291-бап. Инвестициялық субсидия
1. Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге және инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестициялардың жүзеге асырылуын көздейтін инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына өтеусіз және қайтарымсыз негізде инвестициялық преференция ретінде берілетін бюджеттік субсидияның түрі инвестициялық субсидия болып табылады.
2. Өңірлік дамуға жәрдемдесу мақсатында инвестициялық субсидия инвестициялық басым жобаны іске асыратын инвесторға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде беріледі.
Инвестициялық субсидия Қазақстан Республикасының Үкіметі инвестициялық субсидия беру үшін айқындаған басым қызмет түрлері бойынша беріледі.
3. Инвестициялық субсидия инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасында көзделген қосылған құн салығы мен акциздер есепке алынбай, құрылыс-монтаждау жұмыстары және жабдықты сатып алу құнының отыз пайызына дейін өтеу арқылы беріледі.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының және жабдықты сатып алудың іс жүзіндегі шығындары бойынша инвестициялық субсидияны төлеу растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар жобалау алдындағы құжаттамада көзделген шығындардың құнынан аспайды.
4. Мыналар инвестордың іс жүзіндегі шығындарын растайтын құжаттар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес ресімделген алғашқы есепке алу құжаттары;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ресімделген шот-фактуралар;
3) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ресімделген кедендік декларациялар.
5. Инвестициялық субсидияны төлеу кестесі мен жылдық көлемдері инвестициялық келісімшарт шеңберінде кемінде үш жыл, бірақ инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімінен аспайтын кезеңге инвестициялық субсидияны тең үлестермен бөлу арқылы белгіленеді.
6. Инвестициялық субсидияны төлеу инвестициялық келісімшартта белгіленген өндірістік көрсеткіштер орындалған жағдайда өндіріс толық көлемде пайдалануға берілгеннен кейін жобаның іске асырылу жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша жүзеге асырылады.
7. Инвестициялық субсидияны беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
292-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмге қойылатын талаптар
1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм:
1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2) заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен және мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған заңды тұлға жарғысының көшірмесі;
3) инвестициялық жобаның инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейтiн талаптарға сәйкес жасалған бизнес-жоспары;
4) 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) өтiнiм берген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы сұрау салған мемлекеттiк заттай гранттың мөлшерiн (құнын) және оны беру алдын ала келiсiлгенiн растайтын құжаттар;
6) 2017 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Арнайы инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және тәртіппен қабылданады және тіркеледі.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Егер инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінімде салықтар бойынша преференциялар және (немесе) инвестициялық субсидия беру көзделген жағдайда, инвестор Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жобалау алдындағы және (немесе) жобалау құжаттамасына заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен, мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған мемлекеттік сараптаманың қорытындысын ұсынады.
293-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдi қарау мерзiмдерi
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органға қарау үшін берiледi, ол осы Кодекстің 285 және 286-баптарында белгіленген талаптарға сәйкес өтiнiм тiркелген күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде шешiм қабылдайды.
Инвестициялық субсидия түріндегі инвестициялық преференция беруге арналған өтінімді қарау тәртібі инвестициялық субсидия беру қағидаларында айқындалады.
2. Инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмдi қабылдау, тiркеу және қарау тәртiбiн инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган айқындайды.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Осы баптың ережелері арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдерге қолданылмайды.
294-бап. Инвестициялық келiсiмшарт жасасу
1. Инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтiн инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт инвестициялық келiсiмшарт болып табылады.
2. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде үлгілiк келiсiмшарттың ережелерiн ескере отырып, инвестициялық келiсiмшартты қол қоюға дайындайды.
Үлгілiк келiсiмшарт деп Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн және инвестициялық келiсiмшарттар жасасқан кезде пайдаланылатын үлгiлік келiсiмшарт түсініледі.
3. Инвестициялық келiсiмшартты инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде тiркейдi және тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
Инвестициялық келісімшартты инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган тіркеген күн оның жасалған күні болып табылады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзiмiмен айқындалады. Жұмыс бағдарламасы бойынша жұмыстарды аяқтау мерзiмi инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін кемiнде тоғыз ай бұрын аяқталуға тиiс.
Қаржы лизингі шартын жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық жобаны іске асырған жағдайда, инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi қаржы лизингі шартының қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейін тоғыз ай өткен соң аяқталуға тиіс.
295-бап. Инвестициялық келiсiмшартты бұзу жағдайлары
1. Инвестициялық преференциялардың қолданылуы инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi өткен соң тоқтатылады не осы бапта белгiленген тәртiппен осындай мерзiм өткенге дейiн тоқтатылуы мүмкiн.
2. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылуы:
1) тараптардың келiсуi бойынша;
2) бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Инвестор инвестициялық келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған кезде және келісімшартқа өзгерістер енгізу үшін инвестор инвестициялық жобаның одан әрі іске асырылу мүмкіндіктерін негіздейтін құжаттарды ұсынбаған жағдайда инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай өткен соң біржақты тәртіппен инвестициялық келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатады.
Инвестициялық келісімшарт бұзылған жағдайда, көрсетілген заңды тұлға инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференциялардың салдарынан бюджетке төленбеген салықтар мен кедендік баждардың сомаларын төлейді.
4. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының бастамасы бойынша инвестициялық келiсiмшарт бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде аталған заңды тұлға инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесінде төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейдi.
5. Инвестициялық келiсiмшарт тараптардың келiсуi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесінде төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейдi.
6. Инвестициялық келiсiмшарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы өзiне мемлекеттiк заттай грант ретiнде берiлген мүлiктi заттай не инвестициялық келiсiмшарттың талаптарына сәйкес оның берiлген күнгi бастапқы құнын қайтарады.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6-1. Инвестициялық келісімшарт бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық келісімшарт бойынша төленген инвестициялық субсидияның сомасын толық көлемде өтейді.
7. Мемлекеттiк заттай грантты қайтаруды инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiмі қабылданғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүзеге асырады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 295-1-баппен толықтырылды
295-1-бап. Арнайы инвестициялық келiсiмшартты жасасу және бұзу
1. Арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруді көздейтін шарт арнайы инвестициялық келісімшарт болып табылады.
2. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік арнайы инвестициялық келісімшарттың ережелерін ескере отырып, арнайы инвестициялық келісімшартты қол қою үшін дайындайды.
3. Арнайы инвестициялық келісімшартты жасасудың және бұзудың тәртібі мен шарттарын инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Арнайы инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімі инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзімімен айқындалады.
296-бап. Инвестициялық дауларды шешу
1. Инвестордың инвестициялық қызметiне байланысты инвесторлар, оның ішінде ірі инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау инвестициялық дау болып табылады.
2. Инвестициялық даулар келiссөздер арқылы не дауларды шешудiң тараптармен бұрын келiсілген рәсiмiне сәйкес шешіледі.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Инвестициялық дауларды осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес шешу мүмкiн болмаған кезде дауларды шешу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамалық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ тараптардың келiсiмімен айқындалатын төрелiктерде жүргiзiледi.
4. Инвестициялық дауларға жатпайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.
26-тарау. ҮШІНШІ ЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ АРНАЙЫ ҚОРҒАУ, ДЕМПИНГКЕ ҚАРСЫ ЖӘНЕ ӨТЕМАҚЫ ШАРАЛАРЫ
297-бап. Ішкі нарықты қорғау шараларын енгізу туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында үшінші елдерден шығарылатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты ішкі нарықты қорғау шаралары арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары түрінде енгізілуі мүмкін.
Үшінші елдер деп Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қатысушылары болып табылмайтын елдер және (немесе) елдер бірлестіктері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін әлем елдерінің сыныптауышына енгізілген аумақтар түсініледі.
2. Арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізу және қолдану, қайта қарау немесе олардың күшін жою не тиісті шараны қолданбау туралы шешімдерді Еуразиялық экономикалық комиссия қабылдайды.
Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану алдындағы тергеп-тексеруді жүргізу «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
298-бап. Шаралардың түрлері
1. Импорттық квотаны, арнайы квотаны немесе арнайы бажды, оның ішінде алдын ала арнайы бажды енгізу арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша қолданылатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауардың өскен импортын шектеу жөніндегі шара арнайы қорғау шарасы болып табылады.
2. Демпингке қарсы бажды, оның ішінде алдын ала демпингке қарсы бажды енгізу немесе экспорттаушы қабылдаған баға міндеттемелерін мақұлдау арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша қолданылатын демпингтік импортқа қарсы іс-қимыл шарасы демпингке қарсы шара болып табылады.
3. Өтемақы бажын (оның iшiнде алдын ала өтемақы бажын) енгізу не субсидиялаушы үшінші елдің уәкiлеттi органы немесе экспорттаушы қабылдаған ерікті мiндеттемелерді мақұлдау арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешiмi бойынша қолданылатын, мүше мемлекеттердің экономика саласына экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясының әсер етуін бейтараптандыру жөніндегі шара өтемақы шарасы болып табылады.
299-бап. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану қағидаттары
Арнайы қорғау шарасы, егер тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осы тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына елеулі нұқсан келтіретіндей немесе осындай нұқсан келтіру қатерін төндіретіндей өскен мөлшерлерде (мүше мемлекеттерде ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды өндірудің жалпы көлеміне абсолютті немесе салыстырмалы көрсеткіштерде) және жағдайларда жүзеге асырылып жатқаны анықталған болса, тауарға қолданылуы мүмкін.
Демпингке қарсы шара, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осындай тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық нұқсан келтіретіндігі, осындай нұқсанды келтіру қатерін төндіретіні немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құруды едәуір баяулататыны анықталған болса, демпингтік импорттың нысанасы болып табылатын тауарға қолданылады.
Өтемақы шарасы өндіру, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осындай тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық нұқсан келтіретіні, осындай нұқсанды келтіру қатерін төндіретіні немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құруды едәуір баяулататыны анықталған болса, экспорттау немесе тасымалдау кезінде экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясы пайдаланылған импортталатын тауарға қолданылуы мүмкін.
Мүше мемлекеттер деп Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың Тараптары болып табылатын мемлекеттер түсініледі.
6-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ҚОРҒАУ НЫСАНДАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ
27-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ
300-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау нысандары
1. Әрбір кәсіпкерлік субъектісінің өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға құқығы бар.
Кәсіпкерлік субъектілерінің бұзылған немесе даулы құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де тәртіппен (төрелік, медиация, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, омбудсмен, келіссөздер, наразылық тәртіп және өзгелер) жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда лауазымды адамдардың әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) және мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағым жасау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Заңдарда арнайы көзделген жағдайларда, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау құқығы бұзылған кәсіпкерлік субъектісінің тiкелей iс жүзiндегi немесе заңдық әрекеттерiмен (өзiн-өзi қорғау) жүзеге асырылуы мүмкiн.
301-бап. Қорғаудың соттағы нысаны
Кәсіпкерлік субъектілері бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн қорғау үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
302-бап. Тараптары кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дауларды сотқа дейін реттеу
1. Құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған кәсіпкерлік субъектілері осы құқықтарды бұзушымен дауды тікелей реттеу мақсатында оған Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жазбаша кінәрат қоюын білдіреді.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау міндетті емес болғанда, кәсіпкерлік субъектісі өзінің бұзылған құқығын қорғау үшін тікелей сотқа жүгінуге құқылы.
3. Даулар сотқа дейінгі тәртіппен реттелмеген жағдайда, кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
303-бап. Қорғаудың соттан тыс нысандары
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) шартта көзделген мынадай нысандарда:
1) төрелікте;
2) медиация қолдану арқылы;
3) партисипативтік рәсім тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғаудың басқа да соттан тыс нысандары белгіленуі мүмкін.
3. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру процесінде туындайтын келіспеушіліктерді реттеу мақсатында кәсіпкерлік субъектілері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге, омбудсменге жүгінуге құқылы.
304-бап. Төрелікте құқықтарды қорғау
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дау төрелік келісім болған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен төрелікте қаралуы мүмкін.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Дауды шешу үшін төреліктер тұрақты жұмыс істейтін төрелік немесе нақты дауды шешуге арналған төрелік түрінде құрылуы мүмкін.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді ұйымдастыру және олардың қызметінің тәртібі олардың регламенттерінде және Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленеді.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер нақты дауды шешу үшін құрылатын төрелікті ұйымдастыруға және оның қызметінің тәртібіне қойылатын өзге де талаптар Қазақстан Республикасының заңында және халықаралық шарттарында белгіленбесе, онда олар тараптардың келісімімен айқындалады.
5. Егер төрелік шешім онда белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, онда ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен мәжбүрлеп орындалуға жатады.
305-бап. Құқықтарды медиация рәсімін қолдану арқылы қорғау
1. Кәсіпкерлік субъектілері арасында медиация жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады.
2. Кәсіпкерлік субъектілері қатысатын азаматтық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды реттеу кезінде медиация сотқа жүгінгенге дейін де, сот талап-арызды қабылдағаннан кейін де қолданылуы мүмкін.
3. Медиация жүргізудің тәртібі мен шарттары «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделеді.
306-бап. Құқықтарды партисипативтік рәсім тәртібімен қорғау
1. Кәсіпкерлік субъектілері партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасасуға құқылы.
2. Партисипативтік рәсім екі тарап адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесумен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
3. Партисипативтік рәсімді өткізудің тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексімен реттеледі.
28-тарау. ҚАЗАҚСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ.ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ОМБУДСМЕН
Достарыңызбен бөлісу: |