ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
|
3-деңгейлі СМЖ құжат
|
ПОӘК
|
|
ПОӘК
«Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы» пәнінің оқу-әдістемелік кешені
|
№1 басылым
«__» _____ 2015жыл
|
ПОӘК 042-18-28.1.01/03-2015
|
5В011700 - «Қазақ тілі және әдебиеті»
мамандығына арналған
«Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»
ПӘНІНІҢ ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР
СЕМЕЙ
2015
Мазмұны
1 Глоссарий
2 Дәрістер
3 Тәжірибелік сабақтар
4 Курстық жұмыс (жоба)
5 Студенттердің өздік жұмысы
1 ГЛОССАРИЙ
Адвербиалдану – сөздің үстеу тобына өтуі
Адъективация – сөздің сын есімдер тобына өтуі
Аффикс – тіл элементі
Грамматика – (грек. – әріп, жазу) тілдің құрылымы, яғни морфологиялық категориялар мен тұлғалар.
Грамматикалық категория – бірыңғай мағынасы бар грамматикалық тұлғалар қатарларының қарама-қарсы қойылатын жүйесі
Деривация – бастапқы тіл бірліктерінен басқа туынды тіл бірліктерін жасау үдерісі.
Қосымша морфема – морфеманың бір түрі
Морфема – (грек.) тілдің негізгі бірлігі, ең кіші таңба
Морфология – (грек. форма және сөз, ілім) тілдегі сөз тұлғалардың құрылысы мен мағынасын айқындайтын тіл механизмдерінің жүйесі
Зат есім - сөйлемде заттық үғымға қатысты ойды білдіретін сөздер.
Сын есім деп заттың әр түрлі сыр-сипатын білдіретін сөздер.
Сан есімдер-сандық ұғымды білдіретін, есімдер тобына жататын сөз табы.
Етістік деп заттардың қимыл-әрекетін білдіретін сөз табы аталады.
Етіс – қимыл-әрекеттің субъектіге, қимылдың нысанына қатысын білдіріп, салт, сабақты етістік жасайтын етістіктің түрі.
Көсемше деп сөйлемдегі негізгі қимылдың жайы-күйін, жанама қимылды білдіретін етістіктің түрі аталады.
Үстеу- қимылдың жайы-күйін, эр түрлі белгілерін сипаттайтын сөз табы.
Еліктеуіш сөздер деп өмірдегі заттардың әр түрлі дыбыстарға еліктеуден немесе заттардың әр қилы көріністерінен пайда болатын сөздер аталады.
Түбір – сөдің лексикалық мағынасын сақтаушы негізгі бөлік.
Шылаулар грамматикалық дамудың нәтижесінде лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық мағынаға көшкен, түрлі грамматикалық қызмет атқаратын тілдік бірліктер.
Одағай – адамның сезімін, көңіл- күйін білдіретін сөз табы.
Сөзжасамдық ұя – бір негізгі түбірден тараған туынды түбірлердің жиынтығы.
Сөзжасамдық тізбек – бір түбірден тараған, бірінен-бірі тікелей туындайтын, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы.
Сөзжасамдық жұп – «негіз сөз – негізді сөз» қатынасы.
Сөзжасамдық тип – әр сөз табының туынды сөздерінің жасалу үлгісі. Сөзжасамдық типті белгілеуде негізгі үш белгісіне сүйенген жөн: 1) негіз сөздері бір сөз табынан болуы; 2) негіз сөздер мен туындылардың мағыналық қатысы ұқсас болуы; 3) сөзжасам тәсілінің бірлігі, синтетикалық тәсілде бір аффикс арқылы жасалуы.
Сөзжасамдық үлгі – туынды сөздердің нақтылы жасалу үлгісі, сөзжасамдық типтен гөрі тар ұғымда қолданылады.
Сөзжасамдық тарам – бір түбірден сөзжасамдық бір сатыда жасалатын туынды түбірлердің тобы.
Сөзжасамдық саты – бір түбірден тараған, құрамындағы жұрнақтардың жалғану ретіне қарай сатылай орналасқан туынды сөздердің жиынтығы. Сөзжасамдық саты жұрнақтардың жалғану ретіне қарай, өз ішінде тік қатардағы сатылар және көлденең қатардағы сатылар болып екіге бөлінеді.
Негіз сөз – туынды түбір жасауға қатысқан лексикалық мағынасы бар сөз. Негіз сөз негізгі түбірден де, туынды түбірден де болуы мүмкін.
Негізді сөз – құрамындағы негіз сөзімен салыстырғанда, морфемдік те, мағыналық та құрылымы күрделі сөз.
Негізсіз сөз – сөзжасамдық тізбектегі негізгі түбір, яғни бірінші сөз. Негізсіз сөз деп аталу себебі, оған негіз болып тұрған сөз жоқ.
Негіз емес сөз – сөзжасамдық тізбектегі соңғы туынды түбір. Негіз емес сөз деп аталу себебі, ол тізбекте ешқандай сөзге негіз болмайды.
Туынды сөздер – өмірде пайда болған жаңа ұғымдарды атау қажеттігін өтеу үшін, тіліміздегі сөзжасам тәсілдері арқылы, сөзжасам заңдылықтары негізінде жасалған сөздер.
Туынды түбір – синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөз. Туынды түбір құрамы жағынан алғанда, екі морфемадан тұрады, олар: негіз сөз және сөзжасамдық жұрнақ. Туынды түбірдің мағынасы негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтың мағынасынан жасалады.
Синтетикалық тәсіл – «синтез» (қосу) деген сөзден қалыптасқан термин. Ең түпкі мағыналы бөлшек негізгі түбірге жұрнақтар жалғау арқылы жаңа сөз жасау жолы.
Аналитикалық тәсіл – екі немесе одан да көп түбірлердің бірігуі, не қосарлануы, не тіркесуі, не қысқаруы арқылы жаңа сөз жасау жолы.
Лексика-семантикалық тәсіл – белгілі бір сөздің жаңа мағынаға ие болуы арқылы жаңа сөздің жасалу жолы.
Сөзжасамдық тәсілдер туынды сөздің жасалу жолдары туралы ғылым.
2 ДӘРІСТЕР
№1 модуль. Сөзжасамның теориясы мен оның негізгі теориялық ұғымдары
№1дәріс тақырыбы: Сөзжасам пәні, оның зерттеу нысандары, зерттелу, қалыптасу тарихы
1. Сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы екені.
2. Сөзжасам жүйесін зерттеуші ғалымдар және олардың еңбектері.
3. Сөзжасамның тіл білімінің негізгі салаларымен байланыстылығы.
Сөзжасам – лингвистика ғылымында жеке сала ретінде кеш танылып, кенже дамып, қалыптасып, жетіліп келе жатқан сала. Қазақ тіл білімінде сөзжасам мәселесі бұрын грамматиканың морфология саласында, кейбір мәселелері лексикология саласында қарастырылып келсе, өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғынан бастап сөзжасам жеке сала ретінде зерттеле бастады. Қандай да бір ғылым саласы болмасын, оның қалыптасу, даму кезеңдері болатыны сияқты, сөзжасамның да өзіндік зерттелу тарихы бар. Талай ғылыми еңбектерге арқау болған сөзжасам жүйесінің негізі көне түркі тілінен басталып, содан бері дамып, толығып, қалыптаса келе, қазіргі күрделі жүйелі дәрежеге жеткен. Тіл біліміндегі зерттеу еңбектерге сүйенсек, жалпы сөзжасам мәселесінің алғаш көтерілуі ХІ ғасырдан (Махмуд Қашқаридың «Диуани-лұғат ат-түрк» (ХІ), Ибн Муханнаның «Китаб таржуман фарсы ва тюрки ва моголи» (ХІV ғ.) т.б. еңбектерден ) басталады. Бұл кезеңдерде жазылған еңбектерде алғаш рет сөздердің құрамы жасалу жолына қарай қарастырылып, сөзжасам қосымшалары туралы мағлұмат берілсе, Қазан төңкерісіне дейінгі грамматикаларда сөзжасам тәсілдері (аффикстік және бірігу, қосарлану тәсілдері) туралы, ХХ ғасырдың І жартысында жарық көрген еңбектерде сөзжасам морфологияда қарастырылып, түркі тілдерінде жаңа сөз жасаудың жолдары (тәсілдері) одан әрі жалғасын тауып, жетілдіріліп отырды. Өткен ғасырдағы түркологиялық еңбектерде бастамасы жасалған сөзжасам мәселелерінің жеке түркі тілдерінде арнайы зерттеле бастауы 50 -ші жылдардан басталады. Жалпы, бұл кезеңдерде жазылған еңбектерде сөзжасам мәселелері әр сөз табының аясында қарастырылып, онда сөзжасамдық аффикстер (өнімді, өнімсіз, құнарлы, құнарсыз), сөзжасамдық тәсілдер (синтетикалық, аналитикалық, фонетикалық т.б.) одан әрі жан-жақты зерттелді. Ал, сөзжасамның өз алдына жеке сала ретінде өзіндік зерттеу нысаны мен оның басқа салалардан ерекшелігінің зерттелуі А.А.Юлдашевтің, Э.В.Севортянның, Ф.А.Ганиевтің, В.В.Виноградовтың, Г.О.Винокурдың, Е.С.Кубрякованың, Е.А.Земскаяның т.б. еңбектерінде көрініс тапты. Қазақ тілінің сөзжасамына қатысты мәселелер ең алдымен орыс зерттеушілері П.М.Мелиоранскийдің, В.В.Катаринскийдің, Н.И.Ильминскийдің еңбектерінде (ХІХ ғ.) қарастырылып, алғаш рет сөз таптарының жұрнақтарын анықтау, жұрнақтардың мағынасын ашу, олармен жасалған туынды түбірлерді айқындау сияқты сөзжасам мәселелері сөз болды. Ал ана тілімізде бұл мәселенің қарастырылуы Ахмет Байтұрсынұлының («Тіл – құрал»(1914 )), Қ.Жұбановтың («Қазақ тілінің грамматикасы» (1936 )) еңбектерімен тығыз байланысты. Осы қазақ тіл білімінің бастау көздерінің өзінде сөздердің тұлғасы, сөзжасамдық жұрнақтар, күрделі сөздер мәселесі көтерілгені белгілі. Бұдан кейінгі зерттеулерде (Қ.Басымов, С.Кеңесбаев, И.Ұйықбаев, И.Маманов, А.Ысқақов т.б.) сөз таптарының сөзжасам мәселелері, аффикстердің қызметі, мағыналары, қолданылу ерекшеліктері қарастырылып, сөзжасамның әр түрлі аспектілері диссерттациялардың зерттеу нысанына айналды. Сөзжасамды жеке сала деп тануды орыс тіл білімінде алғаш ұсынған академик В.В. Виноградов болды. Ресейде сөзжасам мәселесін зерттеп, ол туралы дәлелді пікір айтқан, сөзжасамның өзіндік зерттеу нысанасы барын, оның тіл білімінің басқа салаларынан ерекшелігін ашқан, басқа салалармен байланысын да көрсете білген ғалымдар болды. Олардан Г.О Винокур,Е С Кубряков, Е А Земская, Н Д Арутюнова, А Н Тихонов,И. С. Улухановтарды атауға болады. Сөзжасамды тіл білімінің жеке саласы деп тану мәселесі шетел ғалымдарының зерттеуінде де дәлелденді.
Сөзжасам мәселесі туралы ғалымдар зерттеулері қазақ тілі ғалымдарына да әсер етті, осы мәселені зерттеуге игі ықпал жасады. 1984-1988 жылдары академияның тіл білімі институтының грамматика бөлімінің қызметкерлері сөзжасам мәселесін арнайы зерттеді. Зертеудің нәтижесінде 1989 жылы “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы” деген атпен монография болып шықты. Бұл сөзжасам мәселесін жаңа тұрғыдан зерттеген зерттеудің нәтижесі болды. Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы оның тіл білімінің басқа салаларымен байланысын жоққа шығармайды. Тіл білімінің салаларының ішінен сөзжасамның морфологиямен байланысы ертеден-ақ назарға іліккен. Сондықтан да сөзжасам соңғы кезге дейін көп тілде морфологияның құрамында қаралып келеді. Бұл екі саланың байланысты болатын себебі екеуі де сөздің ең кішкене бөлшегі морфемамен байланысты. Сөзжасам мен синтаксистің байланысы да тілде белгілі орын алады. Сөзжасам нәтижесінде жасалған туынды сөздер сөздік қорға қосылып, тілдегі басқа сөздер сияқты лексикологияның зерттеу нысанасына түседі.
Бақылау сұрақтары:
1.Сөзжасам тіл білімінің дербес саласы екендігінің себептері қандай?
2.Сөзжасам нені зерттейді?
3.Сөзжасам тілдің басқа салаларымен байланысты ма ?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
2.Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.
3.Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
4.Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.
5.Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.
2 дәріс тақырыбы: Сөзжасамның тілдің басқа салаларымен байланысы
1. Сөзжасамның тілдің басқа салаларымен байланысы
2.Сөзжасамның морфологиямен байланысы
3.Сөзжасамның синтаксиспен байланысы
4.Сөзжасамның лексикамен және фонетикамен байланысы
Сөзжасам жаңа сөз жасаушы, туынды тұлға туғызушы процесс болғандықтан, тілдің барлық деңгейлерімен байланысқа түседі. Өйткені «Біріншіден, тілде бір-бірімен байланыспайтын, байланысты керек етпейтін ешбір тілдік құбылыс жоқ. Екіншіден, әр тілдің сөзтудырым жүйесі соңғы кезге дейін морфологияның, кейде лексикологияның құрамында қаралуы олардың байланысына негізделгенін естен шығаруға болмайды» /5,6/. Мәселен, сөзжасам мен морфологияның тығыз байланыста болатын себебі екеуі де сөздің құрамын зерттейді. Морфология сөздің құрамын түбір және қосымша морфемаларға, яғни сөз түрлендіруші тұлғаларға ажыратып, лексикалық және грамматикалық мағыналарын зерттесе, сөзжасам туынды сөздің құрамын негіз сөз және сөз тудырушы тұлғаға ажыратып, сөзжасамдық мағынасын қарастырады. Демек, морфология туынды сөзді сөз табына қатысына қарай қарастырса, сөзжасам туынды сөзді жасалу тәсіліне, типіне, үлгісіне, өнімді, өнімсіздігіне т.б. ерекшеліктеріне қарай зерттейді. Тілдің даму барысында сөз таптарының бір-біріне ауысуы, яғни конверсиялық тәсіл арқылы жаңа сөздердің жасалуы морфология мен сөзжасамның байланысын көрсетеді. Сөзжасам амал-тәсілдер арқылы жаңа (туынды) сөз жасап, тілдің сөздік құрамын байыту, толықтыру жағынан лексикологиямен байланысады. Яғни, туынды сөз жасалғаннан кейін, ол лексикологияның нысанына айналып, сөздік құрамға енеді. Лексикология – тілдің қазіргі кездегі сөздік құрамының жағдайын және тарихи қалыптасу аспектісін зерттейтін тілдің өз алдына жеке бір саласы. Сөзжасам морфология мен лексикологиядан басқа сондай-ақ, тіл білімінің фонетика, синтаксис, стилистика т.б. салаларымен де тығыз қарым-қатынаста болады. Сөзжасамның фонетикамен байланысын мынадан көруге болады: тілдің тарихи даму барысында дыбыстардың алмасуы мен сәйкестігі нәтижесінде сөздердің тұлғалық жағынан өзгерістерге түсіп, жаңа мағынаның жасалуы сөзжасам процесі негізінде болатын құбылыс. Мысалы, тон – тоң, өс - өш т.б. Сонымен қатар, негіз сөзге сөз тудырушы тұлғалардың фонетикалық заңдылықтар бойынша жалғануын морфонология саласы қарастырады. Яғни, сөзжасам өзінің сөз тудырушы жұрнақтарының қолданылуы арқылы тілдің фонетика, морфонология салаларымен байланысады. Ал, сөз тіркестерінің лексикалану процесі негізінде күрделі сөздерге ауысуы, тілдегі сөз таптары сияқты, сөйлем мүшелері де сөйлемде жұмсалу ыңғайына қарай бір-бірінің орнына ауысып қолданылуы немесе сөздердің тұрақталған позициясынан басқа функцияда жиі қолданылуы негізінде туынды сөздің қалыптасуы синтаксис пен сөзжасамның байланысын көрсетеді. Сөзжасам жаңа сөздің жасалуы – жаңа мағынаның тууы жағынан семасиологиямен, жаңа сөздің тілдің стильдік жүйесіне қатысы жағынан стилистикамен байланысын көрсетеді. Сонымен, сөзжасам тілдік деңгейлердің барлығымен байланысып, өзара бірлікте өмір сүреді. Тілдік деңгейлер өзара байланыста, қарым-қатынаста бола тұра, олар өзінің зерттеу нысанасы арқылы бір-бірінен ерекшеленіп, дербестігін сақтайды. Сөзжасам тілдік деңгейлермен қарым-қатынаста болумен қатар, ол барлық тілдік деңгейлерді бір-бірімен байланыстырып, аралық процесс ретінде тілдің дамуына қызмет етеді. Өйткені, сөзжасамдық (фонетика-семантикалық, семантикалық, синтетика-семантикалық, аналитика-семантикалық) тәсілдер арқылы жасалған туынды сөздердің сөз табына қатысы, атқаратын қызметі сөзжасам процесінен кейін айқындалып қалыптасады.
Тіл білімінің әртүрлі саласының құрамында қарастырылып келген сөзжасам мәселелерін ғылымда жеке сала деп тану, оның тіл қабатынан алатын орнын, өзіндік нысанын, өзіне тән әдіс-тәсілдерін, мақсатын айқындау, ғылыми айналымға түсіру, дәлелдеу барысында көптеген жұмыстар атқарылып келді. Сонымен қатар, сөзжасамның дербес сала ретінде танылуы кейбір тілдік құбылыстарды қайта қарап, жаңадан пайда болған көзқарастар мен теориялардың негізінде тағы да бір ғылыми зерттеуді қажет ететін мәселелердің бар екенін көрсетеді.
Бақылау сұрақтары:
1. Сөзжасамның тілдің басқа салаларымен байланысы
2.Сөзжасамның морфологиямен байланысы
3.Сөзжасамның синтаксиспен байланысы
4.Сөзжасамның лексикамен және фонетикамен байланысы
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
2. Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.
3. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
4. Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.
5. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.
3 дәріс тақырыбы: Сөзжасамның негізгі ұғымдары. Сөзжасамдық ұя, тізбек, саты, жұп, тарам, сөзжасамдық мағына сөзжасамдық тип, үлгі. т.б. Сөзжасам тәсілдері
1. Сөзжасамның негізгі ұғымдары
2. Сөзжасамдық ұя ұғымы.
3. Сөзжасамдық тұлға-сөзжасамның негізгі ұғымы.
4. Сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық тип ұғымдары.
5. Сөзжасамдық үлгі-сөзжасамның негізгі ұғымының бірі.
6. Сөзжасам тәсілдері
Сөзжасамның негізгі теориялық ұғымдарына сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық парадигматика мен синтагматика, сөзжасамдық үлгі мен тип, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық мағына, туынды сөз, негіз сөз, екіншілік мағына, сөзжасамдық мағына жатады. Сөзжасамдық ұяның мүшелерінің негізгілерінің бірі - сөзжасамдық тізбек. Қазақ тіл білімінде сөзжасамдық тізбек мәселесі тұңғыш рет ілгеріде аталған "Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі" атты монографияда көтерілді, сөзжасамдық тізбек термині ғылыми айналымға алғаш сонда түсті. Бір түбірден тараған, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы сезжасамдық тізбек деп аталады. Сөзжасамдык тізбектің қайсысын алсақ та, оның құрамындағы туынды түбірлер бір түп негіз сөзден бастау алады. Олай болса, тізбек атаулы түп негіз сөзден өрбиді, яғни сөзжасамдық тізбектің құрамында міндетті түрде түп негіз сөз болуы шарт. Түп негіз сөзсіз сөзжасамдық тізбек болмайды, түп негіз сөз сөзжасамдық тізбектің негізгі мүшесі. Сөзжасамдық тізбектің келесі мүшесі - түп негіз сөзден жасалған туынды түбір сөздер. Тізбектің құрамындағы туынды сөз біреу де, бірнешеуде бола береді. Мысалы, жұп-жұптық; жыр-жырла-жырлас;зар-зарла-зарлат-зарлатқыз. Осы мысалдағы 1 -тізбекте бір ғана туынды сөз бар, 2-тізбекте екі туынды түбір, 3-тізбекте үш туынды түбір бар. Бұл туынды сөздердін санының тізбекте түрлі болатынын көрсетті. Сонда тізбектегі түп негіз сездің саны тұрақты болады да, туынды сөздің саны тұрақсыз болатыны анықталды. Бұл екеуі де - сөзжасамдық тізбектің негізгі мүшелері.
Сөзжасамдық тарам термині словообразовательная парадигма мәнінде қодданылды. Осы термин орыс тіл білімінде де кейінгі кезде қолданыла бастады. Бұрын тарам термині морфологияда ұзақ уақыт қолданылғаны белгілі, мысалы септік тарамы (парадигмасы), жіктік тарамы (парадигмасы) сияқты қолданыс ғылымда әбден таралған, таныс ұғымға айналған. Бұл термин барлық тіл біліміндік сөздіктердің бәрінде сөз түрлендіру жүйесі мәнінде түсіндірілген.
Соңғы кезде сөзжасамдық тарам (словообразовательная парадигма) термині қолданыла бастады. Морфологиялық тарамда да бір сөз түрлі сөз түрлендіруші қосымшалар арқылы түрленеді. Сөзжасамда да бір сөзден бірнеше түрлі сөз жасалады. Морфологиялық тарамдар жиі қолданылады. сөзжасамдық тарамдар әлдеқайда сирегірек қолданылады және сөзжасамдық тарамдағы создердің лексикалық мағынасында айырма болса, морфологиялық тарамдағы сөздердің лексикалық мағынасында айырма болмайды да, айырма тек грамматикалық мағынада болады.
Сөзжасамдық саты деп негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтан тұратын сөзжасамдық ұядағы туынды түбірлердің жасалу ретін білдіретін тілдік бірлік аталады. Сөзжасамдық тарам (парадигма) деп тік қатардағы бір сатыда бір негіз сөзден өрбіген туынды сөздердің жиынтығы аталады.
Сөзжасамдық ұя - сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөзжасамдық ұя дегеніміз-жаңа сөзжасамдарға негіз болатын, ортақ, өзек мағына қалыптастыратын сөздердің жиынтығы. Сөзжасамдық тұлға-сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөзжасауға қатысатын ерекше тұлғалық және семантикалық суффикс түрінде де болуы ықтимал. Сөзжасамдық мағына – сөзжасамдық үдерісте қалыптасқан туынды мағына. Сөзжасамдық тип деп бір сөз табынан белгілі бір жұрнақ арқылы жасалған ұқсас мағыналы туынды сөздердің жасалуы аталады. Сөзжасамдық үлгі-сөзжасамның негізгі ұғымының бірі. Сөзжасамдық үлгіні анықтауда мынадай белгілерге сүйену керек:негіз сөздің қай сөз табына жататыны; негіз сөз бен туынды сөздің семантикалық арақатынасы;сөз тудырушы негіз сөз бен сөзжасамдық тұлғаның сыртқы формасы мен туынды сөздің сыртқы формасының сәйкес келуі; Мысалы:келе-шек, бола-шақ; оқу-шы, жүргізу-ші, жазу-шы т.б. Сөзжасамдық тізбек-бір сөзжасамдық ұядан немесе негізгі сөзден тараған туынды сөздер тізбегі, яғни бір түбірден тараған бірінен-бірі тікелей туындайтын, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы.
Туынды сөздің жасалу жолдары ғылымда сөзжасамдық тәсілдер деп аталады. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде көне замандардан бері қарай қолданылып әбден орныққан, қалыптасқан негізгі тәсілдері мыналар:
1) синтетикалық тәсіл,
2) аналитикалық тәсіл,
3) лексика-семантикалык тәсіл.
Синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасауда екі тілдік бірлік қызмет атқарады: 1) лексикалық мағыналы сөз, 2) сөзжасамдық жұрнақ.
Туынды сөз жасауға қатысатын лексикалық бірлік туынды сөздің мағынасына арқау болады. Сондықтан да туынды сөз жасауға лексикалық мағыналы сөздер ғана қатысады. Мысалы, жүлдегер, ақта, ақылды, бәлеқор сияқты туынды сөздердің жаңа мағынасы жүлде, ак, ақыл, бәле сөздерінің негізінде жасалған, сондықтан олар негіз сөздер деп аталады. Негіз сөз дегеніміз - туынды сөздің лексикалық мағынасына арқау болатын сөз. Сөзжасамның аналитикалык, тәсілі. Аналитикалық тәсіл деп екі я онан да көп сөзден бір лексикалық мағыналы сөздің жасалуы аталады. Қазақ тілінде аналитикалық тәсіл жиі қолданылатын, өнімді тәсіл болумен бірге, оның іштей бірнеше түрі бар:
1) сөзқосым, 2) қосарлау, 3) тіркестіру, 4) қысқарту сияқты аналитикалық тәсілдің төрт түрі бар.Бұлардың әрқайсысы да тілдің сөзжасамында өнімді қызмет атқарады, олар арқылы жасалған туынды күрделі сөздер тілде ете мол.
Сөзжасамның лексика-семантикалык тәсілі. Лексика-семантикалық тәсіл арқылы, зат есімге заттану арқылы көшкен сөздер өте көп: бүлдірген, ағарған, қорған,қамал, айтыс, қоршау, ақ, асар, жетісі, екпін, тіл т.б.
Лексика-семантикалык тәсіл арқылы сөздің жаңа мағынаға көшуіне байланысты сөз бір сөз табынан екінші сөз табына ауысады, оны ғылымда конверсия деп атайды. Конверсия жолымен жаңа сөздің жасалуы - өте көп тараған тәсіл, оның ішкі ерекшеліктері де бар. Сөздің жаңа мағынаға ие болуы, сол арқылы басқа сөз табына көшуі түрлі жолмен іске асады. Оның ішінде ғылымда заттану (субстантивация)-тілдерге кең тараған түрі. Ал заттану - көбіне ықшамдау зандылығына байланысты болатын қүбылыс.
Бақылау сұрақтары:
1. Сөзжасамдық тізбек дегеніміз не?
2. Сөзжасамдық тарам дегеніміз не?
3. Сөзжасамдық тарам дегеніміз не?
4. Сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тұлға қалай жасалады?
5. Сөзжасамдық тип, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық тарам дегеніміз не?
6. Сөзжасамдық тәсілдер дегеніміз не?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
2. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
3. Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.
4. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.
5. Қалиев Ғ. Қазақ тілінің сөзжасам мәселелері. Алматы, 20002ж.
№2 модуль.
Сөз таптарының сөзжасамы. Есім сөздердің сөзжасамы
4 дәріс тақырыбы: Зат есім сөзжасамы
1.Зат есімнің жасалу жолдары
2.Есімдерден зат есім жасайтын аффикстер
3.Еліктеу сөздерден зат есім жасайтын аффикстер
4.Реңк мәнін білдіретін жұрнақтар
5. Етістіктен жасалған туынды зат есімдер
6. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған зат есімдер
7. Күрделі зат атауының жасалуы.
8. Есімдерден зат атауын жасайтын жұрнақтар
9.Етістіктен зат атауын жасайтын жұрнақтар.
Сөзжасамдық құбылыстың зат есімде орасан мол орын алатыны, тілдік сөз-жасамдық тәсілдерінің бәрінің зат есімнің жасалуында кеңінен қызмет атқаруы туралы. Зат есім сөзжасамы үзілмей жүріп жататын құбылыс. Зат есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы. Зат есімнің синтетикалық сөзжасамы екі морфеманың қатысы арқылы жүзеге асуы, олар: негіз сөз бен жұрнақ. Негіз сөз қызметінде құрамы, тұлғасы жағынан негізгі түбірлер, туынды түбірлер, біріккен сөздер, қысқарған сөздер. Негіз сөздің туынды түбір зат есім мағынасына арқау болуы, негіз сөздің мағынасы мен одан жасалған туынды түбір зат есім мағынасының байланыстылығы. Зат есімнің сөзжасамына негіз сөз қызметінде қатысатын сөз таптары: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, еліктеуіш сөздер, модаль сөздер. Олардың туынды түбір зат есім жасацу қабілетіндігі, қызметіндегі айырмашылық, белсенді қатысатын сөз таптары. Туынды түбір зат есім жасайтын зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары. Зат есімнің сөзжамсамдық жұрнақтарының көлемі, жалпы мөлшері, зат есім жұрнағының дара, құранды, байырғы, кірме түрлері, қолданылуына ұқарай өнімді, өнімсіз, өлі, белсенді түрлері, жұрнақтардың әр кезеңде белсенділігі өзгеруі, мағынасына қарай зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтарының сөз мағынасын өзгертуші, сөз мағынасын түрлендіруші түрлері, олардың айырмашылықтары. Зат есімнің есім сөздерден зат есім жасаушы жрнақтар. Зат есімнің етістіктен зат есім жасаушы жұрнақтар. Зат есімнің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы. Зат есімнің сөзжасамына аналитикалық тәсілдің барлық түрлері қатысатыны, олардың күрделі зат есімдер жасайтыны. Зат есімнің сөзқосым тәсілі арқылы жасалуы, оның туынды зат есімнің ішінде тұлғасы жағынан біріккен сөздер жасайтыны. Зат есімнің біріккен сөздерінің өзіндік белгілері, оның сыңарларының зат есімдерден, сын есім мен зат есімнен, зат есім мен етістіктен, сан есім мен зат есімнен жасала беретіні. Біріккен зат есім жасайтын сыңарлардың әрқайсысының өзінің дыбыстық құрамын сақтап бірігуі, не дыбыстық құрамдарын ықшамдап, бір-бірімен бірігіп кетуі мүмкін екендігі. Біріккен зат есімдердің тілде көптігі, тілдің сөз байлығына өзіндік әсері. Зат есімнің қосарлану тәсілі арқылы жасалуы, бұл тәсіл арқылы зат есімнің сөз тұлғасы жағынан қос сөздер аталатын түрі жасалатыны. Қосарланған күрделі зат есімнің екі сыңары мағынасы жақын, бір-біріне қатысты бар заттардың атына жасалуы: қас-қабақ, сақал-мұрт, бай-бәйбіше, қайғы-қасірет, құрт-май, сауық-сайран; сө табы жағынан екі сыңары да зат есімдерден жасалатыны: жиын-той, ақын-жазушы, ішім-жем, майлық-саулық. Зат есімнің тіркестіру тәсілі арқылы жасалуы, тіркестіру тәсілдерінің тілде күрделі зат есімдер жасауы, оның кейде тіркескен күрделі зат есім деп те аталатыны. Тіркестіру тәсілі арқылы жасалған зат есімдер ең кем екі, не одан да көп сөздердің бір-бірімен тіркесіп, бір заттың, заттық ұғымының атын білдіретін, тілдегі дайын лексикалық тұлғаға айналған, тілде бір сөздің қызметін атқаратын күрделі зат есімдер жасайтыны (қайын ата, сым темір, тоқ ішік, ара ағайын, ұзын омыртқа). Бұлардың ішінен біртіндеп біріккен сөздерге қосылып отыратыны (қайнаға, жамағайын). Бір топ күрделі зат есімдердің бірде бірге, бөлек жазылуының көбіне шартты түрде шешіліп жүргені. Күрделі зат есімдердің бұл тобының бірге, бөлек жазылуының көбіне шартты түрде шешіліп жүргені. Тіркескен күрделі зат есімдердің тобына тілде кейін пайда болған терминдік тіркестер аталып жүрген күрделі сөздердің де жататыны: қалалық кеңес, Еңбек Ері, Совет Одағының Батыры, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық университеті. Бұлардың еркін сөз тіркесінен айырмасы мен ұқсастығы. Олардың басқа күрделі сөздер тобынан өзіндік ерекшелігі, тілдегі бұл сөздердің қыр-сырының әлі толық ашылмағаны. Зат есімнің қысқару арқылы жасалуы. Қысқарту тәсілі кез-келген сөзге қолданылмайтыны, оның күрделі сөздердің ішінде көбіне терминдік тіркестермен, ғылыми терминдермен, т.б. белгілі топтағы сөздермен байланысты қолданылатыны. Қысқарту тәсілінің жолдары. Қысқарған сөздердің өздік ерекшеліктері. Зат есімнің лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалуы. Зат есім сөздер тілде белгілі мағынасының үстіне басқа мағынаны қосып алып, екі кейде одан да көп сөздің мағынасын беріп, қызметін атқаруы семантикалық сөзжасамға жататыны (жұма-бір күнің аты, жұма- бір жетінің аты, тәсіл-айла мағынасында, тәсіл-ғылымындағы термин, түбір-ағаштың түбірі, түбір-термин). Зат есімнен басқа сөз таптарының сөз құрамын өзгертпей, заттанып, зат есімге көшуі де зат есімнің семантикалық тәсіл арқылы жасалуына жататыны (жетісін беру, ыстығы үлкен, ыстық (тамақ мағынасында), ақ молайды, туысы көп, шығысы артық, айтысқа түсті). Контекстік заттанудың сөзжасамға жатпайтыны (үлкенді сыйла).
Достарыңызбен бөлісу: |