ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ
Қ.Қ. Жұбановтың зерттеулері арқылы қазақ тіл білімінің теориялық негізі қаланып, негізгі ғылыми қағидалары орнықты, өзіндік грамматикалық және фонетикалық заңдылықтары айқындалды. Қазақ тіл білімінің зерттеу бағыттарында жаңа ғылыми көкжиектер көрініс тапты. Еуропалық үлгідегі ғылыми зерттеулермен толықтай таныс болған, өз кезіндегі ғылымның дамуында маңызды рөл атқарған Н.Я. Марр мектебінен білім алған Қ.Қ. Жұбановтың қазақ тілін жан-жақты әрі тарихи тұрғыдан терең зерделеуге бет бұруының өзіндік ішкі заңдылығы да, мәні де бар еді.
Қазақ тіл білімінде диахрониялық зерттеулер қанат жайып өркендеді деп айтуға әлі ерте. Шындап келгенде, бірлі-жарым ескерткіштер тіліне байланысты жазылған зерттеулер мен тілдік-тарихи салыстырулар (Ғ. Айдаров, А. Аманжолов, Ғ. Мұсабаев, М. Томанов, Ә. Құрышжанов, т.б.) болмаса, тілдің шынайы даму бағыттары мен қалыптасу жолындағы көптеген заңдылықтар, әсіресе тіл дамуындағы онтологиялық, ұғымдық (концептік) мәселелер толық зерттелді деуге ертерек. Тіл тарихының бұлайша кенже қалуының өзіндік себептері де жоқ емес. Бұл туралы “К постановке исследований истории фонетики казахского языка” деп аталатын мақаласында Қ. Жұбанов сонау 1933-34 жылдары-ақ айтқан. Ғалым тілді зерттеудің сол кезеңде қалыптасып отырған негізгі екі бағыты – синхрония мен диахрония туралы, тіл тарихын зерттеу тек жазба ескерткіштер тілін салыстыра зерттеу дәрежесінде ғана қалып қойып отырғаны және диахрониялық зерттеулерге тосқауыл қойылуының негізгі себептері туралы мынадай пікір білдіреді: “Подобные “признание” истории языка и возражение против палеонтологического анализа языкового материала, кроме несостоятельности доводов, носят великодержавный характер, считают историю принадлежностью лишь культурных языков и лишает возможности исторического изучения бесписьменные языки”.[1]1 Тіл тарихын зерттеудің қиындауы тек маррлық палеонтологиялық зерттеулердің жолын бөгеумен ғана байланысты емес еді. Сонымен бірге Ф. де Соссюр негізін салған құрылымдық саланың өркендеуімен де сабақтас келді. Қ. Жұбанов мұның да сырын дәл тауып, тап басып айта алған: “Учение исходит из того резкого противопоставления истории языка его же современности, из т.н. деления языкознания на linguistique diachroniqiue и linguistique synchronique, которое с легкой руки Ф. де Соссюра стало догматом для лингвистов и не изжито до сих пор.2 Сол кездердегі қ[i]алыптасқан жағдайларды саралап ойланған кісіге, ғалымның дәл осылайша пікір айтуы көзсіз ерлікке барабар нәрсе еді. Демек ғалым ғылым болашағы үшін, негізгі ғылыми концепциясын қорғау үшін осындай пікірді айтуға тайсалмаған. Қазақ тілінің тарихы мен оны зерттеудің бағыттары туралы алғашқы ғылыми еңбек саналатын бұл мақаланың тарихи да, ғылыми да мәні зор. Кез келген тілдегі негізгі заңдылықтарды айқындау үшін, оның тарихи дамуын зерделеудің маңызын айқындау қажеттігін анықтай отырып, зерттеуші жеке бір сөзге немесе жалпы сөздер тобына тарихи талдау жасамай, ғылыми зерттеу жүргізуі мүмкін емес деген ой айтады. Ал тарихи талдаудың қажеттілігі, ең алдымен, тарихтың өзі үшін емес, тілдің қазіргі жағдайы мен өркендеуін анықтау үшін қажет дейтін байсалды ғылыми тұжырыммен жалғастырады: “история изучается не как самоцель, не ради знания прошлого, а наоборот, история, прошлое языка изучаются для осознания современного состояние языка, для того, чтобы на основе этого осознания сознательно воздействовать на язык”.
Тіл тарихын зерттеудің қажеттілігін сонда-ақ ғалым біздің біліміміздің әлі де төмендігімен байланыстырады. Күн көру, күн елту, күннің көзі, безгегі ұстау сияқты тұлғалардың таңбалық сипаты мен мағыналық құрылымының бір-бірімен сәйкес келмейтіндігіне назар аудара отырып, олардың тұрақтылық қасиетінің орнығуынын өзіндік ішкі ерекшеліктерін анықтауға талаптанады. Ол үшін орыс тіліндегі, грек тіліндегі тұлғаларды мысалға келтіре отырып, ең дамыған тіл деп танылып жүрген осы тілдерде де мағынасы мен тұлғасы бір-біріне дөп келе бермейтін тіркестердің кездесетінін айтады. Мұндағы ғалымның айтпағы “языковые явления подобного порядка нельзя объяснить одной отсталостью народа, употребляющего эти выражения в своем языке, хотя отсталость обусловливает количественно большее и каственно более “девственное” сохранение особенностей мышления отдаленных периодов общественной жизни”. Автор мақаласынан оның жалпы тіл біліміндегі алдыңғы қатарлы зерттеулермен толықтай таныс екендігі аңғарылады. Бахофен, Морган, Лафарг т.б. ғалымдардың тұжырымдарын келтіре отырып, қазақ тілінің негізгі заңдылықтарын анықтауға ұмтылуы, оның тек қана Марр теориясының ықпалында ғана қалмағандығының айғағы. Ғалым фонетика, морфология, синтаксис, лексика және семантиканы бір-бірінен бөліп алып, зерттеуге қарсы шығады. Олардың арасына “қытай қорғанын” тұрғызуға болмайтындығын ескертеді. Мұның өзін тілдің және тіл ғылымының жүйелілік сипатын мойындауы, бағалауы деп түсінген абзал. Тіпті қазіргі қазақ тілін зерттеушілерге Қ. Жұбановтың осы идеяларына қайта оралып, оның ғылымилығына мән беру қажеттілігі аңғарылады. Тілдің жүйелілігі тек тіл теориясының немесе жалпы тіл білімінің ғана мәселесі емес, жеке тілді зерттеуде де мұны үнемі есте ұстау қажет. Фонетикалық заңдылықтар негізінде сөздің қалыптасуы, сөздердің бір-бірімен тіркесімділік қасиеті нәтижесінде жасалған сөз тіркестерінің валенттілік заңына бағынуы, ойды таңбалауда, сөйлем құраудағы тілдегі заңдылықтардың түгел сақталуы – тілдік зерттеулерден жүйелілік пен кешенділікті талап етеді. Бұл тұрғыда Қ.Жұбановтың көрегенділікпен айтқан: “…изменение звукового состава слова влечет за собой изменение значения, изменяется лексический и морфологический облик слова; изменение же лексическое и морфологическое способствует фонетическому перерождению слова” пікірі оның ойларын айшықты жеткізіп тұр.
Түркі тіліндегі р ~ з сәйкестігі туралы ғалым алғашқы ғылыми дәлелдер келтіре отырып, соны тұжырымдар жасайды. Р ~ з сәйкестігі арқылы жасалған мағыналық өзгерістерді сөз табының зат есім және етістік болып өзгеруінің нәтижесі екендігін дәл анықтайды: көз-көр, семіз-семір, сір-сіз, әлсіз-әлсіре, қансыз-қансыра сияқты мысалдарды келтіре отырып, мұның өзі сөздердің мағыналық жағынан өзгеруге әкелгенін, сөйтіп тілдегі лексикалық құрамның байығанын терең толғап жазады. Түркологияда күні бүгінге дейін түбір синкреттілігі теориясының негізін қалаушы ретінде Э.В. Севортянның есімі аталатыны белгілі. Түбір синкреттілігі деген терімсөз аталмаса да, Қ.Қ. Жұбановтың зерттеулерінің негізі түбірдің мағыналық даму теориясымен ұштасып жатады. Ғалымның: “…поскольку такое лексическое обогащение создало два разных корня: именной и глагольный, оно послужило и морфологическому обогащению – вызвало к жизни новые формы слов” – деген тұжырымын қазақ тіл біліміндегі сөз мағынасының дамуы мен түбірдің синкреттілігі туралы тіл тарихына қатысты айтылған алғашқы теориялық зерделеу десек қателеспейміз. Зерттеуші-ғалым р ~ з дыбыстарының тарихи тұрғыдан фонетикалық айырмашылығы жоқ екенін, олардың арасындағы фонема-семантикалық айырмашылықтың тек тіл дамуында ғана пайда болғанын нақты тілдік деректер негізінде дәлелдеп көрсетеді. Сөздің дамуын семантикамен тікелей байланыстырған ғалым тілді жүйе ретінде айқындай отырып, еліктеу сөздер теориясымен, сөздің әуенділігімен, аналогиялық заңдарды анықтаумен айналысқан Ашмарин, Гордлевский, Поливанов, Поппе сияқты ғалымдарды сынға алады. Дыбыстық өзгерістерді жеке бөліп қарау тілдік заңдылықтарды анықтаумен еш шектеспейтінін айқын дәлелдей келе, ғылым үшін ең негізгі мәселе олардың (дыбыс, сөз, сөз тіркесі, сөйлем) кешенді-тарихи негізде зерттелуін мәнін көрсетеді. Ғалым былай деп жазады: “…для нас является единственно верным то положение, что звуки существуют не вне слова, а в слове: следовательно, историю отдельных конкретных видов звуков следует изучать в истории изменения отдельных конкретных слов”.
Профессор Қ.Қ.Жұбановтың тілдің тарихына қатысты зерттеулерінің ішінде қазақ сөйлеміндегі сөз тәртібі мен олардың орны туралы мәселеге ерекше назар аударылады. Ғалым көрсетіп отырған сөздердің орын тәртібі туралы теориялық тұжырымдар қазіргі синтаксис саласы үшін өзектілігін жоя қойған жоқ. Шындап келгенде, анықталушы мүшенің алдында тұратын анықтауыштар тілдік әдеби нормаға сәйкес болатыны туралы айтылып та, жазылып та жүргенімен, ауыз екі сөйлеу тілінде де, жазба әдеби нормада да осы қалыптың үнемі сақтала бермейтіні тілдік факты. Зерттеуші-ғалым күн ұзаққа (ұзақ күнге емес), адам тағы болу (тағы адам емес), таң жарық (жарық таң емес) т.б. сияқты мысалдарды бере отырып, мұндай сөздердің орын тәртібін көне тілімізде кездескен тілдік деректер ретінде зерттеу қажеттігін ұсынады. Орхон жазуында кездесетін жер-су атауларын, этнонимдік атауларды мысалға келтіре отырып, ондағы анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестерінің орын тәртібіне ерекше көңіл бөліп, өзіндік жаңа ғылыми теорияларды ұсынады. Кісі есімдеріне қатысты сөз тіркестерінің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталуы қазіргі қазақ тіл білімі үшін маңызды әрі өзекті мәселе екендігі белгілі. Қ.Қ. Жұбановтың еңбектерінде салыстырмалы-тарихи тәсілге негізделген талдаулар молынан кездеседі. Қошқар, айғыр т.б. сияқты сөздердің этимологиялық сипатын анықтауы, әрі тілдік деректерді көне түркі тіліндегі тілдік деректермен салыстыра отырып зерттеуі сол кездегі қазақ тіл ғылымының деңгейі үшін үлкен жаңалық болатын.
Ғалымның тіл тарихына қатысты еңбегінің бір сарасы “Түрки әдебиеттер тілінің танымы”. Бұл еңбегі “Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер” деп аталатын жинаққа бірінші рет тек 1999 жылғы басылымда енгізілген. Қожа Ахмет Яссауи кім деген сұраққа жауап бере отырып, халыққа оның есімін, ісін таныстыруды көздеген автор ол туралы көптеген құнды танымдық деректер келтіреді, “Диуани Хикметтің” тілі туралы, оның жазылу үрдісі ғылыми сипаттама береді. Қазақ тіл білімінде енді ғана зерттеле бастаған бұл тақырып аясында жазылатын еңбектер үшін Қ. Жұбанов мақаласының теориялық тұжырымдарының берері әлі де мол.
Қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, ғылыми теориясының алғашқы іргетасын сомдаған Құдайберген Қуанұлы Жұбанов туралы талай зерттеушілер қалам тартқаны аян. Әсіресе, «Құдайберген Жұбанов және қазақ совет тіл білімі» [[2]] атты жинақтың ғалым ғұмыры мен шығармашылығын зерттеуде айтарлықтай маңызды болғанын айту қажет. М.О. Әуезов пен І.К. Кеңесбаев мақалаларынан бастап, жинақта ғалымдардың мол шоғыры өз түйінді пікірлерін білдіріп, ғалымның ғылыми мұраларын бағалайды. Кейінгі жылдары ғалымның мерейтойларына арналып өткізілген әртүрлі деңгейлердегі ғылыми конференцияларда жасалған ғылыми баяндамаларда да ғалымның жеке ғылыми зерттеулері туралы толымды ғылыми пікірлер айтылды.
ХХІ ғасыр басындағы бүгінгі заман шындығы ұсынатын таным тұрғысынан да ғалым шығармашылығына жаңа ғылыми көзқарас айтылып, жаңа ғылыми парадигмада қарастыру қажет. Біздіңше, бүгінгі қазақ тіл білімінде негізін қалаушы классик ғалымдар А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов сынды ғалымдардың шығармашылығы туралы жалпылай зерттеулер жазылғанымен, кешенді ғылыми талдау жүргізетін уақыт алда сынды. Өйткені ғалымдар қаламынан қалған мұралар бүгінгі күн тұрғысынан ғылыми бағасын алып, қазақ тіл білімін қалыптастырудағы ғылыми зерттеулерінің маңызы мен рөлі зерделенуі қажет. Қазіргі қазақ тіл білімі ХХ ғасырдағы формальды тіл білімінен өсіп шыққанымен, одан бөлектеу, жаңа ғылыми парадигмада ізденістер жүргізуі керек. Осы орайда профессор Қ. Жұбанов зерттеулеріне қызығушылық арта түспек, себебі ғалымның тарихи грамматикалық зерттеулеріндегі ғылыми‑теориялық ойларының көбі формальды грамматика аясына сыймай, қағидаларының қанаты кең сермеліп, мән мен мағынаны анықтауға бағытталады. Қ. Жұбановтың өз кезінің атақты ғалымы, академик Н.Я. Маррмен таныстығы, байланысы Петербургте оқыған жылдарынан басталған деп пайымдайды ғалымдар. 1928 жылы Санкт-Петербургтегі Шығыс тілдері институтының (Шығыстану институты) толық курсын бітіріп, 1929 жылы академик Самойлович басқаратын “түркітану семинарийіне” оқуға түсуі, 1930 жылы КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспиранты болуы ғалымның Марр идеяларымен жақын танысуына мүмкіндік туғызады. Мұнда Н.Я. Марр, И.И. Мещанинов, А.В. Богородицкий сынды белгілі тілші ғалымдардан дәріс алады. Бұл дәрістер болашақ ғалымның еңбектеріндегі негізгі ғылыми бағыты мен зерттеу парадигмасының қалыптасуының негізі еді десек қателеспейміз. Өз уақытында үлкен абырой мен беделге те болған Н.Я. Марр «тіл туралы жаңа ілімін» 1923‑1924 жылдары қалыптастырды. Үкіметтің қолдауына иек артқан Марр ілімі кеңестік тіл білімінде көп уақытқа дейін дамытылды. Тілдік бірліктердің мағыналық құрылымын зерттеу кейінірек, Кеңестік кезеңдегі негізгі принципті көзқарас саналатын материализмге қайшы келеді деп танылып, одан бас тартылды [[3]]. Ілімнің тіл тарихын зерделеуге, сөздің мағыналық құрылымына ғылыми талдау жасауға мүмкіндік беретіні Қ. Жұбанов еңбектерінде нақтыланды. «К постановке исследований истории фонетики казахского языка» атты мақала қазақ тілі біліміндегі тарихи тақырыпқа арналған алғашқы мақала болатын. Ғалым тарихи тақырыпты талдау үшін, ең алдымен оның қай бағытта жүргізілуі қажет болатынына терең мән беріп, «тілдің құрылысын зерттеу үшін, тек бүгінгі жағдайын зерттеу қажет, оның арғы‑бергі тарихын қазбалаудың қажеті жоқ» деп санайтын материалистік көзқарасқа қарсы шықты. Тіл тарихын зерттеу мен қазіргі тілдік жағдайдың арасында байланыс жоқ, сондықтан оны зерттеу – «фикция» деген Ф. де Соссюр қағидасын «догма» ретінде таныған Жұбанов мұндай ғылыми бағыттың кемшілігін былайша көрсетеді: Біріншіден, жалпы тарихи принципке қарсылық, яғни тілді қозғалыста, дамуда, динамикада зерттеуге қарсылық. Мұндай қарсылықтың қате екенін көрсетудің өзі артық. Келесі – тіл тарихына қарсы емес, бірақ тіл тарихының палентологиялық бағыт бойынша зерттелуіне қарсы, яғни феодальдық кезеңдегі тарихи жазба ескеркіштер тілінің көмегімен зерттеуге қарсылық. Бұл, негізінен, еуропалық компаративизмді жақтаушылар. Олардың пайымдауынша, тарихи жазба мұралар тілі қазіргі қарым‑қатынас тілі болып отырған тілдерді толық анықтай алмайды, олардың лебіздік мүмкіндіктерін толық көрсете алмайды, тарихи ескерткіштер деректеріне сүйену бұрын жазуы болмаған тілдер үшін мүмкін емес, СССР құрамындағы көптеген тілдер үшін, соның ішінде қазақ тілі үшін мұндай тарихи зерттеулерді жүргізу мүмкін емес еді. «Подобные «признание» истории языка и возражение против палентологического анализа языкового материала, кроме несостоятельности доводо, носят великодержавный характер, считают историю принадлежностью лишь культурных языков и лишают возможности исторического изучения бесписьменные языки» — деп ашық жазады [[4]]. «Сол кездердегі қалыптасқан жағдайларды саралап, ойланған кісіге, ғалымның дәл осылайша пікір айтуы көзсіз ерлікке барабар нәрсе еді. Демек ғалым ғылым болашағы үшін, негізгі ғылыми концепциясын қорғау үшін осындай пікірді айтуға тайсалмағаны» туралы жазған болатынбыз [[5].165-168]. Ғалымның көрсетілген ғылыми зерттеуі 1935 жылы «Труды Казахстанского научно‑исследовательского института национальной культуры» атты жинақта жарияланған. Мұндай мақала үшін 1935 жыл қандай жағдай қалыптастыратынын аңғару үшін мынадай деректерді еске түсіру абзал. Н.Я. Марр 1930 жылы ВКП(б)XVI съезінде Сталинмен кездесіп, ғылыми қызметкерлер атынан сөз сөйлеп, жақсы қабылданған соң, оның тасы өрге домалайды. Марр ұйымдастырған Яфетикалық институт 1931 жылдан бастап, «Институт языка и мышления» болып қайта құрылады. Марр 1934 жылы дүниеден өткеннен кейін, оның ісін ары қарай И. Мещанинов бастаған шәкірттері жалғастырады.
Алайда, Марр идеясы барлық тілші ғалымдар тарапынан қолдау таппағаны да ғылымда белгілі. Қ. Жұбанов қазіргі тілдік жағдайды синхрониялық бағытта ғана зерттеп‑танып, Соссюрше тарихтан бөліп алуға барынша қарсылық білдіреді де, осы алған бағыты арқылы Марр идеяларымен пікірлес болады. Ғалымның қолданыстағы тілдік құрылымының бойындағы өзгерістерді ақылмен тану үшін, ең алдымен, осы өзгерістерді туғызған негізді анықтап, тілдік өзгерістерді экономикалық және қоғамдық қарым‑қатынастардағы өзгерістермен сабақтас қарастырып, әрбір жеке сөздер мен сөздер тобының өзгеруін тарихи талдау арқылы түсіндіру қажет екенін дәлелдейді.
Палентологиялық ілімді қолдауының себебін ғалым өзі былайша түсіндіреді: «Палентологией называется лишь такое прослеживание на речевом материале путей развития языка особыми приемами, чуждыми традиционным приемам индоевропеистики, но исходящими из специфики, природы самого языка, ‑ приемами учитывающими исторические условия развития языка» [[6].400]. Тілдің тарихын зерттеу тілдік өткенін өрнектеу үшін емес, керісінше, тілдің қазіргі жай‑күйіне терең барлау жасап, даму жолын анықтау үшін, нақтылау үшін таразылау керек екенін көрсетеді.
Қазақ тілінің деректері негізінде ғалым қазіргі қолданыста жүрген сөздердің мағыналық құрылымын түсіну үшін, оның даму заңдылығын айқындау керектігін талдайды. Мәселен, күн көру, күнелту сөздерінің мағыналық құрылымын жекелей алып талдау, семантикалық құрылымын анықтауға мүмкіндік бермейді, атаулардың толық және анық мағыналық сипаты тек тарихи зерделеудің нәтижесінде ғана нақтылатыны талданып, оқушысын сендіреді. Тілдегі сөздердің тіркесу қалабы тарихи қалыптасқан жүйеге негізделетіндіктен, оның қалыңқылығын, болмаса, халықтық озық не тозықтығын аңғартпайтынына ғалым ерекше назар аударады. «Языковые явления подобного порядка нельзя объяснить одной отсталостью народа, употребляющего эти выражения в своем языке» дей келіп, қазақ тіліндегі «безгегім ұстады» тұлғасын, орыс тіліндегі «меня лихорадит», грек тіліндегі «vel» — жаңбыр жауды, латын тіліндегі «lue tonante»- когда Юпитер гремел, неміс тіліндегі «es regnet» тіркестерімен салыстырып, олардың қолданысындағы ерекшеліктер мен жақындықты көрсетеді де, тотемдік ұғымдардың қолданысы тілдік жетілмегендікті танытпайтынын дәлелдейді: «Таким образом, ‑ деп жазады ғалым, ‑ архаизмы в семантике, как и в синтаксисе, морфологии и фонетике, присущи не одним отсталым языкам, они есть во всех языках, даже в самых развитых». Еуропалық тілдер мен қазақ тілінің тілдік деректерін салыстыру арқылы ғалым қазақ тілінің де терезесі өзге тілдермен бірдей екенін айтып қана қоймай, ғалымдағы еуропацентристік бағытқа да қарсылығын танытады…
«Язык отражает всю совокупность предшествующей истории человечества» деген Н.Я. Марр қағидасына сүйене отырып, Қ. Жұбанов қандай да бір дамыған монолитті тіл болса да, көптеген өзге тілдердің үлесін бойына жинақтайды, сөйтіп, көне тарихқа жақындаған сайын, ол өзінің ерекшелігінен гөрі өзге тілдермен жақын деректердің молдығын танытады деп жазады. Шынында да, қазіргі кезде тіл тарихында жүргізілген ғылыми деректер мұндай тұжырымның дұрыстығын дәлелдейді. Мәселен, біз тарихи сөзжасам саласын зерттеу барысында туынды сөздің ішкі семантикалық құрылымын анықтау үшін, сөз құрамындағы сөзжасамдық ұя мен себепші негіздің арақатынасын айқындауда барысында, түбірдің мағынасын номинация теориясы арқылы ғана түсіндіруге талаптандық.
Атау шындық болмыстың ойда, санада бейнеленуін, ұғым қалыптасу жүйесін, ұғымның сөз арқылы таңбалану сипатын танытады. Ұғым арқылы атау жасалғанда, атаудың негізгі және ерекше белгілері сипатталады, әрі атау жасаудың генетика-семантикалық коды айқындалды. Бұл код мағынамен тығыз байланысты болады да, тілдің жүйелі, кешендік сипатын сақтайды. Атау жасауда генетика-семантиалық код сақталмаса, тіл өзінің жүйелі құрылымын сақтамай, қалай болса, солай құралған «хаосқа» айналар еді. Генетика-семантикалық код – ең көне түбірлерде болған макромағыналар ортақтығы, олардың дамуы мен қажеттіліктеріне сәйкес жіктелуі барысында тарамданып таралғанда, туынды сөздің өзексемасын құрайтын, сөйтіп айырушы семалардың тегін айқындайтын ортақ мағыналық жүйе.
Сөздердің мағыналарының тарамдалып, тұлғалық өзгерістерге түсуіне байланысты алғашқы мағына жіктеледі, өзгеріске түседі. Генетика-семантикалық код арқылы олардың түпкі ортақ тегін айқындап, мағыналық және тұлғалық даму жүйесінің тізбегін көрсетуге болады. Мұндай код кез келген туынды сөзде себепші негіз арқылы сақталады. Генетика-семантикалық код негізінде ғана тіл дамиды, өзінің жүйелі сипатын жоғалтпайды. Тілдегі сөздер мен тұлғалар кез-келген сөзбен тікелей байланыспайды. Тұлғалардың қосылып, бірігіп, жалғанып жаңа атау туғызуы үшін ішкі генетика-семантикалық мағыналары сәйкес келуі тиіс, тілдік генетика-семантикалық код қалыптастырған жүйеге бағынуы қажет. Генетика‑семантикалық код арқылы танылған түбірлердің тілдерге ортақтығын, олардың дыбыстық жіктелісі белгілі дыбыстық заңдылыққа негізделетінін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге талаптанған едік [[7]].
Профессор Қ. Жұбановтың «Из истории поряка слов в казахском языке» атты мақаласының да негізгі теориялық негізі Н.Я. Марр идеяларына сүйенетінін айту керек. Ғалым қазіргі қазақ тілінің сөйлем құрылысында қалыптасқан жүйесі бойынша, әрбір сөйлем мүшесінің қалыптасқан орны бар екенін ескере келе, дей тұрғанмен, сөздердің мұндай орын тәртібі тілдің алғашқы сипатында өзгеше болғанын айтады. Көптеген нақты тілдік деректерді келтіру арқылы ғалым тіл дамуындағы сөз тіркесі сен сөйлемдердің сипатының ерекше болғанын анықтайды. Мұндай дәлелдеулер М. Балақаев, М. Томанов, Е. Ағманов, С. Исаев еңбектерінде бар екені де белгілі.
Қ. Жұбанов қазіргі аффикстер мен көмекші сөздердің де өздерінің негізгі мағыналары мен тұлғаларын өзгерткенін тілге тиек ете отырып, «Я не сомневаяюсь, что в недалеком будущем установят генеалогию основных аффиксов и служебных слов и найдут слова, к которым восходят те или иные служебные элементы, как это случилось с грузинским языком блогодаря трудам акад. Н.Я. Марра» [[8]] ‑ деп жазады. Ғалымның «Кодекс Куманикуске» сүйене отырып қосымшалардың тарихын тануға арналған тұжырымды пікірлерінің де маңызы ерекше. Бүгінгі ғылым да ғалымның айтқан тұжырымдарына сүйеніп, сілтеме жасай отырып, аффикстердің тарихи атаулар екенін, яғни мағыналы түбір сөздер болғанын мойындайды. Мұндағы ғалымның сүйенетін негізгі қағидасы, әрине, сөздің мағыналық ерекшелігі. Сөздің сөз болып танылуы – мағынамен байланысты екені анық.
Ғалымның «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах» атты еңбегі де бүгінгі қазақ тіл біліміндегі күрделі етістіктер мен көмекші етістіктердің мағыналық құрылымын анықтауда көптеген ғалымдарға жолбасшы болғаны белгілі. Сірә, бұл зерттеуге сүйенбей етістікті талдауға да болмас еді. Ал Жұбанов сөз әлқиссасаны Маррдың «Грузинский так полон глаголообразных слов, что начинаешь сомневаться, глагол ли в действительности данная части речи или нет» деген сөзінен байтайды. Бүгінгі түркітану ГС, СГ тұлғасындағы түбірлердің архимағынасын көпмағыналы деп таниды, оның заттық та, қимылдық та мағынасы бар синкретті түбір екенін біледі. Демек, Қ. Жұбанов еңбектерінде келтірілген Марр қағидасына негізделген тұжырымдардың ғылыми негізі бар екенін бүгінгі түркітану ғылымы дәлелдейді деуге толық негіз бар.
Әдебиеттер:
Жұбанов Қ.. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы «Ғылым», 1999.
Жұбанов тағылымы: VI Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. –Ақтөбе, 2005. –530 б.
Тапсырмалар:
Қ. Қ. Жұбановтың өмірбаянымен танысыңыз.
Қ. Жұбановтың А. Иасауи туралы пікірлерін талдаңыз.
Қ. Жұбановтың Марр идеяларынан бастау алатын ғылыми пікірлері туралы өз ойыңызды білдіріңіз.
Қ. Жұбанов және А. Байтұрсынұлының ғылыми пікірлері туралы өз ойыңызды айтуға дайындалыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |