3-тарау. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ. ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ТУЫНДАУ НЕГІЗДЕРІ
19-бап. Еңбек қатынастарының субъектілері
1. Қызметкер мен жұмыс беруші еңбек қатынастарының субъектілері болып
табылады.
Шетелдік заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің басшысы осы заңды тұлға
атынан жұмыс берушінің барлық құқықтарын жүзеге асырады және барлық міндеттерін
орындайды.
2. Жеке және заңды тұлғалар нормативтік құқықтық актілер, сот шешімдері,
сондай-ақ құрылтай құжаттары не сенімхат негізінде өздеріне берілген өкілеттіктер
шегінде қызметкерлердің немесе жұмыс берушінің мүдделерін білдіреді.
20-бап. Еңбек қатынастарының туындау негіздері
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда,
еңбек қатынастары қызметкер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес
жасалған еңбек шартының негізінде туындайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында, жұмыс
берушінің актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен еңбек шартын жасау
алдында:
1) лауазымға сайлану (сайлау);
2) тиісті лауазымға орналасуға конкурс бойынша сайлану;
3) лауазымға тағайындау немесе лауазымға бекіту;
4) заңда уәкілеттік берілген органдардың белгіленген квота есебіне жұмысқа
жіберуі;
5) еңбек шартын жасасу туралы сот шешімін шығару рәсімдері болуы мүмкін.
21-бап. Белгіленген квота есебіне жіберілген
азаматтармен еңбек шартын жасасу
1. Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған
халық санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квота белгілейді.
2. Жұмысқа орналасу үшін жіберілген адамдардың біліктілігі жұмыс берушінің
талаптарына сәйкес келген жағдайда, жұмыс берушілер белгіленген квота шегінде
олармен еңбек шартын жасасады.
22-бап. Қызметкердің негізгі құқықтары мен міндеттері
1. Қызметкердің:
1) осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда еңбек шартын жасасуға,
өзгертуге, толықтыруға және бұзуға;
2) жұмыс берушіден еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарын орындауды талап
етуге;
3) еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға;
4) еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы толық және дәйекті
ақпарат алуға;
5) еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес уақтылы және толық
көлемде жалақы төленуіне;
6) бос тұрып қалу үшін осы Кодекске сәйкес ақы алуға;
7) тынығуға, оның ішінде жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына;
8) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өз еңбек
құқықтарының берілуі мен оларды қорғау үшін, кәсіподақ немесе басқа да бірлестіктер
құру, сондай-ақ оларға мүшелік құқығын қоса алғанда, бірігуге;
9) өзінің өкілдері арқылы ұжымдық келіссөздерге қатысуға және ұжымдық шарт
жобасын әзірлеуге, сондай-ақ қол қойылған ұжымдық шартпен танысуға;
10) осы Кодексте көзделген тәртіппен кәсіптік даярлықтан, қайта даярлықтан
өтуге және өзінің біліктілігін арттыруға;
11) еңбек міндеттерін атқаруға байланысты денсаулығына келтірілген зиянды
өтетуге;
12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда міндетті
әлеуметтік сақтандырылуға;
13) кепілдіктерге және өтемақы төлемдеріне;
14) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін барлық
тәсілдермен қорғауға;
15) бірдей еңбегі үшін қандай да болмасын кемсітусіз бірдей ақы алуға;
16) еңбек дауын шешу үшін таңдауы бойынша келісім комиссиясына, сотқа
жүгінуге;
17) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жабдықталған
жұмыс орнына;
18) Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы
заңнамасында, сондай-ақ еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделген талаптарға сәйкес
жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етілуге;
19) өзінің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін жағдай туындаған
кезде, бұл туралы тікелей басшы немесе жұмыс берушінің өкілін хабардар ете отырып,
жұмысты орындаудан бас тартуға;
20) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес
келмеуі себепті ұйымның жұмысы тоқтатыла тұрған уақытта орташа жалақысының
сақталуына;
21) еңбек жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне
өзінің жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жағдайларын тексеру
туралы өтініш жасауға, сондай-ақ еңбек жағдайларын, қауіпсіздігін және еңбекті
қорғауды жақсартуға байланысты мәселелерді тексеру мен қарауға өкілдікпен қатысуға;
22) жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы іс-
әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
23) біліктілігіне, еңбектің күрделілігіне, орындалған жұмыстың саны мен
сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына сәйкес еңбегіне ақы төленуіне;
24) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және ұжымдық
шартта көзделген нысандарда ұйымды басқаруға қатысуға;
25) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген
тәртіппен, ереуілге құқықты қоса алғанда, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге
құқығы бар.
2. Қызметкер:
1) еңбек міндеттерін еңбек шартына, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің
актілеріне сәйкес орындауға;
2) еңбек тәртібін сақтауға;
3) жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі мен
өндірістік санитария жөніндегі талаптарды сақтауға;
4) жұмыс берушінің және қызметкерлердің мүлкіне ұқыпты қарауға;
5) адамдардың өмірі мен денсаулығына, жұмыс беруші мен қызметкерлер мүлкінің
сақталуына қауіп төндіретін ахуал туындағаны, сондай-ақ бос тұрып қалу туындағаны
туралы жұмыс берушіге хабарлауға;
6) еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік
құпияны, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын
мәліметтерді жария етпеуге;
7) жұмыс берушіге келтірілген зиянды осы Кодексте белгіленген шектерде өтеуге
міндетті.
3. Қызметкердің осы Кодексте көзделген өзге де құқықтары болады және ол өзге
де міндеттерді атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |