5.1.7. Білім беру ұйымдарын цифрлық инфрақұрылыммен және қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жарақтандыру
1. Авариялық және үш ауысымды мектептерді қысқарту, оқушы орындарының тапшылығын төмендету, сондай-ақ оқу кезеңінде студент жастардың өмір сүруі үшін жағдай жасауды қамтамасыз ету
Демографиялық өсу мен урбанизациялауды ескере отырып, оқушы орындарының тапшылығы туралы деректер негізінде мектептер желісін кеңейту, оның ішінде МЖӘ есебінен кеңейту жұмысы жалғастырылатын болады. Орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды қаржыландырудың жаңа әдістемесі енгізілетін болады. Құрылысқа қаржыландыруды бөлу кезінде ғимараттың табиғи тозуы, ғимараттың авариялығы, күрделі жөндеуге қажеттілік, үш ауысым, оқушы орындары тапшылығының болуы, халықтың табиғи өсімі мен көші-қоны басымдықтар болады. Қаржыландыру көлемі өңірдегі бір оқушыға арналған нормативке сүйене отырып айқындалатын болады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жалғастырылады және құрылыс немесе оқушы орнын қайта жаңарту жолымен, оның ішінде МЖӘ шеңберінде жаңадан енгізілген әрбір жекеменшік орта білім беру ұйымдары ғимараттарының амортизациясына арналған шығыстарды төлеу енгізілетін болады.
Студенттердің, магистранттар мен докторанттардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында МЖӘ тетігі есебінен жатақханаларда төсек-орын енгізу жалғастырылады. 2025 жылға дейін 90 мың төсек-орын енгізу жоспарлануда.
2. Ерекше мұқтаж білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен цифрлық инфрақұрылымын жақсарту
Шағын жинақты мектептердің проблемаларын шешу үшін оларды ашудың орындылығы мен өңірдегі қажеттілігіне қарай ресурстық орталықтарды басқару, қаржыландыру, кадрлық қамтамасыз ету және олардың жұмыс істеуі мәселелерін қамтитын әртүрлі модельдер әзірленіп, сынақтан өткізілетін болады. Орталықтан басқарылатын шағын жинақты әріптес мектептер үшін тірек мектептер жұмыс істейтін болады. Тірек мектептердің жанынан мектеп жанындағы интернаттар салу көзделген, бұл мектептері немесе тиісті деңгейдегі мектептері жоқ елді мекендердегі балаларды оқытумен қамтамасыз ету проблемасын шешеді.
Білім беру ұйымдарының цифрлық инфрақұрылымын (сымсыз коммуникациялар, бұлтты технологиялар, микросерверлер, компьютерлер мен перифериялық жабдықтар, жергілікті желі, кеңжолақты интернетке қол жеткізу және т.б.) дамыту жұмысы жалғастырылады. Дүниежүзілік банктің "Орта білім беруді жаңғырту" жобасын іске асыру шеңберінде 5 000-нан астам мектеп
100 000 ноутбукпен және 20 000 принтермен қамтамасыз етіледі. Интернетке қосылмаған не қосылу жылдамдығы төмен 2 500-ден астам мектеп 1200 деректерді өңдеу орталығына ие болады. Нәтижесінде барлық педагогтерді компьютерлермен қамтамасыз ету бойынша "1 мұғалім – 1 компьютер" жобасы іске асырылады.
Мектептер химия, биология, физика пәндері кабинеттерімен, STEM-кабинеттермен жарақтандырылады. Еңбекке оқыту кабинеттері жаңғыртылатын болады.
Мектебі жоқ елді мекендерде тұратын балаларды мектепке дейін және кері үйге жеткізуді ұйымдастыру жұмысы жалғастырылатын болады. Балаларды сапалы және қауіпсіз тасымалдау үшін балаларды тасымалдауды, оның ішінде МЖӘ арқылы тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік паркі жаңартылып, толықтырылатын болады. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды арттыру мақсатында балаларды тасымалдау тәртібі де өзгертілетін болады.
Білім беру ұйымдарында интернаттарды жаңғырту, оларда болу жағдайларын жақсарту, оның ішінде МЖӘ тетіктері есебінен жақсарту жұмыстары жүргізілетін болады.
Инфрақұрылымдық проблемаларды шешу мақсатында құрылыста модульдік конструкциялар технологиясы, оның ішінде аз қоныстанған ауылдық мекендерде қолданылатын болады.
Ірі типтік мектептердің жобалары әзірленетін болады.
Білім берудің барлық деңгейлерінде ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қолжетімділік пен жеке тұлғаға бағдарланған орта құру жұмысы жалғасатын болады. Сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жақсаратын болады.
Білім беру ұйымдарын жарақтандыру кезінде жиһаз бен жабдықтардың денсаулық сақтау сипаттамаларына ерекше назар аударылатын болады.
Қосымша білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру жөніндегі заңнамалық және нормативтік құқықтық актілер жетілдірілетін болады.
Мектептен тыс ұйымдарды жаңғырту, оларда балалардың болу жағдайларын жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жақсарту жұмысы жүргізілетін болады.
Жергілікті атқарушы органдар кең бейінді мектептен тыс ұйымдар желісін (оқушылар сарайлары, үйлері, орталықтары, өнер мектептері, аула клубтары және т.б.) дамытудың Жол картасын әзірлейді және іске асырады.
Оқушылар сарайларында балаларға арналған технопарктер мен бизнес-инкубаторлар ашылады.
Техникалық және кәсіптік білім беруде инфрақұрылымды жаңғырту "Жас маман" жобасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Жоба қорытындысы бойынша әрбір өңірде дамыған материалдық-техникалық базасы, шетелдік әріптестері мен оқытушылары, жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламалары бар, сондай-ақ "АРЕС Petro Technic" жоғары колледжі қағидаты бойынша бизнес ортамен әріптестігі бар кемінде 5 заманауи колледж жұмыс істейді. Аталған оқу орындары білім берумен қатар құзыреттілік орталығына айналады. 2025 жылға қарай экономика салалары бойынша 180 колледжді жаңғыртуды қамтамасыз ету көзделіп отыр.
"Жас маман" бағдарламасы шеңберінде ОПҚ мен білім алушылардың зерттеу және академиялық қызметін жүзеге асыру үшін тиімді орта құру мақсатында 20 жоғары оқу орнының базасында қазіргі заманғы зертханалар, сондай-ақ 10 "Академиялық басымдықтар орталығын" құру көзделеді.
Достарыңызбен бөлісу: |