22
Сонымен бірге адамзаттың жасаған руханияттық мол мұралары ішінде
айрықша орны бар қос тұлға – Пушкин мен Абайдың хас өнердегі табысуы,
іштей бір үндестікте болуы, сондай-ақ, белгілі дәрежеде өнер сайысына да түсуі
деп бағалағанымыз жөн бұл жайттарды. Пушкин өз мұралары арқылы орыс
әлемін айдай әлемге паш етсе, Абай еркін аудармаға бара отырып, қазақ әлемін
баршаға әйгілі деңгейде көтерді.
Сұрақнама:
1) Әдеби аударма және оның тарихын зерделеңіздер.
2) Абай және орыс әдебиеті жайында қандай жаңа мәлімет білдіңіздер?
3) Абайдың аудармашылық шеберлігіне тоқталыңыздар.
4) «Абай аудармаларындағы ұлттық болмыс» тақырыбын ашыңыздар.
2.3 Әдеби аударма түрлері және оның өзіне тән ерекшеліктері
Адамзат дамуы тарихында үлкен маңызға ие болған тарихи құбылыс-
оқиғаларды, ойшылдарды, данышпандарды, ғалымдарды, ақын-жазушыларды,
олардың өмірі мен қызметін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, шығармалар
тудыру, өлең-жырға қосу – бағзы заманнан келе жатқан ежелгі гуманистік
дәстүр әдебиетте әбден орныққан. «Бұл дәстүрдің тамша үлгілеріне қазақ жазба
әдебиеті де бай. Негізгі халық әдебиетінен келе жатқан бұл дәстүр сонау ақын-
жыраулар творчествосында едәуір нығайып, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар сөз өнерінде
дамып, қазақ әдебиетінде мейлінше байи түсті. Әр әдебиетте бұл дәстүрдің
баюы сол әдебиеттің даму, өсу деңгейін, интернационалдық сыр-сипатын
аңғартатын белгілердің бірі» дейді Ш.Сәтбаева өз зерттеулерінің бірінде.
Қазақ әдебиетінде Шоқан, Ыбырай Алтынсарин, Абайлардан бастау алған
аударма мәселесі күні бүгінге дейін өз жалғасын табуда. Абай байытқан бұл
дәстүр, мысалы, Ілияс Жансүгіров шығармашылығында да өз жалғасын тапқан.
«Пушкинді ұстаз тұтып, оған әрдайым өлең арнамаған ақын жоқтың қасы»,
– деп жазады академик М.Қаратаев, – «...ұлы ақынға арнап жазылған өлеңдер
көп. Арнау өлеңдер мазмұны, сапасы, дәреже деңгейі әр түрлі болғанымен,
тұтас алғанда, қазақ поэзиясының интернационалдық сипаттарының бір қырын
танытатын олар ерекше бір құбылыс». Қазақ халқы рухани өмірінде Пушкиннің
де өзіндік орны бар. Қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі Ілияс
Жансүгіров «Пушкин – қазақ халқының да ақыны» деп бекер айтпаған.
Орыстың ұлы ақынының мұрасы Қазақстанда ертеден-ақ игеріле бастауы,
аударылуы ұлттық әдебиетіміздің дәстүрлі гуманистік интернационалистік
қасиеттерінің жарқырай көріне түсуіне дәнекерлесті.
І.Жансүгіров – Пушкин есімін қазақ кеңес поэзиясына алғаш
енгізушілердің бірі. Ол Пушкин шығармаларының бірсыпырасын қазақ тіліне
шебер аударды. Атап айтар болсақ, «Евгений Онегин» романы мен
«Жебірәйілнама» поэмасы, «Жырлама сұлу мен барда», «Чаадаевқа»,
«Сибирьге хат», «Бұл», «Арион», «Лилаға», «Қара бұлт», «Ұйқысыз түндегі
өлең», «Цыгандар», «Жазушыға», «Ақынға», «Ақын», «Элегия», «Пайғамбар»,
«Россия тарихы», «Үш бұлақ» өлеңдері және «Пушкин өлеңдерінің аудармасы
23
жөнінде бір-екі сөз», «Пушкин қазақ халқының да ақыны» мақалаларын жазып,
алғашқысын «Әдебиет майданы» журналында, соңғысын «Социалды
Қазақстан» газетінде жариялады. І.Жансүгіров шығармашылығында Пушкин
мен Лермонтов есімі қатар қолданылып отырады. Классикалық әдебиеттің бұл
екі алыбының аудармалары қазақтың әдеби-мәдени қазынасына айналған-ды.
І.Жансүгіров А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударғанда, өз
сөзімен айтқанда «Пушкин үлгісіне таман» тартқан. Пушкин өз романын төрт-
бес стопалы ямбымен жазған. Әрине, бұл кең тынысты, тегеурінді серпінде
жазу көлемді роман үшін оңтайлы құбылыс. Сонымен бірге, Пушкинде етістік
аз. Пушкин «Глаголом зажешь сердца» дегенде жүректі етістікпен жандырамын
демеген, сөзбен жандырамын деген. Осыған байланысты қазақ ақыны да
етістікке бара бермеген.
Жалпы, аудармалары арқылы І.Жансүгіров қазақ әдебиетінде Абайдан
кейін жаңа түр жасады десек те болады. Өлең жолдарындағы екпін өлшеуі,
түпнұсқаның ырғақ, тыныс, буын екпіндерімен сәйкес келіп отырады. Өлең
жолдарындағы тыныс белгілерін де сол қалпында беруге тырысқаны, қазақ
ақынының түпнұсқаны бастапқы қалпында, тек өзге тілде сөйлетуге барынша
күш салуының жемісі. Ілиястың тағы бір қол жеткізген жетістігі – өлең
шумағын, өлең ұйқастарын да Пушкиннің өз үлгісінде беруінде.
Ал, аударма барысында кездесетін кейбір шет тілінен (орыс тілінен) енген
сөздерді аудармашы бастапқы қалпында қалдырып отырған. Бұл ақынның
кемшілігі емес, қайта өз туындысын тым қазақыландырып, аудармаға қазақтың
шапанын кигізбей, Пушкин тілінде жеткізу деп білген жөн шығар. Мысалы:
храм, бульвар, ложа, кабинет, панталон, фрак, жилет, мера, управитель,
деревня, цензур, герой, село, оброк, шкаф, романтика, роза т.б.
Және бұл жерде айта кететін бір жай, бұл романның А.С.Пушкиннің
туғанына жүз жыл толуы қарсаңында асығыс аударылғаны көпшілікке мәлім.
Бұл жөнінде І.Жансүгіровтың өзі: «Евгений Онегин» романының
аудармасының алғы сөзінде: «Бұл жұмыстың тығыздығы алдымызда болатын
ақынның жүз жылдығымен байланысты. Бізге қалайда ақынның юбилейіне
«Евгений Онегиннің» қазақшасымен шығу керек болды», – деп жазады.
Әрине, роман, қазіргі өскелең талғам деңгейінде алсақ, күрделі жанр. Оның
құндылығы да эстетикалық, көркемдік деңгейінен көрінері анық. Бұл жайлы
профессор Т.Рахымжанов, филология ғылымдарының докторы М.Хамзин
еңбектерінде жеке айтылған.
Сонымен І.Жансүгіров аудармасы өзіне дейінгі жасалған Абай
аудармасынан, басқа ақын-жазушылардың романға арнап жазылған арнау өлең-
жырлардан бөлек, аударма саласында өзіндік орны бар туынды демекпіз. Бірден
көзге ұрып тұрған ерекшелік: екі ұлттың ірі ақынының рухани кеңістікте
талант, тағлым, таным жағынан бір-біріне жақын тұруы жекелеген
типологиялық тығыз байланысқа алып келген деген ғылыми тұжырымға негіз
болып тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл айтылғандар, біріншіден,
Пушкинтану ілімінің Абайдан кейінгі уақытта қалай дамығанын көрсетеді,
екіншіден, осы саладағы, яғни аудармадағы Абайдан басталған дәстүрдің
сабақтастығын, жалғастығын айқындап тұр дегіміз келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |