75
бірін-бірі толықтырып әкетеді: «Шіретте тұрған кісі қандай
кең пейілді келеді: арық қойдай тырысып, баз біреумен
ұрысып, баз біреумен жұлысып, теріміз тарылып, өзіміз
жарылып кеткендей тұрмыз. Сіркеміз су көтермейді. Тек
жуықтап кеткен адамға бақырауық түйедей баж ете қаламыз.
Тіршілік түбі тартыс қой, адам өз төсегіне тартысады да»
[4.6]. Ирониялық леп лезде сатираға ауысып, келеңсіздікті
әшкерелеуге қызмет етіп отырады: “Бір мезетте құдай
жарылқады, ақ моншаның қарны жарылды. Жалғыз тесік
жылт етіп ашыла кетті. Апыр-топыр көкбөрідей тесікке
таластық. Тәртіп, сыйласым, мәдениеттілік, зиялылық, әдеп
дегендеріңіз адыра қалды» [3.6,7].
Ілияс ирониясының бір сипаты – орайлы жерінде
әлеуметтік-саяси
терминологияның
да
ирониялық
мақсатта пайдаланылып, көркемдік тәсілмен қатар
концептуальдық мәнерде қызметке келетіндігі. Мысалы,
«Жалаңаш
жиналыста»
суреттегеніндей,
адамның
әлеуметтік жағдайының киімшең қалыпта байқалғанымен,
сыртқы жамылғы – киім болмағанда баршасының бірдей
екенін аңдатудың орайында белгілі бір философиялық,
этикалық мән жатыр және ол ирониялық ойнақылықпен
баяндалады: «Моншадағы шіреттің түрі жалаңаштық,
мазмұны бұқарашылдық болатын көрінеді. Жұрттың
бәрі тыр жалаңаш... Моншаға кіргеннен соңғы тағы
бір жетіскендігіміз – шіреттегі тап-тапқа бөлінуді
жойдық. Тысқы жақтағы тап-тапқа бөліп тұрған киіміміз,
документіміздің бәрін «сдавать» еткен соң әскер, қызыл
партизан, командировочный, жай граждан арасында
айырма қалмай, тапсыз қоғам құрып шіретте тұрамыз»
[3.8]; «Өңшең жалаңаштың ішінен горсоветтің мүшесін
танып алу оңай болып па? Жұрт мүшені сұрастырып,
тастаяқтай қағысты» [3.9]. Әңгімедегі ирониялылық тыныс
тек сөздік баяндау ырғағымен ғана шектелмейді, сюжеттік
76
ұйымдасудың астарындағы мысқылдық реңк оқиғаның
мазмұнына да қатысты: монша ішінде кілең жалаңаштардың
уақыт өткізу үшін (уақытты тиімді пайдалану үшін) жиналыс
өткізуі мысқылдық мәнімен ерекшеленеді: «Жиылыс,
кәдімгі, жарық дүниедегі жиылыстан кем болған жоқ. Алқа
қотан отырып басалқы, бастық, хатшы сайланып, киімді
кісілердей-ақ кеңеске кірістік» [3.10]; «Не чин, не орын, не
үстел, не мекеме жоқ, жанның бәрі бірдей, жұрттың бәрі
жалаңаш, терезесі тең – шынайы бұқарашылдық сонда
болады екен... Армансыз айтысып, өзара сынды ең жоғары
скамейкаға шейін көтердік» [3.11].
Ілияс Жансүгірұлы әңгіме-фельетондарындағы баяндау-
лар орайында лирикалық иронияның да үлесі бар, мысалы,
«Бақтың әдісі» әңгімесінде оқиғаны баяндағаннан кейінгі
кейіпкердің қорытындысын ирониялық леппен танытады:
«Әркім бай болуды қаласа, «ожданмен» байланысты үзуге
тиіс екен..: «Ар» деген немені «Аулақ жүр!» деп қуып
жіберу керек екен... «Не жұма тұрсын, не мен тұрайын» деп
Қожанасыр айтқандай, «не бақ пен байлық», «не ар, не ұят»
екеуінің бірімен ғана байланысың болу керек екен! Ожданмен
байлансаң, байлық байланысы үзіліп кетеді екен!.. Бұл менің
ұзақ тәжірибемен тапқаным – бақтың әдісі..» [3.15]. Мұндай
кейіпкерлік шешімнің астарына ирониялық парадокс тән:
кейіпкер өзінің байымау себебін байыптағанда, оның сыры
өзінің «кемшілігінен» екеніне «көзі жетеді» («Іс басына
мінгенде өзімнің распоряжениемдегі малдан, бұйымнан
алуды өзіме міндет қылмаппын»). Сөйтіп, кейіпкеріміз өзінің
адамдық мінез-құлық табиғатына керісінше қорытындыға
келеді. Кейіпкердің дұрыс деп тапқаны автор тарапынан
(концептуальдық тұрғыдан) теріс қылық болып табылады.
Осындай «басқаша ұсынып, керісінше айтатын» ирониялық
парадокстік тәсіл бұл әңгімеде лирикалық мысқылдың
арнасында бой көрсетеді.
77
Жазушы “Тәшкендікке тарт», «Шешілмеген жұмбақ»
әңгімелерінде өмір суреттері арқылы өз кезеңінің шындығын
мысқыл-кекесінмен әсерлі бейнелейді. Бұл шығармалардағы
ирония көркем мәтіннің мазмұндық арқауындағы өрімімен
ерекшеленеді. “Тәшкендікке тарт» әңгімесінде кооператив
мүшелерінің жалпы жиналысында кооперативтің пайдасын,
маңызын сипаттап, жұртты кооперативке үгіттеген
Шойынқұлақтың өз әйелі алдындағы дәрменсіздігі, соның
қалауымен қашқарлық не тәшкендік базарға апаратын
аужайының суреттелуінде ирония жатыр. Сөз бен істің
арасындағы қайшылық, жұртқа насихат айтып тұрып, сол
насихаттағы істі өзі орындай алмауы мысқыл тудырады.
«Сөз Қасымбаевқа» фельетонында бір өзі бірнеше
адамның атынан сөйлеп, әйтсе де ештеңе түсіндіре алмаған,
жиналысқа қатысушылардың сұрақтарына жауап беруден
де тайсақтап шыққан «әмбебап» өкілді әшкерелейді.
«Социализм болғанда ауыл қандай болады?» әңгімесінде
автор социализмдегі ауылдың көрінісін Оңшылбаев пен
Солшылбаевтың көзқарасы тұрғысынан бейнелейді. Олар
болашақтың бейнесін өз көзқарастарына сәйкес түстерінде
көреді. Екеуінің сөздерін тыңдағаннан кейін Болшевиктеров
ауылдың болашағы туралы өз ойын ортаға салады. Мұнда
танымдағы көзқарасты берудегі авторлық ирония сюжет
құрылымының өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Автор түрлі
көзқарасты салыстыра танытуда ұтымды тәсіл тапқан.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. М.Бахтин. Вопросы литературы и эстетики. М., 1975.
2. Т.Қожакеев. Сатира саңлағы // Лениншіл жас.
27.04.1984.
3. І.Жансүгіров. Құқ.А., «Қайнар», 1995.
Достарыңызбен бөлісу: |