2-параграф. Протездермен қамтамасыз ету
31. Мүгедектер шино-былғары, құрастырмалы протездермен, қазiргi заманғы технологиялар бойынша жасалған протездермен, олардың құрылғыларымен, тұқылдарға кигiзетiн тыстармен, ортопедиялық аппараттармен, салынатын кебiстермен, тiреуiш-протездермен, таяқтармен, балдақтармен, жетек арбалармен қамтамасыз етіледi.
32. Қолдың және аяқтың негiзгi протезi берiлгенге дейiн мүгедектер медициналық көрсетілімдері бойынша кию мерзiмi 6 айдан аспайтын оқу-жаттығу протездерiмен қамтамасыз етіледi.
Мүгедектер құрылғылы жұмыс протездерiмен өздерiнiң қалауы бойынша бұйымның негiзгi түрiмен бiр мезгiлде қамтамасыз етіледi.
33. Шино-былғары, құрастырмалы протездер, ортопедиялық аппараттар олар жарамсыздыққа ұшырағаннан кейiн, бiрақ алынған күнінен бастап кемiнде 1 жылдан кейiн ауыстырылады.
34. Қазiргi заманғы технологиялар бойынша дайындалған аяқ және қол протездерінiң құрамындағы құрастырушы түйiндер мен бұйымдарды ауыстыру, олар алынған күннен бастап кемiнде 3 жылдан, мүгедек балалар үшiн – кемiнде 2 жылдан кейiн;
құрастырушы түйiндер мен электрондық тізе модулі бар бұйымдарды алмастыру, олар алынған күннен бастап кемінде 5 жылдан кейін жүргізіледі;
синтетикалық шайырлар негiзiнде дайындалған косметикалық қаптау, табандар, қабылдау гильзасы, тыстарды ауыстыру – 1 жылға дейiн;
кеуде безi протездерiн, жетек арбаларды ауыстыру – олар алынған күнiнен бастап 2 жылдан кейiн, таяқшалар мен балдақтарды кемiнде 1 жылдан кейін жүргiзіледi.
35. Аяқ немесе қолдың екi протезiн (негiзгі және қосалқы немесе негiзгi және жұмыс протезi) бiр мезгілде алған мүгедектерге оларды ауыстыру кемiнде екi кию мерзiмі өткеннен кейiн жүргiзіледi.
36. Аяқ протездерiн беру кезiнде жыл сайын әрбiр протезге 3-тен тұқыл тысы беріледi. Кеуде безi протездерi екi iшкиiм (бюстгалтер) жиынтығымен бiрге беріледi.
37. Егер кию мерзiмi өткеннен кейiн протез жарамды жай-күйде болса және мүгедек келесi кию мерзiмi өткенге дейін жаңа протезге тапсырыс бергісi келмесе, оған осы кезеңге бiр протездi пайдалану есебiнен белгіленген санда тыстар беріледi.
38. Протездердi, оның iшiнде жаңа модельдерін мерзiмiнен бұрын ауыстыру, сондай-ақ оларды кию мерзiмiн ұзарту, жөндеу туралы, шино-былғары протездерден құрастырмалы протездерге, жаңа (заманауи) технологиялар бойынша дайындалған электрондық модульдері бар протездерге өту туралы шешімді комиссия қабылдайды және өнім беруші жасайтын тиiстi актінің негiзiнде жүргiзіледі. Комиссия өнім берушiнің кінәсiнен бұйымның сапасыз жасалу фактісiн анықтаған кезде, ақауды жөндеу соның қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
3-параграф. Ортопедиялық аяқкиiммен қамтамасыз ету
39. Мүгедектер ортопедиялық аяқкиімнiң мынадай түрлерiмен: күрделi, шамалы күрделi, протездерге және ортопедиялық аппараттарға арналған аяқкиiммен қамтамасыз етіледi.
Күрделi ортопедиялық аяқкиiм аяқ 3 см-ге және одан да жоғары қысқартылғанда, паралитикалық, варустық, эквиноварустық, вальгустық, жазық вальгустық және қуыс табандық, маймақ аяқтық, шораяқтық, табанның Шопар, Гритти, Лисфранк және Пирогов әдiсi бойынша кесiлген тұқылы кезiнде жасалады.
Шамалы күрделi ортопедиялық аяқкиiм аяқ 3 см-ге дейiн қысқартылғанда, табан сүйектерiнің басы үлкейгенде, ұзына бойы және көлденең жалпақ табандық, башайлар шүрiппе және балға тәрiздес болғанда, өкше сүйегіне темiр орнатылғанда және табанның өзге де паталогиясы кезiнде жасалады.
40. Күрделi ортопедиялық аяқкиiм (етіктен басқа):
1) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектерiне, сондай-ақ жеңiлдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестiрiлген адамдарға екі жұп (жазғы немесе қысқы) тапсырыс берiлген сәттен бастап есептегенде, бiр жыл пайдалану мерзiмiмен;
2) бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектерге жылына бiр жұп мөлшерiнде (жазғы немесе қысқы);
3) мүгедек балаларға – жылына екі жұп (жазғы және қысқы) беріледi.
41. Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне және жеңілдiктер мен кепілдiктер бойынша оларға теңестірiлген адамдарға екi қолы бiрдей кесiлгенде не екi қолының функциялары күрт төмендегенде не омыртқа жотасы зақымданғанда, сондай-ақ жамбас-сан буындарындағы анкилоздар кезінде бүйiрлік резеңкелерi бар аяқкиiм беріледi.
42. Жалпы аурудан және бала жасынан болған үшiншi топтағы мүгедектерге күрделi ортопедиялық аяқкиiм (жазғы немесе қысқы) 50 пайыздық құн жеңілдiгімен беріледi.
43. Ортопедиялық аяқкиiм дайындау технологиясында көзделгендерден тыс қызметтер мен жұмыстарға (өрнектi тiгiс, микросаңылаулы ұлтан, сыздықты әрлеу, үлбiрлi жылылық не басқа да жақсартылған әрлеу), дайындау жеделдігіне Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiн, сондай-ақ жеңілдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдарды және мүгедек балаларды қоспағанда, тапсырыс берушілер ақы төлейдi.
4-параграф. Протездерге арналған аяқкиiммен қамтамасыз ету
44. Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектерiне, сондай-ақ жеңiлдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдарға тапсырыс берілген сәттен бастан есептегенде, 1 жыл кию мерзiмiмен протездерге арналған бiр жұп аяқкиiм беріледi.
Мүгедек балаларға – тапсырыс берiлген сәттен бастап 1 жыл кию мерзiмiмен екi жұп (жазғы және қысқы мауыты) аяқкиiм беріледi.
45. Бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектерге протездерге арналған аяқкиiмнің бiр жұбы құнының 50 пайыздық жеңiлдiгiмен беріледi.
Үшіншi топтағы мүгедектерге мұндай аяқкиiм олардың өз қаражаты есебiнен дайындалады.
46. Жеңiлдiкпен не тегiн протездеуге құқығы бар мүгедектер бiр аяғы кесiлген кезде белгiленген тәртiппен сау аяғына жартылай жұп аяқкиiммен қамтамасыз етіледi.
47. Мүгедектерге ортопедиялық немесе протездiк бәтеңкелердiң орнына, олардың қалауы бойынша, өз қаражаты есебiнен етiктер дайындалады. Бұл жағдайда тапсырыс берушілерге бәтеңке жасауға көзделген сомада етiктің құнына жеңiлдiк беріледi.
5-параграф. Емдеу-профилактикалық протездiк-ортопедиялық
құралдармен қамтамасыз ету
48. Пайдалану мерзiмi 1 жыл емдеу-профилактикалық протездiк-ортопедиялық құралдармен:
1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектерi, сондай-ақ жеңілдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдар;
2) мүгедек балалар қамтамасыз етіледi.
49. Жалпы аурудан және бала жасынан болған бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектер, егер олар бұл азаматтарды мүгедектiкке әкеп соқтырған ауруды не жарақатты емдеуге арналса, емдеу-профилактикалық протездiк-ортопедиялық құралдармен 1 жыл пайдалану мерзiмiмен 50 пайыздық жеңiлдікпен қамтамасыз етіледi.
6-параграф. Өзге протездiк-ортопедиялық
құралдармен қамтамасыз ету
50. Жейде киюге арналған құрылғы, колготки киюге арналған құрылғы, шұлық киюге арналған құрылғы, түйме тағуға арналған құрылғы (ілмек), белсенді ұстағыш, ыдыс-аяқты ұстауға арналған ұстағыш, қақпақтарды ашуға арналған ұстағыш, кілтке арналған ұстағыш 5 жылдан бұрын ауыстырылмайды.
3-тарау. Мүгедектерді техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен қамтамасыз ету тәртібі
1-параграф. Техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарға тапсырыстарды ресімдеу және оларды беру тәртібі
51. Мүгедектер техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен өтініштер және халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес медициналық-әлеуметтік көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерге сай әзірлеген ОЖБ негізінде қамтамасыз етіледі.
52. Техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарға мұқтаж мүгедектер немесе олардың заңды өкілдері не мүгедектен нотариалды түрде куәландыруды талап етпейтін сенімхат алған адамдар (бұдан әрі – өтініш беруші) тұрғылықты жері бойынша қалалық басқармаларға немесе жұмыспен қамту бөлімдеріне осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш және сәйкестендіру үшін жеке басын куәландыратын құжатты береді.
53. Қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлімдері өтінішті қабылдау кезінде мүгедектің жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша «электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – ақпараттық жүйелер) мынадай:
1) жеке басын куәландыратын құжат туралы;
2) тұрақты тұратын жері бойынша тіркелгені туралы;
3) мүгедектікті белгілеу туралы;
4) ОЖБ-да әзірленген іс-шаралар туралы мәліметтерді алу үшін сұрау салуды қалыптастырады.
Еңбек жарақатын алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектер протездік-ортопедиялық көмек, тифлотехникалық құралдар, міндетті гигиеналық құралдар алуға өтініш берген жағдайда қосымша мынадай:
1) мүгедектікке алып келген өндірістегі жазатайым оқиға туралы;
2) кінәсінен еңбек жарақатын алған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан жұмыс беруші-жеке кәсіпкер қызметінің тоқтатылғаны немесе заңды тұлғаның таратылғаны туралы мәліметтер сұратылады.
54. Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) мүгедектің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) заңды өкілдің немесе сенімхат алған адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі – көрсетілген адамдар өтініш берген кезде;
3) тұрақты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе село және (немесе) ауыл әкімдерінің анықтамасы);
4) мүгедектік туралы анықтаманың көшірмесі;
5) еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиға туралы актінің және жұмыс беруші-жеке кәсіпкер қызметінің тоқтатылғаны немесе заңды тұлғаның таратылғаны туралы құжаттың көшірмесі – жұмыс беруші-жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайларда, еңбек жарақатын алған және (немесе) кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедек өтініш берген кезде;
6) ОЖБ-дан үзіндінің көшірмесі.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедегіне теңестірілген адамдар өтінішке Ұлы Отан соғысының қатысушысының, мүгедегінің немесе жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедегіне теңестірілген адамның куәлігін қоса береді.
Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, кейіннен құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
55. Өтінішті қабылдаған қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің маманы өтініш берушіден қабылданатын құжаттар топтамасының толықтығын, өтініш беруші осы Қағидалардың 54-тармағына сәйкес ұсынған құжаттардың электрондық көшірмелерінің түпнұсқаларға сәйкес келуін қамтамасыз етеді.
56. Қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің маманы өтініштегі деректерді, сондай-ақ ОЖБ-ның орындалуы не орындалмауы жөніндегі деректерді «Е-Собес» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізеді.
2-параграф. Сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз ету тәртібі
57. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен мүгедектер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, сондай-ақ жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдар сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз етіледі.
58. Қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлімдері өтiнiштердiң және ОЖБ негiзiнде сурдотехникалық құралдарға қажеттілiкті олардың тiзбесi мен санын көрсете отырып қалыптастырады.
Облыстық басқарма жұмыспен қамту бөлімдері ұсынған қажеттілік негізінде сурдотехникалық құралдардың тізбесі мен санын көрсете отырып, оларға жиынтық қажеттілікті облыс бойынша айқындайды.
59. Облыстық басқарма (қалалық басқарма) сурдотехникалық құралдарды сатып алуды мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
60. Жұмыспен қамту бөлімдері сурдотехникалық құралдарды бергеннен кейін бір ай ішінде мүгедектің тегiн, атын, әкесiнiң атын (бар болса), туған күнін, тұрғылықты жерінің мекенжайын, алған сурдотехникалық құралдың атауын, берілген күнін, сондай-ақ алған адамның қолын көрсете отырып, сурдотехникалық құралдар алған мүгедектердің тізімдерін облыстық басқармаға ұсынады.
61. Естуді протездеу, қалған есту қабілетін электроакустикалық түзету балалардың, ересек адамдардың ерекшелiктерi ескеріле отырып, оларды есту аппаратына бейiмделуге мiндетті түрде үйрете отырып, сондай-ақ оны қолдану және ұзақ пайдалануға дағды алдыра отырып жүргiзіледі.
62. Мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстық басқарма (қалалық басқарма) айқындайтын, тиiсті материалдық-техникалық базасы мен мамандары бар, қазiргi заманғы есту аппараттарын таңдау және беру арқылы медициналық-әлеуметтiк оңалту, естудiң жай-күйiн байқау мақсатында естуді протездеу көмегiн көрсетуге, есту аппараттарына техникалық қызмет көрсетуге маманданған ұйым (бұдан әрi – ұйым) есту аппараттарымен, жиынтықты бұйымдармен, қосалқы бөлшектермен, оларды қоректендiру көздерiмен қамтамасыз етудi, сурдологиялық тексерудi, естудi протездеу көмегiн, есту аппараттарын таңдауды, олардың техникалық сипаттамаларға сәйкестiгiне қорытынды берудi, сервистiк қызмет көрсетудi, жөндеудi жүргiзедi.
63. Есту аппараттары Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне кемiнде 3 жылдан кейiн және мүгедектердiң қалған санаттарына 4 жылдан кейiн ауыстырылады.
64. Ұйым Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларына 3 жылда бiр рет, мүгедектерге 4 жылда бiр рет есту аппараттарын жөндеудi жүргiзедi, дыбыс өткiзгiш сымдарды, батарейкаларды немесе стандарттық зауыт жинаған аккумуляторларды, медициналық-әлеуметтiк картада берiлген күнін мiндетті түрде белгілеп және алған адамның қолын қойғызып бередi.
65. Ұйым есту аппаратын мерзімінен бұрын беруді облыстық басқарманың (қалалық басқарманың) тиісті құжаттары негізінде жүргiзедi:
1) есту қабілеті нашарлаған және есту қабілетін есту аппаратының басқа түрiмен түзеу қажет болғанда;
2) есту аппараты ұрланған немесе жоғалған жағдайда. Есту аппараты ұрланған жағдайда өтініш берушінің тұрғылықты жерi бойынша ішкі істер органдарынан анықтама ұсынылады.
66. Веб-камерасы бар ноутбук, көпфункционалды дабылды жүйелер, мәтіндік хабарламалы және хабар қабылдайтын ұялы телефондар, саңырау және нашар еститін адамдарға арналған сағаттар, дауыс шығаратын аппарат, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орнатылған (ауыстырылған) кохлеарлық импланттарға сөйлеу процессорлары, олар орнатылған (ауыстырылған) күннен бастап кемінде 5 жылдан кейін ауыстырылады.
67. Қалалық басқарма, жұмыспен қамту бөлімдері осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кохлеарлық имплантқа сөйлеу процессорын ауыстыру және баптау қызметтерін көрсетуге өтініштерді тіркеу журналын (бұдан әрі – журнал) жүргізеді және мүгедектің тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), туған күнін, тұрғылықты жерінің мекенжайын, ОЖБ-ның әзірленген күні мен нөмірін, медициналық ұйымдағы кохлеарлық имплантацияға операция жасалған орынды, сөйлеу процессорының түрін (моделін) көрсете отырып, сөйлеу процессорын ауыстыруға және баптауға мұқтаж кохлеарлық импланты бар мүгедектердің тізімдерін (бұдан әрі – мүгедектердің тізімі) тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-күні қалыптастырады.
68. Облыстық басқарма (қалалық басқарма) тізімдердің негізінде:
1) сөйлеу процессорларының санын және түрін (моделін) көрсете отырып, сөйлеу процессорын ауыстыру бойынша қызметке қажеттілікті айқындайды;
2) сөйлеу процессорын ауыстыру қызметін алу үшін кохлеарлық импланты бар мүгедектерге жолдама беру жұмысын ұйымдастырады.
69. Ұйым кохлеарлық импланты бар мүгедектерді оларға бұрын орнатылған кохлеарлық имплантпен түрі, моделі және маркасы үйлесетін сөйлеу процессорымен қамтамасыз етеді.
70. Сөйлеу процессорын ауыстыруға жіберілген кохлеарлық импланты бар мүгедектер (олардың заңды өкілдері) ұйымға:
1) облыстық басқарманың (қалалық басқарманың) жолдамасын;
2) мүгедектің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
3) мүгедек балаға сөйлеу процессорын ауыстыру қызметін көрсетуге өтініш берілген жағдайда – ата-анасының (қамқоршыларының, қорғаншыларының) бірінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін ұсынады.
71. Ұйым осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кохлеарлық имплантқа сөйлеу процессорын ауыстыру және баптау бойынша көрсетілген қызметтердің тізбесін жасайды және облыстық басқармаға (қалалық басқармаға) ұсынады.
72. Ұйым осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қолданылған (қайтарылатын) сөйлеу процессорын қабылдап алу-тапсыру актісін (бұдан әрі – сөйлеу процессорын қабылдап алу-тапсыру актісі) жасайды.
73. Сөйлеу процессорын қабылдап алу-тапсыру актісі үш данада толтырылады: бір данасы пациентте қалады, екінші данасы ұйымда қалады, үшінші данасы сөйлеу процессорының техникалық жағдайын, одан әрі пайдалану мүмкіндіктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-практикалық орталығы» РМҚК (бұдан әрі – ҒПО) белгілеген тәртіппен резервтік қор қалыптастыру үшін алып тасталған сөйлеу процессорымен бірге ҒПО-ға беріледі.
74. Алып тасталған сөйлеу процессорлары есепке алу үшін ҒПО-ға берілуге тиіс. Есепке алуды ҒПО басшысының бұйрығымен тағайындалған жауапты адам жүргізеді.
75. Сөйлеу процессорын ауыстыру қызметін көрсетуден мынадай жағдайларда:
1) егер сөйлеу процессорының осы Қағидалардың 66-тармағында белгіленген ауыстыру мерзімі өтпесе;
2) осы Қағидалардың 52, 53 және 54-тармақтарында көзделген құжаттардың толық емес топтамасы ұсынылғанда бас тартылады.
76. Сөйлеу процессоры мүгедектерге жоғалған, сынған, ұрланған жағдайда, сөйлеу процессорының техникалық жай-күйін ескере отырып, жаңасымен ауыстырылғанға немесе жөндеу жүзеге асырылғанға дейінгі мерзімге мынадай құжаттар:
1) сөйлеу процессорын резервтік қордан беруге қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің жолдамасы;
2) жүгіну себебін көрсете отырып осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ҒПО басшысының атына резервтік қордан кохлеарлық имплантқа сөйлеу процессорын беруге өтініш;
3) мүгедектің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) заңды өкіл немесе сенімхат алған адам өтініш берген кезде – көрсетілген адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5) ҒПО маманы жүргізетін сөйлеу процессорының техникалық жай-күйін бағалаудың негізінде резервтік қордан мерзімінен бұрын беріледі.
77. Сөйлеу процессоры ұрланған жағдайда өтініш берушінің тұрғылықты жерi бойынша ішкі істер органдарынан анықтама ұсынылады. Жоғалу фактісін ҒПО-ның үш маманынан тұратын және ҒПО басшысының бұйрығымен бекітілетін комиссия өтініш келіп түскен сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде қарайды.
Резервтік қордан сөйлеу процессорын беру немесе беруден бас тарту туралы шешім хаттама түрінде ресімделеді.
78. Сөйлеу процессорын резервтік қордан мерзімінен бұрын берген кезде ҒПО мамандары мынадай жұмыстар жүргізеді:
пациентті сурдолог дәрігердің (отоларингологтың) қарауы;
аудиометрия;
телеметрия;
сөйлеу процессорын осы пациент үшін сөйлеу процессорының кохлеарлық имплантпен дұрыс байланысын жасау мақсатында баптау (қайта баптау).
79. Сөйлеу процессорын резервтік қордан мерзімінен бұрын беру кохлеарлық имплантқа сөйлеу процессорын есепке алу (беру) журналында белгіленеді, онда сөйлеу процессорының берілген күні, сөйлеу процессорын алған адамның тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), оның паспортының деректері, тұрақты тұратын (тіркелген) жерінің мекенжайы, сөйлеу процессорының маркасы (түрі), операцияның күні, алдыңғы баптау (ауыстырылған) күні (жүргізілген жағдайда), беру себебі (сыну, жоғалу немесе басқа себеп), қандай мерзімге берілгені (жаңасымен ауыстырылғанға дейін немесе жөндеуден қайтарылғанға дейін), кезекті баптау (ауыстыру) мерзімі көрсетіледі.
80. Әлеуметтік оңалту шеңберінде есту қабілеті бұзылған мүгедек балаларды кохлеарлық имплантациядан кейін есту-сөйлеуге бейімдеу мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен күндізгі және (немесе) тәулік бойғы байқау жағдайларында жүргізіледі.
Есту-сөйлеуге бейімдеудің бір курсы мынадай жағдайларда:
1) күндізгі бақылау – 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде;
2) тәуліктік бақылау – кемінде күнтізбелік 15 күн ішінде жүргізіледі.
81. Тәуліктік бақылау жағдайларында есту-сөйлеуге бейімдеуден өтіп жатқан кохлеарлық импланты бар мүгедек бала мен онымен бірге жүретін ата-анасына (заңды өкіліне) тұру үшін үй-жайды жалға алуды және тамақтану шығыстарын, сондай-ақ оларға жылына бiр рет межелі жерге дейін және кері қарай жол жүруге шығыстарды ұйым мемлекеттік бюджеттің жоспарланған қаражаты шеңберінде қамтамасыз етеді.
Жол жүру темiр жолда қатты плацкарт вагон, мүгедектер үшін арнайы вагон тарифi бойынша, су жолдарында – екiншi класс тарифi бойынша, тас немесе топырақты жолдарда – белгіленген тарифтер бойынша ұсынылған билеттiң немесе темiржол вокзалы, автовокзал, айлақ кассасы берген анықтаманың негiзiнде төленедi.
3-параграф. Тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз ету тәртібі
82. Бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектер, мүгедек балалар тифлотехникалық құралдармен өтініштердің, ОЖБ негiзiнде қамтамасыз етіледi.
83. Қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлімдері өтініштердің және ОЖБ негізінде тифлотехникалық құралдарға қажеттілікті олардың тізбесі мен санын көрсете отырып қалыптастырады.
Облыстық басқарма жұмыспен қамту бөлімдері ұсынған қажеттілік негізінде тифлотехникалық құралдарға жиынтық қажеттілікті олардың тізбесі мен санын көрсете отырып облыс бойынша айқындайды.
84. Облыстық басқарма (қалалық басқарма) тифлотехникалық құралдарды сатып алуды мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
85. Қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлiмдерi тифлотехникалық құралдарды беруді мүгедектің тегiн, атын, әкесiнiң атын (бар болса), туған күнiн, тұратын жерiн, алынған тифлотехникалық құралдың атауын, алған күнiн, алғаны туралы белгіні көрсете отырып тiзiм бойынша жүргiзедi.
86. Сөйлеу синтезі бар экрандық қол жеткізу бағдарламасымен қамтамасыз етілген ноутбук, оқу машинасы, Брайль жүйесі бойынша жазу құралы, дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұялы телефон, дыбыс жазбасын шығаруға арналған плейер, нашар көретін адамдарға арналған сағаттар, сөз шығаратын термометр, сөз шығаратын тонометр, тест жолақшалары бар сөз шығаратын глюкометр 5 жылдан бұрын ауыстырылмайды.
Сөз шығаратын глюкометр жиынтығына кіретін қандағы қант деңгейін анықтауға арналған тест жолақшалары 300 данада сатып алынады.
Глюкометр жиынтығына кіретін тест жолақшаларын пайдаланғаннан кейін қандағы қант деңгейін анықтауға арналған тест жолақшаларын мүгедектер өз қаражаты есебінен сатып алады.
Тифлотаяқ, Брайль жүйесі бойынша жазу грифелі 2 жылдан бұрын ауыстырылмайды.
Көру қабілеті бұзылған мүгедектерге арналған ине сабақтағыштар, тігін инелері 5 жылдан бұрын ауыстырылмайды.
Рельефті-ноқатты қаріппен жазуға арналған қағаз 1500 парақ мөлшерінде 1 жылдан кем болмайтын мерзімге беріледі.
Брайль қарпін өз бетімен үйренуге болатын сөйлейтін құрал, Брайль бойынша алмалы-салмалы әліппе мүгедекке бір рет өмір бойына беріледі.
87. Жұмыспен қамту бөлiмдерi тифлотехникалық құралдар берiлгеннен кейiн бiр ай iшiнде мүгедектiң тегiн, атын және әкесінің атын (бар болса), туған күнін, тұратын жерiн, алған тифлотехникалық құралдың атауын, берілген күнiн, алған адамның қолын көрсете отырып, тифлотехникалық құралдарды алған мүгедектердiң тiзiмдерiн облыстық басқармаға ұсынады.
4-параграф. Мiндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету тәртібі
88. Мүгедектер міндетті гигиеналық құралдармен өтініштердің және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес медициналық-әлеуметтік көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерге сай әзірленген ОЖБ негізінде қамтамасыз етіледі.
89. Құжаттар топтамасы сәйкес болған жағдайда, құжаттарды қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлімдері өтініш берушіге еркін нысанда міндетті гигиеналық құралдарды ұсынуға құжаттар ресімдеу туралы хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) жібереді.
Қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлімдері хабарлама берілгеннен кейін тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-күні міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілуге тиіс мүгедектер туралы тізімдерді жасайды және міндетті гигиеналық құралдардың тізбесі мен санын көрсете отырып, оларға қажеттілікті қалыптастырады.
90. Қалыптастырылған қажеттілік негізінде қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлімдері міндетті гигиеналық құралдарды сатып алуды мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізеді.
91. Қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлiмдерi міндеттi гигиеналық құралдарды берудi мүгедектің тегін, атын, әкесiнiң атын (бар болса), туған күнiн, тұрғылықты жерiн, алған міндетті гигиеналық құралдың атауын, санын, алған күнiн, алғаны туралы белгiні көрсете отырып тiзiм бойынша жүргiзедi.
92. Міндетті гигиеналық құралдар мүгедектерге жүгінген айдан бастап беріледі.
93. Мiндетті гигиеналық құралдар мүгедектерге бiр жылға төмендегідей мөлшерде берiледi:
1) тiрек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедектерге арналған жөргектер – 730 дана;
2) несеп-жыныс жүйесi бұзылған мүгедектерге арналған несеп қабылдағыштар – 365 дана;
3) iшек ауруы бар мүгедектерге арналған нәжiс қабылдағыштар – 365 дана;
4) сіңіргіш жаймалар (жаялықтар) – 365 дана;
5) катетер – 12 дана;
6) стоманың айналасындағы теріні қорғау және тегістеуге арналған паста-герметик – 12 дана;
7) қорғаныш крем – 12 дана;
8) сіңіргіш ұнтақ (опа) – 12 дана;
9) иісті бейтараптандырғыш – 12 дана;
10) теріні тазартқыш – 12 дана.
94. Санитарлық құрылғысы бар кресло-орындық, дәретхана бөлмесіне арналған қайырмалы тіреуіш тұтқалар, жуынатын бөлмеге арналған тұтқалар 4 жылдан бұрын ауыстырылмайды.
95. Жұмыспен қамту бөлімдерi мiндетті гигиеналық құралдар берiлгеннен кейiн бiр ай iшiнде мүгедектiң тегін, атын, әкесiнің атын (бар болса), туған күнiн, тұрғылықты жерiн, алған мiндетті гигиеналық құралдың атауын, берiлген күнiн, сондай-ақ алғандығына адамның қойған қолын көрсете отырып, гигиеналық құралдарды алған мүгедектердiң тiзiмiн облыстық басқармаға ұсынады.
Мүгедектердi протездік-ортопедиялық
көмекпен және техникалық көмекшi
(орнын толтырушы) құралдармен
қамтамасыз ету қағидаларына
1-қосымша
Достарыңызбен бөлісу: |