Педагогикалық процесс. Педагогикалық процесті ұйымдастыру формасы және құралдары, әдістері мен білім беру мазмұны. Мәдени білім беру ортасы. Педагогикалық процесті ұйымдастыру технологиясы.
«Процесс» («processus» латын сөзінен шыққан; тікелей аудармасы ілгерілеу) ұғымына шетел сөздігінде төмендегідей анықтама береді: күйдің реттілікпен ауысуы, қандай да бір нәрсенің даму жүрісі; қандай да бір нәтижеге жетудің реттелген әрекеттер жиынтығы.
Кәсіби іс-әрекеттің кез келген саласы сияқты педагогикалық іс-әрекетте еңбек субъектісі – мұғалім. Мұғалімнің құралдары («еңбек құралдары») – оның білімі, іскерлігі, тұлғалық сапасы, ғалым Н.Д.Хмель: «... мектептің педагогикалық оқу-тәрбие процесінде іс-әрекет субъектісі мұғалім мен оқушылар; мұғалім іс-әрекетінің нысаны – оқушы емес, педагогикалық процесс» – деп атап өтті.
Оқыту мен тәрбие процесін ажырамас бірлікте қарау идеясы ХІХ ғасырдың ортасында келді. Қазіргі кезеңде педагогикалық процесс немесе жалпы оқу-тәрбие процесі біртұтастықта қарастырылады. Қазақстандық ғалым Н.Д.Хмель өз еңбегінде тәрбие мен оқыту (педагогикалық процесті) бөлмей біртұтаста қарауды ұсынды. Біртұтастық дегеніміз оқу мен тәрбиенің, олардың мақсаты, міндеті, мазмұны, әдісі, құралы, түрі, мұғалім бен оқушы, оқушы пен оқушы, оқушы мен ата-ана, сынып жетекшісі мен пән мұғалімдері, қоршаған орта, білімнің, тәрбиенің мазмұны және т.б. біртұтастықта алынып, жеке-жеке қаралады.
«Педагогикалық процесс» ұғымын ғылымға алғаш рет 1904 жылы П.Ф.Каптерев ендірді.
«Педагогикалық процесс» объектінің сапасы, оның қасиеті ретінде көрінеді, оларсыз педагогикалық процесс өзіндік ерекшеліктерінен айырылады: белсенділік пен қатынастың бірлігі, процеске қатысушылардың барлық субъектілерінің ұйымдастырылған, бірлескен, дербес іс-әрекеттері; әртүрлі сатыдағы жүйелердің қызметінің арнайы мамандануы; субъектілердің өзара әрекеттері нәтижесінде пайда болатын әртүрлі қарым-қатынастарының жиынтығы.
Педагогикалық процеске көптеген ғалымдар әртүрлі анықтама береді (4-кесте).
Педагогикалық процестің негізгі сипаттамасы оның біртұтастығында. Педагогикалық процестің барлық құраушылары бір мақсатқа бірігеді: білімділік, дамытушылық, тәрбиелік. Педагогикалық процестің тұтастығы жеке тұлғаны тәрбиелеу, оқыту, дамыту мақсаттарының бірлігімен және нақты оқу- тәрбие процесінің өтуімен сипатталады.
Тұтастық, жалпылық, бірлік – бірдей мақсатқа бағытталған педагогикалық процестің барлық құраушыларының негізгі сипаттамасы. Педагогикалық процесс – қойылған мақсатқа жетуге бағытталған, тәрбиеленушінің қасиеттерінің белгіленген өзгерісіне, түрленуіне алып келетін тәрбиеші мен тәрбиеленушінің өзара бірлескен іс-әрекетінің дамуы.
Педагогикалық процесс – негізгі біріктіруші жүйе. Онда қалыптасу, даму, тәрбие және оқыту процестері өздерінің барлық шарттарымен, формаларымен, әдістерімен өзара бірігеді.
Достарыңызбен бөлісу: |