3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТКЕ КIРУ
14-бап. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру
1. Азаматтардың мемлекеттiк саяси қызметке кiруi тағайындалу не сайлану негiзiнде, сондай-ақ басқа да жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк саяси лауазымға орналасу Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларда осы лауазымға орналасу үшiн қажеттi келiсуден өткен және арнайы тексерудiң оң нәтижелерi алынған жағдайда жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру үшiн қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президентi айқындауы мүмкiн.
4. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарды қоса атқаруына жол берiлмейдi.
15-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру
1. Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi өкiлдi органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу конкурстық негiзде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк қызметке алғаш рет кiретiн немесе оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кiретiн азаматтарды мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға тағайындау арнайы тексерудiң оң нәтижелерi алынғаннан кейiн жүзеге асырылады.
3. Өкiлеттiктерiн терiс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкiлеттiктерiн тоқтатқан, өз өкiлеттiктерiн кемiнде алты ай орындаған және белгiленген арнайы бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн Парламент депутаттары, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттары, мемлекеттiк саяси қызметшiлер, судьялар мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен кадр резервiне iрiктеу және конкурс өткiзiлместен, уәкiлеттi комиссияның шешiмi бойынша орналаса алады.
16-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру шарттары
1. Мемлекеттiк лауазымдарға тиiстi бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн, өзiнiң жеке және кәсiби қасиеттерi, денсаулық жағдайы, бiлiм деңгейi бойынша өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттердi атқаруға қабiлеттi және Қазақстан Республикасының заңында белгiленген зейнеткерлiк жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында олардың өкiлеттiк мерзiмдерi айқындалған мемлекеттiк саяси лауазымдарға қолданылмайды.
Зейнеткерлiк жасқа жеткен адамды осы бапта көзделмеген өзге жағдайларда мемлекеттiк саяси лауазымға тек Қазақстан Республикасының Президентi ғана тағайындауы мүмкiн.
Құқық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үмiткер азаматтарға қойылатын жасына байланысты шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
РҚАО-ның ескертпесi!
2-тармақ 01.01.2017 бастап қолданысқа енгiзiледi - ҚР 23.11.2015 № 416-V Заңымен.
2. Құқық қорғау органдарының бiлiм беру ұйымдарына оқуға түсетiндердi қоспағанда, құқық қорғау қызметiне алғаш рет кiретiн азаматтар құқық қорғау органдарымен келiсу бойынша уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен және мерзiмдерде олардың жеке қасиеттерiн бағалауды қоса алғанда, уәкiлеттi органда тесттен өтедi.
3. Мемлекеттiк қызметке:
1) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиiстi мемлекеттiк лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгiленбесе, он сегiз жасқа дейiнгi;
2) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;
3) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
4) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi мемлекеттiк лауазымдарға орналасу үшiн денсаулық жағдайына арнайы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негiзiнде лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;
5) өзiнiң мәртебесiн және соған негiзделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi мүмкiн әрекеттердi болғызбау мақсатында өзiне осы Заңда белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
6) мемлекеттiк қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылған азаматты қабылдауға болмайды. Бұл ретте мемлекеттiк қызметке кiр келтiретiн тәртiптiк терiс қылық үшiн қызметтен шығарылған азамат мемлекеттiк қызметке жiберiлмейдi;
7) мемлекеттiк қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
9) мемлекеттiк қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде қылмыстық терiс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшiн соттың айыптау үкiмi шығарылған немесе қылмыстық терiс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшiн өзiне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексi 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде босатылған;
10) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;
11) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексi 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде босатылған;
12) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;
13) қылмыстық топтың құрамындағы қылмыс туралы өзiне қатысты қылмыстық iстi қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның төменгi шегiнiң мерзiмi өткенге дейiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексiнiң 35-бабы бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде тоқтатқан;
14) құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттiк органдардан және соттардан, әскери қызметтен терiс себептер бойынша шығарылған азаматты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қабылдауға болмайды.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi көрсетпеу не қасақана бұрмалап көрсету мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тартуға негiз болып табылады.
5. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бiр кемсiтушiлiкке жол берiлмейдi.
6. Адамдарды құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
7. Азаматтың және оның жұбайының (зайыбының) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен кiрiстерi және өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлкi туралы декларацияны мемлекеттiк кiрiс органдарына ұсынуы мемлекеттiк қызметке кiрудiң мiндеттi шарты болып табылады.
РҚАО-ның ескертпесi!
7-тармақтың екiншi абзацының қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн ҚР 23.11.2015 № 416-V Заңының 68-бабынан қараңыз.
Мемлекеттiк лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) жұмысқа қабылдау туралы актiсi шыққанға дейiн азамат персоналды басқару қызметiне (кадр қызметiне) кiрiстерi және өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлкi туралы декларацияны тапсырғаны туралы анықтаманы ұсынуға мiндеттi.
17-бап. Бiлiктiлiк талаптары
1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға үмiткер азаматтар белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай болуға тиiс.
2. Мемлекеттiк саяси лауазымдарға бiлiктiлiк талаптары белгiленбейдi.
3. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын арнайы бiлiктiлiк талаптарын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
4. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын бiлiктiлiк талаптары мемлекеттiк орган мен оның құрылымдық бөлiмшелерi қызметiнiң негiзгi бағыттары, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң лауазымдық өкiлеттiктерi ескерiлiп әзiрленедi.
«Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын бiлiктiлiк талаптарын мемлекеттiк лауазымдарға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган), егер Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiнде өзгеше көзделмесе, уәкiлеттi органмен және оның аумақтық бөлiмшелерiмен келiсу бойынша мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға қойылатын үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарының негiзiнде бекiтедi.
«Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын уәкiлеттi орган бекiтедi.
5. Құқық қорғау органдарында мемлекеттiк лауазымдарға қойылатын бiлiктiлiк талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.
18-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде қабылданатын
шектеулер
Мемлекеттiк қызметке қабылдану кезiнде азаматтар өздерiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн және соған негiзделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерде пайдалануға алып келуi мүмкiн әрекеттердi болғызбау мақсатында өзiне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулердi қабылдайды.
Бұл шектеулердi персоналды басқару қызметi (кадр қызметi) мемлекеттiк қызметке қабылданған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жазбаша нысанда тiркейдi.
Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi қабылдамау мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тартуға немесе қызметтен шығаруға әкеп соғады.
19-бап. Арнайы тексеру
1. Мемлекеттiк қызметке алғаш рет кiретiн немесе мемлекеттiк қызметке оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кiретiн азаматтар осы Заңға және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметке кiру шарттарына сәйкестiгi тұрғысынан ұлттық қауiпсiздiк органдары жүргiзетiн арнайы тексерудiң оң нәтижелерiн алуы қажет.
Арнайы тексерудi жүргiзу мерзiмi үш айға дейiнгi уақытты құрайды.
2. Осы Заңға сәйкес мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiретiн азаматтар арнайы тексерудiң нәтижелерi алынған күнге дейiн мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым бойынша көзделген мiндеттердi уақытша атқарады.
Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi.
Арнайы тексерудi жүргiзу кезеңiнде бұл азаматтарға мемлекеттiк қызметшiлердiң мiндеттерi мен жауаптылығы, мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер бөлiгiнде осы Заңның ережелерi қолданылады. Бұл азаматтардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.
Жұмысқа қабылдау мемлекеттiк органның актiсiмен ресiмделедi.
20-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiндегi сынақ мерзiмi
1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке алғаш рет кiрген, сондай-ақ мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кiрген мемлекеттiк қызметшiлер үшiн олардың атқаратын мемлекеттiк лауазымдарына сәйкестiгiн тексеру мақсатында сынақ мерзiмi белгiленедi. Сынақ мерзiмiнен өту туралы шарттар мемлекеттiк органның мемлекеттiк лауазымға тағайындау туралы актiсiнде көзделедi.
Мемлекеттiк саяси қызметке, «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiне кiрген мемлекеттiк қызметшiлер үшiн сынақ мерзiмi белгiленбейдi.
Құқық қорғау органдарына қызметке кiрген мемлекеттiк қызметшiлер үшiн сынақ мерзiмi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
2. Сынақтан өтушi мемлекеттiк қызметшiлердiң дәлелдi себептермен жұмыста болмаған кезеңдерi сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
3. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiне алғаш рет кiрген, сондай-ақ «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiне оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кiрген мемлекеттiк қызметшiлер үшiн сынақ мерзiмi үш айды құрайды.
Сынақ мерзiмiнiң нәтижесi қанағаттанарлықсыз болғанда сынақ мерзiмi мемлекеттiк лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) не ол уәкiлеттiк берген лауазымды адамның шешiмi бойынша кейiннен қайта ұзартылмайтын үш айға ұзартылады.
«Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiн сынақ мерзiмiнiң нәтижелерi бойынша қызметтен шығару уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшесiмен келiсу бойынша жүзеге асырылады.
4. Сынақ мерзiмi кезеңiнде, оның iшiнде оны ұзартқан кезде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке алғаш рет кiрген мемлекеттiк қызметшiлерге тәлiмгерлер бекiтiледi.
5. Сынақ мерзiмiнен өтудiң тәртiбi мен шарттарын және тәлiмгерлердi бекiту тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
21-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң ант қабылдауы
1. Антты:
1) мемлекеттiк қызметке алғаш рет кiрген мемлекеттiк қызметшiлер;
2) мемлекеттiк қызметке оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кiрген мемлекеттiк қызметшiлер қабылдайды.
Мемлекеттiк қызметшiлердiң ант беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
2. Мемлекеттiк қызметшi әкiмшiлiк немесе өзге мемлекеттiк лауазымнан мемлекеттiк саяси лауазымға ауысуы кезiнде ант бередi.
3. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер әкiмшiлiк немесе өзге мемлекеттiк қызметке ауысқан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне ант берудi көздейтiн мемлекеттiк лауазымдарды қоспағанда, басқа мемлекеттiк саяси лауазымдарға тағайындалған немесе сайланған жағдайда қайта ант бермейдi.
4-тарау. «А» КОРПУСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ӘКIМШIЛIК ҚЫЗМЕТIНЕ КIРУ
ЖӘНЕ ОНЫ ӨТКЕРУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
22-бап. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң
кадр резервiне iрiктеу
1. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне iрiктеу «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына қойылатын белгiленген арнайы бiлiктiлiк талаптарына және осы Заңда белгiленген өзге де талаптарға сай келетiн азаматтар қатарынан жүзеге асырылады.
«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне iрiктеудi уәкiлеттi комиссия Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртiппен жүзеге асырады.
2. Уәкiлеттi орган «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен уәкiлеттi комиссия ұсынған азаматтар қатарынан қалыптастырады.
«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алынған азаматтарды «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкiлеттiк берген лауазымды адам «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына конкурс өткiзбестен тағайындай алады.
23-бап. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына
орналасуға арналған конкурс
1. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына орналасу үшiн конкурс өткiзiлуi мүмкiн.
2. «А» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға арналған конкурс «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiне алынған азаматтар қатарынан жүзеге асырылады.
Конкурсты осы мемлекеттiк лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкiлеттiк берген лауазымды адам жүзеге асырады.
«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына орналасуға арналған конкурс уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртiппен өткiзiледi.
24-бап. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк
қызметшiлерiмен жасалатын еңбек шарттары
Адамды «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына тағайындау кезiнде онымен еңбек шарты жасалады.
«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiмен еңбек шартын мемлекеттiк лауазымға тағайындау және мемлекеттiк лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкiлеттiк берген лауазымды адам (орган) жасайды.
«А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiсiмен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
25-бап. Мемлекеттiк лауазымды «А» корпусының мемлекеттiк
әкiмшiлiк лауазымына өзгерту
1. Мемлекеттiк лауазым «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына өзгертiлген жағдайда:
1) мемлекеттiк лауазымды «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметiнiң кадр резервiнде тұрған адам конкурстық iрiктеу негiзiнде алмастырады;
2) мемлекеттiк лауазымды алмастыру мерзiмiн уәкiлеттi комиссия белгiлейдi;
3) осы мемлекеттiк лауазымды атқаратын мемлекеттiк қызметшi мемлекеттiк лауазым осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес алмастырылғанға дейiн осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетiлген мерзiм өткенге дейiн жұмысын жалғастыруға құқылы.
2. Мемлекеттiк лауазымы «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына өзгертiлген мемлекеттiк қызметшiге мемлекеттiк орган оның бiлiктiлiгiне сәйкес және бос орынның болуына қарай мемлекеттiк лауазым ұсынады.
Мемлекеттiк қызметшi жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда қызметтен шығарылуға тиiс. Бұл ретте мемлекеттiк орган кемiнде үш жыл мемлекеттiк қызмет өтiлi бар мемлекеттiк қызметшiге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейдi.
5-тарау. «Б» КОРПУСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ӘКIМШIЛIК ЛАУАЗЫМЫНА
ОРНАЛАСУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
26-бап. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына
мемлекеттiк қызметке алғаш рет кiретiн немесе
қайтадан кiретiн азаматтарды iрiктеу
«Б» корпусының мемлекеттiк лауазымдарына алғаш рет кiретiн немесе мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн оған қайтадан кiретiн азаматтар мынадай iрiктеу кезеңдерiнен өтедi:
1) уәкiлеттi орган айқындаған тәртiппен тесттен өту;
2) уәкiлеттi органның қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерiн бағалату;
3) «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға арналған жалпы конкурс.
27-бап. «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына
орналасуға арналған конкурс
1. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға конкурс мынадай түрлерден тұрады:
1) азаматтар арасындағы жалпы конкурс;
2) мемлекеттiк қызметшiлер арасындағы iшкi конкурс.
2. Конкурс мынадай бiрқатар жүйелi кезеңдердi қамтиды:
1) конкурс өткiзу туралы хабарландыруды жариялау;
2) конкурсқа қатысуға ниет бiлдiрген адамдардан құжаттар қабылдау;
3) мемлекеттiк органның конкурстық комиссиясын не бiрыңғай конкурстық комиссияны құру;
4) конкурсқа қатысушылардың құжаттарын белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай болуы тұрғысынан қарау;
5) конкурсқа қатысушылармен мемлекеттiк органның конкурстық комиссиясы өткiзетiн әңгiмелесу;
6) мемлекеттiк органның конкурстық комиссиясының қорытындысы.
Конкурс өткiзудiң тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
3. Орталық мемлекеттiк органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлiмшелерiнде конкурс өткiзу кезiнде хабарландырулар орталық мемлекеттiк органдардың және уәкiлеттi органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таралатын мерзiмдi баспа басылымдарында жариялауға жол берiледi.
Жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткiзу туралы хабарландырулар жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкiлеттi органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағына таралатын мерзiмдi басылымдарда жариялауға жол берiледi.
Персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) құрылған жағдайда хабарландырулар өзi соның құрылымында тұрған мемлекеттiк органның интернет-ресурсында да орналастырылады.
4. Егер конкурс «Б» корпусының уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына өткiзiлсе, осы шарт конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлуге тиiс.
5. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға құқығы бар. Тағайындау құқығы бар лауазымды адам оны жарияланған мемлекеттiк лауазымға қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
6. Конкурстық комиссияның шешiмiне қатысты уәкiлеттi органға не сотқа шағым жасауға болады.
28-бап. Жалпы конкурс
1. Жалпы конкурс «Б» корпусының бос немесе уақытша бос төменгi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына, сондай-ақ осы Заңның 29-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда төменгi лауазым болып табылмайтын өзге де бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу үшiн өткiзiледi.
2. «Б» корпусының төменгi болып табылмайтын өзге де бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасу үшiн жалпы конкурс орталық атқарушы органда не оның ведомствосында уәкiлеттi органмен келiсу бойынша, ал орталық мемлекеттiк органның немесе оның ведомствосының аумақтық бөлiмшесiнде не жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органда уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiмен келiсу бойынша өткiзiледi.
Осы Заңның 29-бабында көзделген iшкi конкурс өткiзу жөнiндегi талаптардың сақталмауы жалпы конкурс өткiзуден бас тартуға негiз болып табылады. Келiсу тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
3. Жалпы конкурсқа қатысуға тест рәсiмдерiнен алдын ала өткен және уәкiлеттi орган белгiлеген мәндерден төмен емес нәтижелерi бар азаматтар жiберiледi.
Тест нәтижелерiне шағым жасау тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде конкурстық комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық бiрлестiктер, қоғамдық кеңестер, үкiметтiк емес ұйымдар жұмысына қатысқанын, волонтерлiк, қайырымдылық қызметтi жүзеге асырғанын ескередi.
4. Уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi қорытынды бере отырып, азаматтардың жеке қасиеттерiн бағалауды жүргiзедi. Азаматтардың жеке қасиеттерiн бағалауды жүргiзу тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды. Азаматтардың жеке қасиеттерiн бағалау нәтижелерiн конкурстық комиссия шешiм қабылдау кезiнде ескередi.
29-бап. Iшкi конкурс
1. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасу үшiн мемлекеттiк орган осы мемлекеттiк органның мемлекеттiк қызметшiлерi арасында iшкi конкурс өткiзедi, оған оның ведомствосының, аумақтық бөлiмшелерiнiң мемлекеттiк қызметшiлерi де, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметiнiң құқықтық негiздерiн, сондай-ақ оның жұмысын ұйымдастыру тәртiбiн белгiлейтiн заңда айқындалған өзге де адамдар қатысуға құқылы.
Персоналды басқарудың бiрыңғай қызметi (кадр қызметi) немесе бiрыңғай конкурстық комиссия құрылған жағдайда iшкi конкурс аталған қызмет немесе комиссия солар үшiн құрылған мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлерi арасында өткiзiледi.
2. Конкурстық комиссияның немесе бiрыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған кезде барлық мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлерi арасында iшкi конкурс өткiзiледi.
«Б» корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасу үшiн iшкi конкурс өткiзiлмейдi.
3. Мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлерi арасында конкурстық комиссияның немесе бiрыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған жағдайда осы Заңның 28-бабына сәйкес жалпы конкурс өткiзiледi.
4. Мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары көмекшiлерiнiң немесе кеңесшiлерiнiң, баспасөз хатшыларының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына конкурс өткiзiлместен, атқаратын мемлекеттiк лауазымынан бiр мезгiлде босата отырып, басқа мемлекеттiк органдардан ауысу тәртiбiмен орналасуға жол берiледi. Аталған адамдардың мемлекеттiк органның, аумақтық бөлiмшелерiн қоса алғанда, оның ведомствосының iшiнде одан әрi ауысуына жол берiлмейдi.
«Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарына конкурс өткiзiлмей, ауысу тәртiбiмен орналасу Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен өзге де жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкiн.
Уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлiмшесiнiң келiсiмi ауысудың шарты болып табылады.
5. Адам мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтен шығарылған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде, егер ол өзге де жеке және заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрмаған болса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шықпаса, iшкi конкурстың қорытындылары бойынша «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына орналасуға құқылы.
Мұндай жағдайларда осы адамға мiндеттi арнайы тексеруден өту туралы, сынақ мерзiмiн белгiлеу туралы және кiрiстерi мен өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлкi туралы декларацияны өзiнiң бұрынғы жұмыс орны бойынша тапсырған жағдайда оны ұсыну туралы талаптар қолданылмайды.
30-бап. Мемлекеттiк лауазымға тағайындау
1. Азаматтарды мемлекеттiк лауазымдарға тағайындауды және мемлекеттiк қызметшiлердi мемлекеттiк лауазымдардан босатуды лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адам (орган) не өзiне осындай өкiлеттiктер берiлген өзге де лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.
2. Азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiн ресiмдеу кезiнде мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етедi.
3. Персоналды басқару қызметтерi (кадр қызметтерi) мемлекеттiк қызметшiлерге қызметтiк тiзiмдi толтырады. Қызметтiк тiзiм нысанын уәкiлеттi орган бекiтедi.
4. Мемлекеттiк қызметшiге мемлекеттiк лауазымы мен лауазымдық өкiлеттiктерiн растайтын құжат болып табылатын қызметтiк куәлiк берiледi.
Қызметтiк куәлiктi беру тәртiбiн, оның сипаттамасын мемлекеттiк орган бекiтедi.
Достарыңызбен бөлісу: |