Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметi туралы
Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ
"Егемен Қазақстан" 25.11.2015 ж., № 226 (28704); "Казахстанская правда" от 25.11.2015 г., № 226 (28102)
РҚАО-ның ескертпесi!
Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 69-баптан қараңыз.
Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшiн РҚАО мазмұнды жасады.
МАЗМҰНЫ
БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗ
Осы Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметiне кiруге, оны өткеруге, тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етiлуi мен әлеуметтiк қорғалуын, сондай-ақ өзге де адамдардың мемлекеттiк органдардағы қызметi мәселелерiн айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) «А» корпусы – кадр резервiне iрiктеудiң, конкурстық iрiктеудiң, мемлекеттiк қызметтi өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртiбi, сондай-ақ арнайы бiлiктiлiк талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар;
2) «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервi – «А» корпусының бос не уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына орналасуға үмiткер Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қалыптастырылып, жүйеленген тiзiмi;
3) «Б» корпусы – «А» корпусына енгiзiлмеген мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар;
4) бонус – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қызметшiлерге қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау нәтижелерi бойынша белгiленетiн ақшалай төлем;
5) бiлiктiлiк талаптары – мемлекеттiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға бiлiмi, жұмыс тәжiрибесi және құзыреттерi бойынша қойылатын талаптар;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметi (бұдан әрi – мемлекеттiк қызмет) – мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктердi атқару жөнiндегi қызметi;
7) құзыреттер – нақты мемлекеттiк лауазымда кәсiби қызметтi тиiмдi түрде атқару үшiн қажеттi бiлiмнiң, икемнiң және дағдылардың жиынтығы;
8) лауазымды адам – билiк өкiлiнiң функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды атқаратын адам;
9) лауазымдық өкiлеттiктер – нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген, мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетiн құқықтар мен мiндеттер;
10) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметiн тұрақты кәсiби негiзде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;
11) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым санаты – тиiстi бiлiктiлiк талаптары бар мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығы;
12) мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктердi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
13) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк әдебi (бұдан әрi – қызметтiк әдеп) – мемлекеттiк қызметшiлердiң осы Заңда және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң әдеп кодексiнде белгiленген мiнез-құлық қағидалары;
14) мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн, мемлекет қызмет саласында бiртұтас мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
15) мемлекеттiк лауазым – нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер шеңберi жүктелген мемлекеттiк органның құрылымдық штат бiрлiгi;
16) мемлекеттiк саяси қызметшi – тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатқа ие, саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыруға жауаптылықта болатын мемлекеттiк қызметшi;
17) мүдделер қақтығысы – мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүдделерi өзiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн орындамауына немесе тиiсiнше орындамауына әкеп соғуы мүмкiн болатын кездегi мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүдделерi мен оның лауазымдық өкiлеттiктерi арасындағы қайшылық
18) тәлiмгер – мемлекеттiк қызметке алғаш рет қабылданған мемлекеттiк қызметшiге бекiтiлетiн, оның кәсiби бейiмделуiне практикалық көмек көрсететiн мемлекеттiк қызметшi;
19) төменгi лауазым – мемлекеттiк органның штат кестесiнде көзделген лауазымдар санаттарының арасында лауазымдар тiзiлiмiне сәйкес санаты төмен тұрған болып табылатын, «Б» корпусы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң мемлекеттiк лауазымы;
20) уақытша бос мемлекеттiк лауазым – мемлекеттiк лауазымды атқаратын мемлекеттiк қызметшiнiң iссапарға баруына, әлеуметтiк демалыста не мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде оқуда болуына, сондай-ақ ауруы денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзiмi белгiленген аурулар тiзбесiне енген болса, науқастануы салдарынан оның қатарынан екi айдан астам уақыт жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттiк лауазым;
21) уәкiлеттi комиссия – Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ мемлекеттiк органдарға шетелдiк жұмыскерлердi тарту мәселелерiн қарайтын комиссия, оның ережесi мен құрамын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi;
22) үстемеақы – «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен белгiленетiн лауазымдық айлықақысына ақшалай қосымша ақы;
23) iссапарға бару – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қызметшiлердiң бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттiк лауазымы) сақтала отырып, басқа мемлекеттiк органдарда, Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелерiнде және өзге де ұйымдарда мемлекеттiк лауазымдарға орналасуы.
2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет
саласындағы заңнамасы
1. Мемлекеттiк қызметтiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексi, осы Заң, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылуы
1. Осы Заңның күшi:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында немесе өзге де заңнамалық актiлерiнде олар үшiн өзгеше құқықтық мәртебе айқындалған жағдайларды қоспағанда, барлық мемлекеттiк қызметшiлерге;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде реттелмеген бөлiгiнде жергiлiктi өкiлдi органдар тағайындайтын немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланатын мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге;
3) Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметi туралы заңнамалық актiлерiнде көзделген ерекшелiктерi бар құқық қорғау қызметiн өткерiп жүрген мемлекеттiк қызметшiлерге қолданылады.
2. Осы Заңның күшi:
1) техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдарға;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және оның ведомстволарының қызметшiлерi мен техникалық қызметшiлерiне;
3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты негiзiнде қызметiн мемлекеттiк органдарда жүзеге асыратын адамдарға, оның iшiнде мемлекеттiк органдардың шетелдiк жұмыскерлерiне қолданылмайды.
4-бап. Мемлекеттiк қызметтiң негiзгi қағидаттары
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк қызмет:
1) заңдылық
2) қазақстандық патриотизм;
3) мемлекеттiк билiктiң заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлiнуiне қарамастан, мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң бiртұтастығы;
4) азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң мемлекет мүдделерi алдындағы басымдығы;
5) мемлекеттiк органдар қызметiндегi тиiмдiлiк, нәтижелiлiк, ашықтық
6) азаматтардың мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге тең құқығы;
7) азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi;
8) мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiбилiгi;
9) меритократия – мемлекеттiк қызметшiнiң жеке сiңiрген еңбектерi мен жетiстiктерiн мойындау, оны қабiлеттерi мен кәсiби даярлығына сәйкес мемлекеттiк қызмет бабында iлгерiлету;
10) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар өз өкiлеттiктерi шегiнде қабылдаған шешiмдердi орындаудың бағынысты мемлекеттiк қызметшiлер мен төмен тұрған мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлерi үшiн мiндеттiлiгi;
11) мемлекеттiк қызметшiлердiң бақылауда болуы және есептiлiгi;
12) мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және өздерiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны үшiн жеке жауаптылығы;
13) әдептiлiк;
14) құқық бұзушылықтарға төзбеушiлiк;
15) мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын қызметтi қоспағанда, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;
16) мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы;
17) мәнi бiрдей жұмыстарды орындағаны үшiн еңбекақыны тең төлеу;
18) мемлекеттiк қызметшiлердi лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны, мiнсiз мемлекеттiк қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн көтермелеу;
19) мемлекеттiк қызметшiлердi оқытудың және қажеттi құзыреттерiн дамытудың үзiлiссiз болуы;
20) мемлекеттiк қызметшiлердi даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың бiлiктiлiгiн арттырудың практикалық бағдарлануы қағидаттарына негiзделедi.
2. Мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық өкiлеттiктерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктер мен олардың органдарының шешiмдерiне байланысты болмайды.
5-бап. Уәкiлеттi орган
1. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi органдардың бiрыңғай жүйесiн уәкiлеттi орган, оның аумақтық бөлiмшелерi, уәкiлеттi органға ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.
Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiлеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.
2. Уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;
2) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына қойылатын үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын әзiрлейдi және бекiтедi;
3) мемлекеттiк қызмет персоналы жөнiндегi автоматтандырылған бiрыңғай дерекқорды (ақпараттық жүйенi) қалыптастыру бойынша жалпы үйлестiрудi қоса алғанда, мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк қызметшiлерiнiң кадр құрамының жай-күйiне, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтiң мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк лауазымдарына мониторинг жүргiзедi;
4) «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiн қалыптастырады;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға кандидаттарды және құқық қорғау қызметiне кiретiн азаматтарды тесттен өткiзу тәртiбiн, бағдарламаларын және оны ұйымдастыруды айқындайды;
6) осы Заңға сәйкес мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiн, сондай-ақ актiлердi әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынады;
7) министрлiктер мен орталық мемлекеттiк органдардың жауапты хатшыларының және аппарат басшыларының мәртебесi мен өкiлеттiктерiн айқындайтын актiлердi әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынады;
8) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi, оның iшiнде шет елдерде даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiредi;
9) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бойынша мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру мен орналастыруды үйлестiредi;
10) мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын сақтауын, мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк әдептi сақтауын, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
11) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн айқындайды;
12) кандидаттың қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келуi бөлiгiнде мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға тағайындауды келiседi;
13) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң лауазымдық нұсқаулығын әзiрлеу мен бекiту тәртiбiн айқындайды;
14) персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) туралы үлгiлiк ереженi бекiтедi;
15) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадрдағы iс қағаздарын жүргiзу құжаттарының үлгiлiк нысандарын әзiрлейдi және бекiтедi;
16) осы Заңды және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн бұзып қабылдаған шешiмдерiнiң күшiн жою туралы лауазымды адамдар мен мемлекеттiк органдарға ұсыныстар енгiзедi;
17) мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызмет мәселелерi бойынша тексеру нәтижелерiнде анықталған бұзушылықтарды жою туралы өз құзыретi шегiнде қаралуы мiндеттi ұсынулар енгiзедi;
18) мемлекеттiк қызмет мәселелерi бойынша халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысады;
19) мемлекеттiк органдарда персоналды басқару тиiмдiлiгiн бағалауды жүзеге асырады;
20) персоналды басқару қызметтерiнiң (кадр қызметтерiнiң) жұмысына әдiснамалық басшылық жасауды үйлестiредi және жүзеге асырады;
21) мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын бұзу, сондай-ақ қызметтiк әдептi сақтау мәселелерi бойынша әрекеттерi (әрекетсiздiгi) мен шешiмдерiне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарайды;
22) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң тағылымдамадан өтуiн ұйымдастыру жөнiндегi қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
23) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Уәкiлеттi органның облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада Әдеп жөнiндегi кеңестерi болады, олар туралы ереженi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
4. Уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмдерi бұйрықтар нысанында ресiмделедi.
6-бап. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi)
1. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) өз құзыретi шегiнде:
1) мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiнiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын орындауы жөнiндегi қызметiн үйлестiредi;
2) тәртiптiк, конкурстық және кадр мәселелерi жөнiндегi өзге де комиссиялардың қызметiн ұйымдастырады;
3) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жұмысын бағалауды жүргiзу, конкурстық iрiктеу, мемлекеттiк қызметшiлердi қызмет бабында iлгерiлету, қызметтiк тергеп-тексеру, мемлекеттiк қызметшiлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту, мемлекеттiк қызметшiлердi қызметтен шығару рәсiмдерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) кадрлар iрiктеудi ұйымдастырады, мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi өткеруiне байланысты құжаттарды ресiмдейдi, мемлекеттiк қызметшiлердiң дербес деректерiн, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жұмысын бағалау және оқудан өту нәтижелерi туралы мәлiметтердi, оның iшiнде мемлекеттiк қызмет персоналы бойынша автоматтандырылған бiрыңғай дерекқорда (ақпараттық жүйеде) есепке алуды жүзеге асырады;
5) мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулердiң сақталуын қамтамасыз етедi;
6) мемлекеттiк қызметшiлердiң тағылымдамадан өтуiн, тәлiм алуын, жұмысын бағалауды, оларды даярлауды, қайта даярлауды және бiлiктiлiгiн арттыруды белгiленген мерзiмдерге сәйкес ұйымдастырады, мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеудi қолдану тәртiбiн әзiрлейдi;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) мемлекеттiк органның басқа құрылымдық бөлiмшелерiнен ұйымдық жағынан дербес болады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал жауапты хатшы және аппарат басшысы лауазымдары енгiзiлмеген мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк органның басшысына тiкелей бағынады.
3. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң бюджеттерiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшiн персоналды басқарудың бiрыңғай қызметiн (кадр қызметiн) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес құруға жол берiледi. Жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешiмiмен құрылады.
Орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелерi үшiн орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесiнде персоналды басқарудың бiрыңғай қызметiн (кадр қызметiн) құруға жол берiледi. Аудандық, қалалық аумақтық бөлiмшелердiң персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) орталық мемлекеттiк органның және оның ведомствосының өңiраралық немесе облыстық аумақтық бөлiмшесi басшысының немесе жоғары тұрған органның шешiмiмен құрылады.
7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк лауазымдарын
сыныптау
1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк лауазымдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес қалыптастырылады.
2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер үшiн мемлекеттiк лауазымдардың санаттары белгiленедi. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер үшiн мемлекеттiк лауазымдардың санаттары белгiленбейдi.
3. Мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
2-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТШIЛЕРДIҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
8-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мәртебесi және олардың
құқықтық кепiлдiктерi
Мемлекеттiк қызметшiнiң мәртебесi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген, мемлекеттiк қызметте болуына байланысты шектеулерi бар Қазақстан Республикасының азаматы ретiнде мемлекеттiк қызметшiнiң жалпы құқықтарын, бостандықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ мемлекеттiк қызмет ерекшелiктерiне негiзделген құқықтарын, мiндеттерi мен жауаптылығын қамтиды.
Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттiк қызметшi мәртебесiне Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап ие болады және мемлекеттiк қызметтi тоқтатқан кезден бастап одан айрылады.
9-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi құқықтары
Мемлекеттiк қызметшiнiң:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) өзiне мәлiм болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына жеткiзген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;
3) еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауiпсiз және тиiмдi жұмыс iстеу үшiн қажеттi еңбек жағдайларына;
4) әлеуметтiк және құқықтық қорғалуға;
5) өзiнiң лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;
6) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқару үшiн ұйымдарға белгiленген тәртiппен баруға;
7) басшыдан мемлекеттiк қызметшi атқарып отырған мемлекеттiк лауазымға сәйкес мiндеттердi және лауазымдық өкiлеттiктер көлемiн дәл айқындап берудi талап етуге;
8) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылар, өзге де лауазымды адамдар және азаматтар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен қарым-қатынас жасалуына;
9) өзi атқаратын мемлекеттiк лауазымға, жұмыс сапасына, тәжiрибесiне және осы Заңда белгiленген өзге де негiздерге қарай ынталандырылуына және еңбекақы төленуiне;
10) тиiстi бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражаты есебiнен даярлануға, қайта даярлануға және бiлiктiлiгiн арттыруға;
11) мемлекеттiк орган оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде оқуға немесе тағылымдамадан өтуге жiберген жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жұмыс орнының (мемлекеттiк лауазымының) сақталуына;
12) өзiнiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктемелер беруге;
13) бiлiктiлiгi, құзыреттерi, қабiлетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң лауазымдық мiндеттерiн адал орындауы ескерiле отырып, мемлекеттiк қызмет бабында iлгерiлетiлуге;
14) мемлекеттiк қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тергеп-тексерудi талап етуге;
15) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшiн не мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық үшiн оның жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк қызметтен өз қалауы бойынша шығарылуға;
16) зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға;
17) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқару үшiн қажеттi ақпарат пен материалдарды белгiленген тәртiппен алуға;
18) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.
Мемлекеттiк қызметшiнiң өзге де құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде белгiленуi мүмкiн.
10-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi
Мемлекеттiк қызметшiлер:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын қабылдауға;
3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, олардың өтiнiштерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қарауға және олар бойынша қажеттi шаралар қабылдауға;
4) функцияларын өздерiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес жүзеге асыруға;
5) лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде саяси партиялардың, қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң қызметiнен бейтарап және тәуелсiз болуға;
6) қызметтiк тәртiптi сақтауға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi сақтауға;
8) қызметтiк әдептi сақтауға;
9) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерi, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен нұсқаулары олардың лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде шығарылған болса, оларды орындауға;
10) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға, ол жөнiнде қолхат беруге;
11) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқару кезiнде алатын, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi жария етпеуге және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
12) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi қызметтiк мақсаттарда ғана пайдалануға;
13) өздерiне мәлiм болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы өздерi жұмыс iстейтiн мемлекеттiк орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына дереу жеткiзуге;
14) лауазымдық мiндеттерiн тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруға;
15) өздерiн жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламалары бойынша мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде оқуға жiберген мемлекеттiк органда тiкелей оқу аяқталғаннан кейiн, сондай-ақ уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен және мерзiмдерде мемлекеттiк қызметте жұмыспен өтеуге мiндеттi. Осы мiндеттеменi орындамау мемлекеттiк қызметшiнiң мемлекетке өзiн оқытуға бөлiнген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды орындалмаған мiндеттемелерге бара-бар өтеуiне әкеп соғады;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк органның ақпараттық ресурстарымен жұмыс процесiнде ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге мiндеттi.
Мемлекеттiк қызметшiлердiң өзге де мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде белгiленуi мүмкiн.
11-бап. Мемлекеттiк органдардың басшылары болып табылатын
мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң және облыс,
республикалық маңызы бар қалалар және астана
әкiмдерiнiң негiзгi функциялары
1. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң функционалдық мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде, тиiстi мемлекеттiк орган туралы ережеде және мiндеттердiң бөлiнуiнде айқындалады.
2. Мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары болып табылатын мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерiнiң негiзгi функциялары мыналар болып табылады:
1) мемлекеттiк органның мақсаттарын, тиiстi аумақты дамыту мақсаттарын айқындау;
2) мемлекеттiк саясатты тұжырымдауға, айқындауға және iске асыруға ықпал ететiн шешiмдердi қабылдау;
3) сыртқы саясат қызметi саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктердiң басшыларымен өзара iс-қимыл жасау;
4) Қазақстан Республикасының Парламентiнде және басқа да мемлекеттiк органдар мен ұйымдарда мемлекеттiк орган атынан өкiлдiк ету;
5) мемлекеттiк, үкiметтiк бағдарламалардың және өзге де жобалардың орындалу барысын реттеу және бағалау;
6) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функциялар.
12-бап. Орталық мемлекеттiк органдардың жауапты
хатшыларының, аппарат басшыларының және облыс,
республикалық маңызы бар қалалар және астана
әкiмдерi аппараттары басшыларының өкiлеттiктерi
1. Министрлiктердiң және Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының мәртебесi мен өкiлеттiктерiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
2. Орталық мемлекеттiк органдардың аппарат басшыларының өкiлеттiктерiне:
1) мемлекеттiк органға жүктелген мақсаттарды iске асыруды ұйымдастыру;
2) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк органдардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң қызметiн ұйымдастыру, үйлестiру және бақылау;
3) мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiту;
4) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк органның «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерiн мемлекеттiк лауазымдарға тағайындау және мемлекеттiк лауазымдардан босату;
5) мемлекеттiк органның тәртiптiк және конкурстық комиссияларының қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асыру;
6) қызметтiк тәртiптiң сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
7) еңбек қатынастары мәселелерi жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретiне жатқызылған жұмыскерлердi қоспағанда, мемлекеттiк органның мемлекеттiк қызметшiлерiн iссапарға жiберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу мәселелерiн шешу;
8) еңбек қатынастары мәселелерi жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретiне жатқызылған жұмыскерлердi қоспағанда, мемлекеттiк органның мемлекеттiк қызметшiлерiнiң тәртiптiк жауаптылығы мәселелерiн шешу;
9) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;
10) мемлекеттiк органның мемлекеттiк саяси қызметшiлерi қабылдаған шешiмдердiң орындалу барысын бақылау;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде жүктелген өзге өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.
3. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерi аппараттары басшыларының өкiлеттiктерi «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен белгiленедi.
4. Орталық мемлекеттiк органдардың жауапты хатшыларына, аппарат басшыларына, облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерi аппараттарының басшыларына орталық мемлекеттiк органдардың (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының) бiрiншi басшыларының мiндеттерiн жүктеуге, сондай-ақ орталық мемлекеттiк органдардың жауапты хатшыларының, аппарат басшыларының, облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерi аппараттары басшыларының мiндеттерiн орталық мемлекеттiк органдардың (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының) бiрiншi басшыларына және олардың орынбасарларына жүктеуге жол берiлмейдi.
5. Құқық қорғау органдарының аппараттары басшыларының өкiлеттiктерiн олардың бiрiншi басшылары айқындайды.
6. Орталық мемлекеттiк органдардың жауапты хатшылары, аппарат басшылары және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерi аппараттарының басшылары осы бапта көзделген лауазымдық өкiлеттiктердiң орындалуына дербес жауапты болады.
7. Орталық мемлекеттiк органдардың жауапты хатшылары мен аппарат басшылары және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерi аппараттарының басшылары функциялары мен өкiлеттiктерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк органдарының басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкiмдерi аталған адамдардың мемлекеттiк лауазымды одан әрi атқаруы туралы мәселеге Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiппен бастамашы болуға құқылы.
13-бап. Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер
1. Мемлекеттiк қызметшi:
1) өкiлдi органның депутаты болуға;
2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетiн қызметпен айналысуға;
3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкiлеттiктерiне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
4) өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң тiкелей бақылауындағы мемлекеттiк органда үшiншi тұлғалардың iстерi бойынша өкiл болуға;
5) өзiнiң қызметтiк жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етуге арналған құралдарды, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;
6) ереуiлдi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және лауазымдық мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетiлетiн қызметтерiн жеке мақсаттарында пайдалануға құқылы емес.
2. Мемлекеттiк қызметшi мемлекеттiк лауазымға кiргеннен кейiн бiр ай iшiнде осы адамға заңды түрде тиесiлi ақшаны, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiктi қоспағанда, өз меншiгiндегi, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестердi, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кiрiстер алуға әкелетiн өзге де мүлiктi мемлекеттiк қызметтi өткеру уақытында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шарты нотариатта куәландырылуға жатады. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шартының нотариат куәландырған көшiрмесiн мемлекеттiк қызметшi нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметiне (кадр қызметiне) ұсынады.
3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерiн, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiн қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлердiң өздерiне тиесiлi облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенiмгерлiк басқаруға бермеуiне болады.
4. Мемлекеттiк қызметшiнiң сенiмгерлiк басқаруға берiлген мүлiктен кiрiс алуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерiн, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiн қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлер тұрғын-жайларын мүлiктiк жалдауға беруге құқылы.
5. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мүлкiн сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары аталған мемлекеттiк лауазымдарға тағайындалған күннен бастап бiр ай мерзiмде өздерiне тиесiлi инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенiмгерлiк басқаруға беруге және сенiмгерлiк басқару шартының нотариат куәландырған көшiрмесiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң кадр қызметiне ұсынуға мiндеттi.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасы мен оның орынбасарлары инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға құқылы емес.
7. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшi өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi (қарындастары), аталары, әжелерi, немерелерi) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын лауазымға тiкелей бағыныстағы мемлекеттiк лауазымды атқара алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |