ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА МАҚАЛ-МӘТЕЛ АРҚЫЛЫ ТІЛ ДАМЫТУ
С.С. Уразалина
Қостанай құрылыс колледжі, Баймаганбетов көшесі, 1, тел. : 22- 05- 23
e –mail: str_ col @ mail. ru
Тіл дамыту- қазақ тілін оқытудың, білім мен тәрбие берудің ең маңызды да салмақты мәселесі. Ол арқылы жасөскінді тіл өнеріне баулу, қазақ тілінің қыры мен сырын терең меңгеру, ойын жатық та көркем етіп жеткізе білу, мәдениетті де сауатты жаза білу іс-әрекеттері жүзеге асады.
Тіл – бүкіл тіршіліктің алтын қазығы. Ғылымның, білімнің қай саласы болмасын ол тек тіл арқылы дамиды.
Өзге ұлт өкілдерінің тілін дамыту – қазіргі білім саласындағы оқу-тәрбие ісіндегі басты проблема. Тіл мен сөйлеу үрдісін дифференциалды қарастыра оқыту қажет, өйткені оқушының дұрыс сөйлей білуіне көңіл бөлініп отыр. Орыс тілді оқушыларға қазақ тілін оқытудағы басты мақсат- сөйлей білуге, өз ойын айта білуге, жаза білуге үйрету, сондықтан да коммуникативтік қарым-қатынас бірінші орында тұрады. Қазақ тілін орыс тілді балаларға игертуге коммуникативтік қарым-қатынас бірінші орында тұрғандықтан, тіл материалдары болсын, оны игертуге негізделген жаттығулар болсын, сондай-ақ тіл дамыту жұмыстары болсын түгелдей қазақша сөйлей білуге, өз ойын айта білуге бағытталуы қажет. Қазақ тілін орыс топтарына нәтижелі үйрету үшін оның оқыту әдістемесін жетілдіру, түсіну- бүгінгі күннің маңызды мәселесі. Сондықтан қазақ тілі сабақтарындағы тіл дамыту жұмыстары оқушылардың жалпы ойын дамытуға бағытталады. Яғни, оқушылардың тілін дамыту мәселесі олардың ойлау қабілетімен байланыстырыла, сондай-ақ ойлау мен сөйлеу процесінің бірлігінде ұйымдастырылады. Қазақ тілін оқытуға байланысты тіл дамыту жұмысын ұйымдастырудың негізгі мақсаты- оқушылар белгілі бір дәрежеде қазақша сөйлеп, өз ойын басқа біреуге жеткізе алатындай, сондай-ақ өзгенің сөзін ұға, түсіне алатындай деңгейге жету. Оқушыларды осындай деңгейге жеткізу үшін мақал-мәтелдерді оқытып жаттатыруға үйреткен тиімді.
Мақал – мәтелдер ғасырлар шежіресі. Мақал-мәтелдер ой дәлелдігімен, тереңдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан құблыстарына баға беріліп, үлкен түйін жасалады. Халық даналығы үлкен ойды аядай қалыпқа сыйғызып, асқан шеберлікпен танытқан. «Көп сөз-көмір, аз сөз-алтын» дегендей, мақал-мәтелдің өн бойынан поэзияға тән жинақылық, үнділік, саздылық, ұйқас, ырғақты кездестіреміз. Онда басы артық бір сөз болмайды. Барлығы өз орнында.
Оқушылардың сөздік қорын молайту жөнінде оларды дұрыс сөйлеуге үйрету жолында өзімнің іс-тәжірибеме сүйене отырып, мынадай тәсілдер пайдаланамын.
- сөздік жұмыс (әңгімелеу,салыстыру,қайталау, сұрақ-жауап, анкеталар т.б.)
- көрнекі құралдар қолдану (сурет, бейне фильм т.б.)
Оқушының сөздік қорын молайту, жаңа сөздерді меңгеруде шешуші роль
атқаратын жұмыстың бірі-сөздік жұмысы. Осы сөздік жұмысты жүргізуде,
бекітуде, оны практикалық қолдана білуде ойынның атқаратын ролі ерекше.
Мақал-мәтелдің оқушыларға тәрбие берерлік жағы да, сөздік қорды толықтыру үшін теңдесі жоқ қазына. Мақал – сөздің мәйегі. Мәйек – бір қазан сүтті ашытатын (ұйтатын) ұйтқы, яғни қысқа да нұсқа айтылатын сөз, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сөздің ұйытқысы. Мақал дегеніміз халықтың ғасырлар бойы өмірден, табиғаттан көрген – білгенін бейнелейтін шағын шығармасы, сөз өнері ... Мақал бейнелі сөз, тілі ұста, құрылысы тұрақты сөйлем. Сондықтан да ол жаттауға, есте сақтауға, пайдалануға оңай. Өйткені, қазақ мақалдарының құрылымы қысқа, өлеңге жуық, онда ұйқас бар, дыбыс үндестігі бар.
Мен өз сабақтарымда оқушылардың тілін дамыту мақсатында мақал-мәтелдер арқылы бірнеше жұмыс түрлерін қолданамын:
антоним сөздерден жасалған мақалдарды тауып жазу,
Мысалы: «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат»
« Тамыр болдың айтыс жоқ, қолдан бердің қайтыс жоқ»
« Алғыға қарап пікір ет, артқыға қарап шүкір ет.»
« Кәрліктің алды- жігіттіктің соңы»
« Адам бір терінің ішінде – толады да солады да»
Мысалы: жақсы –жаман (қандай? –сұраққа жауап береді) – сын есім
Айтыс-қайтыс (не?) - зат есім
Алғы-артқы - көмекші сөздер
Алды-соңы – көмекші сөздер
Толады- солады ( не істейді?) – етістік
қатыстық сын есімдерді бар мақалдарды жазу,
Мысалы: « Ақсақ қой түстен кейін маңырайды»
« Жақсы кісінің ашуы, жибек орамал кепкенше»
« Әдепсіз бала - аяққа басылған шала»
« Бақыр қазан қайнаса, бәріміздің бағымыз»
құрамында көмекші есім кездесетін мақалдарды тауып жазу,
Мысалы: «Ел іші – алтын бесік»
«Ырыс алды – ынтымак»
«Тау мен тасты су бұзар,
Ер арасын ку бұзар»
тәуелдік жалғаулы сөзі бар мақалдарды жазу,
Мысалы. « Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан»
«жеңгесі» - оның жеңгесі – тәуелдік жалғау,жекешк
түрінде, 3-жақ
« Жаманға айтқан ақылың, дала атқан оқпен тең»
«ақылың» - сенің ақылың – т.ж. 2- жақ,жекеше түрінде,
берілген мақалдардағы есімшелерді тауып және мақалдардың мазмұнын ашу,
Мысалы: «Бүлінген елден, бүлдіргі алма»
«Көпті жамандаган – көмусіз калар»
«Ата көрген ок жонар,
Ана көрген тон пішер»
Мысалы: «Сабыр түбі ...»
«Балалы үйдің ...»
«Ағайыныңды іске шакырма, ...»
мақал құрамындағы бір сөзді ғана атап, сол сөзі бар мақалды табу,
Мысал: « Тіл ...» «Тіл – қылыштан өткір»
« Өнер алды ...» «Өнер алды – қызыл тіл»
мақал-мәтелдердің орыс тіліндегі баламасын тауып айтып, жаттатқызу
Мысалы: «Ердің атын еңбек шығарады» -
Человека прославляет труд,
« Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» -
Не рой другому яму, сам упадешь
«Өлгенше үйрен» -
Век живи, век учись -
Сөздерді бір-бірімен байланыстыру үшін ең жие қолданылатын көрсеткіш – септік жалғау, берілген мақал-мәтелдерді оқып, асты сызылған сөздердің қай септікте тұрғанын талдау жұмысын жасаймыз:
( Не? ) Оқу – білім бұлағы,
(Не? ) Білім – өмір шырағы.
( Кімнің?) Білімдінің алды жарық,
( Кімнің?) Білімсіздің күні ғаріп.
( Кімге?) Өнерліге өлім жоқ,
( Кімге?) Жалқауға жарық жоқ.
(Нені?) Өнерді үйрен де жирен.
( Қайда?) Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың.
( Кімнен?) Ұстаздан шәкірт озар.
Оқу ( немен?) инемен құдық қазғандай –
секілді тапсырмалар жүргіземін.
Көрсетілген мақал мәтелдердің түрлі ойын элементтері арқылы берілгенін байқағандай, осындай элементтерді пайдалана отырып, оқушылардың ауызекі сөйлеу дағдыларын дамытуға мұғалім үшін өте тиімді - деп ойлаймын. Мұндай тапсырмаларды қызыға орындап, әрі грамматикалық мағынаның ерекшеліктері туралы білімдерін бекітуге, әрі мақал-мәтел арқылы сөздік қорларын толықтыруға ықпалды. Кез келген сөзді бір-бірімен байланыстыра, тіркестіре салуға болмайтындығын жете түсіндірген жөн. Мұндай жағдайда оқушылар мақалдарды құрғақ жаттап қана қоймай, оның мазмұнын, мағынасын ашуға, түсінуге талпынады. Әдетте, мақалдар жаттап алу үшін ғана бермеймін, әрбір мақалдың тура мағынасы мен ауыспалы мағынасын қатар түсіндіріп отырамын. Мұндай жағдайда оқушылар мақалдарды құрғақ жаттап қана қоймай, оның мазмұнын, мағынасын ашуға, түсінуге талаптанады. Тіл дамыту үшін сөздік жұмыстарына да көп көңіл қоя білу керек.
Тіл дамыту жұмысында ауызекі сөйлеу мен жазба тілінің бір-бірімен байланыста. Адам бір-бірімен сөйлеу тілі арқылы тікелей қарым қатынас жасайды. Сөйлеу тілі арқылы адам екінші бір адамның айтқан сөзін естейді, тындайды әрі онымен пікір алысып сөйлеседі. Адам осындай сөйлеу барысында тілдің түрлі көркемдік тілдік құралдарын пайдаланылады. Мысалы, мақал-мәтел, теңеу, салыстыру, әсірелеу, сөзге екпін түсіріп айту, ымдау тағы да басқа әрекеттер арқылы сөйлеу үрдісінде екінші бір адамға ойын жеткізеді. Сондай-ақ ауызекі сөйлеу тілінде адам ойын жай сөйлемдермен айтуға бейім келеді, мысалы, сөйлемнің айқындауыш, оңашаланған мүшелерін, құрамдас сөйлем түрлерін қолдана бермейді. Тіл дамыту жұмыстары грамматикалық зандықтармен байланысты жүргізілуі тиіс.
Морфологияны оқытуда оқушылар тілін дамыту жұмыстарында сөз мағыналары, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін туралы тіл білімінің дәлелденген тұжырымдары басты рөл атқарады. Осыған орай морфологиялық тұлғаларды оқушы тілін дамыту мақсатына сай сөйлеу тәжірибесінде қолдануға септігі тиер білім мазмұнын нақтылау көзделеді. Оқушылар тілін морфологияны оқыту арқылы дамытуда олардың сөз мағыналарын жетік біліп , сөйлеу кезінде дұрыс пайдалануға дағдыландыру, сөздік қорларын байыту – ең басты жұмыс. Сондықтан морфологияны оқыту арқылы тіл дамытуда лексикология ғылымының жетістіктері басшылыққа алынды.
Морфологияны оқыту арқылы тіл дамыту жұмыстарын жүргізгенде жаттығу материалдарында мақал-мәтелдер, кеңінен қолданылады. Мысалы, сөздің грамматикалық мағынасына қатысты практикалық сабақта мақал-мәтелдерді пайдалану арқылы сөздердің лексикалық және грамматикалық мағыналарын тапқызу оқушының грамматикалық мағынаны түсінуіне әрі сөз байлығын арттыруға мүмкіндік береді. Немесе, берілген сөздерді ( мысалы, ерлік, тәрбие, жүрек, ел, батыр т.б. грамматикалық көрсеткіштер арқылы түрлендіріп, сол сөздер туралы мақалдарды тауып жазғызу да оқушының морфологиялық тұлғаларды ажырата отырып, сөздік қорының жетілуіне әсер етеді.
Мақалдармен жұмыстың бірнеше түрі бар:
Мақалды үстеу.
Мақал мазмұны бойынша жұмыс.
Мақалды сөйлеу әрекетінде қолдану.
Үстеу кезеңінде тақтаға мақалды жазамыз. Алдымен мұғалім оқиды. Сонан соң оқушылар қайталайды. Түсіндіру кезінде алдымен кейбір сөздерінің мазмұнын синониммен түсіндіруге болады. Мақалдың мағынасын ашу кейде қиындық туғызады. Бұл мұғаліммен сөйлесуге жағдайын ұсыну арқылы түсіндіруді қажет етеді. Мысалы: мақалдың құрамында жиі кездесетін «ырыс, несібе, құт» сөздерінің мағынасын ұлттық сипатта түсіндіру қажет. Өйткені, бұл сөздердің аудармасы мағынасын дәл ашып бере алмайды. Мысалы:
Батыр туса, ел ырысы, жаңбыр жауса, жер ырысы.
Байлық-мұрат емес, кедейлік ұят емес.
Отан оттан да ыстық.
Ауызекі сөйлеу тілін жақсы меңгерген, оған жаттыққан оқушы ойын жазбаша да дұрыс, жүйелі бере алады. Сондықтан бұл екі үрдіс бір-бірімен бірлікте, байланыста қаралғанда, жүргізгенде ғана дұрыс нәтиже береді. Тіл дамытуға арналған жұмыстардың барлығы оқушылардың тіл байлығын, білім деңгейін, сана сезімін, сауаттылығын дамытуға көмегі зор.
Білім беру тұжырымдамасында өмір талабы ретінде екі тілде сөйлеуді одан әрі орнықтыру, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудың сапасын жақсарту міндеттері қойылады. Орыс тілінде жүргізілетін білі ошақтарында оқушыларға қазақ тілін оқыту мәселесі олардың қазақша сөйлей алатындай болып шығуына мүмкіндік беретіндей болуы тиіс. Сөз тіркестері мен мақал-мәтелдерді күнделікті өмірде пайдалана отырып, тиімді қолдана білудің маңызы зор – деп білемін. Сондықтан да оқушылар алған білімдерін өз қажеттілігіне ғана пайдаланып қоймай сонымен қатар, өзгелермен де бөліссе ұтымды амал болып табылар еді.
Әдебиет тізімі:
1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. -Алматы: Мектеп, 1978-495 б.
2. Ахманова О.С. Очерки по общей и русской лексикологии. -Москва:
3. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. –Алматы: Мектеп, 1974. –191 б.
4.Байтұрсынов А . Тіл тағылымы. –Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.
5. Государственное издательство Министерства просвещения РСФСР, 1957. –295 с.
6. Қайдар Әбдуәли. Бір мың әсерлі де бейнелі оралым (этнолингвистикалық түсініктеме берілген қазақша-орысша фразеологиялық сөздік). -Астана: Білге, 2003. –368 б.
7. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1977. –712 б.
8. Сатенова С.К. Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты. –Алматы, 1997. –180 б.
Достарыңызбен бөлісу: |