Өзін-өзі тексеретін сұрақтар:
Қоғамдағы түрлі өзгерістердің қазақ балалар әдебиетіндегі тақырып пен идеяға ықпалын баянда.
Ж.Аймауытов шығармаларына бүгінгі күн тұрғысынан баға бер.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
Ж.Аймауытов Жаман тымақ. Алматы. Балауса, 1992
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. Павлодар Арман 2004
10-ДӘРІС
Дәріс тақырыбы: С. Сейфуллин – қазақ кеңес балалар әдебиетінің негізін салушы.І. Жансүгіровтың ағартушылық бағыттағы өлеңдері.
Қарастырылатын сұрақтар:
1. Қазақ балалар әдебиетінің дамуына ықпал жасаған негізгі жайлар.
2. С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин жаңа қазақ балалар әдебиетінің дамуына қосқан үлестері.
Дәріс мазмұны: Сейфуллин Сәкен (Сәдуақас) (1894-1938) қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекеттік қайраткері, Қазақстанның қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы болған. Қарағанды облысы Ақадыр (қазіргі Шет ауданы) ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен. Ақтар көтеріліс жасап, Ақмола совдепшілерін тұтқынға алған. Сәкен Сейфуллин атаман Анненковтың «азап вагонынан», 1919 жылғы сәуірдің 3-де адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. 1920 жылғы мамырдың 7-де Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Осы жылғы қазанның 4-де Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезі делегаты болып қатысқан, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған. «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған.
І. Жансүгіров алғашында өз әкесінен, ауыл молдаларынан сауат ашқан. Қарағаш ауылында жәдитше бастауыш мектепті бітіреді. Болашақ ақынның бұдан соңғы біраз уақыты ауылда өтеді. Орта жүздің Найман тайпасының Матай руынан шыққан. 1919 жылы. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түседі. Оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы Верныйдағы (Алматыдағы) Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады. 1925 жылы Мәскеудегі Журналистика институтына оқуға түсіп; 1928 жылы бітіріп шыққан соң, «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке жіберіледі. Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан.
Достарыңызбен бөлісу: |