633-бап. Кірістер мен мүлік туралы декларация
1. Кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыратын жылдың алдындағы күнтізбелік жыл ішінде:
1) осы Кодекстің ережелеріне сәйкес мынадай адамдардың бірі:
Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы;
оралман;
тұруға ықтиярхаты бар адам болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті;
2) осы баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
3) осы баптың 3-тармағында айқындалған жағдайда кәмелетке толмаған адам болып табылатын жеке тұлға кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырады.
2. Шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар, егер:
1) есепті салықтық кезеңде Қазақстан Республикасындағы көздерден жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерді алған;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру міндеті жүктелген адамдар болып табылса, кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық немесе оларға теңестірілген өкілдіктердің, шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдардың және олардың өкілдіктерінің қызметкерлері болып табылатын шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ олардың өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелеріне қолданылмайды.
Есепті салықтық кезеңде алынған, жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығын төлеу міндеттемесі туындаған жағдайда мұндай тұлғаның жеке табыс салығын төлеуі осы Кодекстің 641-бабының 2) тармақшасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
3. Кәмелетке толмаған адамдар кірістер мен мүлік туралы декларацияны осы адамдарда мынадай жағдайлардың кез келгені басталған кезде тапсырады:
1) мынадай:
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;
бюджет қаражаты есебінен төленетін жәрдемақылар, өтемақылар, стипендиялар;
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер;
лицензия негізінде банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы салымдар бойынша сыйақылар;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебінен төленетін тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақылар;
«Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерлерде бюджет қаражаты есебінен төленетін білім беру жинақтау салымдары бойынша мемлекет сыйлықақылары түріндегі кірістерді қоспағанда, есепті салықтық кезеңде кірістер, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде алу;
2) мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде иеліктен шығару және (немесе) сатып алу және (немесе) өтеусіз алу;
3) тұрғын үй құрылысына қатысу үлесін, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде сатып алу және (немесе) талап ету құқығын басқаға беру және (немесе) өтеусіз алу;
4) есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша банктік шоттарда, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде жиынтығы барлық банк салымдары бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1882 еселенген мөлшерінен асатын ақша сомасының болуы;
5) Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған банктерге және банк операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға берешекті қоспағанда, есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5880 еселенген мөлшерінен асатын басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешек) және (немесе) жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі (кредиторлық берешек) сомасының болуы.
4. Осы баптың 1-тармағында аталған жеке тұлға есепті салықтық кезең ішінде бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келген кезде оңайлатылған нысан бойынша қосымшаларсыз кірістер мен мүлік туралы декларацияны (бұдан әрі - кірістер мен мүлік туралы қысқаша декларация) тапсыруға міндетті:
1) жеке тұлға:
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны, кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру міндеті жүктелген тұлға;
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларацияны тапсыру бойынша міндет жүктелген тұлға;
дара кәсіпкер;
жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайды;
2) жеке тұлға:
мүліктік кіріс;
жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістер алмайды;
3) жеке тұлғаның кез келген кірістері болмайды немесе жеке тұлға кірістерді:
төлем көзінен салық салуға жататын кірістер;
өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу;
алименттер түрінде ғана алды;
4) жеке тұлға салық агентіне төлем көзінен салық салынатын кірісті өзге шегерімдердің алдын ала сомасына азайтуға өтінішті бермеді;
5) жеке тұлғаның жеке табыс салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызуға және (немесе) қайтаруға құқығы жоқ немесе жеке табыс салығы бойынша асып кетудің есепке жатқызылуын және (немесе) қайтарылуын жүргізу құқығын іске асыруды қаламайды;
6) жеке тұлға мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде сатып алмады, иеліктен шығармады, өтеусіз алмады.
|