ОРЫС АУДИТОРИЯСЫНДА МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІ ОҚЫТУ
Қадырғалиев Ж.Д.
(Қазақстан, Орал)
Қай халықтың болмасын ауыз әдебиеттінде мақал мен мәтелдердің көлемі шағын, мазмұны бай,
тілі көркем болып келеді.
Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерде халықтың сан алуан өмір құбылыстары қамтылған. Олар ой
дәлдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді, тақырыптары әр алуан болып келеді. Мысалы: «Білімді
өлмес – қағазда аты қалар, ұста өлмес – істеген заты қалар», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ»,
«Ағаш тамырымен, адам жолдасымен мықты» т.б.
Мақал-мәтелдер жас ұрпақтың ата-бабаларымыздың өткен тұрмыс-тіршілігін білумен қатар,
оларға тәлім-тәрбие береді, білімді, саналы жеке адам болып қалыптасуына игі ықпалын тигізеді.
Мақал-мәтелдер – адамның өз өмірінде көрген-білгенінен, бастан кешкен оқиғаларынан
қорытқан ақыл-ойының жиынтығы. Екі бөлімнен тұратын мақалдың бірінші бөлігінде ойдың түп негізі
айтылса, екіншісінде ой қорытындысы беріледі. Мақал-мәтелдер өмірде адаспай, дұрыс шешім
жасауға, нағыз адам болуға тәрбиелейтін өмір ережесі іспеттес.
Мақал-мәтелдер бір-біріне ұқсас, алайда бұл екеуі екі түсінік емес, олардың аз да болса белгілі
дәрежеде айырмашылықтары бар. Ол айырмашылық ойды түйіндеуден және құрылымы жағынан
көрінеді. Мақалдарда тиянақты, тұжырымды ой айтылады, құрылысы жағынан бір немесе бірнеше
сөйлемнен құралып келе береді, алдыңғы ой екінші ойдың шарты түрінде көрінеді. Мысалы: «Мезгіл
жетсе, мұз да ерір», «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кірер», «Түсі игіден түңілме» т.б.
Орыс аудиторияларында ойды дұрыс жеткізуге, сөздің мағынасын түсінуге ерекше көңіл
бөлінеді. Студенттің ой мен тілдің көркем құралы – мақал-мәтелдерді халықтың өшпес даналық
мұраты ретінде бағалауына, көркем тілін дамытуға және тіл мен әдебиетті байланыстырып оқытуға
айрықша көңіл бөлінеді. Орыс аудиторияларында мақалдарды, қанатты сөздерді, Абайдың қара
сөздерін, ел аузынан алынған аңыз-әңгімелерді жиі қолданып отырған жөн деп санаймын. Ондағы
мақсат – түйінді ойды, мән-мағынаны, үлгі-өнегені таныту.
Қазақтың мақалдары – студенттердің поэтикалық көркем ойларын қысқа, жинақы түрде айтуға
дағдыландыратын өте бағалы материал. Әрине, орыс аудиториясында студенттерді қазақша көп
сөйлетуге тырысамыз, ал мақалдарды үйретудің мақсаты мен орны бөлек. Мақал-мәтелдерді
студенттердің қолданыс сөзіне айналдырудың мәні зор.
Мақал-мәтелдерді жеткілікті үйрету, оның сөйлеуде қолданылуына студенттің сөздік қорын
байытумен бірге, оның қазақша сөйлеуіне көркемдік береді, оның сөзіне әсерлік туғызады. Студенттің
қазақша сөйлеуі неғұрлым көркем, шебер болса, оның қазақша шебер сөзі тыңдаушыға күшті әсер
етеді, тыңдаушыны қызықтрады. Сөйлеуші мен тыңдаушының арасында өте жақсы қарым-қатынас
туады, бірін-бірі түсіну, жақсы қабылдау сияқты психологиялық жағымды жағдай орын алады. Бұндай
жағымды әсер екі жаққа да өте пайдалы, ол студентті қазақша сөйлеуге ынталандырады.
Студенттің сөздік қорын байытудың бір арнасы мақал-мәтелдерді меңгертумен байланысты.
Оқулықтарда ол ескерілген. Мақал-мәтелдерді үйретуді жүйелі түрде үйрету қажет. Бір сабақта
бірнеше мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестерін үйрету студентке ауыр.
Тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді студентке үйретуді бірінші сабақтан бастау пайдалы
емес. Студент әуелі жай сөздерді үйреніп, сөйлеуге жаттығуы жөн. Тұрақты тіркестер мен мақал-
мәтелдерді үйренуді кейінірек бастаса да болады.
Студентке мақал-мәтелдердің сөздігін жасату өте пайдалы. Мұғалім студентті үйренген мақал-
мәтелдерін жеке дәптерге жазып отыруға дағдыландыру керек. Студент мақал-мәтел сөздігін, сабақтан
тыс уақытта естіген, оқыған мақал-мәтелдері арқылы да толықтырып отыруы жөн. Ол сөздікті студент
күніне бір рет оқып отырса, оны ойында, есінде тұрақтандырады, ұмытпайды. Ол мақал-мәтелдердің
студенттің сөйлеуінде, жазуында қолдануына жол ашады.
Құрмалас сөйлемді өткен кезде жай сөйлемдерден құрмалас сөйлемдер құрастырумен қатар,
мақалдарды құрмалас сөйлем ретінде алуға болады. Құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдер:
1. Екпін арқылы;
2. Жалғаулық шылаулар арқылы;
3. Құрмалас сөйлемнің құрамындағы алғашқы жай сөйлемнің баяндаушы тұлға жағынан
тиянақсыз болғандықтан, келесі сөйлеммен құрмаласа байланысады. Мысалы: «Алтау ала болса,
ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», - деген сияқты мақалдарды беруге болады.
Салалас құрмаластағы жай сөйлемдердің баяндауыштары әр түрлі сөзден болумен қатар, кейде
бір сөздің қайталануы арқылы да жасалады деп, мысалы ретінде мына мақалдарды ұсынуға болады:
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Жаз арбаңды сайла, қыс шанаңды сайла».
Баяндауыштары бір сөздің қайталануы арқылы жасалған салалас құрмаластарды ықшамдап
айтуға болады. Мұндай сиыстыру әсіресе, мақал-мәтелдерде көбірек кездеседі. Мысалы, жоғарыда
берілген мақалдардың бірінші жай сөйлемдеріндегі баяндауыштары алып тастап: 1. «Жаз арбаңды, қыс
шанаңды сайла», деп жиыстырып айтқызуға болады. Қарсылықты салаластағы жай сөйлемдер
жалғаулықтармен және баяндауыштары көбінесе антоним сөздерден, болымды-болымсыз формадағы
сөздерден жасалып, жалғаулықсыз іргелесіп те байланысады.
Мысалы: «Көз қорқақ, қол батыр», «Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі».
Шартты бағыныңқылы сабақтас сөйлемге келгенде: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның
тіленбей», «Сын түзелмей, мін түзілмес», «Бірлік болмай, тірлік болмас» (-й жұрнақты көсемшенің
болымсыз -ма, -ме түрінен жасалған) мақалдарды беру арқылы құрмалас сөйлемнің жасалу жолын
түсіндірумен қатар, ұлттық болмысымызды айқындайтын ауыз әдебиеті үлгілерін, оның ішінде мақал-
мәтелдерді оқытуға айрықша көңіл бөлуге және сабақтың алға қойған мақсатын ұштастыруға болады.
Сабақ барысында мынадай тапсырмалар да беруге болады. Мақалды толықтырыңыздар:
1. Жеті түрлі білім ал, жеті елдің...
2. Ұлың болсаң...
3. Әдепті бала арлы бала, әдепсіз бала...
4. Жүз сом ақшаң болғанша, жүз...
Яғни, осындай тапсырмалар арқылы студент берілген мақалдардың
бірінші бөлігін оқи отырып, екінші бөлігін ойланып, іздестіреді. Бұндай тапсырма да студенттің
сөздік қорының қаншалықты бай екендігін, оның қаншалықты мақал білетіндігін көрсетеді. Осындай
тапсырмалар арқылы студенттің есінде мақал-мәтелдер біртіндеп жаттала бастайды. Олар неғұрлым
көбірек мақал-мәтел білуге тырысады.
Сондай-ақ қазақ тіліндегі орысша баламасын тап деген тапсырмалар да беруге болады. Мысалы:
1. Тамшы тама-тама дария болады – По капельке образуется река.
2. Ердің атын еңбек шығарады – Человека прославляет труд.
3. Көрнекті іс көмілмейді – Хорошо дело не пропадает.
4. Аз да болса, дұрыс болсын – Меньше да лучше.
Яғни, осындай тапсырмалар арқылы кез келген ұлт өкілдерінің белгілі бір ойды тұжырымдауда,
қысқа да нұсқалы ой-өрнегімен ұғындыру, олардың орысша-қазақша баламаларын табуға үйретеміз.
Сонымен қатар мақал-мәтелдерді орнымен, ұтымды қолдана білулерін үйретуіміз керек.
Сондай-ақ студенттердің сөздік қорын байыту, өз ойын жеткізе білу, оны қағаз бетіне түсіру
мақсатында мынадай тапсырмалар беруге болады. Мысалы, I курс студенттеріне мынадай тапсырма
берілген болатын.
Ердің атын еңбек шығарады. Осы мақал-мәтелді өз сөзімен, өз түсінігімен қағаз бетіне түсіру
керек. Бұл мақал-мәтелдің мәнін Е.Төлегенова деген студент былай ашып берген: «Еңбексіз өмір жоқ
дегендей, адамның қазіргі қалыпты адам болуына да еңбек көп көмек етті. Өйткені, тарихшылырдың
айтуы бойынша маймылдан адам еңбек еткен соң, жұмыс жасаған соң адамға айналды. Сондықтан
алдына қойған мақсатқа жету үшін еңбек ету керек, көп тер төгу керек. Еңбек етпеген, талпынбаған
адамды ешкім сыйламайды, қадірлемейді» десе, Н.Рамазанова деген студент бұл мақалды өз түсінігі
бойынша былай жазыпты:
«Өзін-өзі қадірлеген адам еңбек етеді. Өйтк2ені, оның еңбек қадірлі адам етеді. Егер ол
жұмыс жасаса, еңбек қылса, өмірінде алдына қойған мақсатына жетеді. Ал жалқау адам
ешқашан өзінің мақсатына жете алмайды». Міне, осындай тапсырма арқылы студент берілген
мақал-мәтелдің мәнін аз да болса өз түсінігімен, өз ойымен, өз сөзімен жеткізуге тырысады. Бріншіден,
студент жаңа мақал-мәтел үйренеді, екіншіден, тіл байлығы дамиды.
Мақал-мәтелдер ізгі қасиеттерге үндеу, жақсылыққа уағыздау, игі қасиеттерге тәрбиелеу мәнінде
болатыны белгілі. Ал ол өмір шындығынан қорытылған. Өмір шындығы халықтарға көбіне ортақ
болғанықтан, мақал-мәтелдердің халықтарда ортақтығы, ұқсастығы да мол. Сондықтан мақал-
мәтелдерді оқытуда оның студенттің ана тіліндегі түрімен түсіндіру өте пайдалы.
Мақал-мәтелдерді сабақ барысында пайдалану арқылы біз студенттерді ауыз әдебиетінің бір
түрімен таныстыра отырып, тәрбие береміз, сонымен қатар, өткен тақырыбымызды мақал-мәтелдер
арқылы аша түсеміз.
Сондықтан да мақал-мәтелдерді орыс аудиторияларында жиі қолданып отырған тиімдірек.