44-бап. Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа
уақытша ауыстыру
1. Жұмыс берушінің бос тұрып қалу жағдайында қызметкердің мамандығын,
біліктілігін ескере отырып, оның келісімінсіз, күнтізбелік жыл ішінде бір айдан
аспайтын мерзімге, оны денсаулық жағдайы бойынша қайшы келмейтін басқа жұмысқа
ауыстыруға құқығы бар.
2. Бос тұрып қалу жағдайындағы ауыстыру кезінде қызметкердің еңбегіне ақы
төлеу орындалатын жұмыс бойынша, бірақ оның бұрынғы жұмысындағы орташа айлық
жалақысының кемінде үштен екісі мөлшерінде жүргізіледі.
Еңбек жағдайының өзгеруіне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан
жазбаша түрде бас
тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы
1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.
45-бап. Денсаулық жағдайы бойынша басқа жұмысқа
уақытша ауыстыру
1. Қызметкер денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыда көрсетілген
мерзімге неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстырылады. Тараптардың келісімімен
қызметкердің бұрынғы жұмысы бойынша жалақысы сақталуы мүмкін.
2. Қызметкердің еңбек міндеттерін орындауға байланысты жарақаттануына,
кәсіптік ауруға шалдығуына немесе денсаулығына өзге де зақым келуіне байланысты
еңбекке қабілеттілігі қалпына келгенше немесе мүгедектік белгіленгенге дейін не
кәсіби еңбекке жарамдылығынан айрылуы белгіленгенше жұмыс беруші
қызметкерді
анағұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыруға не Қазақстан Республикасының
азаматтық заңнамасына, сондай-ақ еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес
зиянның өтемін төлей отырып, оны жұмыстан босатуға міндетті.
3. Қызметкер еңбек міндеттерін атқаруға байланысты өндірістік жарақат алған,
кәсіптік ауруға шалдыққан немесе денсаулығына өндіріске байланысты емес өзге де
зақым келген кезде басқа жұмысқа уақытша ауысудан жазбаша түрде бас тартқан
жағдайда қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 4)
тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.
Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17
№ 566-IV
(алғашқы ресми
жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
46-бап. Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыруды шектеу
Қызметкердің денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындымен
расталған қайшылықтар болған кезде, оны басқа жұмысқа ауыстыруға жол берілмейді.
47-бап. Қызметкерді басқа жұмыс орнына ауыстыру.
Лауазым (жұмыс) атауының өзгеруі
1. Құрылымдық бөлімшедегі, белгілі бір жұмыс орнындағы, механизмдегі
немесе
агрегаттағы жұмыстың өзгеше еңбек
жағдайлары болуын қоспағанда, қызметкерді басқа
жұмыс орнына не сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшеге ауыстыруға, не оған еңбек
шартында келісілген лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік шегінде басқа механизмдегі
немесе агрегаттағы жұмысты тапсыруға қызметкердің келісімі талап етілмейді.
2. Қызметкер үшін еңбек жағдайларын және (немесе) еңбек шартын өзгертуге
әкеп соқпайтын қызметкер лауазымының (жұмысының),
құрылымдық бөлімшенің атауын
өзгертуді, басқару құрылымын өзгертуді жұмыс беруші қызметкердің келісімінсіз
жүзеге асыра алады.
48-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруі
1. Өндірісті ұйымдастырудағы, соның ішінде қайта ұйымдастыру кезіндегі
өзгерістерге және (немесе) жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты,
қызметкер еңбек шартында келісілген тиісті біліктіліктегі лауазым, мамандық немесе
кәсіп бойынша жұмысын жалғастырған кезде, оның еңбек жағдайларын өзгертуге жол
беріледі.
Еңбек жағдайлары өзгерген кезде еңбек шартына және (немесе) ұжымдық шартқа
тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.
2. Егер еңбек шарты мен ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі
көзделмесе, жұмыс беруші қызметкерге және (немесе) оның өкілдеріне еңбек
жағдайларының осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер бойынша орын алған
өзгеруі туралы бір айдан кешіктірмей жазбаша түрде ескертуге тиіс.
Егер қызметкер жұмысты жаңа жағдайда жалғастыруға келіспесе, онда жұмыс
беруші - бар болса, қызметкердің біліктілігі мен денсаулық жағдайына сәйкес келетін
өзге жұмысты, ал мұндай жұмыс болмаса, қызметкердің біліктілігі мен денсаулық
жағдайы ескеріліп, ол орындай алатын, бос тұрған төмен
лауазым немесе ақысы төмен
бос жұмысты жазбаша нысанда ұсынуға міндетті.
3. Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан
жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы
1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.
4. Егер осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайлар қызметкерлердің санын
немесе штатын қысқартуға әкеп соғуы мүмкін болса, жұмыс берушінің жұмыс орындарын
сақтау мақсатында, қызметкерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып, толық емес жұмыс
уақыты режимін енгізуге құқығы бар.
Жұмыс беруші қызметкерлердің санын немесе штатын қысқартуға әкеп соғуы мүмкін
толық емес жұмыс уақыты режимін тоқтатуды қызметкерлер өкілдерінің пікірін ескере
отырып жүргізеді.
Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17
№ 566-IV
(алғашқы ресми
жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
49-бап. Жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілігі
өзгерген, мүлкінің меншік иесі ауысқан немесе
жұмыс беруші қайта құрылған кездегі еңбек
қатынастары
Жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілігі өзгерген, мүлкінің меншік иесі
ауысқан немесе жұмыс беруші қайта құрылған жағдайларда қызметкерлермен еңбек
қатынастары өзгеріссіз жалғаса береді.
50-бап. Жұмыстан шеттету
1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, жұмыс беруші
тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың актілері негізінде қызметкерді жұмыстан
шеттетуге міндетті.
2. Жұмыс беруші осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлардан басқа:
1) жұмыста алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас)
жағдайында болған немесе жұмыс күні ішінде осындай масаңдық туғызатын заттарды
пайдаланған;
2) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері бойынша емтихан
тапсырмаған;
3) жұмыс беруші берген жеке және (немесе) ұжымдық қорғану құралдарын
пайдаланбаған;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті болып табылатын
болса, медициналық тексеруден не ауысым алдындағы
медициналық куәландырудан
өтпеген;
5) егер оның іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі авариялық ахуал туғызуға,
еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі ережелерінің не көліктегі қозғалыс қауіпсіздігінің
бұзылуына әкеп соғуы мүмкін болса, қызметкерді жұмыстан шеттетуге міндетті.
2-1. Толық материалдық жауаптылықты өзіне алғаны туралы жазбаша шарттың
негізінде қызметкерге берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын
қамтамасыз етпеген қызметкерді жұмыс берушінің жұмыстан шеттетуіне құқығы бар.