және қаржылық аппараттың қызметкерлерін конкурстық және алқалы негізде іздеу мен іріктеу қағидаты кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
3. Еңбек өнімділігін арттыру.
Медицина ұйымдарында, әсіресе, жас мамандар үшін бейімдеу және менторлық (қамқорлық) қағидаттары мен тетіктері әзірленетін болады.
Нарық қағидаттарын, тариф қалыптастыру кезінде еңбек шығындары құнының барабар бағалануын, нәтижеліліктің нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағдарлануды ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерін, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық бейін мамандарын ынталандыру және еңбекақы төлеу, денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлеріне, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық бейін мамандарына, әсіресе ауылдық жерлердегі жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну тетіктері жетілдіріледі.
Материалдық емес ынталандыру ретінде түрлі тетіктерді: жұмыс берушінің есебінен оқу мүмкіндігін беру, үздіксіз мансаптық және кәсіби тұрғыдан өсуді қамтамасыз ету, қолайлы ұйымдық мәдениетті, жұмыс орындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қолдау белсенді түрде қолданылады.
Денсаулық сақтау жүйесі мамандарын үздіксіз кәсіби дамыту жүйесі жетілдіріліп, дамытылады, ол ұйымдардың стратегиялық даму мақсаттарымен интеграцияланып, барабар қаржыландырумен қамтамасыз етіледі.
Осы мақсатта медициналық қызметкерлердің құзыреттерін тәуелсіз бағалау жүйесімен өзара тығыз байланыста үздіксіз кәсіптік білім беру стандарттары әзірленетін болады.
4. Көші-қон, қайта бейіндеу.
АР дамуын тұрақты түрде мониторингтеу, болжау және жоспарлау негізінде қажет мамандықтар мен қызметтер бойынша кадрларды қайта бейіндеуді және қайта бөлуді мемлекеттік қолдау, оның ішінде жаңа құзыреттерге тегін оқыту, басқа да материалдық және материалдық емес ынталандыру шаралары іске асырылады.
Жергілікті және өңірлік еңбек ресурстары нарықтарындағы медициналық қызметкерлердің көші-қонын басқару тетіктері енгізіледі.
Өңірлік және жаһандық экономикалық интеграция процестерін ескере отырып, денсаулық сақтау саласында отандық еңбек нарығына шетелдік жұмыс күшін тарту қағидалары мен тәртібі, оның ішінде өте тапшы мамандықтар бойынша шетелдік мамандар тартуды оңайлату шаралары жетілдіріледі.
5. Денсаулықты нығайту, қауіпсіздік және зейнетке шығу.
Медициналық қызметкерлердің қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені әзірленеді.
6. Мониторинг және болжау.
Денсаулық сақтау саласындағы еңбек нарығы мен адами ресурстардың дамуына тиімді мониторинг жүргізу және болжауды қамтамасыз ету, кадрлар даярлауды басқару мен жоспарлаудың заманауи әдістерін енгізу мақсатында міндеттерінің аясы кең институционалдық негіз ретінде Денсаулық сақтау саласының кадрлар ресурстарының ұлттық обсерваториясын одан әрі дамыту қамтамасыз етіледі.
Денсаулық сақтаудың кадр ресурстарының кәсіптік тіркелімі әзірленетін болады.
5.6.2. Медициналық білім беруді жаңғырту
Денсаулық сақтау жүйесінің кадрлар ресурстарын үздіксіз кәсіби дамыту жүйесінің негізі Ұлттық біліктілік шеңбері болмақ. Оны қалыптастыру мыналарды көздейді:
1) медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарына талапкерлерді іріктеу және қабылдау тәсілдерін жетілдіру;
2) Еуропалық біліктіліктерді тану директиваларына сәйкес медициналық және фармацевтикалық мамандықтар тізбесін оңтайландыру, денсаулық сақтау саласының кадр ресурстары жөніндегі статистиканы қалыптастыру қағидаттары мен тетіктерін қайта қарау;
3) практикалық денсаулық сақтау ұйымдарының, дәрігерлер қауымдастығының, ғылыми ұйымдардың қатысуымен түлектер мен жұмыс істейтін мамандардың біліктілік деңгейін регламенттейтін денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттарды әзірлеу;
4) құзыреттілік тәсіліне және кәсіптік стандарттарға негізделген интеграцияланған үлгінің негізінде денсаулық сақтау кадрларын базалық даярлаудың білім беру бағдарламаларын енгізу;
5) кәсіптік стандарттарға сәйкес резидентура бағдарламаларын жетілдіру;
6) кәсіптік стандарттарға сәйкес және халықаралық тәсілдерді (Maintenance of Certification рәсімі) енгізудің негізінде әрбір мамандық пен біліктілік деңгейі үшін біріздендірілген сертификаттау курстарын әзірлеу және енгізу;
7) фармация саласында дипломға дейінгі және дипломнан кейінгі дайындық бағдарламаларын жетілдіру, бұл дәрілік заттардың, оның ішінде биологиялық препараттардың өндірісі және сапасын бақылау саласындағы фармацевтикалық кадрлардың, сондай-ақ фармацевтикалық нарықты реттеу саласындағы мамандардың біліктілік деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Түлектердің теориялық білімі мен практикалық дағдыларының деңгейін бағалау үшін кәсіптік стандарттар мен үздік халықаралық тәжірибеге негізделген құзыреттерді тәуелсіз бағалау жүйесі енгізіледі.
Медициналық және мейіргерлік білім беруді одан әрі дамыту клиникалық тәжірибенің, медициналық білім мен ғылыми қызметтің үштұғырлығын көздейді, ол мыналарды:
1) стратегиялық мақсаттар мен міндеттердің біртұтастығы негізінде академиялық және өндірістік процестерді тиімді басқаруды;
2) университеттік клиникалар жағдайында заманауи теориялық білім мен нақты практикалық дағдыларды игерудің негізінде сапалы медициналық білім беруді;
3) озық технологиялар мен ғылыми әзірлемелерге қолжетімділік негізінде медициналық көмектің сапасын орнықты көтеруді;
4) нәтижелерін дереу практикалық денсаулық сақтауға трансферттей отырып, өзекті ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған ауқымды клиникалық және зертханалық базаларды;
5) ресурстарды интеграциялау және бірлесіп пайдалану негізінде жүйелердің қаржылық орнықтылығы мен тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Осы мақсатта медициналық қызметтер мен кадр даярлаудың толық оралымы қағидаты бойынша ғылыми ұйымдардың, медициналық ЖОО-ның, стационарлық және амбулаториялық ұйымдардың функциялық (консорциумдар) және ұйымдастырушылық (холдингтер) бірігуінің негізінде интеграцияланған академиялық медицина орталықтарын (университеттік клиникаларды) дамыту тұжырымдамасы әзірленеді. Жаңа клиникалық базалар мен университеттік клиникаларды құру халықаралық жетекші университеттермен және медициналық ұйымдармен стратегиялық әріптестікте жүзеге асырылады. Академиялық процеске шетелдің жетекші мамандарын, басшыларын (менеджерлерді), ғалымдары мен оқытушыларын тарту тәжірибесі кеңінен дамытылады.
Бұдан басқа, білім беру және ғылыми ізденістер процестеріне практиканың үздік мамандары ынталы түрде тартылып, ғылыми қызметкерлер мен оқытушылар практикалық жұмыс жасау және клиникалық зерттеулер жүргізу мүмкіндігін алады. Бұл дәрігер кадрларды (дәрігер, оқытушы, ғалым - бәрі бір тұлғада) ұтымды пайдалануға, кадрлардың жоғары материалдық және кәсіби ынтасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және бүгінгі күні әлемдік денсаулық сақтаудағы кәсіби дамудың үздік стандарты болып табылатын медицина кадрларын ғылыми-педагогикалық мансаптық дамыту үлгісін қалыптастырады.
Қазақстан Республикасы ЖОО-лары мен колледждерінің мейіргерлік іс оқытушылары үшін Мейіргерлік іс бойынша магистрдің қазақстандық дипломы және JAMK (Финляндия) университетінің Master of Health дипломы берілетін бірлескен Қазақстан-фин ғылыми-педагогикалық магистратурасы енгізілетін болады.
«Назарбаев Университеті» ДБҰ-ның Жоғары білім мектебінің білім беру бағдарламасы бойынша медициналық және фармацевтикалық ЖОО-лардың менеджерлері мен оқытушыларының әлеуеті арттырылады.
Білім мен дағдыларды айқын және тиімді бақылау, оқу және ғылыми ақпараттық базаны шектеусіз кеңейту мүмкіндігімен онлайн сервистер, кітапханалар, дәрісханалар, студенттер мен оқытушылар құрамының жеке электрондық аккаунттарын құра отырып, оны толық ақпараттандыру медициналық білім беруді одан әрі дамытудың міндетті шарты болады. Қайта даярлау және біліктілікті арттыру үшін ЖОО орналасқан жерлерде ұзақ уақыт болу мүмкіндігі жоқ мамандар үшін өңірлерде білім беру жүйесіндегі қашықтықтан оқыту технологиялары енгізіледі.
Медициналық білім беру бағдарламаларын жетілдіру шеңберінде студенттердің заманауи әдептілік стандарттарын, коммуникациялық дағдыларды, білім алу және оны сақтап қалу үшін жеткілікті деңгейде ағылшын тілін міндетті түрде меңгеруін кезең-кезеңімен енгізу қамтамасыз етіледі.
ОМҚ оқыту МСАК басымдығын, оның көпфункциялылығы мен әмбебаптығын ескере отырып жүргізіледі. ОМҚ оқыту стандарттары да әзірленген кәсіптік стандарттарға сәйкестендірілетін болады.
Медициналық ЖОО-ның дербестігін кеңейту, университет инфрақұрылымын салу мен реконструкциялау кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту, корпоративті басқарудың үздік қағидаттарын енгізу жөніндегі шаралар білім беруді басқару тиімділігін арттырудың негізі болады.
5.6.3. Инновациялар мен медицина ғылымын дамыту
Халық денсаулығын сақтау және нығайту жөніндегі қойылған стратегиялық мақсаттардың негізінде осы Бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2020 жылға дейінгі кезеңге медицина ғылымын дамытудың басым бағыттары айқындалатын болады.
Отандық медицина ғылымын дамытудың бірінші кезекті міндеті - әлемдік озық стандарттар мен тұжырымдамалар трансфертінің негізінде оның әдіснамалық тәсілдерін жаңғырту болмақ. Осы мақсатпен отандық ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобалардың халықаралық бағдарламалармен және жобалармен интеграциясына баса назар аударылатын болады, отандық жобалардың халықаралық көп орталықты зерттеулер бағдарламаларына тартылуы ынталандырылады.
Перспективалы және бәсекеге қабілетті ғылыми-зерттеу жобаларын, оның ішінде стартап жобалар, инновациялық гранттар, венчурлік қордың қаржыландыруы нысанында мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде қаржылай көмекті іске асыру жалғасады.
Ғылыми құзыреттерді дамыту, стратегиялық басым бағыттар бойынша оқыту мен ғылыми тағылымдамалардың орта мерзімді бағдарламасы әзірленеді. Ғылыми кадрлармен алмасу дамытылады және ғылыми жұмыстың халықаралық стандарттарына үйретуде, оның ішінде зерттеулердің дизайны мен әдіснамасын жасауда, ғылыми еңбектерді рәсімдеуде көмек көрсетіледі.
Ғылыми кадрлар тапшылығы жағдайында ғылыми мектепті дамыту:
1) ғылыми кадрларды дайындау мамандықтары мен бағыттарының санын көбейтуге;
2) білім және ғылым ұйымдарына дарынды мамандарды тартудың, оларды ғылыми зерттеулер жүргізуге ынталандырудың әлеуметтік-экономикалық тетіктерінің кешенді жүйесін құруға негізделеді.
Бұдан басқа, 2018 жылдан бастап отандық жетекші медициналық ЖОО-лар мен ғылыми ұйымдардың базасында пост-докторантура бағдарламаларын енгізу мәселесі пысықталатын болады.
Ғылыми құзыреттерді және әлемдік технологиялар трансфертін дамыту шеңберінде медициналық қызметкерлердің кәсіптік және ғылыми қоғамдастығын, кәсіптік бірлестіктер мен қауымдастықтарды дамытуды қолдау, сондай-ақ медициналық ғылым мен білімді дамытудағы олардың рөлін жоғарылату қамтамасыз етіледі.
Ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларын барабар, тұрақты және ашық қаржыландыру қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта жекелеген ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды бағдарламалық-нысаналы және негізгі қаржыландырудан ғылыми-зерттеу қызметін тек гранттар негізінде қаржыландыруға кезең-кезеңімен ауыстыру жүзеге асырылады. Бұл ретте, ғылыми қызметкерлердің мүддесі үшін қаржыландыру мен есептіліктің анықтығы және қарапайымдылығы қамтамасыз етіледі.
Ғылыми зерттеулер мен жобалардың да, ғылыми ұйымдардың да менеджментінің тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жалғасады. Әлемдік жетекші елдердің тәжірибесі бойынша медицина және фармацевтика ғылымының дамуы университеттер айналасына шоғырланады. Осы мақсатта ресурстарды (ғимараттарды, жабдықтарды, адами ресурстарды және өзгелерін) бірлесіп пайдалану үшін ғылыми, білім беру және медициналық ұйымдардың интеграциялануы ынталандырылады.
Ұжымдық пайдалану зертханаларын, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми зертханалар мен базалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды одан әрі дамыту қамтамасыз етіледі. Медициналық технологиялардың клиникалық сынақтарының орналасуын жүйелі қолдау және ынталандыру жүзеге асырылады.
Халықаралық рецензияланатын басылымдардағы жарияланымдар көлемі, қазақстандық авторлардың жұмыстарынан үзінді келтіру саны, патенттеу көлемі және алынған нәтижелерді коммерциялау мен практикалық денсаулық сақтауға енгізу деңгейі ғылыми зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігінің интегралдық көрсеткіштері болады.
Отандық медицина ғылымының деңгейін бағалау және сапасын арттыру мақсатында жыл сайын еліміздің ғылыми ұйымдарының Ұлттық рейтингі жарияланатын болады, бұл олардың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |