44. Президент Н.Ә.Назарбаевтың ұсынған Евразиялық идеясы мен оның жүзеге асырылуы. Кеден Одағынан ЕвразЭО дейін.
Еуразиялық жоба - 1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы мемлекет басшысының тұжырымдамалық ілімі, егеменді Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік стратегиясының маңызды бөлігі. Президент «халықаралық бірлестіктер тәжірибесін ұзақ зерттеп, ТМД елдеріндегі жағдайды жете талдап» «ықпалдасу үдерісін жылдамдату керек» деген қорытынды жасады. Алғаш рет Еуразиялық бастама елбасының 1994 жылы 22 наурызда Ұлыбританияға ресми түрде барған сапары кезінде тезистік түрде айтылды. Президент Н.Ә. Назарбаев «Chatһam House» аталатын Королеваның халықаралық қатынастар институтында сөз сөйлеп бұрынғы кеңестік кеңістіктің дамуында екі баста бой көрсетіп отырғанын көрсетті: бір жағынан – ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру, екінші жағынан – ықпалдасудың қажеттілігі. Мемлекет мүддесін, аймақтың тұрақтылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсат болды. Лондонда бірінші рет мемлекетаралық бірлестік – «Еуро-Азиаттық одақтың» аты ұсынылды.
1994 жылы наурызда Н.Ә. Назарбаевтың еуропалық аудиторияға өз елінің өркениеттік және геосаяси ерекшелігін түсіндіргенінің ерекше мәні болды: «Қазақстан – еуропалық және азиаттық тамырлар қабысқан Азиядағы бірегей мемлекет. Әр түрлі халықтардың өкілдері әр алуан бірлікті құрайды. Әр түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің үйлесімділігі бізге еуропалық және азиаттық мәдениеттердің, Шығыс пен Батыстың ең үздік жетістіктерін сіңіруге мүмкіншілік береді. Қазақстанның орны ерекше – ел, «еуро-азиаттық құрылықтың жүрегінде» орналасқан, тағдыр еркімен Ресей мен Қытайдың арасында «аралық орынды» алады. «Біздің республикамыздың феномені сонда, біз бір уақытта еуропалықта және азиаттықта аймақтық халықаралық ұйымдардың мүшесіміз, біз өзіміздің геосаяси жағдайымыздың мәнін түсінеміз және оған қоса қауіпсіздікті нығайту бойынша орталық болуға да дайынбыз». Бұл тезистерде Қазақстанның еуразиялық жағдайының ерекшелігін түсінудің болашағы мен жетістігі мазмұндалды және қазіргі қазақстандық еуразиялықтың үш деңгейі көрсетілген: біріншіден, ұлттық-мемлекеттік деңгей, мұнда Қазақстан азиаттық та, еуропалық та ел ретінде түсініледі; екіншіден, аймақтық деңгей, мұнда өзара тиімді еуразиялық бірігуге көңіл бөлінеді; үшіншіден, ғаламдық деңгей, мұнда Қазақстан Батыс пен Шығыстың қатынасында «ортадағы» жағдайды алатын ел ретінде қарастырылады. Н.Ә. Назарбаев Лондондағы сөйлеген сөзінде 1994 жылы Еуразиялық жобаға көзқарастың қалай қалыптасқанын көрсетеді. 22 наурызда Ұлыбританиядағы сөйлеген сөзі жобаны Мәскеуде ашық ұсынуға негізгі дайындық болды.
Еуропалық Одақтың тәжірибесін талдай келе, Н.Ә. Назарбаев бірқатар «ұлттық құрылымдардан тыс үйлестіруші құрылымдарды» құруды қажет деп санайды: экономика, шикізат ресурстары бойынша комиссия, экономикалық және техникалық ынтымақтастық істері бойынша қор, инвестициялық банк т.б. сол сияқтылар. Қазақстан Президенті, 1990-шы жылдары шешілуге тиісті, бірқатар өткір мәселелерді көрсетті. Атап айтқанда, - «біртұтас экспорттық саясатты» жасау, және оны «барлық қатысушы мемлекеттердің мүддесіне сай» жүргізу. Сондай-ақ, ТМД елдерінің ұлттық заңнамаларын жетілдіру мен жақындастыру жөнінде прагматикалық (өзара тиімді) мақсаттар қойылды, өйткені «олардың арасындағы айырмашылықтар, экономикалық бірлесу үдерістерінде айтарлықтай кедергі келтірді». Жалпы алғанда, ТМД аумағында «жаңа экономикалық тәртіп» орнықтыру, «экономикалық саясатты келісіп жүргізу» және «экономикалық реформаларды жүргізудің бірлескен бағдарламасын» қабылдау қажеттілігі атап көрсетілді. Сонымен қатар, Еуразиялық жоба экономика саласымен ғана шектелмейді, онда, күш біріктіруді қажет ететін: ғылым, мәдениет, білім, қорғаныс, қауіпсіздік, экология мәселелері өз орнын тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |