6. ДӘРІС ТЕЗИСТЕРІ
1-ДӘРІС
Дәріс тақырыбы: Балалар ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің алтын қоры. Қазақ балалар әдебиетінің зерттелуі, ерекшеліктері.
Қарастырылатын сұрақтар:
1. Балалар әдебиеті туралы түсінік.
2. Балалар әдебиеті жөніндегі ұлы адамдардың ой-пікірлері.
3. Балалар әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері .
4. Асан қайғы, Бұқар жырау толғауларының тәрбиелік мәні.
Дәрістің мақсаты: Балалар әдебиеті пәні туралы құнды ақпарат беру, студенттерге аталған пән жөнінде айтқан ұлы адамдардың пікірлерін ұғындыру.
Дәріс мазмұны: Балалар әдебиеті – қазақ халқының әдебиетінің бір өскелең бұтағы. Оның өзінің өсу, өркендеу жолдары бар. Басында жалпы әдебиеттік мұралармен дамып келсе, соңынан өз алдына дараланып, өз ерекшеліктерімен таныла бастады. Балалар әдебиетінде балалардың жастық, білімдік ерекшеліктері еске алынады. Балалар әдебиеті – балаларға тәлім-тәрбие, білім беретін өмір оқулығы. Қазан төңкерісінен кейін қазақ балалар әдебиеті сыншылар мен зерттеушілердің ғалымдар мен ақын-жазушылардың назарын аудара бастады. Бұл жөнінде Ілияс Жансүгіровтің, Мұхтар Әуезовтің, С.Ерубаевтің еңбектерін алдымен атап өтуге тиіспіз. І.Жансүгіров 1931 жылы «Мен қалай жаздым» деген мақаласында: «Бізде балалар әдебиеті – жасалмаған әдебиет. Сондықтан, менің бір ойым осы әдебиеттің бізде жасалуына көмектесу еді» деген. М.Әуезов өзінің «Әр жылдар ойлары», «Ертегілер» деген ғылыми еңбектерінде «Балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалардан туады» - деген пікір айтады. Бұл жөнінде Мұхтарды балалар әдебиетінің тұңғыш зерттеушісі деуге болады.
Балалар әдебиетін зерттеу барысында оның алты ерекшеліктері бар екенін анықталды:
Баланың психологиясына зерттеу жасағанда, олардың ойлау түсіну, қабілеті әңгімеленіп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығын, дәлдігін, әсіресе, көрнектілігін, өз өмірінің айналасынан алынып отыруын қажет етеді.
Әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында лиризм болуы шарт. Баланың ішкі-дүниесіне ой-санасына бірден әсер ететін күшті де мағыналы сөздер айтылуы керек. Чернышевскийдің сөзімен айтқанда: «Ах, не деген қорқынышты» немесе «Қандай тамаша» деп отыратындай болуы тиіс.
Балалар әдебиетінде жеке адам характерін суреттеу өзгеше болады. Балалар алдымен оқиғадан оқиғаның туып отыруына, бұлардың тез өзгеруіне, шешіміне, кейіпкерлерінің әр жақты болуына қызығады.
Балалар жаратылыстың көркем көріністеріне сүйсіне қарайды. Көркем әдебиеттегі жаратылыс суреттері олардың байқағыштық, талғампаздық қабілетін арттыра түседі. Пейзаждық сурет – эстетикалық тәрбиенің бір көрінісі.
Балалар әдебиеті балаларды белгілі мамандыққа үйретіп, еңбек сүйгіштікке әуестендіруі қажет.
Балалар әдебиетінің тілі ойнақы, жеңіл, әрі көркем, әрі қысқа, әрі мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әсерлі болып отыруға тиісті.
Қай заманда болсын әр халық өзінің ұрпағын жан-жақты жетілген, адамгершілік жағынан жағымды мінез, өнегелері қалыптасқан, еңбекшіл, үлкенді құрметтейтін азамат болып өссін деп армандаған. Бұл мәселені жүзеге асыруда халықтың ғасырлар бойы бай қазынасы мен аңыздары, мақал-мәтелдері мен жұмбақтары ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы болды.
Қазақ халқында келешек жас ұрпақты тәрбиелеу, өмірге дайындау, сол халықтың арман-мүддесінен, тәрбие дәстүрімен байланысты туып, өсіп-өркендеп, дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Демек, бірде-бір адамзат қоғамы өзінен бұрынғы аға буынның ақыл-ойын, тәрбиелік тәжірибесін пайдаланбай өмір сүрген емес. Балалар әдебиеті – Отандық әдебиеттің өскелең бір саласы. Басында жалпы әдебиетпен бірге дамып, толысып келген ол ХІХ ғасырда өз ерекшеліктерімен дербес күйге жетті. Қазіргі таңда балалар әдебиеті тәлім-тәрбие, білім беретін өмір оқулығына айналды. Балалар әдебиеті – балалардың дүниетанымын кеңейтіп, ойын өрістетіп, тіл байлығын жетілдіреді. Көркем сөз өрнегін бала құлағына құйылып, көкірегіне сәуле түсіреді, сөйтіп халық қазынасының әуендік үнінен нәр алады. Көркем әдебиет арқылы кішіге қамқорлық, үлкенге көмек. Еңбекті құрметтеу, достық пен инабаттылық, адамгершілік үлгі өнеге, өмірмен танысады.
Достарыңызбен бөлісу: |