15-дәріс. Құрмалас сөйлемді оқыту әдістемесі
Жоспар:
Құрмалас сөйлемді оқытудың әдістері.
Құрмалас сөйлемнің құрылымдық- мағыналық жүйесі.
Құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары.
Құрмалас сөйлемді талдау әдістемесі.
Құрмалас сөйлемнің табиғаты туралы ұғым қалыптастыру. Құрмалас сөйлемді теориялық деңгейде оқыту әдістемесі. Құрмалас сөйлемнің құрылымдық- мағыналық жүйесі туралы түсінік беру жолдары. Құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары. Құрмалас сөйлемді талдау әдістемесі. Салалас құрмалас сөйлем және оның жасалу жолдары. Салалас құрмалас сөйлемнің мағыналық түрлерін оқыту әдістемесі. Сабақтас құрмалас сөйлем мен оның жасалу жолдарын оқыту әдістемесі. Сабақтас құрмаластың мағыналық түрлері мен олардың жасалу жолдарын меңгерту. Аралас құрмалас сөйлемді оқыту әдістемесі. Аралас құрмаластың өзіне тән жасалу жолдарын меңгерту әдістемесі. Көп компонетті құрмалас сөйлемді оқыту әдістемесі.
Синтаксис курсындағы күрделі тақырыптың бірі – құрмалас сөйлем туралы түсінік. Бұл тақырыпты оқыту арқылы оқушыларға құрмалас сөйлем танытылады. Осы тақырыптан берілетін теориялық білімнің аясы кең. Атап айтқанда, оқушылар мынадай білім алады:
1. Құрмалас сөйлемді оқытудағы мақсат.
2. Құрмалас сөйлем қазақ тілі синтаксисінің үлкен бір саласы екені жөнінде түсінік.
3. Құрмалас сөйлемнің өзіндік белгілері.
4. Құрмалас сөйлемнің анықтамасы.
5. Құрмаластың өзара салалас, сабақтас, аралас құрмалас сөйлемдер болып бөлінетіні.
Құрмалас сөйлем туралы түсінікті оқушылар санасына екі түрлі жолмен жеткізуге болады: біріншісі - әңгіме, байқау әдістері арқылы; екіншісі – мұғалімнің түсіндіруі, байқау әдістері арқылы.
Құрмалас сөйлемді оқыту барысында оқушыға салалас құрмалас пен сабақтас құрмаластың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстыра отырып түсіндірген тиімді. Салалас пен сабақтас сөйлемнің бір-бірінен айырмашылығы оның баяндауыш формасында екендігі мысалдар арқылы түсіндіріледі. Алынған сөйлемді бір-біріне айналдыру арқылы тереңірек түсіндірген жөн. Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен айырмашылығы оның күрделі ойды білдіретіндігінде екенін жай сөйлемді мысал ретінде алып, салыстырған дұрыс. Кейбір құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен де қысқа болып келетінін, ал керісінше кейбір жай сөйлемдердің ұзақ болып кездесетінін де айтып өту қажет. Сөйлемдерді талдату арқылы мұғалім оқушыларға құрмалас сөйлемді терең жеткізе алады.
Достарыңызбен бөлісу: |